Құрмет белесіндегі қолтаңба

Арғы-бергі заманның атшабарына айналған ардақты ағалар көбіне кейінгілердің күйбең тірлігіне қынжылыспен қарайды. Ұдайы мінбелерден бой көрсету елден алшақтаудың ерсі көрінісі екендігін ызғарлы жүзбен ықтырып ұғындырады. Жалпақтау мен жалтаңдауды қаламайтын олардан осалдар кәдімгідей сескенеді. 

Мұндай мәрт тұлғалар Аралда да аз емес. Сол тегеурінді шоғырдың бел ортасында рес­публикаға белгілі энергетик Қуа­нышбай Ердіхалықовтың бек­зат болмысы бірден жылы ұшы­райды.

Туған жердің тоқымдайын әдебиет әлеміне, тарих жақпа­рына көркем сөзбен қашаған аса көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовті пір тұтатыны тек­тен-тек емес. Себеп табылса, қолына су құюға, ата-бабалар зердесінің ұшқынынан ой маз­датуға құстай ұшуға әзір. Ол ақыл жұғынын бәрінен жоғары қояды. Әкесі Ердіхалық ақсақал көне көздер қасиетті сөздің кені екендігіне жастай телігені баяғы өңделмеген, өзгермеген күйінде. Қашанда «түсі игіден түңілме» деген ел ишарасына ықыласпен жүгінеді.

Қуанышбай тәуелсіздік қар­­саңына дейін энергетика саласының пісіп-жетілген же­тек­ші маманы болды. Электр қуатын тұтынудың қайта­ры­мына әбден қанықты. 1998 жылы «Дәулетэнерго» ЖШС құрылғанға дейін аттай 30 жыл осы саланың білгіріне айналды.

Ал одан арғы жаңа белес нарық қақпасына бірден ма­ңайлата қоймады. Жүйені 33 миллион теңге берешекпен қа­былдаған Ердіхалықов бүгін, ертең деген жайбасар ұғымға бой алдырмады. Нақты ақша айналымынан тыс сол кезгі айыр­бас дейтін қыбын таптырмайтын есептесу сөзбұйданы кө­термейтін. Сәл кібіртіктесең банкрот бұлты торлағысы келе­тіндей қақпақылдап жіберетін.

Содан не керек, ток көзін босатушы мен тұтынушы ара­сындағы түсініксіз делдалдық мәселені жедел шешуді талап етті. Шымкент пен Жамбыл тәрізді әлеуеті мықты қалаларда электр жарығы жыпылықтап тұрғанда, алақандай Аралдың шамы күңгірт тартпады. Бұл, әрине, Қуанышбай бастаған сер­­пінді серіктестіктің іскерлік жанталасы арқасында ғана мүмкін болды. 

Өзі бас болып, жетекші мамандарын жұмылдырып, электр қуатынсыз шығын шыңырауына құлдилайтын іргелі өндіріс, кәсіпорын, шаруашылықтардың өнімдік, шикізаттық құндылық­тарына көз тікті. Энергия беру­шілердің төлемдік таң­дауына не ұсынбады дейсіз: кеме соғатын темір, ас тұзы, балық, мал, егіс дақылдары, бағалауға тұрарлық басқа да шикізат вагондап жөнелтіліп жатты. Тіпті зауыт ауласындағы теңкиіп жат­қан қосалқы трансформатор­ды жөндеп, Түркіменстанға пұл­да­ған кездер бүгіндері езуге күлкі ұялатады.

«Дәулетэнерго» ЖШС на­рық көшінде дегді тайлаққа ұқсамады. Облыстың бетке тұ­тар ұжымы саналды. Шығын шекпені Аяз бидің күпісіндей болып естелік шегесіне ілін­ді. Кіріс арнасы жыл санап ке­мер­ленді. Серіктестік дербес ғимарат көтерді. Абонентпен қоян-қолтық жұмыста талап­шылдық пен бақылау тіні босаң­сымады. Электр энергиясына қол сұғу көріністері кілт тыйылды. Тұтынушылар төлемі толық жолға қойылды.

Әлбетте, басшының ұйым­­дастырушылық ұтқыр­лығы тіз­гінді бекем ұстайды. «Дәулет­энерго» сайыпқыран­дарының тә­ліми тәжірибесі облыстық се­минарға өзек етілді.  Жоғары орындар келер кезекте Қазалы ауданы электр тұтынушыларына қызмет көрсетуді аралдық әріп­тестерге жүктеді. Сөйтіп қос ауданды нұрландыру қарбаласы бұрынғыдан да өткірленді. Ір­гелі қыстақ Сексеуілден төлем орталығын ашуға тәуекел етілді. Тиісінше, қарқын жарқын іс­терге жалғасты.

Әсілі, жүк ауырлаған сайын көш көліктене түседі ғой. Енді қараңыз, бір кездері 33 млн теңге қарыз қапшығы арқасына аяздай батқан «Дәулетэнерго» есепшотынан бүгіндері екі ауданды қосқанда жылдық төлем қабілеті 2 млрд теңгені шотқа салатыны таңырқарлық емес пе?!

Электр энергиясын өндіру­шілермен тікелей іскерлік байланыс орнатудың нарықтық ама­лы кәсіби біліктілікпен қоса құ­қықтық, экономикалық астар­ларға да қанық болуды алға тартты. Сол себепті Қуаныш­бай­дың арқаны кеңге салуына негіз жоқ. Облыстағы төте басшылық Ердіхалықовты зей­неткерлік алаңына жібермей, қабілеті мен қуатын сарқа пай­даланғысы келетіндей. 70 жасын дүркіреген құрметке ұластырды. Әлі де көшбастар тұғырынан ығыспауын қалайды. Шіркін, мықтыларды бағалау мен мойындау дәйімі осылай болса ғой!

Ілгеріде баспасөзде «Болсайшы бәрі осындай азаматтың!» дейтін қанатты сөз атойлайтын. Сөйткендейін, іс басындағы кей­інгі буын осы Қуанышбай ағалардай қызметі айқын, қажы­рынан қабілеті басымырақ, айтары нық болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ердіхалықов сырт қарағанда тым ресмилеу, ер мінезді көрінеді. Шынтуайтын­да, ол үлкенге кішік, жасқа қор­ған, мұқтажға қамқор.

Оны айтасыз, халықтар дос­ты­ғы дейтін ынтымақ отын маз­датуға аса мүдделі. Анау то­қы­рау жылдары өзге ұлт өкіл­дері басқа жердегідей Аралдан да үдере көшті. Жасы ұлғай­ғандары, теңізді қимайтын үр­кер­дей топ қазақы көнбістік­пен жылы орнынан қозғалмады. Қуа­нышбай алдымен соларды қол­тығынан демеді: үйлерін ара­лады, жәрдемдесу жолын қарас­тырды. Сондағысы – бауыр­мал хал­қымыздың татулық туын жел­бірету табиғи дағдысы еке­нін мансұқ етпеу. Ассамб­леяның Аралдағы қуаттаушысы бұл ізгі ниетін әлі де айқайлатпай жалғастыруда.

Қарттар күні «Дәулетэнерго­ның» қыз-жігіттері Ұлы Отан соғысы ардагерлері және сала майталмандары, тілі басқа тілегі бір ұлыс өкілдеріне лайықты құрмет көрсетеді. Электр төле­мін жеңілдетеді, дастарқан жая­ды, сыйлық таратады. Осылайша алғыс пен батаға кенеледі. 

Қуанышбайдың жұмыс бөл­месінде демеушілік дидарын аңғартатын кәде-сыйлар мен мұндалайды. Америкада, Оң­түс­тік Кореяда, Түркияда  топ жарған балғын спортшылар мен өнерпаздардың ақжарма тілектері еріксіз елжіретеді. Рес­публика көлемінде тосын табиғат апаттарына қаржылай үлес қосқаны да бәрекелді дегізеді. Осыдан он жыл бұрын тұлдыр жетім елуге жуық оқу­шыға арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырғаны ұмы­тыла қойған жоқ. Аралдағы иманды істердің қанат жаюына үнемі белкөтерме жасайды. Батырлар мен билерді ұлықтауда көземелдігімен ерекшеленді. Ме­шітке, үйсізге көмек жасады. Кә­сіпкер ретінде зекетіне де адал.

Әке өнегесі сана сақшысы іспеттес. Бақталастық, кеудем­соқ­тыққа жаны қас. Халық наза­рындағы тұлғалармен дидарласудан имани ләззат табады. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде сайлаушы үніне сергек қарады. Ауыл аманатын тасада қалдырған емес. Нақты нәтижеге үйренген ол құрғақ уәде, сылтаурату деген пысықайлықтан әркез аулақ. Ретіне орай жоғары басшылыққа ел назын күлтелемей жеткізеді.

Анау бір жылдары аудан басшылығының өтінуімен уы­сы мықты Ердіхалықовқа ауыз су төлемін реттеу де қоса тапсырылды. Амал не, тағы да қырсызға қамшы үйіргендей жетеқабыл бақылау орнатты. Божыраңқырап кеткен қызметті тура электр қуатын жырымдаушыларды ауыздықтағандай тал­қылау безбеніне салды.

Қуанышбай ағаның көшелі сөзге бейімі де кез келгенді тыңдаушы кейпіне түсіреді. Жол үстіндегі әлқисса әңгімесі тіптен татымды. Шайырлардың шымыр шумақтары, даналар уәжі, ежелгі аңыздар мен тарихи романдарды толғауға ұласқанда қысқарған жолды байқамай да қаласың. Өзі де есті сөзге аса ықыласты. «Құтты шаңырақ», «Дүйсем аталығының шежіресі» атты кітаптарды құрастырғанда кейінгілердің ата-баба, аталық пен әулет ұстанымдарын темір­қазыққа балауына үндеуімен бағаланады.

Жаңарған жыл Қуанышбай Ердіхалықовты «Арал ауда­ны­ның құрметті азаматы» атандырды. Тәуелсіздік тәлімін ма­­­рапаттан емес, болашаққа бе­ре­­шекпен бай­ланыстыратын оның әлі де ел ал­дындағы қай­­та­ры­­мы па­рыз парасатына жү­гіндіреді.

Өмір ағыны даладай дархан тұлғаларға аманат байрағын әр­қашан қолай көреді. Жоғары орындар тізгін тежемеуін қош­тайтындай. Ұжымға салса, алғыр ағаның қамқорлығын қимайды. Ауылдастары құрмет төріндегі төбе бидей қадірлеуге асық. Алыс-жақындағы тілеулестер қыз­меттік шапқылаудың аға­йын­дық даңғылға ұласқанын құп­тайды.

Осы рухани, имани жүк­темелер­дің кезек күтіп тұрғанын Қуанышбай неге сезінбесін?! Он­дай атты күннің де оңай соқ­­пақ сыйламасын біледі. Ел емеу­ріні Ердіхалық ақсақал­дың өне­ге қайнарынан мейір қан­ды­ру екені анық. Демек, Қуа­ныш­байдың құрмет беле­сін­дегі жаңа қол­таңбасы арман­ның ақ па­рағындай, сағыныш са­­малындай десек әсте әсіре­ле­гендік емес.

Жаңабай КЕМАЛ.

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 31 қаңтар 2020 г. 699 0