Ұмытылмас бейне

Майдангер әкесі жайлы оның баласы Орынбасар Жарасовпен біраз әңгімелескен едім. Сол кезде ол әкесінің асқақ бейнесі әсіресе, еңбекқорлығы мен тиянақтылығы, сабырлылығы жайлы айрықша сезіммен айтып берген-ді.

Орта шаруа отбасында дүниеге келген Жарас Дәкенов жастайынан сауат ашуға құштар болып өсіпті. Сонау 1926 жылы алғаш сауат ашу мектебінде оқыған. Ал 1939 жылы әскер қатарына алынған. Кіші командирлер дайындайтын курста үш ай оқып, сол жақтан бірден соғықа қатысады. Алғашында, 1942 жылы Украина майданында ұрысқа кіріседі. Бір взводқа яғни, 30 шақты жауынгерге басшы болған Жәкең талай рет топырақтан саз кешіп, тау-орманды, батпақты жерлерде соғысып жүріпті. Сырдың перзенті Сталинград қоршауын бұзуға да белсене қатысқан екен.

Орысша сауаттылығымен танылған ол әскери техникаларды да жақсы меңгеріп, атқыштар тобын басқарған. Орыс тектес мұсылмандарға оң қабақ танытып жүрген. Қан майданда аяқ-қолы ұшқан, көз алдында мерт болған жандарды көріп, ұрыс майданында шыныға түскен.

«Бұқарбай батыр бабамыз қолдап жүретін» деген сөздерді жиі айтып еді, – дейді баласы Жарас. Байланыс жүйелерінде басқаруға қатысқан. Варшава, Прага жерлерін азат етуге белсене араласқан. Талай мәрте жарақаттанып, госпитальда емделген. Ерліктері үшін II-III дәрежелі Қызыл Ту ордені, сондай-ақ түрлі қалаларды азат етуіне байланысты медальдары да жетерлік. «Соғысқа күнделікті 200-дей адам кіріп, сонан 10 шақтымыз ғана тірі қалатынбыз» дейтін жарықтық.

Сұрапыл соғыс жылдарын басынан аяғына дейін өткерген Жарас Дәкенов туған жері – Тереңөзек қыстағына 1945 жылы ғана оралды. Бір жылдан соң Сарсенбайқызы Тұрғанкүлмен жарасып, отау құрып, үш бала тәрбиелеп өсірген. Қиын-қыстау кездері ет, сүт, май өнімдерін жинау жұмыстарына қатысады. Қараөзек ауылында балық шаруашылығында еңбек етеді. Сонау 1958 жылы көктемде Ленин колхозында (қазіргі С.Сейфуллин шаруашылығы) егіс бригадирі, мал шаруашылығы бригадирі болып, кейіннен құрылыс жұмыстарына да атсалысқан. Соғыстан кейін еңбек майданында да өзгеге үлгі бола білген

Жарас ақсақал 1973 жылы 60 жасында дүниеден озды. Майдангер ағамыздың ерлік және еңбек жолдары замандастары есінде ұзақ уақыт сақталары анық. Қазіргі кезде оның ұрпақтары мен туған-туыстары, немере-шөберелері құдайға шүкір, өркен жайып, өсіп-жетіліп келеді.

Өмірінде сұрапыл соғыс пен ерен еңбектің қиын-қыстау кезеңдерін бастан өткерген Дакенов Жарас жұбайы Бекпенбетова Тұрғанкүл екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді.

   Жауынгер әкенің үлкен ұлы Жарасов Орынбасар Сырдария ауданының электрификация саласында 40 жыл инженер қызметін атқарып, осы кәсібімен құрметті зейнетке шықты. Жарасов Орынбасар 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Екінші ұлы Ізбасар жұбайы Аманкүлмен бірге Қайран, Кәмшат, Қанат атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған ардақты әке. Ал, қарияның үшінші ұлы Жалғасбек қалалық ішкі істер бөлімінде жұмыс жасап, абыроймен зейнет жасына жетті. Ол 2012 жылы 53 жасында қайтыс болды. Артында 5 баласы мен жары Нұржамал қалды. Төртінші ұл Кенжебек Байқоңыр қаласының ғарыш айлағында қызмет жасайды. Ұлы Жанболат ата-анасының тірегі.

  Жәкеңнің жалғыз қызы Орынкүл жастайынан еңбекке араласып, мал шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерді. Бүгінгі күні жеке шаруашылығында жұмыс істейді. Оның ұлы Серікбол – дәрігер.  

  Адам ұрпағымен мың жасайды деген нақыл сөз бар. Ендеше, Жәкең ұрпақтары тұрғанда ұзақ жасап, ол кісінің жарқын бейнесі мәңгі бақи ұмытылмайтыны сөзсіз.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.

журналист.

 

ТАҒЫЛЫМ 18 қаңтар 2020 г. 424 0