Арман асқарында

Ол «бұрын уақыт басқаша жылжитын. Қазір жылдамдығына көз ілеспейді. Бұл бала тәрбиелеп, шәкірт оқытып жүрген ұстаздарға көп әсер етеді» деді де, терезеден сыртқа ұзақ қарап тұрды. Мен де ұстаздың көз тастаған нүктесіне қарағым келді. Бірақ Назарбаев даңғылының бойында ерсілі-қарсылы жүйткіген көлік пен жолаушылардан басқа ештеңені байқай алмадым.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ инженерлік-технологиялық институтының директоры Панабек Әбсатұлы Таңжарықовпен сырласу осылай басталды. Ұлағатты ұстаз 40 жылға жуық ғылым дамуына үлес қосып келеді. 

– Мына қарсыдағы көше­ні көрдің бе? – деді. – Сол кө­шенің бойындағы тұрғын­дардың дені – осы университет оқытушылары. Мен Алматыда 10 жыл жүрдім. Ғылымға 24 жасымда келіп, сол жақта та­банды еңбек ете бастадым. Бі­рақ «үйі жоқтың күйі жоқ» деген емес пе?! Сол он жыл­да оңтүстік астанадан баспа­наға қол жеткізе алмай, Ақме­шітке қайта оралғанмын. Сол кездегі университет ректо­ры қызметтік тұрғын үй­мен қам­тамасыз етті. Кейін мына көшенің бойындағы жер телім­дерінің барлығын университет қызметкерлеріне әперген. Әл­гін­де айтқаным сол, көпшілігі сол жерден баспана салып ал­ды. Иә, оған да біраз уақыт өтті ғой.

Ғылымға жағдай жасасақ, алмайтын асу жоқ. Бүгінгі жаңа технология да – сол ғылы­ми үдерістің нәтижесі. Ғалым­дардан сұрасақ, «ғылымға кө­ңіл бөліп жүрген бір адам жоқ» деп қысқа қайырады. Панабек Әбсатұлы да бүгін бұрынғыдай қолдау мен қорғау жоқ екенін айтты. Әйтпегенде, жапондықтармен қатарласып қалар ма едік, кім білсін?!

Қазалы қаласында қара­пайым шаруа отбасында дүние есігін ашқан ол арман қуып Алматыға аттанды. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Механика жә­не қолданбалы математика» фа­культетінің «Механика» бө­лімінде білім алды. Еңбек жо­лын Д.Қонаев атындағы Тау-кен істері институтында инженер болып бастады. Кейін осы жерде кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек етті. Осында қызмет атқара жүріп ол кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кан­дидаты атанды.

– Мұнда 1993 жылы ауы­сып келдім. Қорқыт ата атын­дағы ҚМУ-дың «Мұнай-газ инжинирингі» кафедра­сын­да аға оқытушы, доцент, про­фессор болдым. 2009-2011 жыл­дары «Ақмешіт» гумани­тар­лық-техникалық институ­ты­ның ректоры қызметін ат­қардым. Мұнан бөлек декан, кафедра меңгерушілігін де алып жүрдім. Былтырдан бері инженерлік-технологиялық инс­титутының директорымын.

– Білесіз бе, менің әкем – шопыр, шешем еден жуушы болды. Балама «шопырдың баласы декан болды, сен менен де биік жетістікке жетуің керек» деп айтып келемін. Ал­пыс жылдан соң артыңа қа­рап, қандай жолмен жүріп кел­геніңе көз тастайсың ғой. Өкінішім жоқ, – деді Панабек Әбсатұлы.

Ұстаздық етуден жалықпа­ған жан 2016 жылдан бері ҚР Ұлттық Тау-кен академиясы Қызылорда филиалының ди­ректоры. Осы академияның корреспондент-мүшесі, 4 моно­графия, 3 оқу құралы, 3 патент, 4 авторлық куәлік және 170-тен астам ғылыми мақаланың авторы. Жақында ғана оның «Гидрогазодинамика және жы­лу алмасу» пәнінен есеп шы­ғаруға арналған оқу құ­ралы бекітіліп, баспаға жібе­рілді. Ізденісті жанына серік еткен ұстаз Ресей Ғылым ака­демиясының Федеральды ғылыми-бюджеттік В.Вернад­ский атындағы мемлекеттік геологиялық музейінің және Ресей Тау-кен академиясы ұйымдастыратын онлайн те­ле­көпірге ұжымдастарымен бірге қатысып, тәжірибе алмасуды әдетке айналдырған. Оның же­текшілігімен 1 техника ғы­лым­дарының кандидаты және 6 ғылым магистрі диссер­тация­ларын сәтті қорғап шықты.

– Ұстаз болу қиын, ал ұс­таздарды ұйымдастырып, олар­­ға жетекшілік ету, тіпті қиын. Әр заманның балала­рына сол дәуірдің тілімен үн қатуың керек. Ол үшін үнемі ізденісте жүресің. Түрлі жағ­дайдағы баланы көресің. Бірі – ынталы, енді бірінің оқығысы кел­мейді. Кейде ақылы негіз­де оқығанмен, білім алуға құлшынысы жоғары баланы көргенде, оқу ақысын өз қал­таңнан төлеп жібергің келеді, – дейді ұлағатты ұстаз.

Табанды еңбегімен көзге түскен Панабек Әбсатұлы 2005 жылы ҚР Президентінің алғыс хатымен, 2010, 2011 жылдары облыс әкімінің Құр­мет грамотасымен, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасы орынбасарының алғыс хаты­мен марапатталған. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызмет­кері. ҚР Ұлттық Тау-кен ака­демиясының 3-дәрежелі ор­денінің,  Ы.Алтынсарин, «От­­личник горной науки» төс­белгісінің иегері. П.Таңжары­қовтың бұдан өзге де сан мәрте марапат мінберіне көтерілгенін ел біледі.

– Ең биік марапат – шә­кір­тіңнің жетістігі. Санасына сәуле шашып, білім нұрымен қанаттандырған шәкіртің ең­бегіңді ақтап жатса, міне – марапат. Өйткені, біздің мой­нымызға артылған міндет – ұр­пақтың білім нәрімен су­сын­дап, өз саласының білгір маманы болуы. Көшеден, түрлі орындардан көріп қалып, «ағай» деп жүгіріп келіп сәлем беретіндер көп. Сондай кезде «мен шәкірттеріме біліммен қоса тәрбиені де сіңіре алған екенмін ғой» деген мақтаныш сезімі кеудемді кернейді, – деді ол.

Бүгінде ұстаздан тараған ұрпақ та ел игілігіне еңбек етуде. Өмірден өз орнын тапқан ұлағатты ұрпағына қараған ұстаздың жүзі нұрланып сала берді.

ТАҒЫЛЫМ 08 ақпан 2020 г. 526 0