« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Алаштың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы «Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деген сөзі ғасырлар бойы оқырман қауымның аузынан түспей келеді. Шындығында, газет – бұқараның барометрі, миллиондар үні екені ақиқат.
Біздің жастық шағымыз сұрапыл соғыспен қатар келді. Мен дүниеге келген жылы «Сыр бойы» газетінің тұңғыш саны жарық көрген. Басылыммен түйдей құрдас екенімді мақтаныш тұтамын.
Сырдың байырғы басылымы Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы еңбеккерлерді бірлікке, еңбекке, жауды жеңуге шақырды. Майдан даласына астық, киім-кешек жөнелткен отбасыларды дәріптеп жазды. Жауынгер ағаларымыздың ерлігін осы басылым арқылы білуші едік. Ұлы Отан соғысының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов, Нағи Ілиясов, Жақыпбек Махамбетовтің ерлігі жайлы жазылған дүниелер, майданнан жазылған хаттар, информбюроның хабарларын басылым беттерінен оқып, бойымызға қуат-жігер алатынбыз.
«Сыр бойы» газеті талай бастамалардың жаршысы болды. Атақты жақаевшылар қозғалысы майталмандардың жұлдызын жарқыратты. Қыз-келіншектердің трактор руліне отыруға шақырулары, екінші тың – қой шаруашылығын өркендеуге аттанған жастардың легін көрдік. Шопандар Айша Меңлібаева, Абылай Тәженов, Ахмет Халықов, сауыншы Күлжан Әуезова, диқан Шырынкүл Қазанбаева, Заһира Ержанова, Балдырған Мұстафаевалардың еңбегін паш еткен очерктерді байырғы басылымнан оқып, ерен еңбеккерлердің ерлігіне талай тағзым еткеніміз бар.
Бұл күндері «Сыр бойы» газетінің егемен елдің тәуелсіздік туын биікке көтерудегі игі қадамдарына сүйсінбей болмайды. Қызылорда қаласының келбеті осы заманғы жаңа құрылыстармен толыға түсуде. Дария жағалауындағы бой көтерген көпқабатты үйлерге, мәдениет ошақтарына көз тояды.
Байырғы басылым – менің елу жылғы сырласым. Танымдық дүниелері, елдің тынысын жан-жақты көрсетудегі қадамдары, шебер журналистерден жасақталған шоғырдың еңбектері сүйсінтеді.
Біздер, аға буын өкілдері Сыр бойының байырғы шежіресі атанған газеттің әр санын асыға күтеміз. Жылт еткен жаңалықты оқығанша асығатынымыз бар. Мен өз әріптестерім Камалладин Наурызбаев, Қаһарман Табынбаев, Тұрғанбай Маханов, Сәмит Далдабаев, Жарылқасын Шәріпов сынды азаматтардың басылым дүниелерін жібермей оқитынына, насихаттаушы екеніне, жыл сайын жұрттың алды болып жазылатынына сүйсінемін.
Алдағы жыл жаңа асуларға, тың бастамаларға толы болғалы тұр. Сондықтан қазірдің өзінде өз әріптестерімізді басылымға біркісідей жазылуға шақыруды парыз тұтып отырмын. Қапы қалма, «Сыр бойына» келер жылға жазылуды ұмытпа, қауым! Тұнып тұрған шежіре – Сыр басылымы – «Сыр бойына» жазылуды парыз тұт!
Хамит ЕМБЕРГЕНОВ,
дербес зейнеткер, Сырдария ауданының
Құрметті азаматы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |