Аққорғанды қорғаған Төлек батыр

Данагөй қарттардың айтуымен әкеден балаға мирас болып келе жатқан қолжазба шежірелердің және құймақұлақтардың айтуымен жеткен тарихнамалардың негізінде ортағасырлық Аққорған қаласын жоңғарлардан қасық қаны қалғанша қорғаған Төлек батыр жайлы деректерді жинақтап, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлтық кодын сақтай білу» деп ұлттық сананы жаңғырту үшін әрбір қазақстандық азаматтың атқаруға тиісті міндеті белгіленген. Қазіргі таңда  ұлттық санадағы терең өзгерістер, қоғамдық дамудағы тың серпін тарихтағы ақтаңдақтардың орнын толтыру, оқиғалар мен құбылыстарды зерттеп-зерделеп келер ұрпаққа қалдыру міндеті тұр.

Ел басына күн туған сол бір зұлмат шақта аты бүкіл қазақ еліне мәлім Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Хангелдіұлы Райымбек батырлар тізе қосып осыншама ұлан-ғайыр жерді мына бізге мирасқа қалдырған. Солардың бірі – Сыр өңіріндегі Аққорған қаласынан шыққан Төлек батыр. Аққорған – орта ғасырдағы қала. Қаланы алғаш рет 1890 жылы В.Каллаур, 1990 жылы А.Руднев, 1969-1970 жылдары К.Ақышев зерттеген. Екі деңгейден тұратын трапеция тәріздес төбенің аумағы – 150х110 м, биіктігі 6 м. Бұл цитадельді қоршай орналасқан аласа төбенің қабырғалары шығысында 216 м, батысында 240 м, оңтүстігі мен солтүстігінде 230 м қорғаныс қабырғасы мен айнала сыр­тындағы ордың іздері анық сақталған, яғни, деректерге қарағанда қала XV-XVІІІ ғасырларда өмір сүрген.

Аққорған жерінде Құл Қожа Ахмет Ясауийдің туған ағасы Хазіреті Садыр шайық және оның немересі Сафуаддин ша­йық (лақап аты Қойлақы ата), шөбересі Захияд­дин шайық (лақап аты Тілеулі ата) сүйектері жатыр. Осы әулеттен өрбіген ұрпақтар өкілі XV-XVІІІ ғасыр­лардағы ағайынды Үсен шайық пен Қара шайықтан тараған Төлек батыр 1733 жылы туып, 1802 жылы өмірден өткен. Ауызекі әңгімелерге қарағанда 1768 жылдарға дейін керемет ептілігі мен ерлігі елден елге тараған, жоңғарларға қарсы тойтарыс берген ержүрек батыр болған. Өз уақытында ерен ерлігімен көзге түсіп, Абылайханның ту ұстаушысы болумен қатар, мың басы ретінде талай ­қиян-кескі жорықтарға қатысып, тапқырлығымен танылып отыр­ған.

Қалдан Серен қолбасшылық еткен жоңғар әскері елді есеңгіретіп қатты қырғынға ұшыратты. Мұндай ауыр күйзеліс аштық пен ашаршылық қазақ халқының басында бұрын-соңды болып көрмеген ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама дәуірін әкелді. Осы кездегі аянышты жағдайды көрген бірқатар саяхатшылар «Егер Сырдың қамысы мен балығы болмағанда қазақтардан тұқым қалмас еді» деп жазды. Осындай қиын-қыс­тау күндерде елді зұлмат жауыз­дықтан, жаудың қанды шеңгелінен құтқаруға үлес қосқан бабамыздың ерлігі ерен. Жалпы 1750 жылғы Жоңғар қақпасындағы соңғы шайқасқа дейінгі ірі-ірі жеңіс­тердің бәрінде де Қабанбай, Алтыбай, Ақтанберді, Есенбет, Жәнібек, Малайсары батырлармен бірге Сыр өлкесінен шыққан Төлек батыр да ерлік көрсеткен.

Тұлыбайұлы Жолдасбайдың 1987 жылғы жарық көрген «Тамыз таңы» атты романында он ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар шап­қыншылығына ұшыраған қазақ халқының дұшпандарға қарсы азаттық күресі жайлы айтылған. Романда аты аңыз­ға айналған, есімі ел аузында сақталған Хангелді батыр баласы Райымбек, Сыр өлкесінен шыққан Төлек батырлардың ерліктері жайлы әңгімелейді. Төлек батыр туралы: «Есжан бастаған жігіттер Жоңғар жорықшыларының ізіне түсті. Тұтқыннан босанғандардың ішіндегі Төлек есімді қатпа жігіт өздерін қолға түсірген қосынның бағытын көздей тіке тартты. Ойраттар қосыны жүзден, екі жүзден жүреді және олардың арасы тым қашық емес. Егер біріне қауіп төнсе, екіншісіне жаушы шаптыртып, дереу көмекке келердей аралықта болады екен. Төлек қожа батыр, Хангелді жасақтарындағы менің жігіттерім жоңғардың бір жүздігімен айқасып ойсыратып едік, екі жақтан тағы екі жүздігі шығып бізді қоршап алды. Қашсақ, құтылып кетер ме едік, кеудесін ыза кернеген сарбаздар жұбымызды жазбай, өлген-тірілгенімізге қарамай шайқаса беріппіз. Бір уақытта қарасам, жиырмаға жетпейтін,  аққан қан бетін жуып, біреулері ат жалын құшып аударылып түсіп кете жаздап жүр екен. Төңірегіміз қалың жау  қаумалап алыпты. Төлек өкінгендей басын шайқап күрсініп қояды.

– Ендігі біздің басшымыз Есжан болады, – деді Төлек өз жігіттеріне қарап, ол не бұйырса соны орындаймыз.

Жігіттер күн ұясына толық батқанға дейін аса сақтықпен қарап ілгерілеп, қараңғылық қою­лана бастағанда ат тізгінін еркіне жіберіп, сары желіске салды.

– Осы сайдың ұлтанында  жалғыз аяқ жол бар, – деді Төлек ат басын іркіп, Есжанға қарап: – Бұл менің талай жүрген жерім. Өткелдің жолы өте қысыңқы, әттең, біз жеткенше жау сол қысаңнан шығып кетеді-ау. Егер осы аңғар ішінде кездессе, артқа бұрылуға шамасын келтірмей, желкелеп отырып жайратар едік.

– Осы таудан төте жол бар ма, Төке? – деді Райымбек.

– Бар, – деді Төлек.

– Кідірмей онда сол қысыңқы аңғардың алдынан жауды қарсы аламыз, – деп Райымбек пен Төлек бастаған жігіттер өзекшені өрлей жүріп кетті.

Олар қанша көп болғанымен  Төлектің айтуына қарағанда тар қысаңда топтанып аттың басын артқа бұра ұрысуға мүмкіндігі жоқ.

– Ондай жерде көп те бір, жалғыз адам да бір. Қуып жеткен бойда артқа бұрылуға мұрша бергізбей желкеден соққылаймыз, – деді Төлек батыр.

Тау қырқасына салып, лекіп бара жатқан Төлек пен Ра­йымбек сай табанындағы қым-қуыт, у-шу, аса әбігерлікті байқады. Бұл түн жарымнан асқан уақыт еді. Ойраттар, тау басын қазақтар қаптап кеткен бе деп қайран қалды. Ойрат тілін бір кісідей жақсы білетін Төлектің құлағына, «О, Бұрхан, біткен жеріміз осы шығар, алды-артымызда, екі жағымызда да самаладай  самсаған жау» деген сөздер естіледі. Соны естуі мұң екен, ол аттан түсе салып жалма-жан бірнеше тасты төмен домалатып жіберді, жігіттерде Төлек не істесе, олар да соны істеді. Сай табанындағы ойраттар бұрынғысынан да бетер қатты састы.

– Қаруларыңды тастаңдар, сонда ғана аман қаласыңдар, әйтпесе түгел опат боласыңдар! – деген Төлектің тақ-тұқ әмірлі ащы дауысы анық естілді.

– Қаруды тастадық, тұтқынға алыңдар, – деген жалынышты жауап естілді.

– Енді мына өзекті жағалап бір-бірлеп бізге қарай жүріңдер! – деп Төлек тағы әмір берді. Шыққан жауды өзге жігіттер жартастың  қалқасына апарып жер жастандырып жатты. Осы шайқаста әрқайсысы әр ауылдан ондаған, жүздеген жігіттен жинап, өздері ұраншы болып мыңдаған жоңғармен бетпе-бет келіп ұрысқа түскен Өтеген, Бердіқожа, Төлек батыр­лар ерлік, батылдығымен көзге түсіпті. Өзгелерден озыңқырап Райымбек пен Есжан келеді. Серідей биік қарагер ат мінген Төлектің қолында құрықтай қайың сапқа орнатқан шағын шаршы жасыл ту, қайың сапты сағағына байланған бір шоқ қылқұйрық, баяу соққан таңғы қоңыр» салқын желмен желбірейді.» («Тамыз таңы» романы, 189-193б).

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Төлек батыр ат үстіндегі соғыс өнерін жоғары меңгерген. Ат үстінде бірде оң жағына, бірде сол жағына, бірде бауырына өтіп, соғыс қаруларын аса ептілікпен қорғана отырып жұмсаған. Сауытты көп пайдаланбаған көрінеді. Көбінесе жылдамдыққа лайықты деп жеңсіз игі тонмен сайысқа, бір Аллаға сыйынып, «Алла-уһ, Алла-уһ» деп ұрандап, ұрыс қашан аяқталғанша зікір салуын тоқтатпайды екен. Абылайхан бастаған батырлар мен сарбаздар қалмақтарды Балқаш көлінен өткізіп салып, екі жақ соғыспауға пәтуаға келісім жасаған қағазына 14 адамның бірі болып Төлек батырдың да қол қойғаны жайлы айтылады. 

Ел ауызында мынандай бір нақыл сөз бар, «Аққорғанның оқ-дәрісін жауға ат, Ақжолдың оқ-дәрісін аңға ат». Ертеде ата-бабаларымыз күн шықпастан аппақ болып шықтанып тұрған жерді сызып белгілеп қояды екен. Сол жердегі көбіктеніп тұрған ақ топырақтың бетін жуан нар қамысты жарып, сонымен қырып жинап, қазанға салып қайнатып, бетіне шыққан ақ көбікке жантақтың күлін араластырып оқ-дәрі дайындайтын болған. Сондай тағы бір жаугершілік заманда Аққорған қаласы қалмақтардың қоршауында қалады. Үш қатар судан өтіп биік дуалды қорғанға жетемін дегенше жаудың біраз сарбаздарын жайратады. Күн ыстық, қалмақтар кешкі салқынмен соғысайық деп, өз-өздерімен келіседі де, қалың сексеуілді көлеңкелеп дем алады. Сол уақытты пайдаланып Төлек батырдың нұсқауымен Жақып батырды бір шанаш оқ-дәрімен қоса жиденің ұзын-ұзын қабығын да­йындап, қорғаннан жіппен төмен түсіреді. Құпия жолмен судан өтіп, қалың сексеуілді паналап шанаштағы оқ-дәріні жиде қабығына себелеп от қояды да өзі қашып келіп қорғанға кіреді. Алдын ала жиденің шайыры мен қабығын оқ-дәрімен аралас­тырып дайындалған отты шарды, тасатқыш құралға салып атып, жанып жатқан сексеуілдің арасынан жарылыс  жасайды. Аяқ астынан үргін-сүргінге ұшыраған, аттарынан айырылып жаяу қалған қалмақтарды Төлек бастаған сарбаздар қырғынға ұшыратады. Екінші жағынан Жақып батыр сарбаздары қалмақтармен соғысып, екі мыңға жуығын Сырдарияға тоғытып, аттарын, күш көліктерін олжаға алған. Қазір сол қанды қырғын болған жер Арасат құмы деп аталады. Осы батырлардың қатарында Ысқақ баб ұрпақтарынан шыққан Сақтық, Талқанды Әуез, Қалқанды Әуез, Жақып жайлы деректер аз айтылады. Төлек батыр бабамыз өлерінде «мені Үсеншайық пен Қарашайықтың қасына жерлеңдер, бабаға келген кісілер маған да құран оқысын» – деп өсиет еткен екен.

 

Набихан ШАЛАПОВ, 

Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі. 

ТАҒЫЛЫМ 21 қараша 2019 г. 573 0