« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Биыл ел астанасының Қызылордадан Алматыға көшкеніне тура 90 жыл толды. Сыр жағасындағы шағын қала астана болған 4 жылда айтулы жаңалықтардың ордасына айналды. 1925 жылғы 15-19 сәуір аралығындағы Қазақ кеңестерінің V съезіне төрағалық еткен Сұлтанбек Қожанұлы күн тәртібіне екі мәселе енгізді. Біріншіден, делегаттардың шешімімен ұлтымыздың «қазақ» деген шын атауы қайтарылды. Екіншіден, Ақмешіт қаласының аты Қызылорда болып өзгертілді.
Қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырында барлық мемлекеттік мекемелерге, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме маңдайшаларындағы атауын 1 ай көлемінде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді. Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жұмысы басталды.
Алғашқыда әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы маусым айында тұңғыш рет Қызылорданың құмды алаңынан ПО ұшағы көтеріліп Мәскеу қаласына бет алды. Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолы ашылды. Екінші үлкен оқиға сол жылы тамыз айында теміржол клубынан басталды. Осы күні қалада тұңғыш рет радио жүйесі іске қосылды. Алғашқы электр стансасы 1925 жылы салынып, келесі жылы пайдалануға берілді. Сол жылы 45 орындық қалалық аурухана, жазғы парк пен кинотеатр іске қосылып, қаланың ирригациялық жүйесі қалпына келтіріліп, ағаш егілді.
1925-1926 жылдары Қызылордада өндіріс орындары іске қосыла бастады. Кілем тоқитын фабрика, макарон және кондитер өнімдерін шығаратын «Трудовик» артелі, қалаіргелік ауылшаруашылық коммунасы пайда болды. Білім беру институты, Кеңес-партия мектебі, медицина, қаржы, көлік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын дайындайтын техникумдар ашылды. Тұңғыш театр құрылып, «Еңбекші қазақ», «Советская степь» республикалық басылымдары шыға бастады. Осылайша астана атанған Ақмешітте жаңа өмір арнасы ашылды. Екі съездің арасындағы 4 жыл Қызылорданың қалыптасу кезеңі болды.
ҚР Президенті архивінде сақталған Қазөлкеком хатшысының көмекшісі Михаил Рядниннің мына бір естелігі сол жылдардағы жағдайдан хабар береді: «Сонымен, ел астанасы Қызылорда болды. Халком кеңесі мен өлкелік комитеті орналасқан ескі қала аумағына барғанда көргеніміз көз қуантпайтын еді. Терезесі аулаға қараған жатаған үйлер. Айналаның бәрі ұзыннан соғылған дуалдар. Көшеден атпен өтсең, шаң көтеріледі. Жел көтерілсе болды, көзге түртсе көргісіз құм борайды. Жаңа астана салу үшін құрылысшылар бригадасы жұмылдырылып, материалдар бөлінді. Жаңа үйлер, әкімшілік ғимараттар салынды, телефон байланысы пайда болды. Республикалық органдар үшін Қызылорда тарлық қылатыны анық, бірақ басқа жол жоқ еді...».
Көп ұзамай, Орталық Азия мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық, тарихи ара-жіктің ажырауына байланысты 1927 жылдың 29 сәуірінде Бүкілодақтық Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы жалпықазақстандық VI съезінің шешімін бекітті. Іле Алатауының теріскей бөктерінде, көрген көзді тойдырар атырабында алманың иісі аңқыған Алмалық атты қала болған. XIX ғасырда Алмалықтың ежелгі қонысына орыс отаршылары Верный атты әскери бекініс салды. Ендігі астана – 1921 жылдың 14-наурызында Кеңестік Түркістан Автономиялық Республикасы атқару комитетінің шешімімен тарихи атын қайтып алған Алматы қаласы. Съезд шешімі 1929 жылдың мамыр айында ресми түрде іске асырылды. Бұл бастамаға сол тұста ашылған «Түркістан-Сібір» теміржол желісі де ықпал етті.
Сырдан Алматыға көш 1929 жылдың мамыр айында басталып, бір айдың ішінде ел үкіметі толық көшірілді. Бірақ, сол тұста Алатау баурайындағы қала да астана болуға лайық емес еді. ҚР Президенті архивіндегі мына бір құжат осы сөзімізге дәлел бола алады. 1934 жылдың 31 қазанында Қазөлкеком хатшысы Л.Мирзоян мен Қазхалком кеңесінің төрағасы О.Исаев И.Сталинге елдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жайлы хат жазды. Онда облыс орталықтары секілді астанада да кәріз, су жүйесі жоқтығын баяндайды. Жағдайы бар қонақүй де тапшы. Театр ұйымдастыру үшін қолайлы ғимарат жоқтығын жеткізеді. Партиялық оқу орындарын, институттар, түрлі курстар ашатын ғимарат табылмайтынын мәлім етті. Сол тұста Алматыда небәрі сегіз-ақ автобус қатынаған. Жедел-жәрдем көлігі деген атымен болмаған.
Астана болған жетпіс жылға жуық уақыт ішінде Алматы еселеп өсті. Қазір еліміздегі ірі мегаполис тұрғындарының қатары 2 миллионнан асады. Онда ондаған оқу орындары, жүздеген мектептер бой көтерді. Ең бастысы, Алматы – тәуелсіздігіміздің алғашқы бесігі ретінде әр қазаққа қымбат қала. Ел азаттығының алаң-елең кезеңіне куә болған шаһар күн санап көркейіп келеді.
Ел астанасы мәртебесін Алатау баурайындағы Алматыға берген Қызылорда да жыл сайын жаңарып, жайнап келеді. Шаһардың екі ғасырлық мерейтойына орай Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың іргесі қаланды. Мерейтой аясында сол жағалаудағы ең алғашқы ғимарат – «Қызылорда қаласының тарихы музейі» мен «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Өткеннен сыр шертетін музей мен орталықтың тарихи ғимаратқа қоныстануы, оның сол жағалаудағы алғашқы нысан ретінде іске қосылуы уақыт шеруіндегі сабақтастықтың бір көрінісіндей болды.
Кезінде дария жағалауындағы сән-салтанаты келіскен көркем қалалардың тізбегін жалғастырған Қызылорданың өткені қай дәуір үшін де өнеге болып қала бермек. Сыр бойына бұрынғы мен бүгінгіні қатар сыйғызған жасампаз шаһардың жаңа дәуірі енді басталды.
Төремұрат ӘЛЖАН,
«Қызылорда қаласының тарихы»
музейінің директоры.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |