ҚЫРЫҚ ШЫРАҚТЫ АНА

ҚЫРЫҚ ШЫРАҚТЫ АНАХалықта «әйелдің қырық жаны бар» деп айтып жатады. Бәрі менің еркімде болса, мен айтар едім «әйелдің, оның ішінде қазақ әйелінің қырық шырағы бар» деп. Сондай қырық шырақты ананың бірегейі Бибіажар Қалымбетова. Облыс жұртшылығына белгілі қайраткер, ана мен бала қамқор­шысы, қорғаушысы Бибі­ажар Қалымбетованың бұл фәниден өткеніне де жыл толыпты. Кеше ғана ортамызда ойнап-күліп, өзінің әдемі әзілімен, өткір мінезімен, сыңғырлаған күлкісімен, сызылтып салатын әнімен есімізде қалып қойған Бибіажарды бүгін жоқ деу қандай қиын, дүние жалған деген осы екен ғой.

Ұзақ жылдар бойы атқарған қызметтеріммен қоса менің үнемі зерттеп, ізденіп жүретін тақырыбымның бірі – қазақ әйелдерінің тағдыры, қасиеттері, ерекшеліктері еді. Көптеген мемлекеттер, ұлттар, ұлыстардан шыққан әйелдермен салыстырғанда қа­зақ әйелдерінің өмірдегі орны да, төзімділігі де, қайсар-қайрат­тылығы да, отбасына, туған-туыстарға, құда-жекжаттарға мейі­рімі мен ізеттілігі де ерекше. Қазақ қыздары жаугершілікте атқа қонып ел қорғаған, жауапкершілікті мойнына алып, ел тағдырын шешкен басшы болған, отбасының ұйытқысы адал жар, асыл ана, еңбектен бақытын тапқан Еңбек Ері, дүниеге ұрпақ әкеліп, көп балалы Батыр ана атанатын да солар. Біз білетін Бибіажар Қалымбетова осындай қайсар да қажырлы, білімді, шебер ұйымдастырушы қазақ әйелдерінің бірегейі еді.

Бибіажар Медетбайқызын медицина саласының білгірі, ана мен бала қамқоршысы, жанашыры акушер-гинеколог ретінде ертеректен білетінмін. Еңбек жолын Қызылорда қалалық перзентхана мекемесінде дәрігер акушер-гинеколог ретінде баста­ған ол 1972 жылдан бастап бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін, 1983 жыл­дан қалалық перзентхана жанындағы гинекологиялық аурулары бар әйелдерге арналған емдеу мекемесінің бас дәрігері болды.

1984 жылдан 1994 жылға дейін Қызылорда облысының бас акушер-гинекологы болып абыройлы еңбек етті. Осы қызметте жүргенде біз Бибіажар Медетбайқызымен жиі кездесіп жүрдік. Ол кісі облыстың барлық аудандарын аралап, өзі басқарып отырған сала жөнінде, ана мен баланың денсаулығын қорғау жөнінде, экологиялық апат аймағы болып есептелетін біздің облысымыздағы ана мен бала өлімін төмендету мәселелерін барлық деңгейдегі басшылар, медициналық мекемелер, жұртшылық алдына батыл қойып, өзі қозғап отырған күрделі мәселелердің шешімі табылғанша тыным таппайтын. Облыстық деңгейдегі үлкен жиналыстарда да өзі басқарып отырған сала бойынша өзекті мәселелерді қорғайтын. Осы жұмыста өз ісін жақсы білетін маман, ақылшы-ұстаз, үздік ұйымдастырушы, жоғары санатты дәрігер екендігін дәлелдеді. Осы уақыт аралығында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, мамандармен жұмыс, жаңа диагностикалау және емдеу тәсілдері, жаңа медициналық құрал-жабдықтар алу мәселелері бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етті.

Бибіажар Медетбайқызы 1995 жылдан бастап 2003 жылға дейін Қызылорда біріккен қалалық пер­зентхананың бас дәрігері қыз­метін атқарды. Бас дәрігер ретінде ол кісі перзентханаға түскен аналар мен дүниеге келген сәбилердің денсаулығын сақтаумен қоса, осында жұмыс істейтін қызметкерлердің жағдайын жасауды да ешуақытта естен шығармайтын, сондықтан да осы уақытқа дейін ол кісімен қызметтес болған әріптестері үлкен ықыласпен, қимастықпен еске алады. Осы қызметте жүргенде Бибіажар Медетбайқызы 1999-2003 жылдардағы екінші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. 4 жыл бойы облыстық мәслихатта бір­ге жұмыс атқардық, ол кісінің бұрынғы біз білетін адамгершілік қасиеттері, қайраткерлік қырла­ры, ұйымдастырушылық қабілет­тері ашыла, толыса түсті. Об­лыстық мәслихаттың депутаты ретінде өзі сайланған округ сай­лаушыларының өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін атқарушы ор­ган­ға дер кезінде жеткізіп, орындалуына ықпал етіп отыратын. Халық қалаулысы ретінде бір ғана өзі басқарып отырған перзентхана, ана мен баланың денсаулығын қорғау ғана емес, бүкіл облыстың денсаулық сақтау саласының проблемалық мәселелерін тұрақты комиссиялар отырыстарында, сессияларда батыл қолдап, қаражат бөлінуге ықпал жасап отырды.

Әрине, ол кісінің ең бас­ты, әрі маңызды міндеті – ол перзентхананың жұмысы, ана мен баланың денсаулығы еді. Қалалық перзентхананың ескі ғимаратта орналасқанын, жаңа ғимарат салу керектігін облыстық мәслихаттың сессияларында арнайы мәселе етіп қоятын. Өз республикамыздағы денсаулық сақтау саласының, оның ішінде ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі озат тәжірибелерді ғана үйреніп қоймай, Бибіажар Медетбайқызы көп жылдар бойы Халықаралық ұйымдармен де жұмыс жасады. Бұл үшін перзентхана екі рет ДДСҰ мен ЮНИСЕФ тарапынан «Бұл дәрігерлік мекеме сәбиге тек жақсылық тілейтін, ана сүтімен қоректендірудің он түрлі принциптерін де іс жүзіне асырған аурухана екені мойындалған» деген үлкен мәртебеге ие болды. Перзентхана әйелдерінің репродуктивтік денсаулығын қорғау салалары бойынша БҰҰ-ның халықты қоныстандыру халықаралық Қорымен бірлесе жұмыс істеп, онда облыстық тренинг орталығын ашуға үлес қосты. Халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқаруының арқасында перзентхана медициналық аппараттармен жабдықталды. Нәрестелер үшін өкпені жасанды желдету аппараты, кювездер, қыздырғышы бар құндақтау үстелдері, оттегіні бөліп шығаратын қондырғылар қаншама перзенттің өміріне араша болды. Осындай жанкешті еңбегінің арқасында ол мыңдаған сәбилердің кіндік шешесі атанды, жүздеген ана мен баланы ажалдан арашалап қалды.

Облыстық мәслихаттың де­пу­та­ты ретінде Бибіажар Медет­байқызымен қоғамдық жұмыстар атқаруда да, әріптес ретінде адами қарым-қатынаста да көп ара­ластық. Өз қызметін де, депутаттық міндетін де шебер ұйымдастырушы, ыждағатшыл, адал, әділетті Биекең адами қарым-қатынаста мінезі ашық, күлдіргі, әзіл әңгімелерді көп білуші еді, мейірімді, айналасына нұр шашып отыратын, бір сөзбен айтқанда отырыстың, дастарханның гүлі еді. Ол кезде біз әр сессияның алдында «Депутат күнін» өткізетінбіз. Бір саланың, басқарманың жан-жақты қызметімен танысып, сол салаға байланысты әрбір депутат өз округі бойынша сауалдарын қойып, тиісті жауап алатын. Барлық ресми кездесу, пікір алмасу, мәселе шешу аяқталған соң, дастархан басына жиналатынбыз. Сондай кезде тізгінді Биекеңнің қолына беретінбіз, ол кісінің сызылтып салған әндерін айтсайшы. Бибіажар Медетбайқызының сайланған округін бірге аралайтынбыз, ол кісі Қызылорда қаласынан сайланды, ол округке мұнай кеніштері кіретін, бірге «Петро-Қазақстан Құмкөл-мұнай», «Ақшабұлақ» мұнай кеніштерін аралап, жұмысшыларға, әсіресе, жергілікті жерден қабылданған жұмысшы-қызметкерлерге жасал­ған әлеуметтік жағдайларды зерттейтінбіз. Сондай кездерде ол кісі перзентханамен үнемі хабарласып, босануға келген, жағдайы күрделі аналарды сұрастырып, қайтуға асығып жүретін. Өзінің айтуы бойынша күн-түн демей хабар күтіп, мезгілсіз уақытта да көмек көрсетуге дайын тұратын. «Әрбір ана сәбиін дүниеге аман-есен әкелсе, екеуінің де денсаулығы жақсы болса қуанамыз, біздің облыс экологиялық апат аймағы ғой, аурудың түрі көп, екіқабат әйелдерге дұрыс әлеуметтік жағдай да жасала бермейді, соның кесірінен қайғылы жағдайларда болады, ондайда қатты қиналамыз, біздің де қолымыздан келмейтін жағдайлар болады», – дейтін.

Бибіажар Медетбайқызы қай­рат­кер, басшы, парасат пен ізгілік иесі, ұстаз, адал жар, асыл ана, ардақты әже бола білді, үлкен отбасының ұйытқысы еді, ұл-қыз өсіріп, олардың бәрін оқытып, елдің елеулі азаматтары етіп тәрбиеледі. Көп жылғы жанкешті еңбегі, қалтқысыз қызметі бағаланып, бірнеше рет облыстық, қалалық әкімгершіліктен, денсаулық сақтау басқармасынан Құрмет Грамоталарымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасы денсаулық сақтау ісі­нің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Па­расат», «Алтын дәрігер» медаль­дарымен марапатталған, үл­кен құрметке ие ардақты жан. Бибі­ажар Қалымбетованың арманы көп еді, ол кездерде денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы төмен болатын, әсіресе, ауылдық жерлерде ғимараттар өте ескі болатын, жаңа құрылыстар салынса дейтін, оның ішінде «Ана мен бала орталығы» туралы көп айтатын, қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласына басты көңіл бөлініп, жыл сайын ондаған жаңа нысандар салынып, соңғы үлгідегі медициналық техникалар алынуда. Жақында «Ана мен бала орталығы» (перинатальный центр) ашылды, осы нысан ашылып жатқанда, Биекең тірі болғанда ашылу салтанатын өз көзімен көріп, арманының орындалғанын айтып сөйлейтін еді деген ой есіме оралды.

Сыр елінің ғана емес, тұтас еліміздің медицина саласында өзіндік орны бар аяулы есім – Бибіажар Медетбайқызының саналы ғұмырында жеткен жетістігі әрқашан үлгі-өнеге болып қала бермек. Ана мен бала тағдырын өз тағдырынан жоғары қойып, ұлт болашағы үшін күрескен аяулы жанның халыққа деген ықыласы ешуақытта естен кетпейді деп білеміз. Өйткені жақсы ұстаздың артында жалғаушы шәкірттері болады.

Бибіажар Медетбайқызы Қа­лым­­бетова­­ның қалдырған ізі, елге жасаған қызметі ұмытыл­майды, мақаланың аты айтып тұрғандай қырық шырақты ананың өзі барда жаққан шырағы дүниеге келтірген ұрпақтары арқылы ешуақытта сөнбейді.

Алмагүл Божанова,

«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.


ТАҒЫЛЫМ 26 шілде 2014 г. 2 651 0