Барша оқырманның мерекесі

Сыр өңірінің аға басылымы «Сыр бойының» 90 жылдық мерейтойын өз төл мерекем ретінде қуанышпен қабылдаймын. Өйткені медицина саласындағы дәрігерлік қызметке 40 жылдан астам өмірімді арнасам да оған қоса баспасөз саласында да еңбек ету тағдырымның бір бөлігі болғанын мақтан етемін.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ «Социалистік Арал» (қазіргі «Толқын»), «Балдыр­ған», «Білім және еңбек» басылымдарында сирек те болса, өлеңдерім, сөзжұмбақ және т.б. тырнақалды туындыларымның жарық көруі балалық қиялымды шарықтататын.

Кейін Қызылорда қаласында жұмыс істегенімде марқұм Оразбек Мақсұтұлымен және Жолтай Әлмашұлымен дос болдым. Өзара сырласып, менің жазуға деген икемімді байқаған олар облыстық газетке мақала жазып тұруға кеңес берді. Тақырып белгілі – денсаулық сақтау саласы. Сонымен «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде облыс медицинасының өзекті мәселелерін қозғаған көлемді мақалаларым жарық көрді. Олардың ықпалымен тіпті 1989 жылы газеттің «штаттан тыс тілшісі» деген куәлікке де ие болдым. Қази Данабаев ағаммен де әңгімеміз жарасатын.

Осы тірліктердің нәтижесі болар, 1996 жылы облыстағы алғашқы кәсіби медициналық газет – «Дерт пен дауа» дүниеге келді. Кейін онымен тоқтамай, «Мейіркеш», «Емделуші», «Ой дауа» газеттерін тіркетіп, шығара бастадым. Әрине, жас­тықтың желігі ғой, мұның бәрін бір өзімнің шығаруға шамам жетпесе де, тыраштандым. Мақалаларын жазып, компьютерде теріп және баспаханаға лайықтап беттейтін едім. Дәрігерлік жұмыспен қатар бұл шар­уаларды атқару қиынға түсті. Әрі оқырман тарту азапты іс болды. 2005 жылы ҚР Журналистер одағының мүшелігіне қабылдандым.

Еліміздегі алғашқы психологиялық газет – «Сыр психология әлемін» 6 жылдай шығарып, елге таныстырдым.

Бір қуанарлығы, «Дерт пен дауа» ҚР Журналистер одағының дипломымен марапатталса, «Сыр психология әлемі» газеті «Қанатты қалам - 2013»-те «Тәлім-тәрбиелік маңызы зор үздік газет» номинациясын иеленді. Бүгінде «Сыр медицинасы» газетіне басшылық етемін.

Бұларды айтып отырған себебім «Сыр бойы» 90 жылдық тарихи жолында тек кәсіби журналистердің қаламының төселуіне ықпал етіп қана қойған жоқ. Сонымен қатар басқа саладағы азаматтардың өз кәсібімен қоса журналистикада орын табуына жол ашты. Бүгінде облыста бірнеше медицина қызметкерінің ҚР Журналистер одағының мүшесі екенінен хабардармын. Басылымға мерейтой қарсаңында оқырмандарының көбейіп, тартымды мақалаларымен ел ішінде абыройға бөлене беруіне тілектеспін.

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

медицина ардагері,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 25 қараша 2019 г. 685 0