Беркінбай қалпе

 Сыр топырағының перзенті, Жалағаш ауданының қазіргі Ақсу ауылында  өмір сүрген,  бойындағы тылсым қасиетімен  есімі ел жадында қалған қадірлі жан Беркінбай қалпе туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп айтылады. Жаратылысы ерек, тұла-бойында беймәлім қасиет тұнған тұлға аса мықты емшілік қабілетімен де елдің ыстық ықыласына, құрметіне  бөленген жан. 

Беркінбай Бекниязұлы 1909 жылы аудан іргесіндегі Ақсу ауылының «Ақбөгет» деген же­рінде дүниеге келген. Әйгілі Сыр бойының саңлақ батыры Сәрке батырдың алтыншы ұрпағы. Ел аузынан жеткен деректерге зер салсақ, Сәрке батырдың өмірге келуі де бөлек әңгіме...

Үш жүзге пір болған әйгілі Мүсірәлі қожаның Тәуке хан­ның бас әзіреті болып тұрған кезінде қара қылды қақ жарған әділдігімен бірге, қасиеті ерек көріпкелдігімен де есімі елге жайылған болатын. Тағдыр­дың түрлі сынағында жүрген жан­­дарға тәңіріден тілеу тілеп, олардың ой-арман, мұң-мұқтаж­дығының орындалуына шын ықыласын бөліп, шапағатын тигізіп жүретін. Бірде қатар жүр­ген замандасы Өмірқұл да оған өзінің жүрегіндегі мұңын жеткі­зе тұрып, «Шүкір, Жаратқанның берген перзенттері бар ғой, дегенмен, қол бастайтындай бір перзент тілеп жүрген жайым бар», – деген екен. Сонда сопы әзиз бабамыз қолын жайып:

 –Ал онда тілегіңді бір Алла қабыл етсін, көш бастайтын Қар­қарадай қыз бердім, қол бас­тайтын Сәркедей ұл бердім,–дейді. Риясыз ықыласпен жасал­ған дұға қабыл болып, көп ұза­май Өмірқұлдың бәйбішесі Қарқарадай туымды қыз, артынша батыр тұлғалы Сәркедей ұлды өмірге әкелген екен. Иә, расында екеуі де ерекше жігерлі, сөзі сыйлы, халқына қадірлі адам болады. Олардан тараған ұрпақ та тегіне тартып туған батыр, қасиет қонған әулиелігімен дараланады.

Тектінің тұяғы Беркінбай атамыз ірі тұлғалы, келбетті, жүзі жылы адам болған дейді. Шаруаға мықты, жердің бабын жете білетін болса керек, қысы-жазы кетпені қолынан түспейді екен. Егін салу жұмыстарында ол кісінің ерекше күш қайратына жұрт таң қалатын көрінеді. Көзін көрген кісілердің айтуынша, бір күнде бес-алты түйеге жүк болатын шөпті жусатып орып тастайды екен. Осындай алапат күш иесінің жаны мейірімге то­лы, айналасына қамқор болып, сырқатқа шалдыққандарды кет­пенімен ұшықтап, емдейді. Ол кісінің бұ әдісі ел арасында «кетпен ұшық» деп аталып кетеді. Жанып жатқан отқа әбден қып-қызыл болып қыз­дырған кетпеннің басын еш қиналмай жалаң қолымен ұстап, іштей дұға жасап, ұшық­тайды. Қалпенің атына сырт­тай қанық болған жұрт алыс-жақыннан ағылып келіп жатады екен. Әсіресе, ақыл-есі ауысқан науқастарды бұл кісіге көп әкеледі деседі. Сегіз өрім қамшысымен арқа тұсынан салып жібергенде әлгіндей науқас­тар әп-сәтте ақылға келетін көрінеді. Бірде Қап тауынан асып шешен ағайындар осындай бір аса ауыр сырқат қызын алып келеді. Аяқ-қолын байлап-матап әзер алып келген қыз бала қалпенің емінен кейін құлан-таза айығып кетеді. Содан бұл ағайындардың қалпеге деген құр­меті артып, ұзақ жылдарға жал­ғасқан сыйластыққа ұласа­ды. Қалпе атамыз көзінің тірісін­де сол шешен ағайындар­дың ша­қыртуымен Кавказ елінде бір­неше мәрте қонақ болып барып, сый-құрметке бөленіп қайтады.

Қалпенің көзін көрген қа­рия­лардың бірі Жалағаш ауда­­нының тұрғыны, атақты Мы­сық бидің ұрпағы, ауыл ша­руа­­шылығы саласының арда­гері, көзі қарақты қаламгер Жақ­­сылық Адамбаев ағамыз. Ол кісінің Беркінбай қалпемен ағайындығы да бар. Сондықтан қалпе атамыздың ерекше қасие­тін талай рет көзбен көргенін айтады. Алайда Кеңес өкіметінің қысымынан көп зардап шеккен қалпе атамыз діни тақырыпта, әулиелік пен емшілік хақында ашылып әңгіме айта бермейді екен. Бірақ «Бұл күндер де өтеді, алдағы уақытта бәрі жақсы болады»,-деп сеніммен айтатын көрінеді. Қанша қысым көрсе де қабағын шытпай, ашық-жарқын, көңілді жүреді. Мұның өзі ол кісінің ішкі рухының биіктігін байқатса керек.

Жақсылық ағамыз сөзін са­бақ­тай келе Жалағаштың топы­ра­ғындағы  белгілі адамның бірі Жанұлы ақсақалдың әңгімесін айтып берді. Айта кетейік, Бек­құлы баласы Жанұлы атамыз да Беркінбай қалпенің аталас туысы.

...Сол отызыншы жылдардың бас кезі болатын. Елді аштық жайлай бастаған тұста жұрт Өзбекстан жаққа үдере көшіп жатты. Біз де біршама ағайы­нымызбен Тәшкен астық. Әдет­тегідей азық-түлік алмаққа ба­зарға келген едім. Бір мезетте жапырлай жиылып тұрған көп адамды көріп, солай қарай бұ­рылдым. Жақынырақ келгенде тани кеттім, Бекнияз әкеміздің ұлы Беркінбай екен. Қолындағы салмағы бір пұттай жалпақ тас­ты жоғары лақтырып, біресе кеудесімен, біресе қолымен қа­ғып алып, қоршаған жұртты қайран қалдырып тұр. Шынымды айтсам, «Анау зілдей тас абайсызда аяғына түсіп кетсе, жағдайы не болмақ?» деген ой мазамды алды. Қасына барып, көңілін алаңдатпайын деп қайтып кеттім. Үйге келе сала көрген-білгенімді әкеме баян­дап бердім. Сонда әкем сәл ой­лана түсіп: «Ә, Жалаңаяқ әулие­ден оралған екен ғой. Ол ағаңа әруақ қонып жүр. Ештеңе қылмайды, осында болса үйге бір соғуы керек» деді. Расында, арада бірнеше күн өткенде, Беркінбай ағамыз үйге келді. Жүзі сынық көрінді. Байыбына барсақ, сол базарда жүрген жерінен қызыл жағалылар ұстап әкетіп, темір торға қамап, әбден қысым көрсетеді. Бірақ қанша құлыптаса да бір ғаламаттың кү­шімен түрменің темір есігі ашы­лып кете береді. Сонымен, олар мұны көп ұстамай босатып жіберген екен. 

Жанұлының әкесі Бекқұлы ақсақалдың айтқан сөзі бекер емес. Расында, Беркінбай ата­мыз сол жиырма жастан асқан шағында Жам тауының үңгі­ріндегі Жалаңаяқ Әздер әу­лиенің басына, одан бері Отырар­дағы Арыстанбаб әулие, Түркістан­дағы Қожа Ахмет Яссауи баба­ларымыздың басына зиярат етіп қайтқан екен. Бұл жерде ай­та кететін бір жайт, үш жүзге әйгілі Марал ишан бабамыз осы Жалаңаяқ Әздер әулиенің шәкірті болған. Марал ишан жайлы әңгімелерде ұстазы Жа­лаң­аяқ Әздер оған өзінің көк асасын сыйлаған деген сөз бар...

Жанұлы қарияның әңгімесі­нен тағы бір оқиға, бұл туралы белгілі қаламгер Ахат Жа­наев­тың 2009 жылы «Жала­ғаш жаршысы» газетіне шық­қан «Беркінбай қалпе. Аңыз бен ақиқат» атты мақала­сынан оқыған едік. Ол әңгіме­­нің маз­мұны былайша тарқаты­лады...

«Күздің қара суық күндерінің бірі болатын. Жалағаштағы Оспан ағай есігінің алдына киіз үй тіктіріп, үйдің қасына бір арбаға жүк боларлық сексеуілді жақтырып жатыр екен. Қара-құра адам жиналып қалған. Оспан ағамыздан мұның мәнісін сұра­ғанымда, «Сәл шыда, кере­метті қазір Беркінбай кел­гесін көресің» деді. Бір уақытта Бер­кінбай ағамыз келіп, әлгі қып-қызыл шоқты жалаңаяқ кешіп, зікір салмасы бар ма?

Мұны көрген жұрт жағасын ұстап, кейбіреулері қарауға дәті шыдамай кетіп қалып жатты. Ол ештеңе емес, бір мезетте ол жаңағы жалыны маңайын шарпыған қып-қызыл шоқтың үстіне шалқасынан жатып, жалаңаш кеудесіне зіл батпан тасты қойғызып, оны қарулы жігіттерге келсаппен ұрғызды. Әлден соң келсаптың басы шыдамай қақ бөлінді. Осыдан кейін ол кісінің қасиетіне халық шүбәсіз иланған еді. Жұрт сенбес бәлкім, бірақ мен де осындай кереметті көзіммен көрдім»– деген екен Жанұлы атамыз.

Қалпенің көзін көрген қария­лардың айтуынша, ол кісі жасы ұлғайған шағында да қыстың қақаған суығында жалғыз көй­лекпен жүреді екен. Қардың үстін жалаңаяқ кешіп кете береді дейді. Көңілінде күмәні бар кей адамдардың көзін жеткізу үшін қайнап жатқан қазанды қолымен араластырғанын да ел аңыз ғып айтады. Қалпе атамыз бірде жүргелі тұрған пойыздан қалып қойыпты. Бірақ қандай да бір құдыреттің күшімен баратын жеріне сол пойыздан бұрын жетіп, қасындағы бірге келе жатқан адамдарын күтіп алады. Сонда жұрт еріксіз таң қалған екен. Бұл әңгімені де ел ішінен естіген едік...

Беркінбай қалпе 1977 жылы 68 жасында өмірден өтеді. Ол кісі өмірден өтерінде өзіне мық­тап «көз тигенін» айтқан екен. Бұл туралы Беркінбай қалпе мешітінің шырақшысы, қалпенің туған күйеу баласы Әлім Молдабайұлы айтып берді.

Жасы егде тартқан кезінде қалпенің қасиетін көзбен көріп, арнайы хабар түсіруге Алматыдан бір топ адам келеді. Сонда қалпе олардың алдында «кетпен ұшығын» жасап, қып-қызыл боп отқа қыздырылған кетпеннің басын қолымен ұстағанын көр­генде бәрі таң қалған көрінеді. Сол адамдардың арасындағы көк көзді адамның көзі тиді деп, көңіліне алып қалған қалпе содан кейін көп ұзамай өмірден өтіпті. Қалпенің алты баласы болған екен. Бүгінде Сәрсенкүл мен Серіккүл Жалағашта тұрады. Бір-бір әулеттің отын жаққан, өсіп-өнген отбасы. Сүлеймен, Жұмакүл, Елемес, Бисені де облыс аумағында тұрады. Олардан тараған ұрпақ түрлі салада еңбек етіп келеді.

Бүгінде қалпенің басында жалпы жұрт зиярат етіп бара­тын арнайы үй бар. Жақсылық ағамыздың айтуынша, Жалағаш­тың белгілі азаматы Қожахмет Баймаханов ПМК мекемесін басқарып тұрған уақытында осы жерден үй салдырып, оған баратын жолды да жөндеткен екен. Кейіннен, 2007 жылы аудан басшысы болған Өмірбек Шәменов бұл үй қайта жаңғыртып салады. Электр жарығы тартылып, айналасы көркейтіп-көгал­данды­рылады. Саялы жерге келген адамның көңілі көтеріліп, бір ерекше жайлылықты сезінеді екен.

– Бұл ағаштардың бәрін өзім ектім. Ол кезде жаспыз, көп нәрсеге көңіл бөле бермейміз. Әйтпесе, әкеміздің өз аузынан небір ғажап әңгімелерін тыңдап алған болар едік. Бір жағынан, Кеңес өкіметінің саясаты бұған түбегейлі қарсы болды. Несін жасырамыз, бата бергенде қол жаюға да қорқатын заманнан өттік. Қазір соның есесін қайтарып, өткенімізді танып-білуге терең мән беріліп отыр. Соған шүкір дейміз. Әлі есімде, әкеміз үнемі ертеңгі күнге сенім артып отыратын, – дейді Әлім ағай.

Беркінбай қалпе өзі тұрған үйінің жанына жерленген. Балалары ақ кірпіштен  күмбезді кесене салған. Кесененің маңдай­шасына қалпенің көзі тірісінде қолданған дәрет құманы мен жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан жақтан көтеріп әкелген қара тастың сынығы қойылған. Құдай қосқан қосағы Балажан Мейірманқұлқызы анамыз 1987 жылы дүние салды. Ол кісінің бейіті де атамыздың қасында. Беркінбай қалпенің мешіті сол 1977 жылы мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекет қарауына алынған.

Қасиетті орынға әлі күнге дейін зиярат етіп келетін жан­дар жетерлік. Жергілікті тұрғын­дар­дан бөлек, еліміздің әр өңірінен келіп, тілек тілейтіндер, сөйтіп қалпенің шапағатымен ниетіне жеткен адамдар көптеп саналады.

ТАҒЫЛЫМ 19 қазан 2019 г. 1 562 0