« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Жетпіс жасқа жақындаған ғұмырымда тағдыр мені талай тұлғалармен дидарластырды. Солардың бірі – өсіп, өркен жайған, өзі сыйлы, сөзі уәлі, түр-тұлғасы көз алдымнан кетпейтін замандасым, осы жазбамның кейіпкері Абзал Тайманов еді. Онымен сонау 1969-1973 жылдары кезіндегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінде бірге дәріс алып, сыйлас та сырлас болғанбыз. Құдай қосқан қосағы Марашпен бір топта оқығандықтан да онымен тонның ішкі бауындай жақындаса жүрдім.
«Адам бір көшкен керуен» дегендей, Абзалдың мәңгілік сапарға мезгілсіз кеткеніне 40 күн өте шығыпты. Мен білерде Абзал дәреже, мақтау мен марапат іздеген жан емес. Кезі келсе сөздің сарасын айтатын, көзі жетпейтін іске көлденең килікпейтін қалпымен өмірден өтті. Абзал десе, абзал азамат еді...
Абзалдың атасы Жүсіп молда ескіше оқыған, көзі ашық кісі болыпты. Оның атындағы мешіт сонау 1960 жылдарға дейін «Шеңгел көпір» деген жерде тұрған. Әкесі Тайман қари бала күнінде осы мешіттен ескіше сауатын ашқан. Ол жігіт ағасы болып, ат арқасына мінгеннен бастап Қырғыз, Өзбек, Тәжік елін аралап, діни білімін жетілдіре түседі. Бар-жоғы 14 жасында Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде білім алуы тектен-тек болмаса керек. Елге оралғаннан кейін мешіт ұстап, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз атанады. Ол әрбір шариғат сүресін өмірмен, саясатпен байланыстыра отырып жеткізе білген көрінеді. Халық арасында бүгінгі күнге дейін «Тайман қаридың құран оқығандағы даусы мен мазмұнын айтсайшы» деп тамсанатындар әлі де бар.
Көнекөздердің айтуынша, Тайман қари үш нәрсені ұрпақтарға ұлағат етіп қалдырыпты. Біріншісі – адамның ар-ождан бостандығы, екіншісі – діннің тәрбиелік мәнін адамдарға жеткізе білу, үшіншісі – мұсылман халықтарының, оның ішінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрін сақтау.
– Менің әкем адалдық, адамгершілік, біреулерге қиянат жасамау, қолдан келсе жаманға да жақсылық жасауды үнемі айтатын. Біз әкеміз бен Бибісара анамыздан алты ер бала, бір қыз өмірге келіп, өркен жайдық. Бала кезімізден «Кісінің ала жібін аттама. Алдыңа біреу басын иіп келсе, кешіре біл. Барға қанағат, жоққа салауат қыл. Қолыңнан келсе, ел-халқыңа қамқор бол» деп айта-айта отыратын, – дейтін Әбекең.
Тайман қари 1981 жылдың желтоқсан айында өзінің туған топырағы – «Аққұм» ауылында өмірден озды. Абзалдың бастамасымен осы ауылдың азаматтары Тайман қари атындағы мешіт салды. Ол кісінің мазарына барып тәуәп етуді, құрмет-қошемет көрсетуді ел-халқы ұмытқан жоқ, ұмытпақ та емес.
Абзал Тайманұлы 1953 жылдың сәуір айында кезіндегі Тереңөзек ауданына қарасты Сталин атындағы колхозда (қазіргі Жалағаш ауданына қарасты «Аққұм» ауылы) өмір есігін ашты. «Шымбөгет» орта мектебін бітірген ол 1970 жылы Н.Гоголь атындағы педагогика институтының филология факультетінен дәріс алып, 1974 жылы туған топырағына оралып, осындағы мектепте мұғалім, бертін келе ауылдық клуб меңгерушісі қызметін атқарды.
– Әлі есімде, 1975 жылы маған аудандық комсомол комитетінен нұсқаушылық қызметке шақырту келді. Әкеммен ақылдасқанмын. Сонда ол: «Балам өз жолыңды өзің таңда. Маған тек қана бәленшенің баласы жаман екен деген әңгіме жетпесе болды» деген-ді. Содан ол кісінің атына кір келтірген емеспін, – дейтін ол.
Абзал аудандық комсомол комитетінде қызмет етіп жүргенде Кеңес армиясы қатарына шақыру келіп, Батыс Украина жерінде әскери борышын өтеп қайтты. Әскерде жүріп коммунистік партия мүшелігіне кандидат болып қабылдануы да тектен-тек емес.
Әскерден оралған Абзал аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін қайта жалғастырып, 1978 жылы аудандық партия комитетінің келісімімен халық депутаттары аудандық Кеңес атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Үш жыл бойы Кеңес қызметтерінің күретамыры болып саналатын бөлімді басқарып, тәжірибе жинақтаған соң, атқару комитетінің секретарьлығына жоғарылатылады. Осы кезеңде халық депутаттары Жалағаш аудандық Кеңестің депутаттығына үш рет сайланып, халық аманатын арқалайды.
1987 жылы Абзал «Ақсу» совхозында агроном, кейіннен бас агроном қызметтерін атқарды. Өйткені ол өндірістен қол үзбей жүріп, Қазақ ауыл шаруашылығы институтынан білім алып, ғалым-агроном мамандығын иеленген болатын. «Ақсу» шаруашылығының аймақта күріш өсіруде алдыңғы қатарда болуына Абзал да өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Ал, 1990 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының, әсіресе, күріш дақылдарының сапасын жақсарту мақсатында аудандық мемлекеттік тұқым инспекциясының бастығы болып тағайындалды. Араға бар-жоғы бір жарым жыл салғанда Халық депутаттары аудандық Кеңес төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылады. Бұл кезеңде де ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тәжірибесі мол білікті маман ретінде атсалысты.
1994 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтынан білім алған Абзал аудандық экономика жөніндегі комитет төрағасы болып тағайындалды. Экономика саласын талдау, болжау, бағдарламалар дайындау тәжірибесіне сүйеніп, оны 1996 жылы облыстық экономика басқармасының бөлім бастығы қызметіне шақырды. Кейін осы комитет төрағасының орынбасары болды. Ал, 1998 жылы облыс әкімі аппараты жанындағы өндірістік пайдалану бірлестігі бас директорының орынбасары, іс басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Осында жүріп басшылық қызметтің қыр-сырын жетік меңгеріп, мол тәжірибе жинақтады.
Абзал Таймановты облыс басшылығы сол кезде өндірістік көрсеткіші ең төмен кәсіпорындардың бірі – «Қазпочта» АҚ облыстық филиалы директорлығын атқаруға ұсынды. Он екі жыл бойы басшылық жасап, тұралаған мекемені аймақтағы алдыңғы қатардағылар сапына қосты. Байланыс саласында еңбек ете жүріп үш рет облыстық мәслихатқа депутат болды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астана қаласына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталып, «Құрметті байланысшы» атағын иеленді. Ал, 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы өлшеусіз еңбегінің өтеуі болатын. Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры қызметін атқарғанда аймақ табиғатын қорғау ісіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Ендігі айтпағым, Абзалдың ұрпағына ұлағат еткен қолжазбалары жайлы болмақ. Маған Мараш ұсынған парақтардағы Абзалдың жазғандарын ақтарып отырмын. «Біз кімнен тараймыз?», «Балалық шаққа саяхат», «Ата-анам жайлы мөлтек сыр», «Махаббат қызық мол жылдар», «Еңбек етсең ерінбей...» деп жалғасып барып, «Өмірге өзіндік көзқарасым», «Жанұяма өсиет» деген тақырыптар төңірегінде ойларын жазған.
Соңына «Келешекте балаларымның өз өмірлеріне пайдалануларына септігі тиер деген ниетпен өсиет етіп отырмын» делінген.
Өмір бар жерде, өлім – хақ. Бұл – заңдылық. Абзалдың бітім-болмысы, адамгершілік бейнесі мен азаматтық ісі аласармайды, қайта жылдар жылжыған сайын биіктей түседі.
Еркін ӘБІЛ,
журналист.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |