« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазіргі таңда Жалағаш және көршілес Сырдария, Қармақшы аудандарының территориясының әр аумағында ахундар мен ишандардың бейіттері мен кесенелері, салдырған мешіттері немесе сол кісілердің атымен аталатын ауылдар ғана болмаса, олар жайлы ауыз толтырып айтарлықтай жазбаша деректер мен мәліметтер жоқтың қасы. Солардың көбісі – ауыздан ауызға, әкеден балаға тараған түрлі әфсаналар мен аңыз әңгімелер.
Бұның бір себебі, кешегі кеңес үкіметі тұсында діни ғұламалар мен ұрпақтарының қудаланып, олардың ешбір еңбектерінің сақталмағандығы болса, екіншіден олардың атын атауға қатаң тыйым салынғандығынан болса керек. Бір ғана анығы, олардың барлығы да сол аймақта бала оқытып, бар ғұмырын жергілікті тұрғындардың діни сауатын ашуға, ислам дінін насихаттауға әрі имандылыққа тәрбиелеуге жұмсаған ислам дінін таратушылар болған.
Сыр елінен шыққан ишандардың арасында Сары ишан деген атаумен тарихқа енген Таймағамбет Қожықұлының есімі ерекше аталады. Заманында оның есімі Сыр мен Қырға (Арқаға) дейін жайылып, ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер бүгінгі күнге де жеткен еді.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Сары ишан – ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген. Өзінің азан шақырып қойған аты – Таймағамбет. Сары ишан деген есімді ол кісіге түрінің аққұба, сарылығына қарап жергілікті халық қойған екен.
Сары ишанның арғы бабасы Қонақбай сонау жаугершілік заманында қалмаққа қарсы жорыққа ел ішінен тамақ, қару-жарақ, киім-кешек пен мініс аттары жиналып жатқанда ел азаттығы мен бостандығы жолына өзінің бүкіл жиған-тергенін беріп, үйір-үйір жылқысы мен отар-отар қойын қосыпты. Оның осы ісіне риза болған аузы дуалы абыз ақсақалдар «Әй, мынау кім болды екен? Өзі бір байдың баласы болар?» деген екен. Міне, содан бері Қонақбай бабамыздан тараған әулет «Байбаласы» деп аталып кеткен. Қонақбайдан Байсал мен Бабахан деген екі ұл тараған. Байсал алдында мыңдаған мыңғырған малы бар сол төңіректегі елге атағы жайылған сыйлы кісі болған екен. Байсалдан Қожық, Мектеп, Ізбас пен Дүйсебай деген ұлдар тарайды. Байсал байдың бұл балалары ауыл молдасынан хат танып, өз заманының білімді кісілері болған. Қожық бабамыз да өзінен тараған Таймағамбет, Саймұхамбет, Осман, Бәйімбет, Жүрімбет, Ақпөпеәли, Сейдәли, Сахабаәли және Ахметжан сынды тоғыз ұлының жақсы білім алуына барлық жағдайды жасаған екен. Шамамен 1840-1842 жылдар аралығында оның үлкен ұлы Таймағамбет (Сары ишан) қазіргі Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылының аумағында өмір сүрген Алтайбек ахуннан білім алады. Кейіннен, алған білімін әрі қарай жетілдіру мақсатында Бұхара қаласындағы Көкілташ медресесінде 12 жыл оқып, «ишан» деген діни атақ алып шығады. Елге оралысымен ол кісі ауылының маңына мешіт салдырып, бала оқытады. Ислам дінінің әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттап, ағартушылықпен, елдің денсаулығына шипасын тигізетін емшілікпен де айналысыпты. Ол кісі болашақты болжай білетін әулие де болған. Оның қадыр-қасиеті мен ғұламалығы жайлы ел ішінде әлі күнге дейін аңызға бергісіз әңгімелер айтылып жүр. Мысалы, аспаннан жерге бір тамшы су тамбаған бір қуаңшылық жылдары Сары ишан Жаратқан иемізге жалбарынып, дұға оқып, нөсер жаңбыр жаудырады. Тағы бірде, ислам дінінің құдіретін халыққа көрсету мақсатында ағып жатқан Сырдария өзенін дұға арқылы кері қарай ағызады.
Ишанның бауырлары Сахабаәли мен Ахметжан да Көкілташ медресесіне оқуға түсіп, сабақта өте зерек әрі алғыр болған деседі. Әсіресе, Ахметжанның оқу үлгірімі жақсы болып, үнемі шәкірттердің алдында оқ бойы озып жүреді екен. Содан түр-тұлғасы келіскен, сымбатты жігітке бір өзбек бегінің көзі тиіп, Бұхара қаласында қайтыс болады. Ұстаздары қайтыс болған жігіттің денесін арулап жуып, бальзамдап киізге орап, туған жерге жеткізу мақсатында түйеге артып, ағасы Сахабаәлиге тапсырып, жолға шығарып салады. Содан екеуі де туған жерге жете алмай, хабар-ошарсыз кетеді. Шамасы, Сахабаәли інісінің мүрдесін елге жеткізе алмай, жолдың бойында жерлеп, өзі інісін қимай сол жақта қалып қойған сыңайлы. Кейіннен, елдегі тума-туысқандары іздеу салғанда Тамды жақтағы Ақтау деген жерде түйеге мүрде артқан жігітті көрдік деген кісілер болғанымен, ағайынды екеуі табылмай, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен.
Сары ишанның үлкен ұлы Ілияс мақсұм да елге сыйлы дін өкілі болған. Шамамен 1880 жылдары дүниеге келіп, 1960 жылдары қайтыс болған. Заманында Кеңес үкіметінің шолақ белсенділерінен көп қуғын-сүргін көрген. ХХ ғасырдың басында Сары ишан қайтыс болғаннан кейін ұрпақтары оны өзінің туып-өскен жеріне арулап қойып, басына қам кесектен қалап, күмбезді кесене тұрғызады.
Қазіргі күні Сыр бойы өңірінде тұратын қазақтардың «үйтам» үлгісі бойынша тұрғызған Сары ишан кесенесі – Жаңадария ауылының оңтүстік-батысында 80 шақырым жерде, Жаңадария өзенінің сол жақ жағалауында, ескі қорымның орнында орналасқан біркамералы, порталды-күмбезді құрылыс.
Кесене көлемі 8х18х32 см. болатын қам кесектерден қаланған. Кесененің солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс қабырғаларында үшбұрышты қуыс-тесіктер қалдырылған. Күмбездің төбесінде ішке жарық түсу үшін бір қуыс- тесік бар. Ішінде қам кесекпен қаланып, сыртын сабан сылақпен сылаған бір қабір жатыр. Еденге қам кесек төселген. Есігі ағаштан жасалған. Ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Кесененің жалпы өлшемі: 4,75х 4,75 м. Жалпы биіктігі – 4,5 м., күмбездің диаметрі – 4,5 метр. Кесененің солтүстік-шығыс жақ қанатында қам кесектен салынған сағана там жапсарлас орналасқан. Сағанаға кіреберіс есік кесененің ішінде орналасқан. Сағана тамның ішінде өлшемі 27х27х4,5 см. болатын қызыл кірпіштен қаланған қабір бар.
Сары ишанның неліктен екі ғасырға жуық уақыт ішінде аты ұмытылмай келгендігіне тоқталайық. Біріншіден, асқан білімді, ілімді болуы, екіншіден, әділеттілікті, әдептіні сүйгені, үшіншіден, қоғамның, ислам дінінің өркен жаюына белсене атсалысқан діни қайраткер, ғұлама болғандығы, төртіншіден, халық игілігі үшін қызмет етуінде болса керек.
(Аталған мақала Сары ишанның ұрпақтарының естеліктері мен зерттеуші ғалым Т.Дайрабайдың жеке архивінен алынған материалдардың негізінде жазылды)
Т.ҚОЗЫБАҒАРОВ,
Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |