Біздің ағай тамаша...

Алыс ауылдарда өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар жетерлік. Бір қызығы, олар өз топырағынан ұзамай-ақ дүйім жұртқа өнерімен танылып жатады. Біздің ағай сондай кісі. Бүгінде Тайып Балымбетовтың есімі Қазалы жұртына тегіс таныс. 

Мектепте әлі күнге дейін оның шын есімін ешкім айтпапты. Тай ағай дейді. Үлкені де, кішісі де осылай атайды. Оқушы күнімізде «қазір Тай ағайдың сабағы басталады» деп шуласқан күйі қоңырау соғылмай жатып, класқа ентелей кіріп алатынбыз. Өйткені, сабағы ерекше. Өзге сыныптағылар мүлде басқа пән өтіп жатса-дағы, ағай тартқан баян дауысына елтіп қалатын. Айт­пақшы, ағайдың азан шақырып қойған есімі Тайып еді. Оны кейін білдік. Тайып есімі татар ұлтында кездеседі. Анасы Ұлмаш үйіне келген құтты қонақ – татар жігіті Тайыпқа құрсағындағы сәбиге ат қоюды өтінген көрінеді. Әлдебір ырымға сүйенген шығар. Міне, ұстаздың шын есімі осы. Ал біздің ауыл бұрынғысынша Тай ағай деумен келеді. Бір қызығы, ағайды жары Үріштің есімі де Рысбике екенін бертінде ғана естідім. Екеуі де біздің елде 30 жылдан аса ұстаздық етті.

Ағай ән шығарады. Тіпті, ақындығы да бар. Өзі сөз жазып, тақырыбын қоюда да шебер-ақ. Әріптесі, тіл маманы Баян Елбосын айтпақшы, «мектептегі жай мұғалім ән шығарады екен-ау» деп көпшілік таңырқауы мүмкін. Расымен, Тай ағайдың бұл өнерін аралас-құраласы бар ет жақын әріптестері болмаса, біз секілділер мұны кейінірек білгенбіз.

– Мектепте керемет хор басталса, ағайдың сабағы болып жатқанын бірден білесің. Сазды әуен білім ордасын шаттыққа бөлейді. Сол әуенмен бүкіл мұғалім біткен көңілдене, жүздеріне қуаныш үйі­ріліп, жұмыстарына құлшына кірісетіні бар, – деп күлді мектептегі оқу ісі меңгерушісі Баян апай.

«Оның мектепте музыкадан сабақ беріп, бала шығармашылығын дамытуда еңбегі қалай?» деп әлдебіреу сұрай қалса, сөз жоқ, кез келген ауылдасы бас бармағын көкке қарата көрсетеді. Өйткені, біртоға, көп сөзге жоқ кісінің ән өнеріне деген құрметін бәріміз бала күннен көріп өстік. Өзінің айтуынша, әуелі ағасы Тасболатқа еліктеп, домбыра тартып, баян ұстаған ұлдың өнерден кенде болмауының бір ұшы әкесі Құрман ақсақалда жатыр. Соғыс ардагері, шынашақтай қара шалдың домбыра тартып, аң-құс атудағы саятшылық өнерін көзі көргендер талай айтқан.

Хош, біздің кейіпкердің ән шығарудағы әлемі бөлек. Сағыныш қысқанда не ерекше қуанғанда ыңылдап жүріп, әбден пісіп-жетілгенде тамаша туындыны жарыққа шығарады. Ал оның ең алғашқы тыңдаушылары – отбасы. Одан қалды, шәкірттері мен әріптес­тері болды. Ән осылай ауыл кештерінде, түрлі сауық-тойларда орындалып, тыңдаушыларын тауып жатады.

Ең алғаш «Бөпешім» әнін жазып, кейіннен «Аймаралдым», «Ерке қыз», «Туған жер» «Қазақстан», «Наурыз келді», «Ақ келін» атты әндерімен  шығармашылық қор­жынын толтырды. Ал біздің апайымыз Үріш-Рысбикеге «Аңсағаным» туындысын ар­нағаны қандай әсерлі десеңші. Бала күнгі досы, ұзақ жыл мектепте тәрбие саласын басқарған Дауылбай ағайға арнаған «Досыма» әнін тыңдасаңыз, ғажап күй кешесіз.

– Оларды отбасымен бірге өнерлі десе болады. Ұлдары Қасым, Қаһарман – белгілі әншілер. Талап пен Олжас та өнерден құр алақан емес. Балалардың анасы Үріш көп жыл ауылдағы мектепте ұстаз болды. Бүгінде зейнетке шықса да жас буынды тәрбие­леуде үлесі зор. Ауылдағы «Әжелер» ансамблінің белді мүшесі, – дейді Бекарыс­тан би ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Сәдуов.

Бір кездері «Қасым ән салғанда...» атты мақала жазғаным бар. Басты кейіпкер – Қасымның  әкесі де, өнерге баулушысы да осы Тай ағай. Кейде әкелі-балалы өнерпаздар ауыл клубында қосыла ән салады. Ән үзіле салысымен, орныңыздан атып тұрып, қос алақаныңызды аямастан шапалақтай бересіз.

Бүгінде Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектептің психологы қызметін атқаратын Тайып Балымбетов асқаралы 60 жасқа толды. Ұстаздық жолында өзіндік дара мінезімен үлгі болып, оқушыларына бөлек тәрбие қалыптастырған ағайдың биік болмысы көп шәкіртке үлгі. Кіндік кескен жерінен бір елі ұзамай, бала тәрбиесінде тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Тайыптың шығармашылығы, жеткен жетістігі бөлек әңгіме. Респуб­ликалық додалардан, түрлі ән байқауларынан топ жарып жүрген шәкірттері жетерлік. «Ел іші – өнер кеніші» емес пе?! Сыр сүлейлерінің бірі Жәмет жыраудың жырларын жатқа айтып, ауылдан шыққан Күлән Қалымбетова, Балапан Жұбаева, Бектұрған Жібек­әлиев сынды әнші һәм композиторлармен бірге есімі қатар аталатын оның қасиет тұнған өлкенің өнерлі ұлы екені даусыз дүние.


Ержан ҚОЖАСОВ.

Қазалы ауданы,

Бекарыстан би ауылы.

ТАҒЫЛЫМ 21 қараша 2019 г. 2 073 0