« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Маусым айының соңғы күндері жүдә ысып кетті. Ал мына майор шенді жігіт ағасына ол мүлде әсер етпейтін сияқты. Өзі шырттай форма киініп алған.
– Іскендір Жәкеновпін, – деді өзін таныстырып.
– Орынбасарұлы дегенді қосыңыз, – дедім күліп.
– Е-е, айтпақшы, сіз менің Орынбасар папамды біледі екенсіз-ау...
***
– Иә... иә, білетінім рас-ты. Кездескенмін, сөйлескенмін. Екі жасқа толар-толмаста әкесі Жәкен отыз жеті жасында дүниеден озды. Бұл 1918 жылдың күз еді. Жетім бала атасы Сабанбайдың қолында тәрбиеленді. Сабанбай үш рет болыстыққа сайланған аса ауқатты, елге сыйлы кісі-тұғын. Орынбасар жастайынан тай-құнан баптап, келе-келе шабандоз атанды.
1921 жылы Сабанбай да мәңгілікке көз жұмды. Елде аласапыран, ақтар мен қызылдар айқасы, ашаршылық, байларды тәркілеу, қуғын-сүргін – осының бәрі оның көз алдында өтті. Орынбасар Жәкенов 1938 жылы әскери борышын өтеуге шақырту алды. 1939 жылдың 30 қарашасынан 104 күнге созылған кеңес-фин соғысынан аман шығып, 1941-дің сәуірінде елге оралады. Алайда, сол 1941-дің маусымында герман-кеңес соғысы басталып, 1941 жылдың шілдесінде алғашқы лекпен Ақтөбеде жасақталған 101-дербес атқыштар бригадасына қабылданды.
Жан алып, жан беріскен соғыс. Жеке атқыштар бригадасы командирінің №79/н 25 қыркүйек 1943 жылғы құпия бұйрығында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан бұйырамын: «Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын неміс басқыншыларымен шайқаста асқан ерлікпен орындағаны үшін кіші сержант Орынбасар Жәкенов «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталсын» деп тізім әрі қарай жалғаса береді.
1943 жылдың желтоқсанында Смоленск облысының бір қыстағы маңындағы қанды қырғында байланыс желісі үзілді. Кіші сержант О.Жәкенов басқарған байланысшылар қарша бораған миномет пен пулемет оғынан тайсалмай, жаумен атыса жүріп, үзілген телефон желісін 67 рет жалғайды. 67 рет!.. Ал 1944 жылдың қаңтарында үскірік аяз бен түтеген боранда жандарын шүберекке түйіп, Жәкеновтің жайсаңдары полк командирі мен дивизия басшысын байланыстыру мақсатында 42 рет үзілген өз желісінен қайыр болмағасын, ретін келтіріп жаудың байланыс желісін пайдалана алған қаһармандығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалін омырауына тақты.
Орекең Ұлы Жеңістен кейін Украина мен Белоруссия жерінде қираған қалаларды қалпына келтіруге де үлес қосып, 1946 жылдың соңында елге табаны тиді. Зарыға күткен баяғы Сабанбай атасы атастырып кеткен Айзада Өтейқызымен отыз жасқа толғанда барып бас қосты да, үйреншікті желден жүйрік жылқыны бағуға шықты. Мұнда да абыройлы болып «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.
***
Осы мән-жайларды ой елегінен өткізіп барып, қызыл шапкалы офицер Іскендірге:
– Қалай, әке өмірінен қалыс қалған тұсы бар ма? – деп сұрадым.
– Жо-жоқ, бәрі дұрыс. Әйтсе де, менің ата-бабамның қолдан жасалған ашаршылық пен қуғын-сүргінге ұшырағанынан хабарыңыз бар ма, жоқ па мен сол сормаңдайлардың ұрпағымын ғой...
– Әй, әй, Іскендір, басыңды көтер, не дедің?
– Әлгіде болыс та, ауқатты да болған деп Сабанбай атамның есімін атадыңыз ғой. Менің әкем – Орынбасар, Орынбасардың әкесі – Жәкен, Жәкеннің әкесі – сол бай Сабанбай. Ол атамыз 1846-1921 жылдар аралығында өмір сүрген. 75-де қайтыс болған. Арғы бабамыз Қалмақшы баласы Ақбайдан қыруар мал қалған. Әуелі ешкі жинапты. Ешкілері егіздейді. Соны ірі қараға айналдырған. Таза маңдай тері ғой. Сол көп мал Сабанбайға қалады. Сабанбайдан үш бала тарайды. Үлкені – Жәкен 1918 жылы 37 жасында өмірден өтті. Бұл – менің атам. Одан кейін 1894 жылы туған Сыдық пен 1897 жылы туған Сахи бар. Мал-мүлік осы екеуіне қалады. Ағайын-туыс пен жетім-жесірлеріне қамқор болып, барды бөлісіп, тату-тәтті өмір сүреді. Қазіргі «Көнту» стансасы мен Торғай аймағына дейін малдары жайылады екен. Кемтарға көмегін аямаған. Енді қызылдар келіп, бай-манапқа бүйедей тимей ме? Не жазығы барын қайдам, маңдай терін сыпырып мал өсіріп, ел-жұртты асырағаны үшін бе? Мал-мүлкін тәркілейді. Мал кеткесін қазақтан күй кетеді. Бір деректерде Қазақстанда 1929 жылға дейін 44,7 млн мал болса, сонша қалың малдан 1934 жылы 4,5 млн бас мал қалады. Сұмдық қой!.. 40 млн жоқ болды. Донбасқа, Кузбасқа, Магнитогорскіге, Днепрогорскіге ет болып тоғытылды. Өзіміздің Арал ауданында да 1930 жылы 890 бас ірі қара мен 9000 бас майда мал сыртқа айдалса, 1931-де оның саны 14 мың бас ірі қара мен 73,5 мың жандыққа жетеді. Сосын да ашаршылық болмай қайтеді? Осы жылдары жұрт Арал теңізі портындағы үлкенді-кішілі кемелермен Мойнақ пен Нөкіске ағылды. Ашыққан халық бас көтерді. Тек 1930 жылы Қазақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасы (ОГПУ) 4970 қылмыстық іс қозғап, 17839 шаруа адамын жауапқа тартты. Қызылорда аймағының өзінде отызыншы жылдардың басында оннан астам қарулы көтеріліс болғанын оқығанмын.
– ОГПУ құжаттарында «Қарақұм көтерілісі» деген атаумен қалған ұлт-азаттық көтерілісінің орталығы «Сарман қожа» мешітінде орналасқан екен...
– Иә, иә... осы «Қарақұм көтерілісіне» жоғарыда есімі аталған Сыдық пен Сахи көкелерім де белсене араласты. Осы дүмпуге байланысты Қазақстан ОАК жанынан халықпен келіссөз жүргізуге құрылған, төрағасы Ә.Жангелдин, мүшелері С.Сейфуллин, И.Юсупов, Ғ.Мүсіреповтер келіп, бірнеше бөлімнен тұратын халық талабын хаттамаға түсіреді... Бірақ уәде орындалмайды. Мал-мүліктен ада болып, мұның арты қуғын-сүргінге ұласатынын сезген Сыдық пен Сахи бала-шағасын шұбыртып, Қарақалпақстанға қашады. 4-5 жылдай со жақты паналайды. Сөйтсе де НКВД ізіне түскенін қоймайды. Екеуінің де отбасын қайырып әкеліп, Сабанбаев Сыдық пен Сабанбаев Сахиды Ақтөбе облысы УНКВД үштігі отырысының қаулысымен 1937 жылдың 25 қарашасында 10 жылға бас бостандығынан айыруға соттап, жазасын еңбек түзеу лагерінде өтеуге үкім етеді де, қиырдағы Алтай округіне айдалып кете барады. Улап-шулап жетім-жесір қалды.
– Сондағы тағатын айыбы не?
– Міне, міне, – деді Іскендір «Аса құпия» деген Ақтөбе облысы УНКВД үштігі мәжілісінің көшірмесін қолына алып – №6-шы ауылдың тұрғыны Сабанбаев Сыдық Кеңес үкіметіне қарсы белсенді түрде үгіт жүргізіп, «Бізге еркіндік береді деген Сталин конституциясы шылғи өтірік, бұл үкімет ұзақ өмір сүрмейді, жақында жапондар басып алады» деп жазылған. Сабанбаев Сахиға да осындай айып тағылған.
– Сол айдаудан оралмады ма?
– Қырық үш жасында кеткен Сыдық көкем елу үш жасында қу сүйек болып келеді. Ал Сахи көкеден еш дерек жоқ.
– Іздестірген шығарсыздар?
– Бұл сауалға жауап қайырмастан бұрын өзім жөнінде айтайын...
– Иә, айтыңыз.
– 1960 жылғымын ғой. Әкем жылқышы болғандықтан қаладағы №2 мектеп-интернатқа оқуға келдім. Оныншы сыныпты №13 мектептен бітірдім. Бір жылдай «Приарал» кеңшарында қатардағы жұмысшы болдым. 1978 жылы әскери борышымды өтеуге шақырылып, КСРО-ның әскери-теңіз флотында үш жыл қызмет еттім. 1981 жылы босап, баяғы «Приарал» кеңшарындағы шаруаға қайта кірістім. 1982 жылы Қарағандыдағы заңгерлер дайындайтын институтқа түстім.
– 22 жасыңда ма?
– Иә, жан-жағымды көріп, есейіп барып түстім. Институтты 1987 жылы бітіріп, Торғай облысының Аманкелді Иманов атындағы ауданына тергеушілікке жолдама алдым. Торғай облысы 1988 жылы жабылды да, ауысу тәртібімен Арал ауданының ішкі істер бөліміне тергеуші болып келдім. Кейін ірі мекемелерде заңгер, адвокат қызметін де атқардым. Қазір зейнеткермін.
– Қашан үйлендің?
– Институтты бітіруіме, яғни 1987 жылы 27 жасымда Бағдагүл Әбдіхалыққызына үйлендім. Ол ұстаз еді. Бала-шағалымыз. Мырзажан – полицай, Жансая мен Жадыра – жоғары білімді құрылысшы-экономист. Дәулетжаным Алматыда студент. Шүкір, жақсымыз. Сыдық пен Сахи аталардан да ұрпақ бар. Тәуелсіз ел болған соң, аталарды іздедім. Не болды? Жазықсыз жазаланғаны рас. Ақталуы керек. Жер-жерге хабар салдым. Сонымен Сабанбаев Сыдықтың бұрынғы 10 жылға бас бостандығынан айыру жөніндегі қаулының күші жойылып, Қызылорда облыстық соты Президиумының 1988 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен ақталды.
– Ал Сахи көкең ше?!
– Көп жерге сұрау салдым. Жерленген жері де беймәлім болып қалды. Дегенмен, ол кісі туралы да бұрынғы қаулының күші жойылып, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы 1993 жылдың 14 сәуіріндегі ҚР Заңының 2-бабына сәйкес Сабанбаев Сахи қуғын-сүргін құрбаны деп танылып, ақталды.
– Әне, аға, күрмеуі көп, күрделі мәселенің жайы осылай, – деп әңгімесін тәмамдап барып тыныстады.
***
Кезінде дүркіреп дамып, кейін ыдырап құрдымға кеткен әр империяның түбіне жеткен бір-ақ нәрсе дейді даналар.
– Ол не?
– Әділетсіздік екен!
Кешегі мызғымас деген КСРО да сол әділетсіздіктен құрдымға кетті емес пе? Әлгі зұлым, қазақ халқын қуғын-сүргінге айдаған Голощекин деген қақбас та өзі құрған жүйенің құрбанына айналып, 1941 жылдың қазан айында атылып кетті ғой. Үні өшкірдің үні солай өшті-ау!
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер,
Арал қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |