Туған жерін түлеткен

 Аманкелді – ауыл перзенті. Оның әкесі Аманбай Ұлы Отан соғысының от-жалынын бастан кешірсе, шешесі  Меруерт тылдағы тынымсыз тірліктің ауыртпалығын  көтерген. Осындай ата-ананың тәрбиесін көріп есейген ол кездескен қандай қиыншылықтарға мойымай, жігерлі болып өсті.

Мектептен кейін, жиырма жасында арнаулы оқу орнын бітіріп, кіші агроном ма­ман­дығын алды. Уақытпен санас­пайтын ауылшаруашылық жұ­мыстарына араласып, еңбек жо­лын бастады. Жалын жүректі, ісіне мығым, тындырымды жі­гіт тапсырылған жұмыстарды ыж­дағатты атқарды. Соның нә­ти­жесінде Карл Маркс атын­да­ғы кеңшардағы бөлімше агро­номдығын меңгеріп, егінші қау­ым­ның жанашырына айналды.

1966 жылы жаңадан құ­рылған Октябрь кеңшарында қыз­метін жалғастырды. Қан­дай жұмыс болса да тартынбай, бел шеше кірісіп, ел сүйіс­пен­шілігіне бөленді. Бұған дейін ша­руашылықта тындырым­ды ең­бек етіп, таңдаған маман­ды­­ғы­ның қыр-сырын жақсы меңгере білген Аманкелді аудан басшыларының үнемі наза­рында болды. 1973 жылы Май­дакөл кеңшары ашылғанда ди­ректор болып тағайындалған Киікбай Әймішовтің де таңдауы Аманкелдіге түсті. «Маған жақ­сы маман керек» деп аудан басшыларына өтініш айта жүріп, бас агрономдыққа бекіттірді.

Сөйтіп Аманкелді бұл кең­шардың іргетасын қалаушылар­дың бірі атанды. Бейнеті мол күріштен мол өнімге қол жет­кізіп, ауылшаруашылық дақыл­дарын өсірудегі тәжірибесі бас­қаларға үлгі етілді. Диқандар мен механизаторлар озаттар қа­­тарынан орын алып, мерейі өсті. Аманкелдінің тәжірибелі ма­­мандар қатарында атағы шығып, аудан, облыс көлемінде жұмысқа шақырушылар көбейді. Бірақ туған жерін тастап, басқа жаққа кете алмады.

1985 жылы Майдакөл Түк­ті­баев атындағы кеңшармен қо­сылғанда өз қалауымен егіс бри­гадирі болып баруға келісімін берді. Уақытпен санаспай егіс да­ласында болды. Нау­қан кезінде қарбаласта еңбек­керлермен бірге кетпенді құлаш­тай шауып, су кешіп, атыз аралап жүре беретін.

Бірде көктемгі егіс барысын көзімен көруге шыққан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшер­баев ауылдан шалғайда егінші­лермен бірге жүрген егіс бри­гадирін көрді. Диқандармен атыз басында бөгеу бермей жат­қан суды кешіп, тер төге кіріскен Аманкелдінің қажырлы қимылына сүйсініп:

– Айналайын Аманкелді, сен шақырған лауазымды жұмыс­тарға бармай, еңбектің ең ауырын таңдаған екенсің. Жарайсың, ер азамат осылай болуға тиіс. Саған ризамын, еңбегің жана берсін. Ұрпағыңа өнегең үлгі болсын, бақытты бол! – деп шын жүректен шыққан батасын берген екен.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Аманкелдінің төбесі көк­ке жеткендей болды. Қиын­шылықтың бәрі ұмыт болып, ісіне ерекше жігермен кірісті. Соның нәтижесінде егін бітік шығып, өнім мол болды, қырман астыққа толды.

«...Түлкібай елден озған

тарлан едің,

Жетпістен өнім беріп,

тағы ерледің.

Алпысбай, Аманкелді

қатарласып,

Алпыстан ел ризығын жиып бердің», – деп жергілікті ақын, жырау Жұбан Жұбаназаров та жырға қосып, «Елімнің айнала­йын ерлерінен» атты өлең ар­наған кезі де осы жылдар еді.

Аманкелдімен алғаш рет қыз­мет бабында танысқан едім. Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқау­шысы ретінде негізгі жауапты міндеттермен бірге аудандағы егіншілікпен айналысатын ша­руашылықтардағы партия ұйым­дарының жұмыстарын үйлестіру жүктелген болатын. Ауылдық жерге барсақ, бірінші кезекте бастауыш партия ұйымына ат басын тірейміз. Өмір бойы туған жерінде еңбек етіп, өндірістен қол үзбей оқып, жоғары білім алған тәжірибелі маман, ұйым­дас­тырушылық қабілеті мол, әр адамның тағдырына жан­ашыр­лықпен қарап, ортақ тіл табыса білетін Аманкелді Аманбаевты Майдакөл кеңшарындағы партия ұйымының есебінде тұратын коммунистер қалап, партбюро хат­шылығына бірауыздан сай­лаған.

Аңқылдаған ақкөңіл жігіт ағасы бұрыннан сырлас адамдай жұмыс барысын бүге-шігесіне дейін қалдырмай жа­йып салған. Тынымсыз қаракетті қажет ететін шаруашылықтың сапырылысқан тірлігімен бірге мәдени-көпшілік, бұқаралық жұ­­мыстарды жандандыру жас ұр­пақты отансүйгіштікке тәр­биелеу жайын тілге тиек еткен.

Бірнеше жыл жұмыстас бол­ғанда Аманкелдінің көрсе­тіл­ген сенімге сай атқарған ке­лелі істерінің куәсі болдық. Хал­­қының ортасында жүріп, ақыл-кеңестерін беріп, тың бас­тамалар көтерді. Реті келгенде қиналғандарды демеп, жетім-жесірлерді жебеп, қолынан келген көмегін аямады. Ағайын-туысқа жанашырлықпен қарап, қуанышына ортақтасып, қайғы­ны бөлісті. Аманкелдінің жан­қиярлықпен атқарған үлгілі тір­ліктері осы кезге дейін ел аузында жүр. Тәуекелге бел байлап, халықты жұмылдырып, Ке­ңес Одағының батыры Үр­мәш Түктібаев пен соғыстан оралмаған жерлестерге арналған ескерткіш орнатуды үйлестірді. «Тағзым» алаңын қайта жаң­ғырту, заманында халық батыры атанған Асан бабасының ұр­пағы Өмірқұлұлы Тоғыс ата­ға биік қаратөбенің басынан ес­керткіш белгі орнатып, оған дүниенің әр түкпірінде жүрген ұрпақтарын жинап, ас беруге атсалысты. Жер бетінен жойылуға қараған Әмәли қорымында жер­ленген аруақтардың есімін түгендеп ескерткіш тақта қою, «Орынбет ишан» мешіті ор­на­ласқан жердегі бабалар қо­рымын  қоршау, тілеухана салу­да Аман­келдінің қосқан үле­сі аз емес. Ауылдастары мен аталас ағайындарына бастамашы болып, сауапты да игілікті істерді атқаруда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді ұран етіп, елді ізіне ерткенін, ұйым­дастырушылығын ешкім жоққа шығара алмайды.

Ауданда 1991 жылы өсім­діктерді қорғау мекемесі жаңа­дан ашылғанда Жарылқасын Шәріпов білікті маманды бас­шылыққа ұсынды. Отбасы­ның жағдайын, балала­рының жас­тығын алға тартып, ауылдан аудан орта­лығы­на қо­ныс ау­дарудың қиын­ды­ғын қан­ша­ма айтқанмен, болмаған соң келісімін берді. Жауап­кер­ші­лікті мойынға алғаннан кейін бар қиындыққа төзді. Аман­кел­ді осы мекемені он бес жыл бас­қарып, 2006 жылы зейнет­ демалысқа шықты. Алайда, қырық төрт жыл­ғы бейнеттің зейнетін ұзақ көре алмай, 2008 жылдың тамыз айында алпыс алты жасында дүние салды.

«Орнында бар оңалар» деген. Бұл күндері өмір бойы шә­кірт тәрбиелеген білікті ұстаз Гүлжаһан Аманкелдінің шаңы­рағын шайқалтпай отыр. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан өрбіген он бес немере мен төрт шөберенің қызығын көруде. Ауданның ауыл шаруа­шылығы саласына қырық екі жыл еңбегі сіңген, кезінде аудан, облыс басшыларынан талай мадақ, марапат иеленіп, Қа­­зақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын алған атпал азаматтың есімін ауылдастары еш­қашан естен шығармасы анық.

Шамша АЙТУҒАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 14 қараша 2019 г. 1 329 0