«Ботакөз тәте»

Мен ХХ ғасырдың ортасына таман өмір есігін ашқан, соғыстан кейінгі қасіреттің азабын татқан ұрпақтың өкілімін. Әкем соғыс басталысымен, сонау 1941 жылдың күзінде майданға аттанған. Бірден Сталинградты қорғау­шылар сапына қосылады. Майдан даласындағы қанды қырғын толас таппай талай боздақ «Отан үшін жан пида!» деген ұлы ұранның құрбаны болған.
Арада 4,5 ай өткенде менің әкеме де оқ тиіп, жау қаруы қопарған үйіндінің астында екі күн дәрменсіз жатқан. Үшінші күні таңғы елең-алаңда артқа шегінген немістерді өкшелей қуып бара жатқан біздің жауынгерлер үйінді тоң топырақтың астынан шығып жатқан жылы демді көріп, дереу ашса тірі адам жатыр екен. Сол санынан оқ тиіп, құлаған жерінен тұра алмай қалыпты. Көрер жарығы шығар, енді ұзаса... Содан далалық әдіспен ем-дом жасапты, жақын маңдағы ауруханаға салыпты. Жарақаты ауыр, қатерлі деп табылып, әскери госпитальға жолдайды. Сонда 6 ай емдеп, сол аяғының тізесінен төменгі жеріне ота жасайды да әскери медкомиссия енді «майданға да, еңбекке де жарамсыз» деп тауып, жауынгер Құланбайұлы Қаратайды мерзімінен бұрын елге қайтарады.
Мен ол кезде әкемнің қашан, қайда кеткенін, қайдан келгенін білмеуші едім. Ауыл адамдары сүйіншілеп шауып, бір-бірін құшақтап, біздің үйдің алдына жиналып қалды. Омырауы жылтыраған значоктарға (орден, медальдар) толы, екі қолтығында екі балдағы бар солдат кісі мені құшақтап жылап, айналып-толғана бастады. Ештеңемен ісім жоқ, екі көзім әкемнің омырауындағы медальдарда, ал ол әлі мені аймалап, көзінің жасын тияр емес. Ауыл адамдары да әп-сәтте жиналып қалды. Бәрі шат-шадыман.
...Арада қанша өткенін білмеймін, бірде... құттықтаушылар, қуанғаннан жылап-сықтап, әскерге кеткен балаларын, бауырларын сұраған топ саябырсыған кезде үйімізге кешқұрым тағы да көршілер жинала бастады. Онда «Ардақ» деген жайлаудағы егінжай шетіндегі шағын ауылдың ортасында отыратынбыз. Неге олай атайтынын білмеймін. Ауылымыздың солтүстігіндегі жал-жал құмды жота қоршаған тұсты жұрт «Арқа бет» деп атайтын. Ауыл балалары күндегі әдетімізше, өрістен қайт­қан малды қайырып, ойынның думанын қыздырып жатқанбыз. Осы сәт «Арқа» тұстан қарауытып көрінген түйелі кісі бізге жақындай түсті. Жолай мал қайырған біреулерден сұраған болар, тура біздің үйдің артына келіп түйе­сін шөгерді. Екі көзім сол түйелі адамдарда. Киіз қоршаудан әуелі бір қыз, артынан ақ жаулықты ана түсіп, «бауырым, бауырым» деп дауыс шығарып, үйіме беттеді. Жанымда тұрған балалар «үйіңе бар, әскерден келген әкеңді құттықтауға келгендер ғой, тағы да» деп шу ете қалды.
Үйіме келсем көк камзол киген ақ шашты ана әкемді құшақтап, әлі еңкілдеп жылап тұр. «Бауырым, жалғызым, аман келгеніңе құдайға мың мәрте шүкір» деп жатыр. Артында қызылсары орамал тартқан, жасыл көйлегі бар бір қыз тұр. Ол әлсін-әлсін бетін басып, таңданысты кейіппен күлімдеп тұр. Сонымен қараңғылық басып, түн болды. Құттықтап келген көршілер де, қонақтар да тыныстауға беттеді. Ыдыс-аяқ жуып, сыртта жүрген анам қонақтарды суыт таныстырды.
– Жаңағы үлкен кісі тәтеңнің (біз үй іші әкемізді тәте деуші едік) үлкен апасы, яғни тәтеңнің әкесімен бір туған, – деп қысқа қайырды. – Бұрын да талай келіп, желеп-жебеп жүрген қамқоршы бауырларымыз. Қасындағы кіші қызы Кәдеш. Тәтеңнің майданнан келгенін естісімен қуанып жеткен беттері ғой, қайтсін, сонау Сарысу өзені сыртында «Төсбұлақ» нұрасындағы төрт күндік жерден келіп отыр, бауырын сағынған ғой.
Шалғайдан келген қонақтар екі күн аялдады. Бауырлар әбден мауқын басты. Біз апамыз әкелген құрт, ірімшікті құныға жеп, қарқ боп қалдық. Апамыз өзін, тегін түгін қалдырмай талдап шықты.
– Мен осы әулеттің үлкені Бұлдыбайдың қызымын. Бұлдыбайдан Құланбай туған. Мына отырған Қаратай сол Құланбайдың ең кіші баласы, менің інім, ағамнан туған, – деп апамыз солдат киімімен отырған әкемді нұсқап, тағы егіліп алды. Бірақ оның бұл қылығын ешкім ерсі көрген жоқ. Қайта қарт ананың сол әрекеті енді ойласам соғыс зардабынан қамыққан жұрттың шерлі көңілдерін серпілдіргендей болды. Апамыз сөзін жалғады.
– Осы тұқымнан тірі қалған мына Қаратай екеуміз ғана. Ғазабат соғыстан тірі келді деген соң жата алмадым, бауырымды көру үшін төрт күндік жерден түйемен келдім. Жетпіс беске келген шалым үйде, малына еге боп қалды. Мына кіші қызым Кәдеш мені бауырыммен табыстыру үшін және нағашы ағасын көру үшін әдейі еріп келді. Үйіміз Сарысу бойындағы «Тезек» деген жерде. Жаңа айттым, шалым осы ауыл колхоз болғалы соның түйесін бағады. Өмірде он екі құрсақ көтердім. Соның онын берген Алла өзі қайтып алды. Шүкір, екеуі ғана көз алдымда. Үлкен қызым колхозда, күйеуі соғыста. Ол да күні-түні жол тосып, жақсылық күтіп отыр. Ал, балаларымның кішісі – мына қызымды айттым.
Ол кезде біздің жеке үйіміз жоқ еді. Отырғанымыз – егін қарауылдары мен шөпшілер жататын кесектен салынған үйдің бір бөлмесінің бұрышы болатын. Апамыз қызы екеуі осы «бұрышта» екі қонып, ауылына қайтты. Жолға шығарда інісін құшақтап ұзақ дауыс шығара жылады да  жұртқа естірте ақыл айтты.
– Көрмегенің жоқ, жаным, бай баласы деген жаламен Сібірге де айдалдың, ашаршылық азабын да тарттың, сұм соғысты да көрдің. Шүкір, арты қайыр болсын! Енді өзіңді күт. Ол үшін малға шық, таза ауа жұт. Өзіміз Қуатқа (колхоз бастығы) айтып, малға шығарармыз. Күзге дейін жаныңды күт, жараңды емдет, – деп апамыз түс ауа ауылына қайтты.
Бәрін есейе келе кейін зерттеп, білдім. Әкем күзге дейін аяғын (соғыс жарасын) емдетіп демалыпты. Күздің ақшуақ күндерінің бірінде әкемді колхоз басшысы шақырып, жағдай сұрап болған соң:
– Аман келгенің жақсы болды, шырағым, енді еңбекке шық. Қандай жұмысқа жарайсың, дәрігерлер не дейді?
– Соғыстан басқаның бәріне.
Бөлме ішін ду күлкі кернеді.
– Онда күзге қарай бір отар қой берем. Малдың жайын жақсы біледі деп естідім. Жолың болсын!
Күн суыта бастасымен ферма басшылары бізді кең бөлмелі үйге (жер кепеге) көшірді. Екі-үш күн өткен соң әкем жарты отардың иесі болды. Есімде отарымыз күн сайын көбейе берді. Қайдан, кімнен келіп жатқанын білмеймін, әйтеуір күнде қойға қой қосылып жатады, көбісі ірі, еркек қойлар, мүйізді қошқарлар. Бәрін Кәдеш тәтем санап алып, отарға қоса ­бер­е­ді. Бір күні айналаны түгел ақ қар басты. Ызғар басталды. Кәдеш тәте бір бөлек қойды санап отарға қосты да әкемді құшақтап:
– Тәте, (ол кісі де менің әкемді тәте дейтін) бүгін отарыңыз толды. 669 бас қой қабылдадық.
Аудан басшылары осыдан бұрын ауданның аса қажетті мұқтажына, қонақтарға жарату үшін құнан қой отарын жасақтап, қалаға жақын осы «Кооператор» ауылынан отарын өсіру туралы қаулы еткен екен. Міне, сол құнан қой отары осы. Отарға айрықша көңіл бөлінеді дегенді естідік. Қой бағушыға қыстық қоражай, екі көлік бөлінді, бірақ қыстық жемшөп берілмеді. Сөйтіп, әкем заңды қойшы таяғын ұстады. Алғашқы жарты жыл үй ішімізге қалың уайым әкелді. Әкеміз көлікке мініп, қайта түсе алмайды, түссе қайта өздігінен көлігіне міне алмай жаяу  қалады. Шешемнің, көрші шопандардың, жақын жерде болса, кішкене менің, аракідік Кәдеш тәтемнің көмегінің арқасында жайлауға шығысымен бұл қырсықтан да құтылдық-ау. Әкеміз қырға шыққасын көлікке өзінше еркін мініп-түсетін болды.
Қазақ дәстүрінде жасы кіші жандарға, кәделі кісілерге сыйластықтың белгісі ретінде өзінше ат қойылатын әдет бар. Мәселен, ауыл біткен Батихан апамызды «Белімай апа» деп атаған. Оған себеп – апамыз үнемі белін ұстап, еңкейіп жүруші еді. «Балалары көп өлген соң солардың қайғысынан белі бүкірейіп қалды» деп менің анам жиі айтып отыратын. Осы ат тергеу дәстүрімен менің анамның Кәдешке қойған аты «Ботакөзім» болатын. Фермадағы ауыл балалары түгел осы ізбен Кәдешті «Ботакөз тәте» деп атап кеттік.
Күндер, жылдар өтіп, біздерді де егделік билей бастаған кезде Қиянбек қызы Кәдештің ажар-көркі, мінез-құлқы, жұртпен қарым-қатынасы, қамқорлығы, саяси өресі, жақсылыққа жаны құмарлығы, қолының ашықтығы еске оралып, сол сәттер сағынта беретін болды.
Шынында «Ботакөз тәтеміз» ажарлы, екі көзі күлімдеп тұратын ақжарқын жан болатын. Адамдармен тез тіл табысатын, күліп сөйлесетін. Фермада есепші болды, әр малшының үйін аралап, оларға жақсылық айтып, көңілдендіріп кететін. Соғыстың біткені, біздің жайлауға Сарысу даласына кештеу жетті. «Көкалажар» құйылысында жайлап отырған Жезқазған облысы малшыларынан соғыстың біткенін, жеңгенімізді естіген Кәдеш «Көкалажардан» атымен Сыр­дария ауданы малшылары отырған қоныстарды аралап, бір апта ішінде елге жақсылықты түгел хабарлап шығады. Бірде қолына Жеңіс жөнінде үкімет хабары басылған газет түсіп, елеңдеп отырған елге оқып береді. Ботакөз тәте ауылына қайтқан соң журналдан оқығанын, нағашысы соғыста көргенін әлсін-әлсін әсірелеп айтып береді.
«Ботакөз тәте» сол жоқшылық жылдардың өзінде елге жақсылық жасап, малшы қауымды желеп-жебеп жүруші еді. Бірде біздің көріксіз қоста отырғанымыз­ға намыстанып, киіз бастырып, кереге алдырып, үстімізге алты қанат киіз үй тіктіріп бергені бар. Тәтеміздің айтылмай қалып бара жатқан тағы бір ерекшелігі, ол – оның әншілігі. Кеш болса нағашысы екеуі қосылып ән шырқайтын. Дәстүрлі халық әндерін шебер орындайтын. Олардың әндерін ауыл жұрты, көршілер сағына тыңдайтын. Сөйтіп олар қосылып бүкіл ферма көңілін көтеретін.
Ботакөз тәтенің өкінішті де, қуанышты өмірінен үзінді келтіріп, әңгімеме нүкте қояйын. Қиян­бекқызы Кәдеш (Ботакөз тәте) 1927 жылы туған. Малды ауылда дүниеге келген ол ашаршылық, соғыс жылдарындағы қиын­шылықтардан ұзап оқи алмады. Бастауыштан соң ерте еңбекке араласты. 1948 жылы тұрмысқа шықты. Соғыстан кеш оралған Әліарыстан деген кәделі тұқымнан шыққан орнықты азаматпен жарасымды өмір сүрді. Орман тоғай мекемесінде, колхозда беделді жұмыстар атқарды.
Өкініштісі сол – 1966 жылы өмірден ертелеу озды. Жалғыз анасының алдында, балаларының есі кірместен, олардың қызығын да көре алмай кетті. Қуаныштысы – шүкір, тәтеміздің арты жақсы. Бауырынан шыққан ұл-қыздары елге елеулі қызметтер атқарып жүр. Қызының үлкені Шәрікүл, Нұр-Сұлтан қаласында белгілі кәсіпкер. Одан кейінгі Қарлығашы – ұстаз, Жаңыл – дәрігер, Рахымжан – құрылысшы, Ғалымжаны жеке кәсіпкер, ал анасының бейнесін көрмей қалған Бақытжаны Қызылордадағы іргелі орта мектепте директор. Шүкір етеріміз қара шаңырақты ұрпағы шырайландырып отыр.

Өтеген ЖАППАРХАН,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
ТАҒЫЛЫМ 15 желтоксан 2019 г. 422 0