Өнегесі өшпес мектебім

Сол кезеңдерде облыстық «Ленин жолы» газетінде үш буын өкілдері қатар еңбек етті. Алдыңғы толқын – аға буын, содан кейін орта және жас буын журналистер қауымы берік ауызбіршілікпен, өзара сыйластық, жарасымды тірліктерімен аймақ айнасы, ел шежіресі, облыс жылнамасын айшықты ете білді. Ол кісілердің адамгершілік қадір-қасиеті, жүріс-тұрысы, сөз саптаулары, жарасымды әзілдері, әсіресе қайталанбас жазу стильдері әлі күнге дейін жадымда. Бүгінгі таңда аталған аға және орта буын өкілдерінің біразы бұл өмірден өтіп кетті. Сол кезде жас буын дейтін біздің өзіміз 60-тан асып бара жатырмыз. Неткен жүйрік, зымырап бара жатқан уақыт-ай, десеңізші.

Бала жастан армандаған ҚазМУ-дің журналистика факультетіне төрт жыл қатарынан барып, ақыры дайындық бөлімін бітірген соң ғана оқуға түстім. Өзімнен 6-7 жас кіші қыз-жігіттермен оқып жүріп, қызықты студенттік шақтың бір жылы қалай аяқталғанын да байқамай қалыппыз.

Сонау 1980 жылдардың басында жаздыкүні тәжірибеден өту үшін облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне келдім. Басылымның бас редакторы Н.Уәлиев ағамыз өзіне шақырып, әңгімелесіп, сәл ойланып отырды да:

– қалқам, оқуға дейін құрылыс саласында жұмыс істеген екенсің. Сені Мырқы Исаев ағаңның қарамағына жіберейін. Сол кісіден біраз нәрсе үйренерсің, – деп шығарып салды.

Ұзын коридордың бойымен әр есікке қарап жүріп, Мырқы ағамның кабинетін тауып алдым. Бірақ, жүрек құрғыр дүрсілдеп барады. Себебі, Мырқы ағамның атын естігенде, кейбір кісілер онымен сөйлесуге қашқақтайтын. «Мырқым бір жақ, қырқың бір жақ» деген сөз ел аралап кеткен. Тура сөйлегеннен танбайтын ағамыз ұмытпасам құрылыс, өнеркәсіп, транспорт бөлімінің меңгерушісі еді. Нар тәуекел деп есікті қағып, ішке кірдім. Аласа бойлы, шикіл сары кісі маған бақырайып қарады да.

– Бала, бәрін білем, саған бір апта уақыт беремін, ауылыңа бар да қалаған тақырыбыңда 5-6 матер­иал жазып әкел, қолыңнан не келетінін білейін, – деді. Үнсіз ғана шығып кеттім. Мырқы ағамның сын және проблемалық мәселелерді көбірек қозғайтынын бұрыннан білетінмін.

Ауылға келіп, тас жолы мен тротуары жоқ көшелер, автобустың машақаты, тұралап қалған құрылыс, шаруашылықтарға қызмет көрсететін мекемелердің жұмысы сияқты тақырыптарды, әйтеуір елден естіп-көргенімді жазып әкелдім. Мырқы ағам оқып отырды да:

– Әй, бала мына фактілерің нақты ма әлде жалпы ма? – деп сұрады.

– Көзбен көріп, құлақпен естіп, адамдармен сөйлесіп алғанмын, – дедім.

Содан Мырқы ағам редактормен қырқысып жүріп, бүкіл материалдарымды жарыққа шығарып берді. Ол кісі шындықты жақсы көретін. Қолынан үнемі шахмат қобдишасы түспейтін. Қолы боста кабинет аралап, әріптестерімен шахмат ойнайтын. Былайынша сұсты көрінгенімен, шын мәнінде аңқылдақ, елгезек, қарапайым жан болатын. Сол кісінің арқасында, аты-жөнім елге танылып қалды. Ауылға келсем, мен сынға алған мекемелерде біраз жұмыстар жүзеге аса бастапты. Бірақ, басшылар мені көрсе, қорқып қашатынды шығарды.

Бір күні Мырқы ағамыз маған:

– Әй, бала, саған бір ерекше тапсырма бар. Соны орындай алсаң, мінездемеңді қатырып жазам. Орталық алаң маңында бір фонтан құрылысы салынып жатыр. Бірақ, біраз уақыттан бері бітпей келеді. Мұнда бір гәп бар. Сен соны зерттеп, әбден анығына жетіп, жан-жақты тексеріп, жазып әкел, – деді.

Шындығында да фонтан құрылысының жүріп жатқанына біраз уақыт болыпты. Құрылысшылармен және жақын маңайдағы тұрғындармен сөйлесіп, кешеуілдің негізгі себебі – құрылыс материалдарының қолды болып кететінінен екенін біліп алдым. Кейінірек сол мақала «Жұмбақ фонтанның сыры» деген тақырыппен жарық көріп, қала басшыларын бір сілкінтіп тастады.

Иә, айта берсем сол кездері облыстық басылымда жүріп, өмір мек­тебінен өткеніме өкінбеймін. Келесі жылы партия тұрмысы бөлі­мінде тәжірибеден өттім. Қа­шан­да байсалды, сабырлы қалпы­нан танбайтын Сақтаған Есмаханов, турашылдығымен танылған Құт­тыбай Сыдықов ағаларыммен бірге жұмыс істегенімді зор мәртебе, үлкен мақтаныш санаймын. Ол кісілерден байыптылықты, жина­қылықты, сабырлылықты  үйрен­дім. Қай мәселеге де барынша жауапкершілікпен қарау керектігін ескертіп отыратын сол ағаларды қазіргі кезде сағынасың, іздейсің, аңсайсың...

Облыстық басылымдағы сол кездегі қайнаған қызу еңбек құдды бір зауыт-комбинаттағы тірлік секілді көрінетін. Бейнебір әр кабинетте әртүрлі өнім шығып жатқан секілді. Күнделікті өтетін лездеме жоспарлау жиынынан кейін ағаларымыз тапсырмаларды орындауға кірісіп кетеді. Содан ертеңіне әп-әдемі, салиқалы, мазмұнды газет жарық көріп, оқырманға жол тартады. 

Басылымның бас редакторлары болған Қалқабай Әбенов, Әскербек Рахымбекұлы, Жақсылық Рахматулла ағаларымыздың тәлім-тәрбиесі, ақыл-кеңестері өмірімнің темірқазығы іспеттес болды. Газеттің сапалы да тартымды шығуына сол кездегі бас редакторының бірінші орынбасары Оразбек Мақсұтұлының өлшеусіз еңбек сіңіргенін былайғы жұрт біле бермесе де журналистер қауымы жақсы біледі. Ақырын жүріп, анық басатын Ақберген Ержан, Әбдібай Уәлиев, Шайзада Рахметбеков, Айжарық Сәдібекұлы, Қайырбек Мырзахметұлы, Өтеген Жаппар­хан­, Нұрпейіс Байғараев салиқалы материалдарымен көрінсе, газетке жаңаша леп әкелген орта буын өкілдері Әділхан Байменов, Еркін Әбілов, Қази Данабаев, Жолдасбек Ақсақалов секілді ағаларымыздың жазу стильдеріне қызығатынбыз. Қазіргі  таңда осы ағаларымыздың біразының арамызда жоқтығы, марқұм болып кеткені жанға батады, өкінішті-ақ.

Жоғары оқу орыны ҚазМУ-ды бітіріп, Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» кейінірек «Тіршілік тынысы» газеттерінде біраз жыл қызмет атқардым. Ал 2000 жылдардың ба­сында облыстық «Сыр бойы» газетінің Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарындағы меншікті тілшісі болып еңбек еттім. Сол жылдары да жоғарыдағы аталған ағаларымның қамқорлықтарын, ақыл-кеңестерін үнемі есте сақтап жүрдім. Менің журналистік қабілет-қарымымның қа­лыптасуына аға­ларымның игі ықпал жасағанына әрдайым шексіз алғыс айтып риза­шылығымды білдіремін.

Бүгінгі таңда облыстық ата басылым «Сыр бойы» газеті жаңарып, жасарып келеді. Бұрынғыдай бүкіл процесті қолмен теріп, поли­графиялық әдіспен газет басу келмеске кетті. Қазіргі кезде заман талабына сай озық технологияларды қолданып, «Сыр медиа» ЖШС баспаханасы арқылы компьютерлік әдіс-тәсілдермен жарыққа шығатын «Сыр бойы» газеті жаңаша түр-сипатқа ие болды.

Бір кездері әріптес болған журналист інілеріміз Қаныбек Әбдуов, Дүйсенбек Аяшұлы, Қуат Шарабидинов, Әділжан Үмбет, Дәуіржан Елубаев журналистиканың майын ішіп, ұжым басқарып  жүрген азаматтар. Бұлардың өзі қазір орда бұзып, қамал алатын жаста. Арттарынан еріп келе жатқан іні-қарындастарына бағыт-бағдар, жөн-жоба сілтеп келеді.

Менің өмірлік өлмес өнегеге айналған мектебім облыстың айнасы, шежіресі мен жылнамасы «Сыр бойы» газетінің жарық көргеніне биыл 90 жыл толып отыр екен. Барша ағайынға және әріптестеріме, қалың оқырманға осы торқалы 90 жылдық тойымыз құтты болып, газетіміз жасарып, жаңара берсін демекпін.

                      

  Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,

                Қазақстан

 Журналистер одағының мүшесі.

                       Тереңөзек кенті.

Сырдария ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 29 қараша 2019 г. 799 0