Ғылымда өшпес ізі қалды

«Адам баласының бойындағы ең жаман әдет – уәдені көп беріп, орындамау. Сөзі байламды адамдарды ұнатамын». Бұл – Толыбек ағаның ісінің берекесі жоқ адамдарға ренжігенде айтатын сөзі еді.

Толыбек Қуанышбаев – білім-ғылымға деген ойымды қалыптастырып, шыңдаған ұстазым. Өмірге басқаша көзқарасымның қалыптасуына да себепкер болған. Сол жылдары факультет деканының орынбасары болып жұмыс істедім.

Қандай тапсырма болмасын, іс-шараларды ұжымның талқысына салып, бірауыздан көпшілікпен шешетін. Ешқашан «мен» деп қара басының қамын ойлаған емес. Шын мәнінде білім алушыларға жанашыр ұстаз, отбасының қазығы болатын. Адамды сыйлай білетін ақ көңіл, ақ жарқын, жайдары мінезді азамат еді.

Толыбек Досайұлының ғұмыры қысқа болғанымен, артында сый-құрметін көрген үлкен-кіші, ғылымдағы өшпес еңбектері қалды. Ол кісі небәрі 46 жыл өмір сүрді. Артында алтын асықтай ұлы мен қызы өмірінің жалғасындай өркендеп келеді.

Толыбек ағай Сыр сүлейлері туып-өскен, қасиетті Қармақшы жерінде 1952 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген. Орта мектепті де осы жерде тәмамдады. 1969 жылы арман қуған жас бала С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсті. Университет қабырғасында мәдени-көпшілік шараларға атсалысып, өзінің өнерге деген қызығушылығын дамытты.

1974 жылы университетті бітіріп, сол жылдары Қызылорда облысы Тереңөзек ауданындағы №36 орта мектепке химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Ол мектепте 1976 жылға дейін жемісті еңбек етіп, ғылымға қызығушылықпен институтта жалғастырды. 1976-1980 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының химия кафедрасында аға лаборант, 1983 жылдан бастап химия кафедрасында оқытушылық қызмет атқарды.

Доцент Толыбек Досайұлы Қуанышбаевтың 1994-1998 жылдары факультеттегі декандық қызметінің орны ерекше еді. Сол жылдары факультет ұжымының ауызбіршілігі, ұйымшылдығы мықты болатын.

Толыбек Досайұлы әсіресе, студенттердің практикалық іс-тәжірибесінің өз деңгейінде өтуіне ерекше қарайтын, қатты қадағалап отыратын. Ол кісінің айтуынша, аудиториядағы он сағат отырып, алған теориялық біліміңнен, бір рет толыққанды, мағыналы өткен практикаң әлдеқайда пайдалы әрі тиімді. Шындығында да, солай екеніне көзім жетті.

Ол жылдар тоқыраудың құрсауынан басымызды енді көтерген кез-тұғын. Далалық практика түгілі, аудиториядағы сабақты өз дәрежесінде жүргізу екіталай еді. Өйткені, қаржы тапшы, ал әр практикалық сабаққа қаншама құрал-жабдықтар, препараттар қажет. Оның барлығын тауып, сабақтың өз деңгейінде өткізілуіне, тығырықтан жол табуда Толыбек ағайдың ролі күшті болды.

Ол кісі – декан, мен – деканның орынбасары, ұжым мүшелері мен студенттер барлығы бір адамдай бірлесіп, факультеттің түрлі оқу-тәрбиелік, спорттық-мәдени, қоғамдық іс-шараларына атсалысып, барынша белсенділік пен ұйымшылдық көрсете білдік. Басталған істің қасында ұстазымыз жүрсе, міндетті түрде нәтиже жоғары болатын. Сондықтан да одан үйренеріміз көп болды. Әттең, өкініштісі, ағамыздан ерте көз жазып қалдық.

Осы естелік арқылы жайдары да жайсаң жанның ізгі қасиеттерін жастарға үлгі етуді мұрат тұттық.


Самалбек ҚОСАНОВ, 

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ жаратылыстану институтының директоры,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

ТАҒЫЛЫМ 05 қараша 2019 г. 692 0