Көзкөргендер көңілінен өшпейді

 Бақ жұлдызы жанатын пендесін Жаратқан әу бастан-ақ шыңдап, өмір өткелдерінен өрге сүйрейтіні баршаға белгілі жайт болса керек. Мына дүниеге кім келіп, кім кетпеген?! Бұл шексіз әлемде әркімнің өз тағдыры, жолы, биігі бар.

Өмірден озғанымен, көргендер көңілінен өшпес жандар болатыны хақ. Сондай жанның бірегейі мәңгілік сапарға кеткен Бегалы Нұрманұлы Айтмембет болатын. «Біреуге баға беру үшін, бағалаушының бойында сол қасиеттер болу керек» деген екен Шекспир. Қырық жылдан астам дос болған Бекеңнің бейнесі мен кісілік келбетін мәңгілік сапарға кеткеніне 1 жыл толуына байланысты қағазға түсіруді достық парызым деп санадым.

Адам болмысына оның жүріп өткен еңбек жолына қарап баға берілсе керек. Бекең өзінің еңбекқорлығымен талай шыңдарды бағындырып, адами қасиеттерімен абыройлы болған. Ол 1939 жылы қазан айының 13 күні Қазалы ауданына қарасты Ф.Энгельс атындағы колхозда дүниеге келген. М.Горький атындағы орта мектепті үздік бітіріп, 1958 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының емдеу мамандығына оқуға түсті. Институтты 1964 жылы тәмамдап, еңбек жолын Түркістан медицина училищесінде ұстаздық жасаудан бастайды. 1966-1970 жылдары қазіргі Түркістан облысының Бәйдібек ауданында бас дәрігер болып жемісті жұмыс жасаған. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының аспиранты болып қабылданды. 1977 жылы республикалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары, кейін бас дәрігер қызметін 1985 жылға дейін жалғастырды. Ленинград тазалық-гигиена медициналық институтында докторлық диссертация қорғап, Алматы мемлекеттік институты ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі болып 2002 жылға дейін қызмет атқарған.

Профессор, профилактикалық медицинаның академигі Бегалы Нұрманұлы 1988-1992 жылдар аралығында ҚР Денсау­лық сақтау министрлігінде бас терапевт қызметін қоса атқарды. Қазақстанның ғылыми-педагогикалық ортасында абыройлы қызмет жасады. 1999-2000 жылдары Гигиена және кәсіби сырқаттар ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры болды. 2000 жылдан бастап республикалық психиатрия ауруханасының бас дәрігері және осы жылы Бекеңнің ұсынысымен рес­публикалық аурухана негізінде Психиатрия, психотерапия және наркомания ғылыми-практикалық орталығы құрылды. Алғашқы директоры болып өзі сайланды. Өмірінің соңында жоғарыда аталған ғылыми орталықтың Құрметті директоры болды.

Бегалы Нұрманұлы барлық уақытта белсенді және ісіне адал ғылыми зерттеуші ретінде 215 ғылыми еңбек жариялады, 12 рационализаторлық ұсыныс, төрт жаңалық енгізді. Медицина саласында 3 монография және 3 оқулық жариялады. 22 кандидаттық және 5 докторлық диссертация жетекшісі болды.

Бекеңнің өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймын. Тағдыры да оңай болған жоқ. Дегенде, бәрін жеңіп, бақытын өз қолымен жасаған адам. Оның адами қасиеті, өзіндік ұстанымы бар. Сергек көңілмен сенімді сөйлесетін, көкірегі ояу, сезімі мол болатын. Керек жерінде азаматтық мінез танытатын. Ғалым, сан салалы терапевт ретінде Алматы қаласы мен көптеген клиникаларға, облыстарға кеңесші көмегін беріп отырды. Профессордың жетекшілігімен Арал өңіріндегі экологиялық жағдай салдарынан бауыр ауруларының қабыну себептеріне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Күріш өсіру барысында карбонат тыңайтқыштарының зияны жайлы, бауыр ауруларын болжау­дың және емдеудің амалдарын қарастыру, жергілікті тұрғындардың асқазан-ішек сырқаттарына арналған бір докторлық, бес кандидаттық диссертация қорғады. Сонымен қатар осы өңірдің экологиялық жағдайына сипаттама дайындаған.

Елімізде ғана емес, шет елдерде де танымал ұйымдастырушы-ғалымның баяндамалары АҚШ, Италия, Дания, Франция, Ресей, Латвия ғылыми орталықтарында талқыланды. Бекең туралы мына жағдайды айтпай кетуге болмайды. Қазақта «текті тұлпардың тұяғы» деген қағида бар. Оның ұлтжандылығы, ұлт рухын жоғары бағалайтыны – ерекше қасиеті еді.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ХІХ ғасырдағы тарихи жәдігер ретінде бағаланған ұлы атасы Сырлыбайдың кесенесін өз қаражатына қайта жөндеуден өткізді. Бұл 1997 жыл болатын. Қазалы ауданы әкімдігі мен аудан қауымдастығы Сырлыбай ханның 200 жылдығына арналған бірнеше шара өткізді. «Сырлыбай хан» атты кітап, облыс және республика көлемінде бірнеше ­матер­иал жарық көрді. Бекеңнің адами қасиетінің биіктігі осында жатыр десек болады. Есімі аудан тарихында қалды, Қазалы ауданның Құрметті азаматы атанды.

Асыл қасиеттер – адамгершілік, ар-ұят Бекеңнің бойынан табылатын. Жайсаң мінезді, қатты сөзі жоқ. Ешкімді ренжітпейтін, әзілдің кені еді. Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Денсау­лық сақтау саласының жоғары дәрежелі марапат иегері, салаға қосқан үлесі үшін «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Өмір үшін қыз­мет» төсбелгісіне, тағы басқа марапаттарға ие болды. Шымкент облысының Алғабас ауданынан, Алматы қаласы Ленин ауданынан депутат болып сайланған.

Мен үшін Бекеңнің жарқын бейнесі аса қадірлі әрі қымбат. Біртуар азамат ретінде жүректе сақталып қала беретіні сөзсіз. Жақсыны ту етіп көрсету, мадақтау, дәріптеу, артында қалғандардың үлесінде деп білемін. Өйткені өмірге жаңа ұрпақ, жаңа толқын, жас буын келді. Олар алдағы өнегелі әкелерін, ағаларын білуі тиіс.

Бүгінде Бекеңнің азаматтық бейнесі мен кісілік келбеті ойдан, көз алдымнан кетпейді. Ол үлгілі отбасының қамқоршысы еді. Жұбайы Камал Ақамбайқызы өмір бойы сүйікті жар бола білді. Халыққа қызмет ету саласында еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Бүгінде жарының артта қалған шаруаларын реттеп, балаларына басшы болып отыр. Тұңғышы Алма – медицина ғылымының кандидаты, белгілі психотерапевт, Аида – экономика ғылымының докторы, профессор, кенже ұлы Алмасбек – дәрігер.

Естелік болған соң, мен Бекеңнің достық, адами қатынас­тағы болмысын ғана жазып отырмын. Оның ғылыми еңбектерін, ұстаздығы туралы айтуды әріптес ғалымдарға қалдырдым.

«Адамның өлген күні – ұмытылған күні» деген қағида бар. Азамат арамызда жоқ болғанымен, ағайын-туыс, жора-жолдас, көзкөргендер тұр­ғанда, оның қадір-қасиеті өшпейді.

Өмірде өзіндік ұстанымы бар, ізгілік қағидасы бойына сіңген Бекеңнің мәңгілік сапарға кеткеніне де бір жылға жақындапты. Ол кісі туралы шағын естелікте бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Орны толмас, қайталанбас маман, әріптес, дос бейнесі сағым болып барады. Қусаң жеткізбейді, ұстатпайды, өкінішті-ақ.

Жатқан жері жайлы, орны пейіштің төрінде, иманы жолдас болсын дегеннен басқа сөз жоқ.

 

Т.МАХАНОВ,

Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер,

«Қызылорда облысының Құрметті азаматы».

ТАҒЫЛЫМ 24 қазан 2019 г. 660 0