Елім деп өткен есіл ер

Тәуелсіздік алғалы бодандыққа негізделіп жазылған тарихымыздың бостандық лебімен жаңа беттері өмірге келе бастады. Соның бірі – 1941-1945 жылдардағы Отан соғысына байланысты деректер. Майдан даласында түрлі жағдайлармен тұтқынға түскен Кеңес солдаттары туралы Сталин: «Менде тұтқын жоқ, тұтқынға түскен халық жаулары» деген. 

Тарихи деректер тұтқынға түскен қызыләскерлер саны 6 млн-ға жақын, оның ішінде түркістандықтар 1 млн 700 мың деген цифрды алға тартады. Осылардың барлығын «Ота­нын сатқан опасыздар» деуге бола ма? Бұған жауапты жерлес аталарымыз Мұстафа Шоқай мен ақын, аудармашы, суретші Мәжит Айтбаевтың өмірбаянын тереңірек зерттеу арқылы-ақ алуға болады.

Мұстафа Шоқайдың тәуел­сіздікке негізделген көзқарасы, сол жолдағы жанқиярлық кү­рес­­­керлігі, бізге қалдырған ең­­бектері, шетте жүрсе де қа­за­ғым деп соққан жүрек лүпілі, соғыс кезіндегі түркістандық тұт­қын­дарға жасаған көмегі, т.б. Қа­зақстан тәуелсіздік ал­ған­нан кейін кеңінен белгілі бола бастады. Қос алып Сыр топырағының тумалары болған­дықтан, олар жайлы ғылыми-зерттеу жұмыстарының осы жер­ден бастау алуы да заңды құ­былыс. 2016 жылы Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінде профессор Қ.Бисеновтің, саяси ғы­лымдар докторы Ә.Бәкірдің ғылыми жетекшілігімен Шоқай­тану ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ ашылды.  Бізге жеткен де­ректерді сараласақ, неміс ла­ге­ріндегі тұтқындарға Мұс­тафа Шоқай мүмкіндігінше кө­мек­тескен. Ол 1941 жылы тамыз-қараша айларында Просткен, Су­­балки, Пагаген, Дебииса, Яро­слав, Лемберг, Эбенброд, т.б. ла­герьлерде болып, ортаазиялық тұт­қындардың жағдайымен та­нысып, қандастарын ажал тыр­нағынан аман алып қалуға көп әрекет жасаған. Неміс жендеттері тұтқындарды тырнақтарына ине шаншу, улы түтінді камера­лар­­да ұстау, тірілей өртеу, тері­­лерін тірідей сыпырып, одан әр­­түрлі бұйымдар жасау сияқ­ты айуандық әрекеттерден аянба­ған.

Мемлекет және қоғам қай­раткері, шынайы патриот Мұс­тафа Шоқай жайлы оның есімі берілген университетте ашылған орталық кең көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кет­кенін есептеп, жерлесіміз, ақын, аудармашы, суретші Мә­жит Айтба­ев жайлы біршама деректерді назарларыңызға ұсы­нуды жөн көрдік.

Ақын Мәжит Айтбаевтың өмі­рі мен шығармашылығы жай­­­­лы  республикалық «Ақи­қат» журналының биылғы №1 са­нын­дағы жазушы Уақап Қы­дыр­­хан­ұлының «Шерменде ақын, шексіз мұң» деген көлемді ма­қа­ласында Мәжит Айтбаев жайлы көптеген жаңа дерек келтіріліпті. Бүған дейін осы автор құрастырып, алғысөзін жазған М.Айтбаевтың «Шер» атты шығармалар жинағы «Жазушы» баспасынан 2005 жылы жарық көрген. Онда «Абылай» дастаны, балладалар мен өлең­дері араб қарпі және кириллицамен берілген.

Мәжит Айтбаев кім? Ол – соғыс жылдарында әскери тұт­қында болып, «Қобызшы Қор­қыт» деген бүркеншек атпен шығар­маларын үздіксіз жария­лап отырған майдангер ақын. Қызылорда облысының Сырдария ауданында 1914 жылы өмірге келіп, 1945 жылы ақпан айының 13-14 күні Германияның Дрезден қаласына әуе шабуыл­ының құрбаны болған. 1938 жылы Қазақ педагогика институтын тәмамдап, Қызылорда пе­дагогикалық институтына қызметке келді. Осында қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ бере жүріп, студенттер даярлайтын бөлімді басқарып, оған Сыр­бай Мәуленовті, Оразгүл Нұр­ма­ғанбетованы, Әсия Жан­әлиеваны, Роза Бағланованы қа­былдайды. Облыстық Жазу­шылар одағының басшысы ре­тінде республикалық және жер­гілікті баспа беттеріне көптеген өлеңдерін жариялайды.

1937 жылдың ызғары Мәжит Айтбаевты да шарпып, Жазушылар одағының өкілі болса да, одақтың съезіне сайлатпайды. Оған қарамастан Мәжиттің қаламынан «Болат құюшының жыры», «Қарлығаштың қана­тындай», «Қытай қызы» деген өлең­дері «Әдебиет майданы» журналында, газеттерде басылды. «Толқын жыры» поэмасын жазды, Лебедев-Кумачтың «Если завтра война», Светловтың «Каховка», «Гренада», Гетенің «Орман патшасын» аударды.

Мәжит Айтбаев Қызылордада қызмет істеген жылдары бұрынғы астана болған қалада техникумдар мен мектептер көп еді. Сауда техникумында атақты Абдулла Жұмағалиев сабақ беріп, №6 мектептегі әдебиет үйірмесіне жетекшілік еткен. Теміржол тех­никумындағы әдеби үйірмені өлеңді қазақ, орыс тілдерінде бірдей жазатын Асқар Нұртазин жүргізген. Педучилищедегі әде­биетшілерді ұстаз ақын Мендияр Киікбаев тәрбиелеген. Осы ма­қаланың авторына да қа­ла­дағы №6 мектептің 8-сыныбында Мендияр ағай ұстаздық еткен. Оның қызы Розалияның Аме­рикаға кетемін деген әре­кеті, жұбайы М.Шоқайдың қа­­­­рын­дасы, соғысқа кетіп ерік­­­сіз тұтқындалған Мәжит Айт­­баевтың досы болғандықтан, та­лай тексеру мен  тергеуді басы­нан өткізген. 

1939 жылы М.Айтбаев армия қатарына шақырылғанда  жұ­байы  (венгр қызы Елена Лукич мұсылмандыққа өтіп, Мария деген есім алған) ауруханада босанып, Пахридин атты ұлды өмірге әкелген еді. Ұлы үш айлық кезінде әкесін Сырбай Мәуленов пен Мендияр Киікбаев армия қатарына шы­ғарып салды. Пахридин-Чапай Қызылорда қа­ласында тұрып, 1997 жы­­лы қайтыс болды. М.Айт­­баев­тың тұтқында жү­ріп жазған  «Бесік жыры» атты өлеңі ұлына арналған. Он­да «Күл­геніңді көрсем де, жүр­геніңді көрмедім» дей­тін жолдар бар. Ал 1943 жыл­дың қазан айында Берлинде жазған «Орамал» атты жырында «Сүртерсің  сонда жасыңды, бердім саған орамал. Ормалым мәңгіге сүйгендікке жорамал» дей келе, Мәрия жарының атынан «Сенен қалған қолымда, үш айлық сәби ұлым бар. Мен сүйермін ұлымды, сенің онда кімің бар?» деп жырлайды ақын.

«Милли әдебиет» журна­лының 1944 жылғы екінші са­нының едәуір бөлімі Мә­жит Айтбаевтың 30 жасқа толуы­на арнал­ған. Легион басылым­дарының басшылары, майдан­дас, қаламдас, тағдырлас түркі ақындары сөз арнаған. Күрес­кер ақын­ды шыдамға шақырған, жігерге жете­леген, үмітке ұм­тыл­дырған. Онда өзбек ақыны М.Раушанның, ақындар Мәулен­нің, М.Аяппе­ковтің, Хамза Аб­дуллиннің, Бек­зада­ның, Атабек Абдуллаевтың өлеңдері ба­сыл­ған.  

Жоғарыда атап өткен Мәжит Айт­баевтың «Шер» (2005 ж) атты шығармалар жинағы «Абылай» дастанынан басталады. Дастан бұған дейін «Қобызшы Қорқыт» деген бүркеншек атпен 1943 жылы Берлинде жарық көрген. Оған екі дастан, үш баллада, төрт ән, қырық бір өлең енген. 1971 жылы латын қарпімен Хасан Оралтайдың еңбегінің арқасында Мюнхен қаласында басылып шықты. Бір жолы Мюнхен қаласында болған мүсінші Еркін Мергенов осы кітапты қолына түсірген. Дастанды және кітап ішіндегі басқа да өлеңдерді  суретші Қайырбай Зәкіров бір жарым айдың ішінде кириллицаға түсіріп, «Ленин жолы» газетінің мәдениет бөлімін басқарған марқұм Қази Данабаевқа тапсырды. 1991 жылдың ақпан айының соңында газет басшылары Әскербек Рахымбекұлы мен Әділхан Бәйменнің батыл­ды­ғының арқасында газеттің екі-үш нө­міріне басылды.

1991 жылы Сауытбек Абдрахманов Түркияда тұратын шежіреші Шаймерден қарттан «Қобызшы Қорқыт» кітабының көшірмесін әкеледі. Жазушы Уақып Қыдырханұлы Сауытбек әкелген кітапты алғаннан кейін Сырбай Мәуленовтің «Қазақ әде­биетінде» жарық көрген  «Мә­жит Айтбаев кім еді?» деген мақаласын алғысөз етіп, 54 өлеңін еларалық «Шалқар» газетінде жариялайды. Кейін «Егемен Қазақстанның» 2004 жылғы 24 қараша күнгі санында С.Абдрахмановтың «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» антологиясында М.Айтбаевтың біраз өлеңдері жарық көрді.      

М.Айтбаев Батыс шекарада әскери қызметте жүргенде 1941 жылы тұтқынға түседі.Онда Түркістан ұлттық бірлік комитетіне мүше болып, «Жаңа Түркістан», «Милла Түркістан» газеттерін шығарысқан. «Милли әдебиет» альманағының бас редакторы, 1944 жылдан «Жауынгердің күнделік дәптері» атты альманахтың шығуына белсене атсалысқан. 1942 жылы Берлинде Түр­кістан комитетінде өте құпия жасырын ұйымды Мәжит Айтбаев, Еділ-Орал Татар комитетіндегі Мұса Жәлел басқарды. Мұса Жәлел әшкереленгенде Түркістан ко­митетіндегі жасырын ұйымды басқарған Мәжит Айтбаевты сатпайды. Бұл ұйым мүшелері бес кісіден артықты білмейді. Өйткені ұстала қалса, жаны қи­налғанда соларды ғана айта алады. Демек, құпия ұйымда конс­пирация жұмысы жоғары деңгейде жолға қойылса керек.

1967 жылы Мұхтар Әуезов театрында Ғабит Мүсіреповтің тікелей қолдауымен драматург, аудармашы, сыншы, Қа­зақ­станның Халық Жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елде» пьесасы қойылды. Бұл автордың бірнеше жыл көптеген құпия құжаттарды зерттеген, Кеңес үкіметінің түбі құрдымға кетіп, келешекте тәуелсіздік таңы ататынына зерделі ой тас­тайтын шығарма еді. Пьеса­ның негізі тарихта болған оқи­­­ғалардан алынған. Автор нақ­­ты деректерге сүйене отырып, Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқындалып, «Түркістан легионына» қатысқандардың тағ­­­дырын көрсетеді. Кейін бо­ль­­­ше­визмге қарсы күресті күшейту мақсатымен Америка им­­перализмі мен Герман ре­ваншистік күштері Мюнхенде Түрік елі комитетін құрды. Бұл ұйымның мақсаты мен оның мүшелерінің тағдырын терең зерттеген автор тұтқынға түскен легионерлердің барлығының Отанын сатқан опасыз емесін, олардың алдау мен арбаудың құрбандары болғанын көрер­менге драматургияның шебер иірімдерімен жеткізе білген.

Пьесадағы ақын Асан – «Қо­­бызшы Қорқыт» Мәжит Айт­баевтың прототипі. Кеңестік идео­логияның қатаң цензурасынан шыға алмайтынын, оның мүмкін еместігін толық сезінген драматург Қ.Мұхамеджанов ақын Асанның образы арқылы (ро­льде жас актер Асанәлі Әшімов) Отанына деген шексіз сүйіс­пеншілігін жеткізе білген. Асан – шын сезімнің адамы. Ол сағынышын, сүйіспеншілік сезімін жасыра алмайды. Асан­ның пьесада күңірене, күрсіне айтатын:

Сарыарқа, самалыңды сағынамын,

Жеткіз деп тағдырыма табынамын.

Ішім дерт, өзегім өрт, тілімде зар,

Қай күні бұл азаптан арыламын.

Жетімек бір ұлың жүр өлмей, өшпей,

Тамшыны татқан күн жоқ таңдай кеппей.

Жасаппын, қайран дүние, зор қателік,

Бір уыс топырағыңды ала кетпей,

– деген өлеңі шерменде шек­сіз мұңға толы Мәжит Айтбаевтың ел­ге деген сағыныш зарымен үндесіп жатыр. Оны автор Қ.Мұ­хамеджановтан басқалар­дың сол кезде толық сезіне  бермегеніне де қазір  шүбә келтіруге болмас. Пьесада Асанның «Мастығым тарқаса, құлазып жалғыз қа­ламын. Ішсем өзіме-өзім бір тайпа ел болып, Сарыарқанда сайрандап жүремін. Венаға мені де жібер, тірі қазақтарды бір көріп қайтайын» деген жолдар бар. Осы ретте автор пьесадағы ақын Асан арқылы 1944 жылы Австрияның кіндік қаласы Венада Түркістан түріктерінің бірінші құрылтайы ашылғанына, оған Түркиядан, Ауғанстаннан, Пәкістаннан, Орал, Армения, т.б. елдерден келген легионер-делегаттар қатарында Мәжит Айтбаевтың бол­ғаны сияқты тарихи шындық­қа меңзейді.

Пьесада құрылтайға қаты­сып қайтқан ақын Асанның (Қо­бызшы Қорқыт) «Анау фестивальда қазақ делегациясының құрамын, өнерін көріп барма­ғымды шайнап қайттым. Сондай бұғаудағы халықтың қалай өскеніне таңдандым. Бәрін де осы бір пісіп тұрған шағында қолға алар ма еді. Қайран дүние-ай! Ғажап деймін, ғажап» деген өкінішке толы сөздері кел­тіріледі. Қазіргі цензурасыз ер­­­кін ойлау деңгейінен зерде­лесек, Асанның өкінішке толы осы бір сөздері арқылы өздерінің алданып жүргендерін жайып салады. Автордың шебер­лі­гін өмір шындығы қазір дә­лелдеп тұрғандай. Тұтқынға түс­­кендердің барлығының Ота­нын сатқан опасыздар емес­тігін Қалтай аға өткен ғасыр­дың 60-жылдары-ақ жет­кізгендей.

«Жат елде» пьесасы туралы академик Серік Қирабаев кеңестік идеологияның тар шеңберінен шықпағанмен, жаңа ойларға жетелейтін «Патриот­тық спектакль» деген атпен танымдық мақала жариялады.

Мәжиттің бабасы Шойын­байдан – Айтбай, одан – Мәжит пен Әбдісадық туыпты. Әбді­садықтың балалары – Салихитдин, Күләйім (Күләш). Салихитдин Айтбаев – белгілі суретші. Әкеден екі-ақ жаста қалған Мәжит анасы Фатима Оразқызы да өмірден озғаннан кейін, Әбдісадықтың тәрбиесінде болады. Әбдісадықтың қызы Күләйім (Күләш) қазір Қызылорда қа­ласында тұрады, зейнеткер-ұстаз. Олар туралы толығырақ зерттеу – кейінгі уақыттың үлесі. Ал Мәжит Айтбаев мұраларын зерттеу рухани жаңғыру аясында жалғаса береді деген бек сенімдемін. Еріксіз  тұтқынға түскендердің сатқын еместігін тарих дәлелдеп отыр. Бұл мәселе тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының жарқын беттері болатыны да анық.

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

 Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің профессоры.

ТАҒЫЛЫМ 12 қараша 2019 г. 768 0