« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қаламгер болған соң Сыр аймағының түкпір-түкпіріне іссапарлап, бітім-болмысы бөлек тұлғалармен тұз-дәмдес болып, ашық-жарқын әңгімелесеміз. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» деп қазақ айтқандай, бар ғұмырын ұрпаққа ұлағат етуді мұрат тұтып, ізгілік шуағымен жадыраған жандардың артында өшпес із, өлмес мұра қалады. Осындай айтулы ақсақалдардың бірегейі, текті әулеттің тұяғы, бүгінде 80 жасқа толған Кішкене Айбосынов десек, ақиқат жолынан жаза баспаған болармыз.
...Біздің ауыл – Арал теңізі жағасына қоныс тепкен «Бірлестік» ауылы, бертін келе Жамбыл атындағы балық колхозы аталатын. Ол кезде Арал теңізінің ақбас толқындары жарыса жүйткіп, жағаны ұрғылап жататын. Аспанда ақ шағалалар шаңқылдай ұшып, теңіз төскейінде аққулар сылана жүзіп жүретін. Әсіресе, мұрныңды жарып, тынысыңды кеңейтіп жіберетін жусан иісін айтсаңшы.
Ұмытпасам, 5-сыныпта оқитын кезім. Ауылымызға газет-журналды «Попов» атты темір кеме таситын. Күн сайын сәскеде кеме жаңғырығын асыға күтуші едік. Кеме қалай жаңғырық салды, солай хат тасушы екеуміз ескекті қайыққа отырып, газет-журналды алып келетінбіз. «Қазақстан пионері», «Балдырған» газет-журналдарында жарияланған жазбаларымды көріп, бір марқайып қалатынмын. Бір күні Аққали көкем:
– Балам, мына Сексеуіл деген елді мекенде түп нағашың Дәуренбек атты ақсақал бар. Қаламың ұшталсын десең, сол кісінің батасын ал. Дәукең оқығаны мен тоқығаны мол адам. Ал, кеттік, – деп мені ат артына мінгізіп алды.
Түс ауа Дәуренбек ақсақалдың үйіне де келіп жеттік. Жасы жетпіс жетідегі Дәукең үй сыртындағы сәкі үстінде том-том кітапты парақтап отыр екен. Аман-саулық сұрасқан соң арнайы ат басын бұрғанымызды айтып, ақсақалдың батасын алдық.
Кішкене аға жайлы жазбас бұрын тегі жайлы аз-кем айтпасқа болмас. Кішекеңнің әкесі Дәуренбек ақсақал – 95 жыл ғұмыр кешіп, артында өшпес із, өлмес мұра қалдырған аяулы жан. Заманында балық колхозының басқарма бастығы, балық зауытының партком хатшысы, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарып, өнегелі өмір жолымен жаза баспай жүрген Дәукең есімі ел есінде. Ал жұбайы Ақбөпе үй шаруасында болып, 92 жыл ғұмыр кешті. Қосағымен қоса ағарған қос бәйтерек өмірге 4 ұл, 3 қыз әкеліп, тәлімді тәрбие беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде есімдері елге танымал болған Шыңғыс, Кішкене, Жақау Дәуренбековті білмейтіндер кемде-кем болар. Шыңғыс пен Кішкене ағаларымыз кезінде партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрсе, Жақау – қарымды қаламгер, белгілі жазушы. Ендеше, ендігі сөз кезегін Кішкене Айбосыновтың өнегелі өмір жолына берелік.
Кішкене 1939 жылдың қараша айында кезіндегі Қазақстан аталатын балықшы ауылында өмір есігін ашты.
– Ол кезде біздің ауылдың айналасы көл болатын, яғни «Үшкөл» аталатын. Ақбас толқындары жағаны ұрғылап жататын теңіз жағасына қоныс тепкендіктен, «Сарыбасат» атты балық зауыты болды. Таң білінер-білінбесте толқынды теңіздің төскейіне кеткен балықшылар кешқұрым қайық тола балықты зауытқа тапсыратын. Бүгінде «Үшкөлдің» ғана емес, теңіздің тартылғаны да көңіліме кірбің ұялатады. Елбасының тікелей бастамасымен «САРАТС» жобасының іске асуы ертеңгі күнге күдікпен емес, үмітпен қаратады, – дейді Кішекең.
Иә, айтса айтқандай, теңіз бесігінде тербетіліп өскен ол ерте есейді. 1957 жылы Сексеуіл кентіндегі №47 теміржол мектебінен онжылдық дәріс алған ол Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға қабылданып, 1962 жылы математик-програмист мамандығын иеленеді. Кішекеңнің еңбек жолы кезіндегі Кеңестер Одағы Қорғаныс министрлігінің жолдамасымен әскери полигонда инженер-программист болудан басталды.
– 1965 жыл болса керек. Сол кездегі Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетовтің шақыртуымен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келдім. Шынымды айтсам, жастармен жұмыс істеу арқылы жинақтаған тәжірибе оң нәтижесін берді. Арал аймағындағы комсомол-жастар арасындағы саяси-тәрбие, мәдени-әлеуметтік шаралардан қалыс қалмаушы едік. Әсіресе, жастарды аралдықтардың ата кәсібі – балық шаруашылығы мен мал шаруашылығына тартып, азық-түлік молшылығын жасауға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп араласатынбыз, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің өмірдерегіне көз салсаңыз, сауатты да салауатты, білікті де білімді азаматтың басшылық қызметте сатылап өскеніне тәнті боласыз. Таудай талабы бар жігіт алға қарай талпына түсті. Жақсыдан үйренді, жаманнан жиренді, яғни өзін-өзі шыңдады. Білмегенін өмір үйретті, қателескен жерін өзі түзетті. 1972-1974 жылдары білімін жетілдіру мақсатында Алматы Жоғары партия мектебінен тәлім-тәрбие алған ол Арал аудандық партия комитетінің партия комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті он екі жыл бойы абыроймен атқарып, 1986-1990 жылдары аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, ал 1990-1991 жылдары аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды.
– Маған, – дейді үзілген әңгіме жібін қайта сабақтаған Кішекең, – заманында дүркіреп тұрған парткомиссия мен халықтық бақылау комитетінде ұзақ жылдар қызмет жасағандықтан, жүктелген міндеттің жауапкершілігі мол болатын. Әсіресе, кадрлар арасында орын алған келеңсіз әрекеттерді, психологиялық ахуалды мұқият зерттеп, таразыға салушы едік. Шынымды айтсам, кейбір келеңсіз шаруашылықтар мен мәнісі кеткен мекемелердің басшылары қызметтерімен қош айтысып, орындары іскер де қабілетті кадрлармен толықтырылғанына өз қолтаңбамды қалдырғаным бар. Осыларды іске асыру нәтижесінде аудан тұрғындары мен басшылықтағы кадрлар арасындағы араздықтар мен түсінбеушіліктер әжептәуір азайып, психологиялық ахуал жақсара түсті. Содан болар, 1990 жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындалдым.
Сөз кезегінде ағама:
– Кішеке, сіздің өмірлік тәжірибе жинап, өркен жаюыңызға шарапаты тиген тектілер болған шығар? – деген сауалымызды тастағанбыз.
– Болғанда қандай. Тәкей Есетов ағамыздан тәлімді тәрбие алдым. Оның қарамағында қызмет атқарған жылдары көп нәрсені ұғына білдік. Ол кісінің киім киісі мен жүріс-тұрысына қызыға қараушы едік. Ал, қызмет үстінде қандай да бір мәселені қарағанда орайын келтіре шешім қабылдайтын. Талқылауды созбалаңға салмай, нақтысын ғана айтатын. Қоңыр даусымен салмақтап айтқан сөздері тиісті адамға балғамен ұрғандай дөп тиіп жататын. Содан болар, біз Тәкеңе қарап бой түзеуге тырысып бақтық. Бір сөзбен айтқанда, байыпты да байсалды Тәкең өзгелерден оқ бойы озық, текті тұлға екендігін айтпай-ақ аңғартушы еді.
Сондай-ақ Арал ауданы басшылығында болған Бодаш Уәлиев ағамыз туралы да көңілімізде жүрген ілтипатымызды ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз. Бұл кісі мені аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындаған. Тонның ішкі бауындай бірлесе жүріп қызмет жасадық. Бөкеңнің бойында адалдық, адамгершілік, жүктелген іске аса жауапкершілікпен қарайтын ізгі қасиеттер үйлесімді ұштасып жататын. Тумысынан турашыл, ақиқатты ғана мұрат тұтушы еді. Ешкімнің ізіне шам ала жүріп түспейтін, қудалау дегенді білмейтін. Осындай айтулы азаматтардан тәлім-тәрбие алғанымды күні бүгінге дейін мақтаныш етемін. Айтқандай, Тәкең мен Бөкең басшылықта болған жылдары аудан мал шаруашылығы саласында Қазақстанда ғана емес, Одақта жыл сайын көш басында тұратын.
Кішкене ағамыз жақсы жандармен қызметтес, сыйлас та сырлас болғанын да мақтаныш етеді. Саралап айтар болсақ, Кішекең Сейілбек Шаухаманов, Абылай Айдосов, Болат Қарғабаев, Аманкелді Құдайбергенов, Сатула Сәдуовпен қызметтес болғанын сағынышпен еске алады.
Кішекең де өзіне тетелес інілеріне сенім артып, олардың басшылық қызметке сатылап шығуына септігін тигізген. Солардың бірі кезінде облыстың бірнеше ауданында басшылық қызметтер атқарған, бүгінде Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев былайша еске алады.
– Ол кезде аудандық комсомол комитетінің белсенді мүшесі ретінде мен Қамбаш елді мекеніндегі орта мектепте қызметте болатынмын. Бір күні аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Айбосынов Кішкене ағамыздан шақырту келді. Барғанымда құшақ жая қарсы алған ол кезінде дүркіреп тұрған «Аралбалық» өнеркәсібі комсомол комитетінің (аудандық комитет құқындағы) хатшысы қызметіне кандидатурамды ұсынды. 1500-ден аса комсомол мүшесі бар мұндай іргелі салада жастар хатшысы болып бару екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болатын. Құп алдым. Менің өсіп, өркен жаюыма алғашқы баспалдақты салып берген Кішекең болатын, – дейді.
Іскер де талапшыл, саяси сауатты, сарабдал азамат аудан ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған. 1963-1992 жылдар аралығында халық депутаттарының Арал аудандық кеңесінде депутат, ал 1965-1991 жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған Кішекең ел-халықтың аманатын орындаудан, бюро мәжілісінің қаулысын, пленумдарда хатшының баяндамасын дайындаудан, облыстық алқалы жиындарда сөз сөйлеуден, қайсыбірін санамалап айтарсың, қандай бір шарадан болмасын қағыс қалмаған. Шаршау дегенді білмеген.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Жіңішкеқұм» совхозының директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін атқарып, саланың тоқырау жылдары аяғынан тік тұруына да өз үлесін қосты. Бертін келе «Баршақұм» ауыл шаруашылығы акционерлік қоғамының президенті, аудандық «Алым жинау орталығының» директоры қызметтерін абыройлы атқарып, еңбек демалысына шықты. Кішкене аға Айбосынов бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы қызметінде қоғам өміріне бір адамдай атсалысып-ақ жүр. Ардагерлер арасындағы жұмыстарды уақыт талабына сай жүргізе отырып, қоғамдық ұйымдармен, әкімдіктермен тығыз байланыс жасауды мұрат тұтқан.
Сөз орайы келгенде айтқанымыз жөн болар, Кішкене ағамыздың қай саладағы болмасын еңбегі ескерусіз қалған емес. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенде бір емес екі мәрте Бүкілодақтық лениншіл-комсомол жастар одағының «Құрмет грамотасын» алып, 1970 жылғы осы одақтың ХVІ съезіне делегат болып қатысуы тектен-тек болмаса керек. Сондай-ақ Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен берілетін «Құрмет грамотасын» да екі мәрте иеленген. Кішекеңнің кеудесінде кезіндегі Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің указымен берілген «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» қос бірдей медалі бар. «Қазақ ССР-нің 50 жылдығы», «Астана қаласының 20 жылдығы» мерекелік медальдарын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, халық депутаттары облыстық Кеңесі, Қазақ ССР Халықтық бақылау комитеті, облыс әкімі мен мәслихатының Құрмет грамоталарын алған. Кішкене аға – Арал ауданының Құрметті азаматы.
Кішекең өмірлік жар таңдауда да жаза баспапты. Екі жақсы қосылып, өркенді де өнегелі отбасы болды. Құдай қосқан қосағы Тиыштық екеуі өмірге алтын асықтай ұл мен қыздар әкелген. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, олардың бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Кішекеңмен әңгіме соңында:
– Кішеке, ұрпақтарыңызға данагөйлікпен дәріс, батагөйлікпен берер бағыт-бағдарыңыз бар болар? – деген сауалымды тастағанмын.
– Шүкір, – дейді Кішкене аға, – жасым келсе де, жігерім жасымаған. Жоғарыда айтқандай, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі басшылығындамын. Содан да ұрпақтарға айтар ұлағатымыз жетерлік. Айтайын.
Біздің заманда ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, ұрыс-керіс, мансапқорлық пен бәсекелестік, біреуді аяқтан шалу деген ойымыз түгілі түсімізге кірмейтін. Мемлекет мүлкін ұрлау, болмаса ашылып-шашылып жатқан мал-мүлікті бас пайдасына жаратушы жан болмайтын. Қайта бір-біріне қамқор қолын созатын. Ал, бүгінде халықтың емес, қара басының қамын ойлап, ақ жолдан жаза басып жүрген жандар баршылық. Біз жасарымызды жасадық, асарымызды асадық. Еліміздің ертеңі – ұрпақтарға айтарым: ел-халық үшін қолыңнан келер іс қылсаң, құрметке бөленесің.
Адамның атын тану оңай да, оның адамгершілігін тану аса қиын екен. Оның өмірлік жолында қуаныш та, реніш те, ерлік те, оны айтасыз еңсе түсіріп, еңкейтер сындарлы сәттер де болады. Бұл – өмір заңы.
Міне, бүгінде сексен жасқа толып отырған Кішкене аға Айбосынов та осындай өмір заңымен жаза баспай жүріп келеді. Ол кемеліне жетіп, ақылы мен парасаты арқасында айналасына жан шуағын шашумен жүріп келеді, жүре бергейсің...
Еркін ӘБІЛ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |