Педагогика әлеміндегі Қоянбаев баспалдақтары

Ұстаздық қызметпен қатар ғылым жолының айбынды жолаушысы, жарық жұлдыздай жарқырай білген рухы жоғары ғалымдардың бірі – Қоянбаев Ромсейіт Мұхамеджанұлы. 

Ғалым өнегелі өмірінің 28 жылын Абай атындағы ҚазҰПУ-де өткізіп, 13 жыл бастауыш педагогикасы және әдістемесі факультетін, 5 жыл психология-педагогика факультетін басқарады. Басшылық қызметін абыроймен атқара жүріп, ғылыми зерттеу ісімен айналысады.

Болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлаудың Қазақстанда іргетасын қалаушылардың бірі ғана емес бірегейі – педагог-ғалым Ромсейіт Мұхамеджанұлы деуге толық негіз бар. Осы пікірімізді дәйектеу үшін «Педагогика әлеміндегі - Қоянбаев баспалдақтары» атты зерттеуімізді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Бірінші баспалдағы - болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлау мәселесінің оңтайлы шешілуінің іргетасын қалады және әрі қарай жетілуіне, дамуына білгір басшы, шебер де құзыретті ұйымдастырушы, білікті ғалым ретінде өз үлесін қосып, ширек ғасыр ғұмырын арнады. Бөлім басшысы және факультет деканы қызметін атқарғанда әріптестерін ортақ іске жұмылдара білді, өнегелі іс-әрекетімен үлгі көрсетті, нәтижелі істі ұйымдастыру қолынан келетінін дәлелдеді. Әрине өмір – тіршілік ағыны тәріздес, өзгеріп және жаңарып тұрады, сонда өрге өрмелеп шығуға да, ылдидан құлдилап түсуге де тура келеді. Мәселен, мамандықтың жабылып қалу қаупі туындаған кездерде мамандық үшін күресе білді және сақтап қалды.

Екінші баспалдағы - болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлауды іске асыратын ұжым қалыптастырды.

Үшінші баспалдағы - болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлаудың оқу-әдістемелік мәселелерімен айналысатын орталық құруға негіз болды. Ол декан болып қызмет жасаған кезеңде факультет дамуы шарықтап, кемелденді. Нәтижесінде Абай атындағы ҚазҰПУ-і бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша ғылыми-әдістемелік орталыққа айналды және оқытушылардың ғылыми әрі кәсіби шеберлігінің деңгейі жоғары сатыға көтеріліп, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар жазуға белсене қатыса бастады.

Төртінші баспалдағы - болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлауды іске асыратын кәсіби және ғылыми-шығармашылық іс-әрекетке бейімделген педагог-қызметкерлердің ортасын қалыптастырды, тәжірибелі-аға ұрпақ пен өскелең-жас ұрпақ өкілдерінің сабақтастық байланысы мен үйлесімді іс-әрекетін жүзеге асырды. Әсіресе, жас мамандарға деген қамқорлығы ерекше болды. Болашағынан үміт күттіретін, үздік оқыған және ғылымға бейімділігі бар бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім алған студенттерді факультет кафедраларына қызметке алып қалып, кафедра меңгерушілерімен бірлесіп тәрбиеледі, ғылыми ізденіске баулып, мүмкіндік туғызды.

Бесінші баспалдағы - болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлау үдерісін реттеп отырудың және іске асырудың негізіне алынатын құжаттардың жасалуына жетекшілік етіп, олардың қабылдануы мен жариялануына қол жеткізді. Білгір басшы, шебер де құзыретті ұйымдастырушы, білікті ғалым ретінде белсене қатысуының нәтижесінде қазіргі кездегі қолданыстағы жалпыға міндетті білім стандарты дайындалған.

Алтыншы баспалдағы - стандарттың негізінде мамандық бойынша әр оқу пәнінде берілетін базалық білім мазмұнын және оның көлемін анықтауға басшылық жасайды және сол іс-әрекетті орындауға ұжымды ұйымдастырады. Сондай-ақ, әр оқу пәні бойынша типтік оқу бағдарламалары дайындалады және баспадан жинақ болып шығарылады. Кейіннен олардың өңделген нұсқалары жасалады.

Жетінші баспалдағы - болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлау үдерісіне белсене қатынасты және өзіндік үлесін қосады. Ұстаздық іс-әрекеттің қай түрін болмасын жоғары теориялық және тиімді әдістемелік деңгейде атқарады.

Сегізінші баспалдағы - студенттердің жаттанды сөз тіркестерін жиі қолданатынын, ғылыми категориялардың мән-маңызын ашып бере алмайтындарын жиі айта отырып, ғылым саласынан түсіндірме сөздіктер жасау және оларды пайдалануға студенттерді машықтандыру екеніне назар аударады және педагогиканы жан-жақты оқып үйренуде ғылымның түсініктерін, ұғымдарын және атауларын мағыналы қабылдауға септігін тигізетін педагогтік оқу орындарының студенттеріне қажетті «Қысқаша педагогикалық сөздікті» қолдануға машықтандырады.

Тоғызыншы баспалдағы - бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі студенттеріне арналған төлтума оқу құралдарын жасау туралы бастама көтеріп, үлгі көрсетеді. Студенттерге арналған «Бастауыш мектеп педагогикасының жалпы негіздері» және «Тәрбие теориясы» атты лекциялар мазмұнынмжәне ғылыми, ынтымақтастық, халық педагогикасының мәліметтері басшылыққа алынып, тұтас педагогикалық үдерісті жетілдірудің және жаңартудың жолдары мен бағыттары қарастырылған «Педагогика» оқу құралын жазады. Қазіргі кезде өзекті боп отырған оқытудың кредиттік жүйесі, 12 жылдық білім беру жүйесі, шағын жинақты мектепке маман дайындау, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі және т.б.  мәселелерін осыдан 10-15 жыл бұрын өз жарияланымдарында көтерген.

Ғалымның болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлауға қосқан үлесі жайындағы ой-пікірімізді қорытындылай келе, «Ұлтымыздың зиялыларының ұлағатын ұлықтау және ұмытпау – Ел боламын деген халықтың тарих алдындағы парызы» деп Елбасымыз атап өткендей,  Қоянбаев Ромсейіт Мұхамеджанұлы - болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлаудың теориясы мен тәжірибесіне өзінің қомақты үлесін қосқан ұлы ұстаз. Ол өз замандастарының ғана емес, келешек ұрпақтың да жадында мәңгі сақталады...

Уайдуллақызы Э.

«Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі»

кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор

Жұмабаева Ж.А.

«Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі»

мамандығының 3 курс докторанты

ТАҒЫЛЫМ 20 желтоксан 2019 г. 1 506 0