Сүтен әжінің ұрпақтары

 Сүтен әжі (Сүттібай) XIX ғасырда өмір сүрген. Туған жері – Шиелі ауданы, Тартоғай ауылына қарасты Боқтыөлең деген жер. Сырдария өзені жағасындағы Қоғалыкөлдің айналасы. Сүтен атамыз негізінен аңшылықты кәсіп етіпті. Бір күні бейтаныс екі кісі кезігеді. Амандасып, жөн сұрасса, екеуі де қашып жүрген Бұқарбай батыр ауылының тұрғындары екен. Бұқарбайдың інісі Серіктің ұлы Дуанбай мен қызы Алтынай көрінеді. Гәп мынада – Бұқарбай батыр өзінің және ағайындарының балаларын найзаласуға үйретіпті. 

Бірде Дуанбай Бұқарбайдың ұлымен найзаласып жүріп, байқамай өлтіріп алады. Аналары қорыққаннан екеуін қашыртып жіберіпті. Сүтен әжі ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, Дуанбайды ағайынның бір қызына қосып, өзі Алтынайды жар етіп алады. Алтынай Ербай, Сәрсенбай және Әбдіхалық деген ұлдарды дүниеге әкеліпті. Сүтен атамыз Түркістан жа­нындағы Қарнақ медресесін бітірген, сауатты жан болыпты. Алла Тағала бақ қондырып, дәулетті атанады. Соның арқасында үш рет Мекке мен Мәдинеге  қажылыққа барып қайтқан деседі. Соңғы сапары 1910 жылға тұспа-тұс келіп, көп ұзамай дүниеден озыпты. Денесі Боқтыөлең ауылының зиратына қойылып, басына күмбез тұрғызылыпты.

1880 жылдары Сүтен әжінің тұңғыш ұлы Ербай болыс боп сайланды. Жиырмадан асқан жігіт екен. Алайда 1920 жылдардың соңына қарай жалаға ұшырап, қудаланып, ақыр соңында итжеккенге айдалатын болған соң босқан елмен бірге Қоқанға (Өзбекстан) қоныс аударды. Осы кезде әкесінің орнына болыс боп сайланған Шағдарбек те жазықсыз жазаланып, «халық жауы» атанып, он жылға сотталып кетіпті. 1947 жылы науқас болып еліне оралады. Шағдарбектен соң Ербайдың інісі Әбдіхалық болыстық тізгінін ұстайды. Өкініштісі сол, Сүтен әжінің ұрпағының бәрі де «бай-кулактың балалары» деген жаламен сталиндік репрессияға ұшыраған.

Сүтен әжінің екінші ұлы Сәр­сенбай 40 түйемен Атбасардан Сыр бойындағы ағайындарға астық тасып, ашаршылықтан аман алып қалам деп шырылдап жүргенде, НКВД «бай-кулактың құйыршығысың» деп ұстап алып кетеді. Сол кеткеннен мол кетеді. Сәрсенбайдың қызы Зағираш Қоқан қаласында тұрып, әкесін са­ғынып, 1949 жылы «Мұңлық» атты қайғылы өлең шығарыпты.

– Жан көкем, қапалықпен

күле алмадым,

Теңі боп қатарымның

жүре алмадым.

Есіме түскен сәтте жан көкешім,

Орнымнан үш ұмтылып, тұра  ал­мадым, – деп өзінің ауыр халін жет­кізеді. Көңіл шерін өлеңмен тар­қатып:

– Ауылым Рыштанның

күн бетінде,

Құдайдың кім көнбейді

құдіретіне.

Қолға алып,

сағынғанда көретұғын,

Болмады-ау, тым болмаса суретің де, – деп армандайды.

Әлбетте, өлең шығарылған кезеңде «халық жауы» атанғандардың суретін табуға еш мүмкіндік болмайтын. Қазіргі сәтте Сәрсенбай атаның суретін ұрпақтары тиісті органнан алатын шығар деген үміттеміз.

Енді «Мұңлық» өлеңінің тарихы­на көшейік. Бұл өлеңді Шиелі ау­да­нының Қарғалы ауылында тұрған Әбдірасыл Оразбайұлы Арзы­құ­лов ақсақал 1949 жылдың 1 жел­тоқ­санында Қоқан қаласында бол­ғанда Сәрсенбай Сүтенұлының он тоғыз жасар қызы Зағираштан жазып алғанын айтады. Жас қыз анасы Зейнарамен сырласа отырып, өзінің жүрекжарды зарын жеткізуге тырысқан. Бір ғана емес, мыңдаған қандасымыздың басынан өткен зұл­мат шақтың ащы шындығын көр­сеткен шерлі өлең бұл. Бір өкі­ніштісі, 1990 жылдан бас­тап респуб­лика архивтерінде шаң басып жатқан тарихи ақиқаттар ашылып жатқанда Әбдірасыл ақсақалдың 1998 жылға дейін сары майдай сақ­тағаны түсініксіз. Ертерек айтыл­са, туыстары не журналистер Қоқандағы қайғылы жандарды тауып алар ма еді? «Ештен кеш жақсы» дегендей, «Мұңлық» өлеңінің жарыққа шы­ғуына дәнекер болған журналист Сә­фи Құрманаев ағамызға, Ботабай ауылында тұратын Қадыркүл мен Жаңылша Ербаеваларға мың да бір алғыс!

Қадыркүл Құрмашқызы апамыз бізге аманат етіп тапсырған «Мұң­лық» өлеңін толығымен назар­лары­ңызға ұсынып отырмыз. Авторы За­ғираш Сәрсенбайқызы. Көшіріп алған: Ә.Арзықұлов. Өлең 1949 жы­лы шығарылған.

МҰҢЛЫҚ

Дегенде «Ай-хой,

айдай жиырма бес!»,

Зейнара, әкем келер,

бір Алла деш!

Тілекті Құдай беріп, көкем келсе,

Келер ме,

екі айналып тағы он бес!

Жан көкем,

қапалықпен күле алмадым,

Теңі боп қатарымның

жүре алмадым.

Есіме түскен сәтте сағынғаным,

Орнымнан үш ұмтылып,

тұра  алмадым.

Осы ма, пешенеге салған ісің,

Қорқыныш емес еді көрген түсім.

Есіме түскен сайын жан көкешім,

Жүрегім өртенеді, қайнайды ішім.

Арасы екі ауылдың қауылдырық,

Жан көкем, кеткенің бе,

сағындырып?

Сұраған тілегімді Құдай берсе,

Келерсің ақыр бір күн

салып ұрып.

Айқайласам дауысым,

Жан көкеме жетер ме?

Айтсам ұшқан құстарға,

Мені де алып кетер ме?

Мен секілді пендеге,

Аллаһ рахым етер ме?

Әлде, көрмей көкешін,

Жылап қызы өтер ме?

***

Сыртым сау, көзімде жас,

ішім күпті,

Кеудеме сағынышты өлең түсті.

Көкемді көрмегелі

мұңға баттым,

Құдайдың құдіреті қандай күшті?

Үміті жалғыз қыздың

жалғыз Құдай,

Өте ме, әлде, өмірі жылай-жылай.

Қояр ем, жылауымды,

зарлауымды,

Жаратқан,

жарылқасаң бұдан былай.

Жан көкем, сезесің бе, тірі болсаң,

Артыңда қалған жаның

қайғы-дертте.

Көре алмай, жалғыз қызың

зарлайтындай

Жақпады қай қылығың құдіретке?

Малда тек жылқы ғана

жусамайды,

Жан көкем еш адамға ұқсамайды.

Жиырмаға жетіп қаппын,

жылай-жылай

Көңілім еш нәрсені хош алмайды.

«Елім» деп ерінбестен

еңбек еттің,

Жан көкем, бізді тастап

қайда кеттің?

Қиналып бір-екі ауыз өлең жазып,

Ішімнен шер шығуға

жәрдем еттім.

Жан көкем, шаршадым ғой,

жылай-жылай,

О, Құдай, бір қуантшы,

бұдан былай.

Өлген соң екі айрылар болар еді,

Тірідей ажыраттың, бізді Құдай!

Хабарсыз қайда кеттің,

жалғыз басың,

Бар ма екен, келер күнің,

жан аташым?

Құдайдың салғанына амал бар ма,

Сағынды артыңдағы Зағирашың.

   ***

Зар-мұңымды айып етпе, ағайын,

Жарылқай гөр,

жарылқаушы Құдайым!

Жетім боп жастайымнан

көп естідім,

Кемсітіп айтқан сөздің

мен талайын.

Кигенім аяғыма өзбек етік,

Барады сүйегімнен сөздер өтіп.

Қорлықтың барлығын да

ұмытар ем,

Жарқ етіп шыға келсе

көкем жетіп.

Ей, Алла, ұзақ еткін жасымызды,

Жан көкем бір күн сипар

басымызды.

Миымды суық ойлар жаулаған ба,

Ақ қырау әлден шалды

шашымызды.

Қай заман?

Мына заман?

Қай-қай заман?

Әкелерді айыртқан дардай заман.

Бір-бірін көрмей қалу азап екен,

Қосылар күн бар ма екен,

есен-аман?

Дауысым айқайласам, ашылады,

Кеуілім әр тарапқа жосылады.

Жан көкем он жылда

бір келмеген соң

Үмітім от өшкендей басылады.

Қайтейін, амал бар ма,

қан жұтайын,

Қалайша жан көкемді ұмытайын?

Жо-жо-жоқ, ешқашанда

ұмытпайын,

Бауырымды жерге төсеп,

суытайын...

***

Біздің ел көшіп жатыр,

қонып жатыр,

Арманым көкем үшін

толып жатыр.

Осы ма пешенеге жазылған іс,

Айтшы, кім,

жан көкемдей болып жатыр?

Көңілім жақсылықты біліп тұрса,

Жүрегім қобалжымай

тынып тұрса,

Сәт сайын жан көкемді

іздер ме едім,

Құрбылар қатар өскен

келіп тұрса.

Отынның мен аламын, қуын,

жасын,

Дұшпандар бізді айырған

қуанбасын.

Өлеңге көкемді айтып

көп қосамын,

Құлағы тым болмаса шуылдасын.

Ауылым көшіп қонар Қоғалыға,

Кім көнбес бір

Алланың салғанына.

Өзімді тірі өліктей сезінемін,

Айрылып жан көкемнен

қалғаныма.

Зарланып көп айтуға

бата алмадым,

Түн болса төсегімде

жата алмадым.

Жан көке-ау,

кеткеніңе он жыл болды,

Хабарсыз қайда кеттің,

хат алмадым?

Қара су, есік алды шып-шып етер,

Бұл көңіл мақсатына

қайтсе жетер?

Қосылып жан көкеммен

жүрмеген соң,

Дүниенің бұлай өткен бәрі бекер.

Ауылым Рыштанның күн бетінде,

Құдайдың кім көнбейді

құдіретіне.

Қолға алып,

сағынғанда көретұғын,

Болмады-ау,

тым болмаса суретің де...

Айтбай СӘУЛЕБЕК,

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының 

лауреаты.

Нұр-Сұлтан қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 14 қараша 2019 г. 564 0