Ауған соғысынан аман оралған еді...

Өткен жылы Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Мәліметтерге сүйенсек, сол соғысқа Қазақстаннан 22 мың адам қатысқан. Олардың мыңға жуығы соғыстан оралмады.

Осынау өмірде әрбір адам үшін туыс-бауырдың, дос-жаран сияқты жақын адам­дардың орны ерекше. Сон­дық­тан олар дүниеден өтіп кетсе де, жүректің төріне орнығып қалған жарқын бейнесі, жақсы естеліктері ұмытылмайды. Осындай қадірлі досымыздың бірі, он жыл бірге оқып, жас­тық шақтың жалынды күн­дерін бірге өткізген Бекарыс­тан Бекмағанбетов еді.

Бекарыстан Қараманұлы 1962 жылы қазіргі Ж.Махам­бетов ауылында туып-өсті. Осы ауылдағы №143 орта мек­тепті бітірген. Бала кезінен салмақты мінез, саналы тәр­биесімен қатарластары ара­сында сыйы мол болатын. Орта мектепті бітіргеннен кейін әскер қатарына шақы­рылып, ол жақтан кеңес жа­уын­герлерінің қатарында Ау­ған соғысына қатысты. Жиырма жасқа толар-толмас шағында қатерге басын тігіп, майданның ортасында болды. Өзі қатарлы жастардың біразы осы соғыста қыршын кетті. Небір ауыр да азапты оқиғаларды көргенде жаны түршігіп, бойын ыза керней­тін. Сондықтан соғыс майда­нында қайсарлығы мен та­бандылығын көрсете білді.  Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, 1983 жылы елге оралды. Бойындағы адалдығы мен азаматтық бол­мысының арқасында қиын да қауіпті сындардан аман өтті. Абырой, атағы еленіп, лайықты марапаттарға ие болды.

Бекарыстанның қажырлы, қайратты азамат болып қа­лып­тасуына отбасындағы тәр­биенің ықпалы зор. Атап айтар болсақ, әкесі Қара­ман Бек­мағанбетов бірнеше рет “Социалистік жарыстың жеңімпазы” атанып, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиу­мы­ның жарлығымен “Құрмет бел­гісі” орденін, бірнеше мерекелік медальді иеленген. Анасы Балайым Оспанқызы болса, қоғамдық жұмыста абы­ройға бөленген жан еді. Он бала өмірге әкеліп, өсірген “Батыр ана” болатын. Осындай ата-анадан тәрбие алған жігіттің мақсаты ай­қын, арманы биік еді. Ауған соғысынан оралған соң Мә­риям есімді бойжеткенмен ша­ңырақ көтеріп, балалы-шағалы болды. Бірақ сол бір соғыстың зардабынан ден­саулығы сыр беріп, отызға жетпей өмірден өтіп кете барды.

“Орнында бар оңалар” деген, бүгінде артында қалған жары Мәриям қажырлылық танытып, балаларын жұмыл­дырып, отырған үйін қайта салды. Бүгінде балалары өмір­ден өз жолдарын тапқан.

Ауылдастары, майдандас достары ардақты азамат, Ауған соғысының ардагері Бек­арыстан Бекмағанбетовтің есі­мін есте қалдыру мақсатын­да туып-өскен жері – Ж.Ма­хамбетов ауылының бір көше­сіне есімі берілсе, игілікті іс болар еді деген ұсынысын алға тартады.

   Қадыр ӘМЗЕЕВ,

   мұғалім.

ТАҒЫЛЫМ 26 қаңтар 2020 г. 720 0