Бес жауынгерлік орденінің иегері

 Жиырмасыншы ғасырдағы адамзат баласына қайғы мен қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары кешегі ортақ Отанымыз, бүгінгі тәуелсіз еліміздің әр шаңырағына зардабы тиді. Ұлы Отан соғысы өзінің көлемі, адам құрбаны жағынан, адамзат тарихында ешбір теңдесі жоқ, алапат шайқас болды. Бұл қоғамдық қатынастары екі түрлі дүниенің қанды шайқасы еді. Аталған соғыстағы адам шығыны мен материалдық шығында орта есебіне жету өте қиын. Соңғы деректерде адам шығыны майдандарда, тұтқын лагері мен казаматтарда хабарсыз кеткендерді қоса есептегенде 50 миллионға жуық адам делінеді. Осының басым бөлігі Кеңес Одағы 26 миллион адамнан айрылды. Отан қорғауға аттанған 1 млн 200 мың қазақстандықтардың жартысы майдан даласында қалды. Олар Отан үшін от кешті. Ортақ Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жандарын құрбан етті.
Қазақ жауынгерлерінің ерлігі мен батырлығына дүниежүзі халқы тәнті болды. Екінші дүниежүзілік соғыста опат болғандардың көбісі қыршын боздақтар еді. Олар Отан – Анаға берген анттарына адал болды. Сондай азаматтардың бірі, бірегей бар болғаны жиырма екі жас өмірінде, артында өшпейтіндей із қалдырған, елін жаудан қорғауда ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, қан майданда минометшілер ротасының командирі болып, ерлікпен қаза тапқан, жауынгерлік бес орденінің, бірнеше медальдардың  иегері, жерлесіміз Сражадин Дүйсенбайұлы Айтуаров еді.  
Ол 1923 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қызылорда қаласындағы педагогикалық курсты бітіріп, оқытушылық  қызметін бастаған. Жасы толмағанына қарамастан әскери комиссариятқа қайта-қайта барып, өз өтінішімен соғысқа аттанған.
Ашхабад қаласындағы кіші командирлер даярлайтын әскери училищені бітіріп, 1942 жылдың 26 тамызынан бастап Кавказ  майданының 23 атқыштар дивизиясының 69-шы атқыштар полкінің  құрамындағы 32-ші минометшілер взводының командирі болып соғысқа қатысқан.  
Сражадин минометшілер взводына 1943 жылдың  25-26  қыркүйегінде айында Днепр өзенінен өту кезінде арғы жағалаудағы жау орналасқан бекіністерді өз минометтерімен жойып жіберіп, өзеннен тікелей өтетін Кеңес әскерлеріне жағдай жасау тапсырылды. Осы ұрысты басқарған 89-шы атқыштар полкінің командирі, подполковник Н.Бастлев Сражадинді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынған. Ұсыныста: «Лейтенант Айтуаров өзінің взводымен Днепр өзенінен тікелей жүзіп өтіп, жағалаудың тік жарына қарамастан жауынгер-минометшілер үлкен тапқырлық, қаһармандықпен жаудың шамасын келтірмей естерінен тандырды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, біздің  әскерлер Днепр өзінінен жүзіп өтіп, 175,5 биікті басып алды. Үлкен көлемде  шабуыл жасады. Жау жағы бірнеше рет биіктікті қайтарып алуға әрекет жасағанымен офицер Айтуаровтың минометшілері олардың бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Ұрыс қортындысында офицер Айтуаровтың взводы жаудың 60 солдаты мен офицерін 3 пулемет нүктесін  адамдарымен жойып жіберді» деген. Осы ерлігі үшін С.Айтуаров 23 атқыштар дивизия командирінің бұйрығымен 11  қазан 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.  1944 жылдың  31 шілдесінде І дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылған. 89-шы атқыштар полкінің командирі, подполковник Татаренко өзінің ұсынысында былай жазған: «Қасиетті Совет жерін неміс басқыншыларынан азат ету ұрысында 1944 жылдың 30 маусымынан шілде айының 20-сы аралығында аға лейтенант С.Айтуаров өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен минометшілер ротасын жақсы басқара білді. Сөйтіп шабуылдап келе жатқан жау әскерінің ілгері жылжуына кедергі жасап отырды. Брест облысының Жабинск ауданына қарасты «Остров» елді мекенін азат ету үшін болған ұрыста ол миномет оғымен 5 пулемет нүктесін, жаудың миномет батареясын жойып, біздің әскерге алға жылжуға жағдай жасады. Бүкіл ұрыс жүргізілген уақытта аға лейтенант  С.Айтуаровтың минометшілері жаудың 8 пулемет нүктесін, 2 пулемет батареясын, бір рота солдаттары мен офицерлерін жойып жіберді».  Мұндай  ұрыстағы жетістік командирдің минометшілер ротасын қабілетті басқарып, оқ ату орындарын таңдай білуге байланысты болды. С.Айтуаровтың ротасындағы техника шығыны болған жоқ. Ұрыста рота жауынгерлерін шеберлікпен басқарып орасан зор ерлік көрсеткені үшін  ІІ ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және ерекше ерлігі үшін командирлерге берілетін Александр Невский орденіне ұсынылды. Ол осы орденімен және 61-армияның № 282\ Н 19.08.1944 жылғы бұйрығымен  А.Невский орденімен марапатталған. Кеңес әскерлері жаудан Польша  мемлекетінің астанасы Варшава қаласын босату үшін қиян-кескі ұрыстар жүргізуде. Осы шайқастың алдыңғы шебінде жаудың  қорғаныс шептерін миномет оғымен  қиратып келе жатқан рота командирі Сражадинның минометшілері, Кеңес әскерлерінің  алға жылжуына тапқырлық пен ерліктің үлгісін көрсетіп шайқасқан. Варшава қаласын азат ету үшін болған соғыстағы ерлігі үшін С.Айтуаров ІІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылған. 89-атқыштар дивизиясының командирі, подполковник Татаренко өз ұсынысында: Варшава қаласындағы жаудың қорғанысын бұзып өтуде, 1945 жылдың 14-15  қаңтар  күндері аға лейтенант Айтуаровтың минометшілер ротасы жаудың бекінісін қиратты. Осы істі пайдаланған шабуылдағы әскерлерді алға жылжытуға жағдай жасады» деп жазған. ІІІ дәрежелі ҰОС орденімен марапатталған. Есіл ер Варшава қаласын азат ету шайқасында ауыр жараланып, 1945 жылдың ақпан айында 2405 әскери дала госпиталінде дүниеден өткен. Денесі Польша жеріндегі Ромер қаласындағы № 1 бауырластар бейітінде жерленген. Ол бар болғаны 22 жаста еді. Сұрапыл заманды, алапат соғысты басынан кешіріп, өмір ерте есейткен, қысқа ғұмырында батырға тән ерлік көрсеткен минометшілер ротасының командирі С.Айтуаровтың ерлігін Подольск қаласындағы ҰОС мұрағатынан алынған деректер осылай баяндайды.
Соғыстағы ерлігі мен батырлығына тәнті болып, Үкіметтің жоғарғы марапаты, соғыстың қиян-кескі сәттерінде Сражадинның командирге тән тапқырлығы мен ұрыста жауынгерлерді басқарудағы қабілетін тани білген дивизия, майдан қолбасшыларының ұсыныстары мен бұйрықтарының негізінде Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында өзі туып өскен, соғысқа аттанған Бұқарбай батыр ауылындағы № 33 мектептің атын САйтуаровтың атына берілсе деймін. Бұл шара еліміздің азаттығы мен бостандығы үшін жандарын құрбан еткен, ұрпақсыз, ескерусіз, майдан даласында сүйектері қалған миллиондаған боздақтарға жасалған бүгінгі ұрпақтың құрметі болар еді.

Рысбай КӘРІМОВ,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы.
ТАҒЫЛЫМ 01 ақпан 2020 г. 868 0