Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» естелік-эссе кітабы қазақ халқына қажет тәрбиелік мәні зор туынды, әр шаңырақтың төрінде тұруға лайық. Смартфонға байланған бүгінгі буынға нағыз керек кітап.
Байыптап қарасақ, ұлтын шексіз сүйген даңқты батыр Бауыржан Момышұлы секілді ел үлгі-өнеге тұтқан терең білімді тұлғалар сирек. Ал салт-дәстүрдің жолын білетін үлкендер азайып барады. Осылайша біз ата мен әженің немересіне беретін тәрбиесінен – қазақ ұлтының алтын қазығынан ажырап барамыз. «Бабалар аманаты» осы олқылықтың орнын толтыра алады.
Батыр атамыздың отбасында айтылған сыр мен шертілген ғибратты әңгіменің алғашқы бөлігін Зейнеп Ахметова оқырманға осыдан 32 жыл бұрын ұсынған болатын. Сонау 1987 жылы шыққан «Шуақты күндерді» оқушы кезімде сатып алғанмын. Содан бері «Шуақты күндер» үстелімнің үстінде тұратын, жиі қолыма алатын сырласыма айналды. Әр оқыған сайын өзіме өмірдің жаңа парақтарын ашқандай боламын.
Бұл кітап батыр атамыздың баяндауында берілген. Автордың шеберлігі – осыдан 30-40 жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей көз алдыңызға келтіреді, оқиғаны шешен тілмен баяндайды. Аталған кітаптар жас буынға ғана емес, еңбектеген бүлдіршіннен еңкейген қартқа арналған. Қос кітапты парақтаған кез келген жастағы жан өзіне керектісін алады, көкейде жүрген сауалдарына жауап табады.
Үзіндіге кезек берейік: «Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын. Әсіресе, батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Бұл Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Ерлер қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады?» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады». Қандай ғажап ырым десеңізші... Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екенін бағамдай білмейді екенбіз.
Мұнан біз бабалар аманатына адал болу қажет екенін ұғамыз. «Мен білгенімді саған айтам, сен өзіңнің балаңа айтасың, үйретесің. Кейін балаң өз баласына айтса, сөйтіп, бір шаңырақта бабалар аманаты жалғасады. Күнделікті тілімізде «Елге еңбек сіңіріп, халыққа қызмет ету» деген сөз әр деңгейде жиі айтылады. Мұның шынайы мәнін көбі ұға бермейді. Елге еңбек сіңіріп, халқыңа, ұлтыңа қызмет ету деген – ең алдымен, ана тіліңді, ата дәстүріңді отыңның басында сақтап, ұрпағыңның бойына сіңіру деген сөз. Осыны ұмытпаған адам өз халқының алдында жеген нанын, татқан тұзын ақтайды. Балаларым ретінде сендерге де мұны аманат, өсиет етемін» деген сөзі халқының болашағын ойлаған дана адамның жүрегін жарып шыққан жанашыр лебіз, биік тұжырым деп есептеймін.
Бұл кітап дәстүрлі ұлттық тәрбиенің маңыздылығын қарапайым тілмен жеткізуімен құнды. Автор батыр атаның әңгімелерін шынайы күйде мөлдіретіп баяндайды. Азат еліміздің жас ұландары ұлттық салт-дәстүрді бізге жеткізетін осындай кітаптардың арқасында ғана қазақы болмысты сақтап, ақыл-қуаттың сарқылмас қорына қол жеткізбек.
Сәуле ЖОЛШОРАЕВА,
№211 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі.