Ел ағасы

(ой-толғам)

I

Әр адамның өмір белестері әр алуан болады. Оның дұрысын да, бұрысын да қаз қалпында қағазға түсіру оп-оңай шаруа емес. Өйткені есіткеннің де, көргеннің де, білгеннің де бәрі бірдей уақыт өте есте қала бермейді. Алайда арада қаншама жылдар өтсе де ойлана келе жаңғырып ойға оралатындары да аз емес екен. Солардың арасынан өзінің табиғат жаратқан қалыпты жағ­дайынан қаншалықты биліктің биік баспалдақтарына көтерілсе де аспайтын да таспайтын. Бір сөзбен айтқанда, өзін өзгеріссіз турашылдығы мен әділдікті ту етіп тұрақты түрде ұстайтын, ыза жерді баспайтын парасаттылығымен, шар­уаны егжей-тегжей білетіндігімен, алымдылығымен, шалымдылығымен, жан-жақты іскерлігімен, қарапайым­ды­лығымен елдің, халықтың  қадір­мен­дісіне айналған азаматтар болады. Ондай азаматтардың атқарған қыз­меттері, жасаған жақсы­лық­тары мен еткен еңбектері ел есінде.

Сондай тұлғалы басшылардың қата­рында болған, Сыр елінің тари­хында өзіндік үлесі бар, облыстың экономикасы мен мәдени-әлеуметтік жағдайын көтеруге белсенділікпен ара­ласқан, әсіресе ауыл шаруашылығын өркендетуге кешегі кеңес дәуірі ке­зінде тікелей атсалысқан айтулы аза­маттардың бірі – Қаһаң, Қаһарман Табынбаев болатын.

Жалпы бұл естелік-деректемемде менің қойып отырған негізгі мақса­тымның, айтар сөзімнің түйіні – біреуді мақтау емес, мақтауға тұрарлық ал­дыңғы буын ағалардың өнегеге толы өмір жолдарын келешек өскелең ұр­паққа айтып беру, яғни шамам кел­генше қаз қалпында жеткізу.

II

Жасынан алда болуды армандап өскен ол Жалағаш кентіндегі Сталин атындағы №31 орта мектепті 1954 жылы күміс медальмен бітіреді. Сол жылы Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа түсіп, оны 1959 жылы ойдағыдай аяқтайды.

Жас маман еңбек жолын Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы инспек­ция­сында бастап, әуелі зоотехник, со­сын бас зоотехник болып жұмыс жасайды.

1961 жылы ауылшаруашылық инс­пекциясының таралуына байланысты «Жалағаш» қой совхозына бас зоотехник болып ауысады. 1963 жылдың басында Калинин атындағы колхозды маман кадрмен нығайту мақсатында аудандық партия комитеті оны колхоздың бас зоотехнигі етіп бекітеді.

Калинин атындағы колхозда еңбек еткен кезінде әртүрлі шараларға жас­тық жігермен белсене араласып, өзінің іскерлігін, біліктілігін, саяси сауат­ты­лығын, жаңа­шылдығын, уақыт талабына сай жұмыс ұйымдастыра білетіндігін көр­сетеді. Соның нәтижесінде колхоз бастауыш комсомол ұйымының хат­шысы, Жалағаш аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысы және бюро мүшесі болып сайланады.

Мемлекеттік басқару органдарында 1963 жылы өзгерістер болып, Жалағаш ауданы Қармақшы ауданына қосылады. Сол кезде Қармақшы ауданында аудан­дық комсомол комитетінің кезектен тыс конференциясы өтіп, делегаттар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына Қаһарманның канди­датурасын қолдайды.

Арада жылға жетпейтін уақыт аралығында 1963 жылдың желтоқсан айында облыстық комсомол комитетінің облыстық конференциясы бірінші хатшы етіп Абылай Айдосовты, екінші хатшы етіп Қаһарман Табынбаевты сайлайды. Абылай Айдосов жастар қызметінде біршама тәжірибе жинақ­таған облысқа, Сыр өңіріне, респуб­ликаға танымал азамат болатын.

Ал, Қаһарман Табынбаев болса облыс жастары алдындағы, әсіресе, ауыл шаруашылығына байланысты мәсе­ле­лерді шешуде, өндірістегі жинақтаған тәжірибесі мен бастауыш және аудан­дық комсомол комитеттеріндегі атқар­ған практикалық істері бұл қызметте де оның оң нәтиже беретіндей дәрежеге көтерілген кезі-тұғын.

Бұл кез облыста ауыл шаруа­шы­лығының басты дақылы күрішке сұра­ныстың өскен кезі болатын. Сон­дықтан да аймақтың алдында егіс көлемін  шұ­ғыл ұлғайту, өнімділігін арттыру міндеттері тұрды. Осыған байланысты облыстық комсомол комитетінде «Ақ күріштің атасы» атанған Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыбырай Жақаевтың об­лыс­тың ұл-қыздарына хат жолдау идеясы туындап, оны облыстық партия ко­митеті қолдап, дихан ата келісімін алу жауапкершілігі жаңа хатшы Қаһарман Табынбаевқа жүктеледі.

Сәті келгенде өткенді еске түсіріп «хаттан» үзінді оқысақ:

«Жас достар! Менің ұлдарым мен қыздарым. Сыр елінің даңқын асқақ көтеріп, мерейін үстем етіп келе жатқан аса бағалы дақыл күріш өсіру ісі менің дихандық өмірімде үлкен орын алады. Мен дақылды қастерлеп баптауды, гүлдей аялап өсіруді ұнатамын, өйткені, мен мұны халық алдындағы адамгершілік парызым деп білемін. Бүгінде жасым егде тартқан кездерде, осындай сүйікті дақылға деген шексіз қамқорлық пен ыстық махаббатымды білдіріп, осы хатты жазып отырмын!»

Әрі қарай дихан. «...Міндет үлкен, оны орындап шығуға жүктеліп отырған міндет одан да үлкен. Ыждағаттылық пен еңбек етпей оны абыроймен орындап шығу мүмкін емес. Бұл істің басты тізгіні сендердің қолдарында! Негізгі тұлға өздерің...» – деп үндеу-хатын жолдаған еді. 

Хаттың мәтіні мен мазмұны мұқият зерттеліп, оны облыстық партия комитеті мақұлдап, жан-жақты талқы­ланады. Құжатты жастар арасында жүзеге асырудың барлық түрлі нақты шаралары белгіленеді. Содан кейін ғана Қаһарман Табынбаев Ыбырай атамызға барып келісімін алады.

Сол хат «Жас ұрпаққа сәлем хат» деген атпен 1964 жылы арнайы плакат болып баспадан басылып шығады.

Дала академигінің хаты облыстық партия комитетінің қолдауымен облыстық «Ленин жолы» бүгінгі «Сыр бойы» және «Путь Ленина» бүгінгі «Кызылординские вести» газеттеріне жарияланады. Барлық ауданның аудандық газеттерінен орын беріледі. Аталған бастама облыс деңгейінен асып республиканы да қамтиды.

Осы материалды жазу барысында орда бұзар 30 жасында «Жақаевшылар қозғалысын» ұйымдастырудың басы-қасында болған кейіпкерімізге жолығып, «Жақаевшылар қозғалысы» жайында сұрағанымызда айтқаны:

– Бұл өзі ұзақ әңгіме. «Жақаевшылар қозғалысының» ұйымдастырылғанына үстіміздегі жылы 56 жылға толады. Мұны облыс тарихында жастарды ауыл ­шаруашылығында еңбек етуге жұмыл­дырған аса айтулы белес, айтулы жаңалық деуге де болады.

Аталған бастама кезінде облыс дең­ге­йінен асып республика жұрт­шы­лы­ғына дейін жеткізілген-ді. Күріш егісін өсіруге жастардың көптеп келуіне жол ашылды. Диханның ізбасарлары көбейіп, облыста «Жақаевшылар қоз­ғалысы» кеңі­нен өрістеді. Атақты диханның өзі атап өткендей облыс күріш өсірумен ұзақ жыл айналысқанымен оның көлемі, әр гектардан алған өнімі төмен болып келген. Есепке қарасақ, 1960 жылы небәрі 12,1 мың гектар күріш егіліп, орта өнім 18,5 центнерден айналса, сол тұста күріш егісімен шұғылданған жастардың саны 208 ғана болған екен. Дихан хаты облыс аумағындағы барлық бастауыш комсомол ұйымдарында, барлық мектептерде, оқушылар арасында, барлық кәсіптік училище жастарының қатысуымен кең түрде талқылау жасалынды.   

«Жақаевшылар қозғалысы» бас­та­ма­сына жаңа серпін, жаңа қолдау беру мақсатында 1964 жылдың желтоқсан айында облыста күрішшілердің тұң­ғыш слеті өткізілді. Слетке Ыбырай Жақаев бастаған озат күрішшілер мен механи­за­торлар, ауыл шаруашылығының білікті мамандары қатысты. Слеттің құрметті қонағы болып, Москвадан шақырумен екінші космонавт Г.С.Титов келді.

Жазушылар шығармалар жазып, ақын­дар өлеңдерін арнады. Компози­тор­лардың «Жақаевшылар маршы», «Жақаевшы жастар жыры», «Ақ күріш туралы ән», «Сыр сұлуы» әндері осы кезеңде өмірге келді.

Сол жылдары жастарға арналған жиналыстарға, еңбек озаттарымен өте­тін кездесулерге, әртүрлі спорттық шара­ларға, өзара социалистік жарыс­тарға, мәдени-әлеуметтік жиындарға, арнайы тақырыппен өтетін слеттер мен форумдарға қатысқан олар қоры­тын­дысында:

... Аңсатса Сыр өңірі,

Ән тербеп жүрегімді,

Өзіңнен туған ұлың айналсын.

Жайқалған ақ күрішің,

Жаралған шаттық үшін,

Қайран сол, Сыр сұлуы қайдасың,

– деп «Сыр сұлуы» әнін айтпай тарқа­майтын.

Өмірге озаттар келтірген, өмірден жыр тудырған, өмірден ән  шығартқан «Жақаевшылар қозғалысы» баяндап отыр­ғанымдай баспалдақтардан өтіп, өмірге осылайша келген еді, – деп аяқ­тады әңгі­месін бүгінде ел ағасы атанған Қаһарман Табынбаев ақсақал.

Жалпы жастардың Жақаевшылар қоз­ғалысы дүниеге келіп, аса үлкен жасам­паздықпен қоғамның пәрменді қозғаушы күшіне айналып, қаншама адамдардың тасы өрге өрмелеп, бағы жанып, Социа­листік Еңбек Ері, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаттары бол­ған­дығына, партия, Совет орган­дары­ның делегаттары мен депутаттары болып сайланғандығына уақыт куә, тарих куә.

III

Келешегінен зор үміт күткен облыстық партия комитеті оны 1965 жылы Алматы қаласындағы жоғарғы партия мектебіне оқуға жібереді. Оқуды бітіргеннен кейін ол 1967-1979 жылдар аралығында облыстық партия комитетінің ұйымдастыру партия бөлімінің нұсқаушысы, ауыл шар­уа­шылығы бөлімі меңгерушісінің орын­басары, Жалағаш аудандық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының бастығы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия комитетінің ауыл­ шаруа­шылығы бөлімінің мең­герушісі қыз­меттерін абыроймен атқарады.

Осы аты аталған лауазымды қыз­меттерде жүрген кезінде ол – табанды да қажырлы істерімен, адамдармен өнеге тұтарлық қарым-қатынасымен, қарапайым еңбекқорлығымен, жаңа­шылдық және іздемпаздығымен, орын­дау­шылық қабі­летінің тұрақты­лығы­мен, мәселені әділ шешетіндігімен та­нылып, ұйымдас­тыру­шылық қабіле­тінің жан-жақтылығын, саяси сауатты кадр екендігін көрсете білді.

1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық партия комитетіне Қазалы ауданынан бір топ тұрғындарының атынан жазылған арыз түсіп, ол арнайы тексеріледі. Тексеру барысында арызда көрсетілген фактілер толығымен анықталады. Тексеру қорытындысы Қазақстан Компартиясы Орталық партия комитетінде арнайы қаралып, ауданның экономикасын құлды­ратып, саяси тәрбие, әлеуметтік жұмыстарды әлсіретіп, кадрларды іріктеу, тәрбиелеу және орналастыруда партиялық принципті бұзып, аудан партия ұйымын басқаруда КПСС Устав талаптарын қатаң сақтамай өрескел кемшіліктер мен олқылықтарға жол бергені үшін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы партиялық жазаға тартылып, қызметінен босатылады.

Облыстық партия комитеті бұл мәселенің Қазақстан Компартиясы Орталық партия комитетінің тікелей  бақылауында екендігін ескеріп, көп талқылаудан кейін Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хат­шы­лығына облыстық партия комитетінің ауыл­ шаруашылығы бө­лі­мі­нің мең­герушісі Қаһарман Табын­баевтың кан­дидатурасын лайықты етіп табады. Сөйтіп ол 1979 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланады.

Ауданның жаңа басшысы алғашқы күнінен бастап, жауапкершілікті жете сезініп, Қазақстан Компартиясы Орта­лық партия комитетінің шешімінде көрсетілген мәселелердің барлығын терең зерттеп, оны жүзеге асырудың жолдарын қарастырады.

Аудандық партия комитеті өз тарапынан ауданда бүгінгі таңда қалыптасқан жағдайға байланысты облыстық партия комитетіне, аудандағы басшылық кадрдың құрамын қайта қарауды, жаңа кадрлармен нығайтудың қажеттілігі туғанын мәселе етіп қояды. Аудандық партия комитетінің бұл ұсынысына облыстық партия комитеті, оның бірінші хатшысы Тәкей Есетов жоғарғы партиялық прин­цип­тілік көрсетіп, үлкен түсіністік танытады. Сөйтіп облыстық партия комитеті аппаратынан  Болат Қарғабаевты аудандық партия комитетінің екінші хат­шы­лығына, Қуанышқали Шапшаңовты аудандық кеңесі атқару комитеті төр­аға­сының бірінші орынбасарлығына, Шиелі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жолдасбек Ердешбаевты аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы лауазымына ұсынылып, аудан басшылық құрамы тәжірибелі кадрлармен нығайтылады.

Басшылық жасау тек нұсқау беру емес, елге, Отанға алғаусыз қызмет ету, сенімнен шығу, тынымсыз ізденіс пен іскерлік таныту, өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, шешімін табуды қамтамасыз ету деп түсінген бірінші хатшы, айнымастан осы бағытта еңбек етуді абыроймен жалғастырады.

Аудан алдында сан алуан міндеттер тұрды. Әсіресе, жоғарғы партия органда­рының шешімдерін тез арада жүзеге асыру кезек күттірмейтіні белгілі. Соны­мен қатар, әр шаруашылықта  қаржылық жағ­дайдың дұрыс сақтал­мауынан, мал өнімнің төмен болуынан, оның өрескел талан-таражға түсуінен, мал басының кем болуынан, осылардың әсерінен жыл сайын шаруашылықтың зиянға отырып келе жатқандығын тоқтату­дың шұғыл шараларын жүзеге асыру міндеті тұрды.

Бұл мәселелер аудандық партия коми­тетінің бюросында арнайы тал­қыланып, «Қызылқұм», «Бозкөл», «Жаңа­құрылыс» «Энгельс» атындағы совхоздардың дирек­торлары, Абай атын­дағы колхоздың төр­ағасы қызмет­терінен босатылып, пар­тиялық жазаға тартылады.

Аудандық партия комитеті «іс тетігін кадр шешеді» деген қағиданы еске ала отырып, кадр резервін жасақ­тауды қолға алады. Ол үшін оның құрамына алдын ала зерттеліп тал­қылаудан өткен, көпшілік қолдаған, коллектив сенім білдірген, өндірісте абыройлы еңбек етіп жүрген, қолынан іс келетін жас мамандар алынады. Уақыт өте олардың бірсыпырасы жауапты қызметтерге, бас­шылық жұмысқа жіберіледі.

Аудан экономикасының алға басуының басты «аксиомасы» осал жерлерді қолынан іс келетін кадрлармен нығайтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, қатаң талап қойып отыру керек екендігі баршаға аян. Осы бағыттағы жұмыстар алғаусыз жүйелі түрде жүргізіледі.

Сонымен бірге келешегінен үміт күттіретін жас маман кадрларды назарда ұстап, өндірістің шешуші орындарына қызметке батыл ұсынып, өмірден тәжірибе жинақтауына, үйренуіне жол ашып, қамқорлыққа алынады.

Жүргізілген нәтижелі жұмыстардың арқасында мемлекеттік жоспарлар халық шаруашылығының барлық салалары бойынша жыл сайын арты­ғымен орындалып, аудан облыс­тағы алдыңғы саптағы ауданның деңгейіне көтерілуіне қол жеткізіледі.

Осы тұста ауданның ­жоға­рыда аталған табыстарына ауыл ­шар­уа­­шы­лығы саласының табиғат құбы­­­­лыс­тарына тәуелді, науқанды жұмыс­­тарының бас­та­луы мен аяқталу мер­зім­­дерінің ше­гімен, өлшемі құпия, бей­неті шаше­тектен келетін, отымен кіріп, күлімен шық­қан, ыстық-суығына төзген, көп жылдар шаруашылықты абыроймен басқарған тау тұлғалы азаматтар: Ш.Жалғасбаев, Т.Пірімбетов, А.Тілеубаев, С.Нармағанбетов, К.Әлім­баев, Ұ.Орал­баевтар жетекшілік жа­саған коллек­тивтердің қосқан үлес­тері шешуші роль атқарғандығын еске алудың артықшылығы бола қоймас деген ойдамыз.

Бір сөзбен айтқанда, тоғызыншы бес­жыл­дықтың жоспарлары мен мін­дет­темелерін артығымен орындап шық­қан жетпістен асқан ауыл шаруа­шылығы еңбек­керлері орден-медальдармен марапатталып, Қазалы тарихында тұңғыш рет күріштен күрішші А.Дінисламов Со­циа­листік Еңбек Ері атағын алды.

Сол сияқты ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға, егіншілік мәде­­ниетін көтеруге, жерді тегістеп инже­нерлік жүйеге келтіру, су арналарын реттеу, қазу, азаматтық және өндірістік құрылыстарды салуға, жүргізуге бас­шылық жасап аса іскерлік таныт­қан С.Имандосов, Н.Мусабаев, Р.Өтеге­нов­тердің есімдерін атап өтудің орайы келіп тұрғандай.

Сонымен қатар ауданда теміржол, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, оқу-ағарту мекемелеріне басшылық жасаған жағымды істерімен тұрғындардың ықы­ласына бөленген азаматтар Б.Рыс­­тықұлов, А.Айбосынов, К.Таж­мағам­­­бетов, О.Бек­панов, К.Ахме­тов, Б.Нағмановтар үлкен абыройға ие болды.

Кейін олардың барлығы да көрсе­тілген сенімді ақтады, қызмет бабында жоға­рылап, абырой биігіне көтерілді.

Екеуара әңгіме арасында Қаһаң:

– Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын жетегіне алған, шаруаның қара қазанында жастайынан қайнап піскен, жұмыстың қырық қабат қыры мен сырына қанық, әрдайым желдің өтінде жүріп, еліне үлкен қайраткерлікпен  еңбек еткен Жарылқасын Шариповтің жөні бөлек, еңбегі ерен еді дей келіп, жалпы менің сонау 80-жылдардағы киелі Қазалы ауданында өткізген жарқын, шуақты күндерді өзімнің өмір дерегімдегі айшықты, жемісті жыл­дарым екен ғой, – деп сағынышпен еске алды.

IV

Қандай қоғамда да биліктің айтқаны екі болмайды. Ол – өмір заңдылығы. Кеңес қоғамындағы партия билігі де осы қағидадан айныған емес. Қаһанды 1983 жылдың аяғында Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшылық лауазымына ауыстырды. Мұнда да Қаһаң үшін қарбалас жұмыстар басталып, аудан абыройын асқақтату негізгі мақсат етіп қойылып, ол да өзінің бағалы нәтижелерін берді.

1986 жылдан бастап мамандығына сәйкес, партиялық тапсырмамен об­лыс­­тық мал тұқымын асылдандыру станция­сының директоры қызметіне тағайындалды. Одан соң облыстық тұтыну қоғамы төрағасының орын­басары, дайындау конторасының директоры міндеттерін атқарады. Ең бастысы, қай сала, қай лауазым болса да, Қаһарман Тоғызбайұлы өзіне жүктелген міндетті жұмысты үлкен демей, кіші демей уақыт талабына сай атқарып, абырой биігінен орын алды. Әр дәуірдің өз талабы өз заңдылығы болады. Соған орай сол сыннан сол заманның мемлекеттік қызметінде өзін көрсете білген, елден, халықтан, мемлекеттен тиісті бағасын алған азамат.

Мәселен, оның кеудесіндегі тізіл­ген «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері мен ондаған медальдары, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасы, Тәуелсіз еліміздің «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қазалы және Жалағаш аудан­дарының «Құрметті азаматы» атағының берілуі, Қазақстан Респуб­лика­сының ерек­ше сіңірген еңбегі үшін санаттағы дербес зейнеткер атануының өзі еткен еңбегінің айқын көрінісі емес пе?!

V

Азаматтың халқына қадірлі болуы, жора-жолдастарының алдында беделді болуы көп жағдайда әйеліне байланыс­ты. Ер азамат жұмыстан қайтқанда үйдің іші де, балдарының үсті-басы да тап-таза болып, әкелеріне еркелей ұмтылса, жұбайы алдынан күлімдеп шығып жылы шыраймен қарсы алса, жігіттің жаны жай тауып, көңілі жадырап қалмай ма?! Демек, отбасында тыныштық орнатып, жолдасының еркін демалуына жағдай туғызу да – әйел адамның міндеті.

Бұлайша сыр шертуімнің басты себебі – Қаһаңның жары Ершінің атақты Жиенбай жыраудың ұлы Рүстембек жыраудың қызы екендігін, оның отбасындағы іс-қимылдарынан жоғарыда айтқандарымды айна-қатесіз көргендіктен, «тектіден текті туады-ау» дегендіктен еді.

«Дүние – бір көшкен керуен» демекші, сол «көш» 2018 жылы Ершіні алып кетеді. Қаһаң болса сыңарынан айырылған аққудай болып қалды. Ауырды қара нар көтереді демекші, басқа түскен мұндай ауыртпалық Қаһаңа оңай тимеді. Десе де, өз-өзіне күш беріп, 5 баласы мен 16 немересінен қуат алған, өмірдің қызығын да, қиыншылығын да бір адамдай көрген ол ерлікпен өмір кешуде.

Кездескендер:

– Қаһа қалайсыз?! – десе,

– Жақсымын, – дейді.

Жақсы адамның жақсылығында шек болмайды деп осындай мықтылығын айтса керек.

VI

Осы жоғарыдағы жазбаларға қарап отырып, оның өмір жолы, атқарған қызметі жастарға үлгі-өнеге етіп айтуға тұрарлық екендігіне дәлелдеме айтудың қажеті бола қоймас.

Өмірдің осындай тұстарын еске ала отырып, өткен күндерде белгі көп екен-ау деген, тоқтамға келесіз.

Елге, жерге деген жанашырлықпен еңбек еткен, талай-талай белестерді бастан өткізген ол бүгінде кішілерге ақылшы аға, ағайын-туыстардың қам­қоршы басшысы атанып келеді.

Әр заманның, әр қауымның өзіне тән белді, беделді қариясы болады. Оны көпшілік «Ел ағасы» деп айтады. Облыс аумағында осындай атаққа ие болған Қаһаңды үйінен кездестіру оңай шаруа емес. Өйткені оны әркез әрқилы шаруалармен жүргенін көресіз. Атап айтатын болсақ, бірде қоғамдық жұмыстарды атқарумен жүрсе, енді бірде ағайын-туыс, жора-жолдастардың қуаныштарына басшылық етіп жүргені. Әйтеуір, бос уақыт деген ол кісіде бола бермейді.

– Үлкендікті де халық қалағандай дәрежесінде алып жүрудің өзі оңай шаруа емес екен, – дейді Қаһаңмен кездесіп әңгімелескен сәттерде.

Өз замандастарының ішінде, басқа­ларға қарағанда ол өзінің қарапайым­дылығымен, адамдармен тез араласып кететіндігімен, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәс­түрін жақсы меңгер­ген­дігімен, туған жері мен елінің тари­хын жетік білетін­дігімен ерек­ше­ленеді. Қандай ортада болмасын айтар әңгімесін тура айта­тын­дығымен, күлтектеу деген оған жат екендігімен танылған азамат. Оны кейбір «пысы­қай­лардың» ұнатпай қалатын сәттері де болатындығы жасырын емес. Сын айтқанды кім жақсы көрсін, адамның адамы болмаса. Қаһаң әзілге жүйрік, отырыстың сәнін келтіріп, кімді де болса бейжай қалдырмайды.

VII

Әр тұлға жайлы айтылар әңгіменің ауқымы да әр алуан болмақ. Десе де замандасың, туыстасың, тұрғыласың туралы сыр шерту, бастан кешірген кейбір оқиғалардың ортақтығы кей жағдайда жүгіңді жеңілдететін сияқты. Бұлай деуімнің басты себебі, мен 1966-1968 жылдары Алматы қаласындағы Жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген кезімде Қаһаң да осы мектептің тыңдаушысы еді. Осы оқу орнында басталған таныстық одан әрі жалғасын тауып, жолдастығымыз достыққа ұласты.

Менің 1973 жылы желтоқсан айында Жалағаш аудандық партия комитетінің кезекті пленумында аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып сайлануыма Қаһаң­ның тікелей қатысы болған еді. Ол кезде Қаһаң, Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс жасайтын. Ал, мен болсам Арал аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі болып қызмет атқаратынмын. Әңгіме жасалып отырылған бөлімнің бастығы Сәду Шадаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты оның орнына кадр таңдау мәселесі кезінде Қаһаң сонау Арал ауданындағы менің кандидатурамды қалап, оны сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сұлтан Амановқа айтып, оны көндіріп, облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орын­басары Анес  Өтегеновтің  келісімін алып, қоры­тындысында мен Жалағаш ауданына сөз етіп отырған қызметке ауысып келген болатынмын. Содан бері де артық-кемі жоқ 47 жыл болыпты.

Осы уақыт ішінде біздің Қаһаңмен достығымыз туыстыққа ұласты. 1985 жылы менің үлкен балам Саладин Қаһаңның үлкен қызы Ләззатқа үйленіп, біздер атам қазақ айтқандай Табынбаевтар әулетімен мың жылдық құда болдық.

Қаһаңның сыйласатын жора-жол­дас­тары мен дос-жарандары баршы­лық.

Адам есейе келе, әсіресе қартая келе шау тартады. Бұл әркімнің-ақ басында бар жағдай. Ал, Қаһаң болса оған мойынұсынғысы келмейді, қайта үнемі қозғалыс үстінде. Онда  менсінбей немесе басқаша дәлел айтып, шақырған жерге бармау деген болмайды. Ешкімнің де кеуілін қалдырғысы келмейді. Оның көпшілік ортасында сый-құрметке бөленуінің, сөзінің өтімділігінің, ел арасындағы қадірінің барлығының басты сыры бойында жоғарыда айтқанымыздай адамгершілік қасиетінің молдығынан болар. Азаматтығына кір келтірмей, өз тұғырында нық отырған ел ағасы – Қаһаңа көрер күніңіз таусылмасын, әрі шуақты болсын деп тілек білдіреміз.

VIII

Ресей патшалығын мойынсынбаған Жанқожа батыр шыққан, кешегі Ке­ңес дәуірі кезінде жалындаған жас қайраткер Ғани Мұратбаевты өмірге келтірген Қазалы ауданы мен Қорқыт ата жатқан жер кіндігімен, сүлейлердің сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің отаны – Қармақшы ауданын басқарған Қаһаң, Қаһарман Табынбаев бүгінде қазыналы қария атанып, сексен бестің жалынан ұстаған қалпы ардагерлер қатарына қосылғаннан бері облыстық ардагерлер алқасының мүшесі болып, облыстың қоғамдық өміріне белсенділікпен араласып келе жатқанына жиырма жылдан асыпты.

Осы мерзім ішінде оның берік ұстаған қағидаты:

«Мемлекет мен үшін не берді деп емес, мен мемлекет үшін не бере аламын» деп саясаткер Дж.Кеннеди айтқандай, «әрбір қазақстандық Елбасы тапсырмаларын, өзінің өмірлік жолы мен кәсібіне қатысты бөлігін орындауды азаматтық борышым деп қабылдап, бір кісідей жұмылып іске асырар болса, көк байрағымыздың айбыны мен мемлекетіміздің тұғыры биіктей берер еді» – дегендігі, жас ұрпаққа үлгі тұтар абыз ата екендігін көрсетеді.

Хош, сонымен ой-толғауымды ата­ларға арнаған ақын Ақұштап Бақты­герееваның:

Сендер аспан болсаңдар,

Біздер асқақ қараймыз!

Сендер дастан болсаңдар,

Біз жаттауға жараймыз.

Сендер шыққан шыңдарға,

Қарап жүрміз жағалап.

Сендер тіккен туларға,

Түсірмеспіз қара дақ, –

деген өлең жолдарымен қауыштыра барып, аяқтауды тілге тиек еттім.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер 

одағының және

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының 

Құрметті азаматы.

ТАҒЫЛЫМ 26 қаңтар 2020 г. 503 0