« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
1965 жылғы қазан айының соңғы күндері. Литва ССР-і Каунас қаласының Клайпеда тас жолы бойында орман арасындағы стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің қатарында үш жыл қызмет етіп, елге келдім. Қарт әке-шешем қуанғанынан барын шашып, құдды мені майданнан оралғандай, туған-туыс, көрші-қолаңымен қуанышты бөлісіп жатты. Менен бір ай бұрын әскерге шақырылып, ертерек елге келген құрдасым марқұм Отарбай хабарымды естіп, түнделетіп үйге келді. Екеуміз мәре-сәре болып, әскердегі өмірімізден әңгіме өрбіттік.
Ол өзінің Кариб дағдарысы кезінде Кубаға барған әскердің қатарында болғанын, ол жаққа қалай жеткенін, қалай қызмет атқарғаны жайлы айтылмайтын құпия болса да, хабардар етті. Сөзінің арасында «сен ешкімге айтушы болма, бұл – әскери құпия», – деп ескертумен болды. «Кубадағы әскери қызметіміз жайлы ешкімге айтпауға тілхат бергенбіз» деп өзін сақтандырып отырған еді ол. Сол жылдары Кеңестер Одағы Кубаға адам күші және қарумен көмек бергенін жұрттың бәрі білетін.
Мен де сыр алдырмай, стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінде ядролық тіктұмсықтарды арнайы автокөлікпен тасымалдаушы, оны 1949 жылдан ядролық сынақ алаңы болған «Капустин Яр» полигонында атушы, сынаушы болғанымды айтпай, антыма берік болып, тіс жармай, тек тыңдаумен болдым. Көңілденіп отырған құрдасым «Гавананы әуеден және теңіз жақтан тосын шабуылдан қорғадық. Әсіресе, 1961 жылдың күзі Кубаға өте қауіпті болды. АҚШ-тың теңіз жаяу әскерлері жағаға жылдам жүретін катерлер мен десанттар түсіріп, шабуыл жасап, бейбіт халықты, Куба партизандарын шығынға ұшыратып отырды. Біздің бөлімдер де олардың бақылауында болды. Блокпостымызға тұтқиылдан шабуыл жасады, шайқасқа түсіп жүрдік. Ұрыс ұзаққа созылмайтын, 20-30 минуттық автоматпен септірілген оқтар талай жауынгерді жалмап кетті. Солардың ішінде солтүстік жақтың жігіттері де бар екен. Мен аман қалып, елге келдім, арманым жоқ. Жат жерде қалған жауынгер достарым үшін» деп Өтекең ащы судан өшін алған еді.
Сөйткен Отарбай үйленіп, 5-6 бала сүйіп, кеңшардың ірі қарасын бағып, дүниеден өтті. Соғыстан әкесі оралмаған ол жамағайындарының үйінде жүріп, жетіжылдықты бітіріп, еңбекке ерте араласты. Құрдасымның сол жылдардағы жағдайды саяси сауаттылықпен әңгімелеп, көп жағдайдан хабардар еткеніне таңғалдым. Сондағы оның айтқаны: «Кубаға достық көмек деп ядролық ракетадан бастап азық-түлік, тұтыну заттарын кемелеп тасып жатқанда, сонда оққа ұшқан Кеңес жауынгерлерінің атын атап, елге, туған-туыстарына мүрдесін тапсыруға Кеңес Одағының батылы жетпеді. Олар Гаванадағы Кубаны азат ету жолындағы Фидель Кастро бастаған революция кезінде қаза тапқан бауырластар бейітінде жерленді. Біздер Кубаның азаттығы үшін қаза болған Кеңес жауынгерлерін аза тұтып, аспанға автоматтан оқ жаудырған едік» деп Өтекең көзіне жас алған болатын.
Мен 1962 жылы Кариб дағдарысы асқынып тұрған кезде әскери борышымды бастаған едім. Әдетте әскерге барған жауынгерлер бір айлық курстан өтіп, негізгі бөлімге қосылатын. Мен түскен стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлер бөлімінде Кубаға ядролық тіктұмсықтарымен барып оралған, әскердегі мерзімді қызметтегі адамдар бар. Олар бізге сұсты, айбынды болып көрінді. Орындарын басатын жас жауынгерлердің кешігуіне байланысты командирлерге сес көрсетіп, айтқандарын орындамай, өздерінше өмір сүруде екен. Оларды «кубалықтар» деп атайтын, әскерде жауынгерлерге жарғылық талапқа сай сақал қойдырмайтын. Ал «кубалықтардың» сақалдары қауғадай болып өсіп кеткен. Кейін сұрап білсек, сол жақтағы Кеңес жауынгерлеріне Куба партизандарының киімін киіп, сақалдарын еркін жіберуге рұқсат берген.
Елде жүргізуші болып істеген екі жігіт, бірі – мен, командиріміз «сендердің тәжірибелерің бар» деп, жас жауынгерлердің курсынан өткізбей, «шалдардың» орнын басып, олардан мамандықты үйреніп, бір ай ішінде оларды елдеріне қайтаруға тапсырма берді. Ескі «ГАЗ-51» автокөлігін жүргізген маған «МАЗ-502» алып көлікті ракеташы мамандығымен меңгеру оңайға түскен жоқ. Мен алтайлық Н.Нестеренконың орнын басып, өзіме міндетті мамандықты игеріп, Николайдың сақалын күзеп, еліне қайтардым. Ол Барнаул қаласынан болатын, көпке дейін хат жазысып тұрдық. Куба сапарларын оңаша айтқан еді.
– Біз қызмет еткен 1959-1962 жылдар халықаралық жағдайдың ауыр кезеңі болды. Фидель Кастро бастаған Кубадағы азаттық революцияны Кеңестер Одағы қолдап, Кубаға біздің ядролық тіктұмсықтарды жеткізуі Америка Құрама Штаттарына үрей туғызды. Сол сәтте А.Микоян Кеңес үкіметі атынан Америкаға барып, АҚШ Президенті Джон Кеннедимен дипломатиялық тұрғыда келіссөз жүргізіп, бәрі де бейбіт жолмен шешілді. Біз көпке дейін Кубаның тропикалық ауа райына үйрене алмай жүрдік. Карандаш тәрізді зымырандарымызды жасыру қиынға соқты. Ең сорақысы американдықтар ракеталарымыз бен бізді аспаннан ұшақтары арқылы суретке түсіріп, газет беттеріне жариялаумен болды. Күзетте тұрған үш жауынгерді түн ішінде атып кетіп, қайғылы жағдайды да бастан кешірдік. Ол жігіттердің мүрдесі сол жақта қалды, үкімет тарапынан елге алып келуге рұқсат болмады. Абырой болғанда қалғанымыз елге аман-есен жеттік, – деп Николай сөзін аяқтаған еді.
Осыдан үш жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне марқұм болып кеткен Теміртау қаласындағы қазақ азаматы 1963 жылы Кубада қақтығыс кезінде қайтыс болған баласының денесін елге әкелуге Мәскеуге, Қорғаныс министрлігіне арызданғаны, ең соңында өзінің жәбір көргені жайлы мақала жарияланған болатын. Көздегеніне жете алмай кеткен әкенің арманын кенже ұлы Тәуелсіздік алғаннан кейін 2007 жылы Қазақстандағы Кубаның елшілігі арқылы туған жердің топырағын Гаванадағы бауырластар бейітіндегі ағасы жатқан жерге салғаны, онда 86 Кеңес жауынгері жерленгені жайлы айтылған. Осы мақаланы оқып, өзімнің Кубадан оралған қарулас достарымның естелігін жазуды жөн көрдім. Мұны кезінде ортақ Отанымызды көздің қарашығындай қорғаймыз, интернационалдық борышымызға адал боламыз, деп кәріқұрлық Еуропада миллиондап, Азияда мыңдап, Африка мен Америка құрлығында жүздеп сүйектері шашылған Кеңес әскерінің қарт солдаттары атынан жазып отырмын. Бұл күндері батыр бабаларының ерліктерін жалғастырған қазақ жігіттері антына адал, елін, жерін сүйген жүректі, жауынгерлік өнерді жетік меңгерген, ұлтымыздың адал перзенттері болып өсіп келеді. Олар ата-бабаларымыз аңсаған егемен еліміздің туын берік ұстауда. Біз – аға буын, қарт жауынгерлер, олардың істеріне сенімдіміз.
Рысбай КӘРІМОВ,
ҰОС қатысқандарға теңестірілген еңбек ардагері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |