Тарихты тұлғалар жасайды

Тарихтың өзекті арнасы –жеке тұлға, жиынтығы – халық. Ел есінде, тарих бетінде аты да, қызметі де сақталған, мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналған қазақ елінің зиялы ғалымдары аз емес. Солардың бірі – батыс өңірінде дүниеге келіп, Алматыда балалық шағы өтіп, Сыр бойында еңбегі сіңген Мәди Кереев. Мәди Құрманұлы 1929 жылы Орал облысының Тайпақ ауданында туған. Бұл кезеңде осы өңірде Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер бастаған алашордашыл тұлғалардың ықпалы зор болатын. 

Мәди Құрманұлының немере ағасы Есенгелді Қасболатов та Алаш азаматтарының идеясын қол­даушылардың бірі еді. Кейін Кеңес үкіметі Орал өңіріндегі Алаш азаматтарын жаппай ұстайды. Олармен бірге Есенгелді Қасболатов та ату жазасына кесілді. Бұл оқиғадан кейін «бар байлығым – балаларым» деп отырған Құрман ата кішкентай Мәдидің келешегін ойлап, отбасымен Алматыға көшіп кетеді. Кеңес өкіметінің өзге азаматтары секілді Кереевтер отбасы да тауқыметтің азабын тартты. Үлкен қаладағы үй мәселесі, күнделікті отбасын асырап, жан бағу қиын болды. Құрман ата қара нанның қамы үшін  жұмыс істеп, баласы Мәдиді қатарынан қалдырмай оқытып, тәрбиелейді.

1933-1937 жылдары Алматыда Қазақ АКСР халық ағарту комис­сариатын Темірбек Жүргенов бас­қарды. Оның қысқа ғұмырында ат­­қарған еңбегі өлшеусіз екенін, ке­йінгі ұрпақ жақсы біледі. 1920-1937 жылдары Орта Азия мен Қа­зақстанның саяси өмірінде ерен ең­бек етіп, сауатсыздықты жою ісінде, мәдениет және өнер саласында мол мұра қалдырды.

Құрман Т.Жүргеновтің ат арбасы мен машинасының жүргізушісі болған. 1938 жылы Темірбек «халық жауы» болып атылған кезде, Кереевтер әулеті де жазадан әрең аман қалғанын әкесі Мәдиге айтып кеткен екен. 

1944 жылы Мәди аға Алматыдағы Жамбыл орта  мектебін бітіріп, Абай атындағы қазақ педагогикалық инс­ти­тутының тарих факультетіне оқуға түсті. 1948 жылы Қызылорда педа­гогикалық институтына ҚазПИ-ден арнайы дайындықтан өткен педагог Орал Тоқмурзин ректор болып тағайындалды. Жаңа басшы жер­гілікті жердің кадрлық әлеуетін кө­теру үшін өзімен бірге жас мамандарды да ала келді. Солардың бірі – тарихшы Мәди Кереев болатын. Ұлағатты ұстаз Мәди аға сол уақыттан бастап, 2010 жылға дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 58 жыл қызмет етті. Ғалым ағамыз сол кезеңді «1948 жылы Қызылордаға көшіп келдік,  шағын қала екен. Қатты жел соғып тұр, үйлерінің шатырын жел алып кеткен екен деп ойладым. Біздің үй жаңа базардың жанында орналасты» деп  еске түсіріп еді.  

Соғыстан кейінгі қиын-қыстауда еңбек жолын бастаған Мәди аға студенттерге өте жақын болды. Өзінің жасы сол кездегі білім алушылармен қатарлас болса да, телегей-теңіз білімін үйретуден жалыққан емес. Бос уақытының бәрін студенттердің жатақ­хана­сында өткізетін еді.

Дәріс алған студенттері кейін өмірлік достарына айналды. Атап айтқанда, Нұрділда Уәлиев, Ұзақ Еспанов, Елеу Көшербаев, Дәнеш Мамытбаева,  Ишанбек Арынғазиев, Серемет Тұрмағанбетов, Қозыбек Ас­қаров, Әли Еркебаев, Өтеп Сәр­сенбаев, Абжәлел Абдіхалықов, Өмірзақ, Кәрібоз Серікбаевтар, Сә­руар Жанақбаев,  Қауыш Қазбеков, Қайыр Тәжіғалиев және т.б. Ол ке­зең­де тарихқа терең ден қойған сту­денттер көпшіл, сабаққа ынтасы жо­ғары болатын. Бір-бірімен таласа оқып, ұйқыға кеткенше күнделікті са­баққа шам жарығымен дайындалатын.

Дәріс оқитын лекторлар сөзге шешен, партияның шекпенінен шық­қандар, студенттерден темірдей тәр­тіпті талап ететін. Олар айына бір рет Ленин, Сталин атындағы арнайы дәрістер оқып тұрды. Осы сабаққа дайындық ерекше болып, дәріскер түнімен әзірленіп келетін. Кейде оған облыстық партия комитетінің нұсқаушылары да қатысатын. Ондай кезде студенттердің зәре-құты қалмай қорқып отыратын еді. Сталиннің темірдей қатты тәртібінің аясында жүріп, жұмыс істеу кімге де болса оңай емес. Дәрістен оқытушылар да, студенттер де психологиялық тұрғыдан қатты шаршап шығатын.

1951-1953 жылдары М.Кереев тарих және әдебиет факультетінің деканы, КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. Партияның ша­қыртуымен 1958-1961 жылдары Қазақстан КП Қызылорда облыс­тық комитеті мектеп бөлімінің мең­герушісі, облыстық ауыл шаруашы­лығы ұйымдарының біріккен партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.

Балалық шағынан тарихтың тылсым дүниесінің сырын ашуға құштар болып өскен ағамыз 60-шы жылдардың басында Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына қайта қызметке келіп, ғылым жолына түсті. Ғылы­мда «Та­рихты тұлғалар жасайды» деген қанатты сөз бар. Ал жасалған тарихты зерттеп, зерделеп шынайы пайымдар негізінде қоғамдық дамудың үдерістерін түсіндіріп, ұрпақ тәр­биесіне елеулі үлес қосатын тарих­шылар. Осындай қаламы қа­рымды, ойы озық тұлғаның қата­рына та­рихшы-ғалым Мәди Кереевті де қосуға болады.

Ол 1970 жылы тынымсыз ең­бектің нәтижесінде «Суармалы егін шаруа­шылығының тарихы» тақыры­бында кандидаттық диссертациясын қорғады. Облыстың қоғамдық жұмысына белсене араласып, лекторлар тобы­ның жетекшісі де болды. Қандай қоғам болса да лектор міндеті өте зор дайындықты, үлкен ізденуді, қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларды дер кезінде қадағалап отыруды талап ететіні түсінікті. Сонымен бірге лектор болу үшін тек фактілерді біліп қою жеткіліксіз. Ол үшін шешен тілді, өздігінше талдау жасай алатын сезімтал, тыңдаушыны баурап алып кететін қабілетті болуы шарт. Уақыт талабына сай партияның идеологиясын насихаттай жүріп, бұқараның тағдырына қатысты өзекті мәселелерді шешуді азаматтық парызым деп қабылдаған Мәди аға халыққа етене жақын болды. Көпшіліктің түйінді мәселелеріне басшылықтың көзін жеткізіп, ше­шімін тарқатып отырды.

Ол 1983-1992 жылдары инс­ти­туттың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып, оқу орнының ғылыми тұрғыдан дамуына көп ең­бек етті. Жанып тұрған жастарды көре білген Мәди аға институт қызметкерлерінің жағдайын жасап, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу үшін бұрынғы Одақтың Мәс­кеу, Ленинград, Киев, Минск, Тюмень және т.б. ЖОО-лары мен ғылым академияларына кезекпен жіберіп отырды. Қазір оның шәкірттері жер­гілікті университетте ғана емес, елі­міздің әр түкпірінде табысты еңбек етуде.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Мәди аға ғылыми бағытын өзгертіп, өлке тарихын, Қорқыт мұраларын терең зерттеумен айналысты. Ол Қы­зылорданың 180 жылдығына арнап «Сырдың ару қаласы», «Сыр өңірі тарихы», «Қызылорда» атты кітаптарды жарыққа шығарды.

Алматыға барып, мемлекеттік архив қорынан ағасы Есенгелді Қас­болатовтың іс-құжатын тауып, оны кеудесіне қысып, ұзақ уақыт көз жасына ерік берген еді. «Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы, тәуелсіздігіміз баянды болсын» дейтін абыз ақсақал.

Ғалым ағамыз ешқашан дүние жинамаған, оның есесіне үйі толған кітап болатын. Үйіне барғанымызда сирек кездесетін кітаптарын көр­сететін жақсы қасиеті бар еді. «Мына кітапты бір шопан далада жер қазып жатқанда тауып, маған хабар берген. Ғалым Ә.Қоңыратбаевты жіберіп ал­дырдым. Ал екіншісі – кезінде Перовск уезінің төрағасы болған қа­­тыгез Гержодтың қолжазбасы, 1967 жылы ұрпақтары әкеп берді» деді. Осылайша әр кітаптың тарихы жалғаса береді. Ағайдың биік азаматтығы осы құнды кітаптарды өзі 60 жылдай еңбек еткен  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітап­ханасына мұ­раға қалдыруы өскелең ұрпаққа қамқорлығы деп түсінуіміз керек.

Артында өшпес із, өлмес өнеге қалдырып, өмірден өткен ұстазымды биік тауға ұқсатамын. Тау алыстаған сайын биіктейді, жылдар жылжып, уақыт өткен сайын ұстаз тұлғасы даралана түсуде. Бойында адамгершілік қасиеттер мен ұлылық дарыған ар­дақты ұстаздың терең білімі мен өнегелі еңбек жолы мыңдаған шә­кірттердің жүрегінде сақталып қа­лары анық.

Сәкен СЕРІКБАЕВ,

тарих ғылымдарының 

кандидаты.

ТАҒЫЛЫМ 16 қараша 2019 г. 773 0