« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Халқымыздың мақтанышы, ұлы ойшыл-ақын Абай:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, — деген тарихи өлеңінің осы жолдарын профессор Темірхан Тебегеновке де арнап айтуға болатындай.
Өйткені, ол да балаға білім беруден жалықпай, елу жылға тарта ақырын жүріп анық басып, ұстаздық еңбек етіп келе жатқан азамат. Сыр өңірінің шалғайдағы Ақжар мен Қуаңдарияның ауылдық мектептерінен басталған оның мұғалімдік қызмет жолы Қызылорда қаласындағы №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте, сосын өзі тәмәмдаған жоғары оқу орны – Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының «Бастауыш мектепте оқытудың педагогикасы мен методикасы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедраларындағы оқытушы, аға оқытушы қызметтерімен жалғасты. Ол онда сол жоғары оқу орнындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ әдебиеті және араб тілі» кафедраларында конкурстық сайлау негізінде меңгерушілік лауазымды да ойдағыдай атқарды.
Бұл кезең кеңестік идеологияның нағыз дәуірлеп тұрған шақтары болатын. Ол кезеңнің ғылымға талаптанған жастарының көбісінің жолы қазіргідей емес, сонау төменнен басталатын. Мәселен, мұғалімдік мамандық иелері Оқу министрлігінің жолдамасымен ауыл мектептерінде тәжірибе жинақтап, аспирантураға түсетін немесе ғылыми ізденуші ретінде тіркеліп, ғылыми жұмысын жазумен айналысатын. Ал енді бірқатары жоғары оқу орындарына, не ғылыми зерттеу институттарына орналасып, өз зерттеулерін еңбек ете жүріп жалғастыратын.
Темкең де осы жолдардан абыроймен өтті. Өмірлік тәжірибе көрді, мұғалімдік мамандықтың да қыры мен сырына қанығып қалаға оралды. Одан соң сол кездегі астанамыз Алматы қаласындағы қарашаңырақ жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне конкурстан сайлау арқылы өтіп, доцент қызметіне келді. Мұнда да ғалым-ұстаз еңбек ете жүріп, докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ғылым докторы, профессор атанды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, екі бірдей қоғамдық (Гуманитарлық және Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр) академиялардың академигі, Жамбыл атындағы және «Бейбітшілік әлемі», Түркі әлемі «Қызыл алма» халықаралық сыйлықтарының лауреаты болды. Университеттің «Қазақ әдебиеті», «Қазақ әдебиеті және журналистика» кафедраларын басқарды. Бұл жеке бір адамның ғұмырындағы қол жеткізген аз шаруалар, оңай табыстар емес.
Профессор Т.Тебегеновтің ұстаздық еңбек пен ғылым жолындағы бағындырған биіктері, осынау жетістіктері тек санамалап айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе оның жарты ғасырға жуық мерзімдегі еткен еселі еңбегі мен төккен маңдай терінің көлемі қаншама қажыр-қайратты, ерік-жігерді, қисапсыз михнатты танытатынын айтпай-ақ білуге болады.
Темірхан Сақаұлы, тегінде, көпшіл, қоғамшыл, халықшыл, нағыз елжанды азамат. Оның ұстаздық қызмет ете жүріп, облыстық құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі болып сайланып, Қызылорда облыстық қоғамының төрағасы қызметтерін атқаруынан оның өмірлік ұстанымының белсенділігін танимыз. «Туған жерге туың тік» демекші, ол кісі осы күнге дейін туған ел, өскен жерінен алыс жүрсе де бүкіл Сыр өңірі облысының, сондай-ақ өзі туып өскен Қармақшы ауданының, білім алған оқу ордаларының, бүкіл ел-жұртының қоғамдық-саяси, рухани-мәдени, әдеби-көпшілік іс-шараларын ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып келеді.
Бұл қаламгер-ғалым, қайраткер-ұстаздың өн бойындағы биік елжандылық қасиетін, үлкен патриоттық сезімін, туған елі мен өскен жұртына деген жанашырлық пайым-парасаты мен перзенттік махаббатын көрсететін адамгершілік сапалық белгі екені даусыз.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, ол студенттер мен магистранттарға, докторанттарға сабақ берумен қатар жоғары білікті кәсіби мамандар даярлауда да елеулі үлес қосып келеді. Осы күнге дейін профессор Т.С.Тебегеновтің ғылыми жетекшілігімен 1 докторлық, 13 кандидаттық, 10-нан астам магистрлік диссертациялар қорғалып, бұл шәкірттері бүгінде еліміздің әр тарабында, әр салада еңбек етіп жүр.
Темірхан Сақаұлы ұстаздық қызметімен қоса оқулықтар, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік еңбектер жазып, типтік оқу бағдарламалар әзірлеу жұмысына да белсене атсалысып келеді. Бүгінде оның қаламынан туған 500-ден астам ғылыми еңбектер, тарихи-танымдық, әдеби-публицистикалық мақалалар студенттер жұртшылығы мен ұстаздар қауымының кәдесіне жарап жүр. Олардың ішінде 30-дан астам оқу кітаптары – 11 монография, 2 оқулық, 17 оқу құралдары мен БҒМ бекіткен 5 оқу пәнінің типтік бағдарламаларын айрықша атап айтуға тұрарлық. 15-тен астам ғылыми еңбектері Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Қытай, Түркия, Болгария, Өзбекстан, Қырғызстан секілді т.б. алыс-жақын шет елдерде жарияланған.
Ғалым-ұстаз университеттегі қоғамдық-мәдени іс-шараларға араласып,оқу ордасының С.Сейфулин атындағы әдеби-шығармашылық өнер бірлестігінің жетекшісі ретінде де бірқатар қоғамдық-рухани, әдеби-ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізіп жүр. Ол талай-талай жас талаптардың қабілет-қарымының қалыптасып дамуына игі ықпал етіп, олардың әдеби-көркем шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасады. Көптеген жас шәкірттерінің дарынын ашып,бағыт-бағдар берді, жазу өнеріне тәрбиеледі.
Тәжірибелі ұстаз шет елдердің де университеттеріне арнайы шақыртумен барып, дәрістер оқиды, магистрлік, Phd диссертациялар қорғау кеңестерінің жұмыстарына мүше ретінде қатысып тұрады. Айталық, 2016 жылдың мамыр-маусым айларында Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетіне барып «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ әдебиетінің эстетикалық табиғаты», «Шетел әдебиетінің тарихы» атты бірқатар пәндер бойынша дәріс оқып, магистрлік, Phd диссертацияларының қорғауына қатысып қайтты.
Профессор кезінде еліміздің Жоғары аттестациялық комитетінің филология және өнертану мамандандықтары бойынша сараптау комиссиясының мүшесі де болды.
Темірхан Сақаұлы Абай атындағы ҚазҰПУ «Хабаршысы», әл Фараби атындағы ҚАЗҰУ-дегі «Ай-Ару», «Сүлеймен Демирел университеті Хабаршысы», «Қазақ және әлем әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті қазақ,орыс сыныптарында», әдеби-танымдық «Тұрмағамбет» «Әлімсақ», «Дәстүр» журналдары редакция алқаларының мүшесі, «Қазақ және әлем әдебиеті» журналының (2009-2010 ж.ж) ,«Жамбыл әлемі» газетінің (2016ж.) Бас редакторы болып келеді. 2009 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақжар ауылындағы №28 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті педагогикалық кеңестің шешімімен «Профессор Темірхан Тебегенов атындағы кабинет» болып аталды.
Қаламгер-ғалымның ұстаздық еңбегі жайлы әңгіме қозғағанда, оның оқу-әдістемелік еңбектеріне тоқталмай кетуге болмайды. Оның әдістемелік еңбектерінің басы жоғарыда біз атаған бес оқу пәні бойынша бірқатар оқулықтары, оқу құралдары, монографиялары пайдалануға берілді. Аталған еңбектер бүгінде жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттарының, оқытушы-профессорлар құрамының қолынан түспейтін көмекші оқу құралына айналып, жалпы көпшіліктің қажетіне жарап келеді.
Т.Тебегеновтің жарық көрген еңбектерін бір-бірінен бөліп-жарып қарауға болмайды. Бұлардың барлығы да бір-бірімен сабақтасқан, тұтас жүйені құрайды. Біз атаған еңбектердің қай-қайсы да қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихының, халық ауыз әдебиетінің, сондай-ақ, шетел әдебиетінің сан алуан өзекті мәселелерін қарастыруымен құнды. Сонымен бірге аталған типтік оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу құралдары өздеріне тиісті ғылыми-әдістемелік міндеттерін атқарған. Мұны олардың әрқайсысымен танысу барысында оқу материалдарының жүйелеп берілуінен, дидактикалық мағлұматтардың қамтылу жайынан анық байқаймыз.
Қоңыр күзде Темірхан Сақаұлы жетпіс деген жастың биігіне шығып отыр. Ғалым-ұстазды мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, мол шығармашылық табыс тілейміз.
Бақтияр Сманов,
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |