« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақ «Ат аласы – сыртында, адам аласы – ішінде» деп, қанша жерден шегелеп айтса да, жүрегінде иманы, санасында иланымы бар жақсы кісінің сыңайы мен шырайын оның жылы жүзі мен жайдары жанарлары ынта-ықылас танытқан жанға бәрібір білдіріп қояды. Мұны біз өмірден әрдайым көріп-байқап та жүрміз.
1991 жылдың 5 қазаны күні еді. «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары болып істейтін кезім. Уақыт кешкіріп қалған. Кенет кабинеттің есігі ақырын ашылып, ішке орта бойлы, қызыл шырайлы, жүзі жылы бір кісі кіріп келді. Мен орнымнан атып тұрып, алдынан шығып қарсы алдым. Қария өзінің Шиелі кентінен келіп тұрғанын, ертең ұлының жасы 40-қа толатынын, сондықтан газеттің осы нөміріне құттықтау бергісі келетінін айтты. Шыны керек, бұл уақытта басылымның беттелуі толық аяқталып, газет парақшалары редакторға келіп жататын. Сондықтан онда көбіне бос орын бола бермейтін. Мен сонда да, сонша жерден келіп отырған үлкен кісіге мүмкіндігінше көмектеспек болып, дереу корректорлар арқылы соңғы беттің вёрсткасын алдырттым. Қарасам, жоғарыдағы бірер материалды қысқартып, орындарын ауыстырып, жылжытса, 50-60 жолдық құттықтауды суретімен беруге болады екен. Сосын корректорға осылай етуге тапсырма беріп, ақсақалмен сөйлесе бастадым.
Таныса келгенде, оның Әбіш Дүйсенбаев есімді кісі екенін білдім. Ал құттықтамақ болған ұлы сол жылдары Қызылорда нан өнімдері комбинатында директор болып қызмет ететін Серік Дүйсенбаев екен. Бұл кісіні ол кезде сырттай ғана білуші едім.
– «Ұлым» деп отырмын, бірақ ол жастайынан кемпір-шалдың қолында өсіп, сол кісілердің баласындай болып кетіп еді, – деді қария сол жерде шешіле сөйлеп. – Қазақы тәртіппен біз де алдыңғы балаларды әке-шешеміздің қарауларына өткізгенбіз. Дәл үйімнің жанынан інім Әтішке үй салып бергенмін. Әке-шешем сол інімнің қолында тұрды. Ұлдың үлкені болған Серік келіншегін де сол шаңыраққа түсірді. Сол тәртіппен мен оны әлі «іні» деп білемін, оның өзі де маған кейде «аға», кейде «Әбеке» деп қарайды. Қазақтың өмір-тіршілігі салтының бұл да бір қызығы ғой...
Ал Әбіш ағаның машинкаға басып әкелген мәтіні тап-тұйнақтай екен. Уақыт кешкіріп қалғандықтан, шұғыл кассирді шақырып, қарияның тиісті төлемін алдыртып, құттықтауды нөмірге жібердім. Әбекең бұған қатты ризашылығын білдіріп, кәдімгідей қуанып қалды. Сол шақта жүзінен иманы төгіліп отырған оның жаны барынша жомарт, жүрегі жұмсақ, біреудің ала жібін аттамайтын адал да таза адам екенін аңғармау мүмкін емес еді.
Алғашқы әсер мен сезім бізді алдамапты. Бұдан кейін Шиеліге жол түскен кездерде бұл кісімен бірнеше рет кездейсоқ жолығысып қалып, шүйіркелесе әңгімелесіп жүрдік. Әбекеңмен дендеп сөйлесіп, тереңірек сыр бөліскен адам оның баяғы дала даналарының бір сынығы екенін аңғара бастайды. Мен жастары әр алуан, орталары мүлде бөлек адамдардың өзінің жандарын бір-бірлеріне жақындастырып тұратын көзге көрінбейтін миллиондаған, миллиардтаған жіптердің болатынын жақында оқып-білдім. Қазір бізді де солай жақын ете түскен осы жан үйлесімділігі шығар деп ойлаймын. Ал кездесулер кезінде көбіне мен сол кісіні тыңдағанды жақсы көретінмін. Оның айтқан кейбір нақыл сөздері әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр. Мен, мысалы, соған дейін «Намысы бар жігіттің нар күші бар, намысы жоқ жігіттің қай күші бар?» деген нақылды естіп көрмеппін. «Жүзігің алтын болғанша, жүзің жарқын болсын» дегенді де сол кісі айтатын. Осының бәрі оның ата-баба аузымен жалғасып келе жатқан даналық мәйегіне қанық екенін білдірсе керек.
Осындай қағидат ұстанған Әбіш ағаның өмірлік жолы өз тұстарынан пәлендей өзгеше болған жоқ. Ол 1926 жылдың тамылжыған тамыз айында Шиелі ауданындағы №22 разъезде теміржолшы болып істейтін Есдәулет деген қарапайым еңбек адамының отбасында дүниеге келеді. Біз «тамылжыған» деп әспеттеп келтіріп жатқанмен, ол бір заманның қиындау, жоқшылықтың жан-жақтан жұлмалап тұрған кезеңі-тін. Соның алдында ғана бұл өңірден ақ қашып, қызыл қуған қырғын мезгіл өтіп кеткен. Жұрт әлі жаңа биліктің ықпалы мен ықыласын толық көре қоймаған. Алайда, сол мезеттің өзінде мемлекет ішіндегі мемлекет секілді болып көрінетін темірдей қатты тәртібі бар темір жол бойында өзіндік бір өнегелі өмірдің өзегі өріліп жатыр еді. Әбіш соны бала жасынан көріп өсті. Темір жол тәртібін қатаң ұстап үйреніп қалған әкесі де зарығып көрген ұлының қарақұрым тартып есейгенше өмірден өз орнын таба алатындай халге жететін болуы үшін оның тәрбиесіне ұдайы көңіл бөліп отырды. Баласы бұдан жамандық көрген жоқ, әкесіне қолғанат болатын жасөспірім жасқа жетер-жетпесте-ақ еңбекпен шыңдала бастады. Алдымен шойын жолдың шпалдарын алмастырып, рельстерін қарап тұруға дағды алды. Бұдан бөлек, үйдегі тоқты-торымды күту де баланың мойнына артылып қойылды. Жыл сайын есік алдына түрлі бақшалық дақылдар егіп, оны күтіп тұру да оның бір міндетіне айналды. Осының баршасы бәрін білуге, көруге, көңілге түюге ынтық баланы жастайынан еңбек пен бейнетке шыңдап жетілдірді.
Сол жылдары төрт-бес үйлі шағын елді мекенде мектеп болған жоқ. Бала Әбіш ауылдан оншақты шақырым жердегі Шиелі қыстағына жаяу-жалпылап қатынап жүріп, жетіжылдық мектепті бітіріп шықты. Бірақ бұдан әрі оқуға әке-шешесінің қолдары қысқалығы, қаражаттың кемдігі мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, кластағы жақсы оқыған шәкірттердің бірі болып еді. Мұны оның өзі өмірден өтіп кеткенше бір де сынын бұзбаған жазу қолтаңбасы, яғни каллиграфиясы да анық байқататын-ды. Бұған бертінде біздің де көзіміз жеткен. Оқуға жағдайдың жоқтығын аңғарып жүрген сезімтал ұлан сол себепті жұмысқа ерте араласып, шау тарта бастаған әкесі Есдәулет пен анасы Теңгекүлдің бір жақтарын көтерісіп жүруге бел буды. Сөйтіп, әлі кәмелетке толмаған Әбіш буыны толық қатпай тұрып-ақ ер еңбектің еңсесін көтеруге араласып кетті.
…Осылайша жасөспірімнің бейнет пен зейнеттің ара салмағын енді ғана ажырата бастаған шағында, 41-дің маусым айының 22-сі күні еліміздің батыс жағында соғыс өрті бұрқ ете түсті. Бойында жасындай жігері мен өршіл сезімі өрекпіп тұрған бозбала әлі 15-ке де толмағанына қарамастан, әскер қатарына алынып жатқан ағаларымен бірге жедел майдан даласына аттанып кетпекке әрекет жасап көрді. Бірақ әскери комиссариаттағы сардарлар мұның сөзін жүре тыңдап, маңайларына жолатпады. Бақса, бұл шынында да тылдағы толассыз еңбек майданына керек екен. Себебі, алғашқы айлардан Қызыл Армия сапына шақырылып, жұмыстан кеткен ағаларының орындарын басатын толқынның құрамы тым селдір болып шықты. Енді бұрынғы бұрынғы ма, жұмыстың салмағы мен нормасы еселеп артып кетті. Осы жылдары Әбіштің араласпаған саласы қалмады. Бір кездері колхоздардағы егістік алқаптарды егінге дайындауға да, ол піскесін астық оруға да, ақыр соңында аудан орталығындағы элеваторға дән тасуға да қатысты. Бір кездері әкесіне ілесіп, шойын жолдың ауыр балғаларымен рельстер бойын шарлап кеткен кездері де кезікті.
Сөйтіп жүргенінде, күндердің күнінде, 1944 жылдың басында жасы 18-ге толық толмай тұрып, әскерге алынып, майдан даласына аттанды. Бұл соғыстың соңғы жылдары болып саналғанымен, жаумен шайқастың әлі де қай жағына қарай жығылары белгісіздеу болып тұрған алмағайып уақыт еді. Осы жылдың қаңтар айына қарай герман әскерлері әлі Эстонияны, Латвияны, Литваны, Карелияны, Белоруссияның бір бөлігін, Украинаны басып алуды жалғастырып жатқан. Сол уақта Ленинград және Калинин облыстарының айтарлықтай аумақтары, Қырым түбегі мен Молдавия жері жаудың қолында болатын. Бірақ 1943 жылдың желтоқсаны мен 1944 жылдың сәуірі аралығында кеңес әскерлері Украинаның оң жағалығында қауырт шабуылдарды бастап кетті. Жағдайдың қиындығы мен уақыттың тығыздығына, сондай-ақ жауынгерлер қатарының жетіспеушілігіне орай бұрынғыдай дайындық курсынан өтіп алуға мұршалары келтірілмеген жаңа сарбаздар бірден қанды қасапқа апарып салынды. Әбіш аға түскен полк сол пәтінде алдымен украин жеріндегі Житомир-Бердичев операциясына қатысты. Бұдан кейін олар Кировоград, Корсунь-Шевченко операциясында атойлап жүрді. Мұның артынша Ровно-Луцк бағытындағы ұрыс қимылдарының ортасынан табылды. Ақырында Карпат тауларының етегімен өрлей жүріп келіп, Румыния территориясына қарай өтті. Осы шайқастардың бәрінде де бойына бір сызат түсіріп көрмеген Әбіш 1945 жылдың ерте көктемінде Чехия аумағында тұрған кездерінде орын алған кезекті операция барысында оң аяғының тобығынан қатты жараланады. Оған жасалған ота өте күрделі жағдайда өтті. Бастапқыда әскери хирургтар тіпті аяқты тобық тұсынан кесіп тастауды да ойластырған екен. Бірақ гангренаның жоқ екеніне көздері жеткесін, бұл ойларынан айныпты. Ал аяқтан тап берген осы жарақат оны елге оралуға да мәжбүр етеді. Өйткені, отадан кейін жас жауынгер аяғын баса алмай қалады.
Шиеліге оралғаннан кейін Әбіш аға біртіндеп қалпына келеді. Мұнда да біраз уақыт аяғын емдеп жүріп алады. Сөйтіп, оны ақырында жазып алғасын, ендігі қызметін аудандық сотта жалғастырады. Бұған оның қолтаңбасының тасқа басылғандай түзу, жазуы маржандай тізілген сұлу болғаны себепкерлік еткен сияқты. Жас маман сотта бірнеше жыл қызмет еткеннен кейін 1950 жылы арнайы жолдамамен Алматыдағы заңгерлер курсына түсіп, оны 1952 жылы үздік бітіріп шығады. Бірақ білім алуын одан әрі жоғары оқу орнында жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Бұл оның үйленіп, үш балалы болып қалған кезі еді, оның үстіне, жастары ұлғайып қалған ата-анасына да қарайлауына тура келеді.
Өзінің ұрпақтарын ешкімнен кем қылмай өсіру жолында Әбіш аға қандай бір жұмыстан да бас тартпайды. Екі жылдық курсының қауқары қаша бастағанын сезгесін, ол 1963 жылы аудандық жол құрылысы мекемесіне аға прораб болып кетеді. Жастайынан істің көзін, шаруаның ығытын жақсы білетін болып өскен ол мұнда да тындырымды істерімен әріптестерінің көңілінен шығады. Қайда да өзінің адалдығымен, тазалығымен көзге түсіп жүрген ол 1968 жылы «Казсельхозтехника» шаруашылық бірлестігіне қойма меңгерушілігіне шақырылады. Бүкіл аудан колхоз-совхоздарына ауыл шаруашылығы техникаларын тарататын мекеменің бұл саласы аса маңызды буынның бірі еді.
– Әбекең ағамыз өте шыншыл, тура, таза, адал кісі еді, – дейді сол кезде бірлестікті басқарған Киікбай Исмайылов осы күндері. – Ол тұрғанда мекеменің бір затына қылау тимейтініне өте сенімді болдық. Шыны керек, мұндай адамдар сол заманның өзінде өте сирек-тін.
Жұмысында осындай зор абыройға ие болған Әбекең 1979 жылы аудандағы ең үлкен мекеменің бірі – астық тарату базасына жұмысқа ауысады. Мұнда 1986 жылы зейнетке шыққанға дейін табаны күректей 9 жыл қызмет атқарады. Абзал адамның мұнда атқарған жұмыстарына сол жылдары мекемені басқарған Қадыр Ибрайымов пен Сайлау Мұсабеков өте жоғары баға беріп отыр.
Ежелгі грек ойшылы Сократ «Балаңның өзіңе қалай қарауын қаласаң, ата-анаңа да солай қара» деген екен. Әрине, сол кезде Әбіш ағамыздың антика дәуірі данышпаны айтқан бұл өсиеттен хабары болған жоқ, бірақ дала кемеңгерлерінің даналық сөздерін бала жасынан санасына сіңіріп өскен алғыр бала өмірде тап осы ұстанымды ұстады. Әуелі көрші ауылдың өзінен екі жас кіші Күлшекер Бірішқызы есімді бойжеткенімен сөзі жарасып, оны әке-шеше шаңырағына келін етіп түсірді. Екеуінен Рысалды, Алма, Амангүл, Дәмегүл, Сәуле, Зәуре есімді 6 қыз, Серік, Ерболат, Ерлан атты 3 ұл тарайды. Өзіндік тәрбие мектебіне айналған Әбекең осы ұл-қыздарының бәріне жоғарыдағыдай үрдіспен тәлім берді. Кіндігінен өрбіген 9 перзентіне де жоғары білім әперді. Олардың барлығы дерлік бүгінде қоғамда өз орындарын тапқан, барлығы ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүйіп отыр. Тек 1965 жылы тұңғышы Рсалдының кенеттен ажал тырнағына іліккені жандарын қаусатып кетіп еді. Ал бертінде төртінші қызы Дәмегүл де өмірден өтіп кетті. Бірақ екеуінің де арттарында ұрпақ қалды. Бертінде 1987 жылдың тамыз айында құдай қосқан қосағы Күлшекер 59 жасында бақилық болды. Бұдан кейін тағы 15 жыл өмір сүрген Әбіш ағамыз 2002 жылдың ақпанында мәңгілік мекенін тапты.
Міне, содан бері де 17 жыл уақыт өте шығыпты. Осы ретте жақсы жақтарымен жұртының сүйсінетін адамына, айтулы азаматына айналған Ұлы Отан соғысына қатысушы, екінші дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Әбіш Есдәулетұлының есімін енді есте қалдыратын шаралар жасалатын мезгіл де жеткен сияқты. Белгілі сөз зергері Максим Горькийдің «Өмірдегі ең жоғары қуаныш – өзіңнің өзгелерге қажет және пайдалы жан екеніңді сезіну» дегені бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбіш аға бүкіл саналы өмірі бойына тура осы санаттағы салауатты адам болды. Себебі, ол тек ата мен ананың тәлім-тәрбиесін, бұрынғы өткен ғұламалар мен ақылман ақсақалдардың айтып кеткен өсиетке бергісіз өнегелі сөздерін бойына сіңіріп қана қоя салмай, соларды күнделікті тіршілік тінінде әрдайым қолданып бағатын зерек те зерделі кісі еді. Ол өз заманына лайықты өмір сүрді. Ол сол замандағы рухы мықты, жаны жайсаң адамдардың типтік образы іспеттес тұлға болатын. Халқымыз «Жақсы жанның жарығы алысқа түседі» дейді. Бұл шынында солай екен. Мұны Әбіш ағаның өмірде жүріп өткен жолдары, артында қалған жақсы істері мен өзінің тәрбиесіне сай тәлімді болып өскен ұлағатты ұрпақтары толық айғақтап береді.
Серік ПІРНАЗАР.
Шиелі ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |