« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ауылда ол кезде қазіргідей орталық жоқ. Аталас ағайындар әр жерде бөлек-бөлек отырушы еді. «Көкжидеде» түйдей құрдас, сырлас, бірге өскен бойжеткендер болатын. Жігіт біткен екеуіне көз қырын жиі салатынын байқайтынбыз. Дәм-тұздары жарасып, бірі – Дөненбайға, екіншісі Мырзашқа тұрмысқа шықты. Жарасты өмір сүрді. Дөненбай әскерге кетіп, соғыстан оралмады. Ал, Мырзаш аға еңбек армиясы деген атауы бар Донбаста соғыс біткенше шахтер болып, аман-сау сүйікті Балайымына қосылды.
Баяғыдан сырлас Айкүміс пен Балайым бір-бірімен сыйласып өмір сүрді. Айкүміс бір қайнысының ұлын бауырына салып, Дөненбай шаңырағын өшірмей ғұмыр кешті. Немере сүйді, ұл-қыз өсіріп, дүниеден өтті.
Ал, Донбастан оралған шахтер Мырзаш пен Балайым бейбіт өмірде колхоздың малын бақты, күріш, бидай екті, тары қорыды. Жылдар осылайша өтіп жатты. Бірақ үйде бір баланың даусы естілмей, іштегі шерін жиі тарқатады. Мырзаш кеңпейіл, сабырлы. Ал Балайым тағдырға, бала сүймей өмірі өтіп жатқанына Аллаға налыған кейіп байқатады.
– Қой, Мырзаш, мен қаладағы қайнағаның бір баласын асырайын. Қолымды қақпас, қолдары құр емес, төрт баласы бар ғой, бір ұлын берер.
– Берер деймісің, – деп Мырзаш көзінен төгілген жасты сүртіп, тізерлеп отыра қалды. Балайым белін буынып алған, райдан қайтар түрі жоқ екенін байқап отыр.
– Не дегенің, береді ұлын. Алып келейік, жүр қалаға. Атты ертте. Сен атқа мін, мен жаяу жүрейін.
– Әңгімеңді қой, сен атқа отыр. Мен жаяулатып, алдыңа түсейін. Таңертең ерте шығайық, қас қарая қалаға жетерміз. Күздің күні ғой, шөлдемеспіз, шаршамаспыз. Қала арасы қырық шақырым, жолда «Бәйтендегі» нағашымның үйінен шәй ішерміз. Нағашымыздың үйінен бір шайды ішіп алсақ, қалаға жетпейміз бе? – деп Балайым Мырзашты қамшылап, қуаттандырып қойды.
Қызылордада о кезде төрт-бес көше бар. Базар көшесі, 13 нөмірлі үйде тұратын қайнағасы Әділбайдың есігін қақты. Іле үйден келіні Күнімжан шықты.
– Ол да өзіміз өскен ауылдың – «Көкжиденің» қызы. Қайнаға – менің күйеуім Мырзаштың туған ағасы. Аға жұмыста екен. Күнімжан дереу дастархан жайып, шай әзірледі, қазан қайнатты. Лезде түскі үзілісте Әділбай қайнаға да келді. Үй іші базар. Төрт ұл мен қыз асыр салып, үйдің шаңын басына көтерді. Біреуі қой демейді. Асыр салған балалар ойынына әбден үйренген. Алла бізді де осындай қуанышқа, шат күлкіге жеткізсе ғой, – дейді Балайым.
– Алла жарылқаймын десе бір күнде. Біз де осындай отбасына жетерміз, – деп сабырлы Мырзаш бойын тіктеп, балалар ойынына мәз-мейрам болып отырды. Әділбай мен Күнімжан екеуі ауылдың амандығын сұрап, бой жазып қалғандай.
– Әңгіме былай, қайнаға. Мына бір ұлыңды бізге бересіз, бауырыма саламын. Мырзаш екеумізге серік болсын. Біз де бұл өмірден қуаныш көріп өтейік, қайнаға! Жасым болса ұлғайып барады. Менің бала көтерер түрім жоқ...
– Қадамың құтты болсын, шырағым. Мына екі ұлдың қайсысын қолайлап отырсың?
– Қайрошыңды бер, қайнаға. Өзінің түр-түсі Мырзашқа ұқсайды. Айнымаған Мырзаш...!
– Алыңдар, екеуің қолдарыңды жайыңдар. Қайраттарың қалжырағанша қайтпасын, ұрпағың үміттеріңді ақтасын! – деп Әділбай аға екеуінің бетінен сүйіп, Қайрошты атқа мінгізіп шығарып салды. Балайым сездірмей іріккен жасын жасырып көзін сүртті. Бауыр еті бір ұлын аттандырып, балапанын ұядан ұшыру оңай емес, Күнімжанның осы сәтте өксіп алғаны бар.
Мырзаш пен Балайым «Көкжидеге» оралды. Ауылдастары қуана қарсы алды. Бір құнанды сойып, той жасады. Үлкендер Қайырлап, Әжімағанбет, Сүлеймен, Бөлекейлер бата жаудырды. Үйдің сәні кіріп қалды. Қайрошты көрші-қолаңдардың балалары ортаға алып, даладағы ойынға шықты. Ауыл балалары жатырқамады, Қайрош жаңа ортаға, қаладан әдейі ойынға келгендей болды.
Уақыт, шіркін, қандай жүйрік еді. Қайрош лезде мектепке баратын болды. Алда тағы бір думанды той отбасын күтіп тұрды. Қайрошты сүндетке отырғызды. Шайхы молда келді. Ауылдағы балаларды сүндетке отырғызатын Шайхы еді. Өткір ұстарасын қалтасынан шығарып, Қайроштың шүметегін лезде қағып тастап, шүберекке орап тұр еді, Балайым келін қағып алып, шайнамай жұтып жіберді. Жұрт сілтідей тынып отыра қалды. Шайхы молда тізерлеп кәлима қайтарып, аң-таң күй болып отыра кетті.
– Келін, шырағым, мұның не? Қайроштың шүметегін жұтқаның қалай? – деп басын шайқады.
– Жұттым, ата. Ырым болсын деп жұттым. Қайроштың соңынан ерер ұл болсын, құрсақ көтерем бе деп.
– Алла тілеуіңді берсін, келін! – деп Шайхы молда, отырған үлкендер орындарынан қол жайып, жайылған дастарханға отырды.
О, Құдірет!
Балайым келін шүметек жұтқаннан кейін екіқабат болып, балалар босанатын үйге аттанды. Дәрігерлер баланы операция жасап алуды ұйғарды. Операция сәтті шықты. Ұл екен. Мырзаштың сол сәтте қуанғаны-ай! Балайым келін босанатын үйде жатқан екінші күні түн ішінде қатты шөлдеп, қасындағыларға бір жұтым су әкеліңдерші, таңдайым кепті ғой деп мазасызданса керек. Қасындағы босанған бір көрші келіншек дереу бір тостаған су әкелген. Соны жұтқан бойда тігілген жер сөгіліп кетіп, көз жұма жүре беріпті. Әдетте, операциядан кейін су ішуге болмайтынын әлгі келіншек білмей қалғанына өкініп жылағаны бар. Перзентханадан ұлды үйге әкеліп, Мырзаш пен Қайрош екеуі түн бойы бесікте тербетуге шықты. Емізікпен сүт беріп үйретті. Атын Ерген қойды. Аяғын бірден тәй-тәй басатын халға жетті. Қайрош пен Ерген екеуі бірге ойнайды. Таңның атқанын, күннің батқанын білмей өмір қызығы думанмен өтіп жатты.
Баяғы Донбастағы шахтер Мырзаш ата егде тартып қалды. Қайрошы есейіп, соңынан Ергенді ертіп жүріп өсірді. Мырзаш Балайыммен өткен әрбір күнді еске алып, намазын жібермей, дұғасын оқып, сүйікті жарының дүниеден өткен күнін құр жібермей, құран оқумен ғұмыр кешті. Жас ұлғайды. Алла ажалға сабыр берсе, келер жылы пайғамбар жасына аяқ салғалы тұр. Әр нәрсе, ойына келеді. «Ендігі жерде қос құлынмен ғұмыр кешемін» деп іштен күбірлейді. Осылар ержетеді, үйленеді деп өзін-өзі қайраттандырады, жұбатады.
Бір күні інісі Әділбай келді.
– Аға, Сізді үйлендіремін!
– Айта көрме, қарағым. Алпыстан асқанда маған үйлену неге керек!
– Үйлендіремін, аға. Күйеуі көлік апатынан қайтыс болған Сердәлінің қызы Сарабала бір қызымен отырып қалды. Жас емес. Сөйлестім. Кет әрі емес.
– Қой, шырағым!
– Үйлендіремін, аға!
Әділбай ақыры ағасы Мырзашты көндіріп, Сарабаламен қосты.
О, құдірет! Мырзаш ата Сарабаламен отау құрып, сексен сегіз жасында дүниеден өтті. Бес бала көріп кетті.
Баяғы ырым еткен Балайымның бауырына салған Қайрош, Ергендер, одан соң Сарабаламен өрбіген Мырзаш атаның шаңырағы қазір оншақты үй. Бірі – қалада, бірі – ауылда олар да үрім-бұтақ жайған, бейне бір орманға айналғанын біз көріп жүрміз. Көзкөргендер, біздер «баяғы Балайым келіннің ырымы-ай» деп тамсана, таңырқай еске түсіреді.
Иә, «Балайым келіннің ырымы-ай» дей береміз. Асылы, ырым жақсылыққа бастайтын жол екенін бұрынғылар қалай білген. Шіркін, баяғының ырымшыл келіндері-ай?!
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қызылорда қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |