Ғалым ғибраты

  Атам заманнан бері  Сыр өңірінің жағдайы жоғарыдан ағып келіп, көлдер мен ойпаттарды суға толтырып, соңынан өсімдік біткеннің барлығына қоректік заттар мен ылғал нұрын төгетін  Сейхун дариясымен байланысты. Ұлы дария о бастан өз жағалауын көкорай шалғынға айналдырған. Сондықтан, өзен суын осы аймақта тірлік еткен азаматтардың мұқтажына жарату маңызды мәселе болған.

Өткен ғасырдың екінші жартысында Сырдария суы арқылы осы алқап азаматтарының экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеру басталып, соның негізінде 30-40 жыл шамасында мол нәтижеге қол жеткені баршаға мәлім. Маңызы аса жоғары ауқымды жұмыстың басы-қасында жүріп,  ерен еңбегімен көзге түскен Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Елтай Құтыбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Тыныштықбаев, Мәделхан Нәлібаев, Тыныштықбай Сырғабаев, Әскербек Мақұлбеков, Жанайбек Сақтағанов, Әбдіманап Құтжанов, т.б. азаматтардың есім­дерін Сыр халқы зор ілтипатпен еске алады. Маңызды іске жо­ғарыда көрсетілген ірі өндіріс басшыларымен қатар оқымыстылар да атсалысқаны белгілі. Осы тұста ғылым докторы Төрехан Қарлыхановтың атын атауға әбден болады.

Төрехан Қарлыханұлы 1950 жы­лы Жалағаш ауданы, қазіргі Мырзабай ахун кеңшарында дүниеге кел­ген. Ол 1966 жылы Қызылорда қала­сындағы №112 орта мектепті үздік бітірген. 1971 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс инс­ти­­туты «Гидромелиорация» ма­ман­ды­­ғын үздік бітіріп, сол  оқу ор­нын­да «Гидравлика» кафедрасына оқы­тушылыққа қалдырылды. 1971-1991 жылдар аралығында аға оқы­тушы, доцент, факультет деканы орынбасары  қызметтерін ойдағыдай атқарды. Сонымен қатар, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты аспирантурасында білігін ұштай түсті.

Ғалым Қарлыханов Жамбылдан Қызылорда агроөнеркәсіп инженерлер институтына 1991 жылы келді. Институт басшылығы білікті ұстаз, дарынды ғалымды арнайы шақырған болатын. Ол осы мол сенімнен үлкен абыроймен шықты. Алғашқыда кафедра меңгерушісі, соңынан проректор қызметін атқарды. Бұл Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты Қызылорда филиалының  агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтына  айналған кезі еді. Ұжым­ның алдында іргелі оқу орнының бас­ты талаптарын тапжылтпай орындау мақсаты тұрды. Атқарылатын жұмыс сан салалы, ауқымды, күрделілігі мен қиындығы да жеткілікті. Міне, осы жауапты жұмысқа бірінші күннен бастап Төрехан Қарлыханұлы да араласып кетті. Талапты, білікті басшы Уәлихан Бишімбаевпен қоян-қолтық жұмыс атқарды, сенімді көмекшісі бола білді. 

Төрехан Қарлыханов 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы, 8 авторлық куәлігі бар, бірнеше оқу құралдары мен кітаптары жарық көрді. 2001 жылы ауыл шаруа­шы­лығы саласының облыс бойын­ша «Жыл адамы», «Қазақстан ғылы­мын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, «Еңбек ардагері» меда­лімен, ҚР Білім және ғылым министр­лігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Өңірдің білім саласына зор үлесін қосқан болымды, өнегелі азаматтың дайындаған мамандары Сыр өңірінде, елімізде еңбек етуде.

Сонау жылдары ерте көктемде Сырдария мұзын елді мекендерге зиянын тигізбей өткізу мәселесі аса күрделі болғанын баршамыз ұмытқан жоқпыз. Міне, сол уақытта профессор Қарлыхановтың зерттеулерінде анықталған тың нәтижелер мұздан қорғану шараларына пайдаға асты.

Осыдан біраз бұрын «Көксарай» су реттеушісі жобасы қоғамда өткір пікірталас туғызды. Мәселе төңіре­гіндегі көзқарас екіге бөлінді. Мамандар мен ғалымдардың көпші­лігі «Көксарай» су реттеушісінің зиянын дәлелдеп, қарсылық білдірді. Бұл топ қатарында мен де бар едім. Алайда, сол жобаның пайдалы тұс­тарын дәлелдеп, «Көксарай» су рет­теушісінің қажеттігін қолдаған азаматтар да болды. Осы тұжырымды айтқан өңірдің су шаруашылығы саласының ардагері Ержігіт Боз­ғұлов пен профессор Қарлыханов еді. Пікірталасты Елбасының өзі тоқтатып, шешімін айтқаны баршаға аян. Демек, осы жерде біз Төрехан Қарлыханұлының көрегендігін мойындауымыз қажет.

 «Адам күні адаммен» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Өмірде жан-жағымыздағылармен қатысып, жанасып, бірігіп тірлік жасаймыз. Өкінішке орай, азаматтардың ара­сында мінезі-құлқы, болмысы пәс­теу­лері де кезігіп қалатыны бар. Бұл адамға қиындық туғызып, істі күрделендіреді, айтарлықтай кедергі жасайды. Есесіне адамның айналасына өнегелі, білімді, мәдениетті азаматтар шоғырланатын болса, ісі ілгері басады, жақсылық пен игілікке біртабан жақындай түседі. Қоғамда, ұжымда азаматтардың оңды істерді мол атқаруына олардың түсіністігі, ұғынысуы, келісуі оң ықпал етеді. Адами ара-қатынасты ұлы Абай мол зерттеген, жақсы адам, толық адам болудың сырын ашқан. Ұлы ұстаз «ақыл, қайрат, жүректі бірге ұста» депті. Төрехан Қарлыханұлы – осы жолды өзінің өмірлік бағдаршамы еткен болымды, білікті азамат. Әсіресе, азаматтың жүрек жылуын молынан сезінуші едік.

Өмірде қатар жүрген адам туралы тірлікте анау айтқандай көп толғанбайсың. Арадан ұзап кеткен соң ғана қадірін түсініп, біле бастайды екенсің. Ұлы Абай «Ақырын жүріп, анық бас» десе, Тұрмағамбет ақын «Әр уақытта алам десең төрден орын, түзеп ал татаусыз қып мінезіңді» деген екен. Міне, осы сөздер дәл Төреханға айтылған  сияқты көрінеді. Өйткені, ол  салмақты, бай мінезді, сабырлы, шыдамды еді. Өмірде шыдамсыз, жеңіл мінезді, шапшаң адамдарды да көрдік. Олар, әдетте, істің мәніне түгел қанығып түсінбей-ақ, жедел жауап қайтарып, қасындағысының мазасын алатыны бар. Сонысымен өзгеге зиян келтіріп, қиянат жасайтыны да белгілі. Ал, Төрехан ініміздің жұмсақтығы мен жоғары мәдениеттілігінің түбірінде не жатыр? Мұнда, сөз жоқ, терең білім мен мол парасат бар. Ұзақ уақыт Төреханмен қызметтес болғанда байқағаным, жиындарда, жеке адами қатынаста, екеуара мәселелерді талқылауда өзгеге қатаң  мінез көрсетіп, мәселені шорт кесіп, қасындағының көңілін қалдырғанын көрген емеспін. Демек, біздің түсінуімізше, Төрехан Қарлыханұлының өмір бойы ұстаным еткен қағидасы адамсүйгіштікке, айналасына оң ықпал мен қолайлы әсер беруге негізделген сияқты. Сөз жоқ, бұл екінің біріне бұйыра бермейтін өнегелі, сауапты қасиет.

Жасыратын несі бар, кейбір адам­дардың басқаны көре алмаушылығы, өзгенің жетістігіне өзінікіндей пейіл білдірмеуі, қасындағының артықшы­лығына мән бермей, немқұрайлық көрсетуі – бүгінгі қоғамның осал тұсы. Осыдан жұртымыз, азаматтар мол зиян шегуде. Рухани кесел­ге шалдықпаған, кезікпеген, ұрын­баған адамдар ерекшеленіп тұрады, олардың беделі биік, алар орны өзгеше. Әрдайым өзінің адал да, шынайы көңілімен болмысты нұр­ландырып, жақсартып, ізгілен­ді­ріп жүреді. Төрехан Қарлыханұлы жа­ңағы айтқан кемшіліктен мүл­дем ада еді. Оған Ұлы Құдірет жағымды мінез-құлық сыйлапты. Үнемі адал­дық, тазалық жолымен жүретін. Оның біреуді сыртынан жаман­дағанын мүл­дем естіген емеспіз, өзгенің кем­шілігін көзіне айтатын.

Сондықтан болар Төрехан Қар­лы­ханұлы жақсы, өнегелі, рухани байлығы мол ортадан табылатын. Осыған дәлел – ініміздің еліміз­дің белгілі азаматтарымен, ірі ғалым­дарымен таныс, жақын дос болуы. Сол тұлғалы азаматтардың бірі – елі­мізге, Одаққа белгілі ғалым Абай Тұрсынов. Абай Әб­дірахманұлы – Ресейде, Санкт-Пе­тербургта білім алған азамат. Ол – өзінің терең білімі және ғылыми жетістіктерімен  ғалымдарды тәнті етіп, сол жоғары ғылыми ортада орнын иеленген ірі ғалым. Оның еліміз жағдайында өзен алаптарының гидроэкологиялық жағдайының қа­лыптасуы мен жақсарту жолдарын анықтаудағы зерт­теу­лерінің ғылыми құндылығын шет­елдік, отандық ғы­лыми орталар мой­ындаған. Міне, осын­дай өресі мол ғалыммен біздің Төкең дос, әріптес болды. Екеуі бірге Сырдарияның төменгі ағысында қа­лып­тасқан күр­делі гидроэко­логиялық жағдайды өз­гер­тіп, жақсар­тудың жолдарын іздеді.

Шындап келгенде, атақты ғалым­мен қатарлас жұмыс атқарудың өзі кімге де болса жоғары мәртебе. Жауапты ғылыми шығармашылық кезеңдерден Төрехан Қарлыханұлы үлкен абыроймен өте білді. Атқа­рылған ауқымды, терең, өңірге қа­жет зерттеулердің негізінде Төре­хан дүние жүзінің ірі ғылыми орта­лығы – Мәскеу қаласында 1993 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Тағы айта кетерлігі, Төрехан Қарлы­хановтың зерттеулерінің нәтижелері соңғы жылдары Сырдария өзенінің төменгі ағысында жүзеге асып жатқан САРАТС жобасына бірден-бір негіз болды десек қателеспейміз.

Оның өңірдің өсімдік шаруа­шылығына тигізген ықпалының сыры неде деген орынды сұрақ туындайды. Төреханмен қызметтес болғандықтан, мінезі мен өмірлік ұстанымының қыр-сырына бір адамдай қанық бол­ғандықтан, жоғарыдағы сұраққа жау­апты көп ұзамай тапқандаймын. Қа­сиетті Сыр топырағында дүниеге келіп, ата-анадан ұлағатты, қазақы тәрбиені молынан сіңіргенінен, ауылда өсіп жер мен судың қадір-қасиетін жастайынан түсінгенінен деп ойлаймыз. Ыстық аптап пен шыжыған күннің астында жүріп күріш өсірген, сөйтіп ел ырысын арттырған Қарлы­хан ағамыздың жанкешті тірлігі Тө­рехан ініміздің көз алдында өтті. Сол мол өнеге, өзінің жоғары аза­мат­тық жауапкершілігі Төрехан Қар­лыханұлын Қазақ кү­ріш ғылыми-зерттеу институтын бас­қарған кезінде ұжым мен ел қамын ойлауға, білімі мен күш-жігерін адал еңбек етуге жетелеген болса керек.

Бұл әулетті «ғалымдар ордасы» деп те айтуға болады. Өйткені, Тө­реханның бауыры Оразхан да – техника ғылымдарының  докторы. Гүлнұр баламыз – техника ғылымдарының кан­дидаты. Осының түбірі, сірә, Қар­лыхан әкелерінен, аталарынан келген биік тектілікте жатқан болар.

2009-2011 жылдары Төрехан Қар­лы­ханов Аралды құтқару Халық­ара­лық қорының атқару комитетінде ақпараттық-сараптама орталығының директоры қызметін атқарды. Бұл кезең тәжірибелі ғалымның мол бі­лігін халықаралық деңгейде Арал мәселесін шешуге арна­­ған шағы болатын. Аралды қорғау Халықаралық қорының төраға­сы қызметін атқарған, шет елдерге танымал ғалым, техника ғы­лым­дарының докторы, профессор Сағит Ибатуллинның айтуынша, сол уақыттағы Сырдария өзені ағы­сын бірігіп пайдаланудағы Орта Азия мемлекеттері арасындағы қайшы­лықтарға қарамастан, профессор Қар­лы­ханов биік мәмілегершілік пен жоғары мәдениеті арқасында ортақ істің алға жылжуына себепкер бола білген. Сонымен қатар, келіссөздердегі ұғындыру қабілеті, жылы шырайы бұл азаматтың атқару комитетімен тығыз әріптестікте бол­ған Германия, АҚШ, Франция, Ресей, Литва, Белоруссия мамандары арасында абыройға ие болған.

Өмірде мүмкіндік пен несібені орнымен, ретімен пайдалану, іске асыру, дамыту әркімнің қолынан кел­мейді. Төрехан інімізге Жамбыл қаласында жоғары білім алуға мүм­кіндік туды. Дегенмен, сол заманда институт қабырғасындағы сту­дентке «сен жақсы оқы» деп көп үгіттемейтін. Сондықтан, жақсы оқи­тындар оқуын жалғастырып, нашар оқитындар қатардан шығып қала беретін. Ол уақытта жүз адам оқуға қа­былданса, соның шамамен елуі ғана бітіретін.

Біздің кейіпкеріміз оқуды үздік тәмамдады. Мұны – бір деңіз. Оқуды үздік бітірген жас маман Жамбылда оқытушылық қызметке қал­ды­рылды. Оқытушылық мол тәжі­рибе жинақтап, Мәскеуде ғылым кан­дидаты атағын қорғады. Осыны – екі деңіз. Елден ұсыныс келгенде Қы­зылордаға жұмыс ауыстырды. Ка­­федра меңгерушісі, факультет де­каны, институттың проректоры қыз­­меттерін атқарып, абырой-атағы өс­ті. Бұны – үш деңіз. Көп ұзамай кү­ріш ғылыми-зерттеу институтына жаңа басшы қажет болды. Таңдау оған түсті.

Институт директорлығы Тө­кең­нің қызметтік өрлеуінің шыңы болды десек, артық айтқандық емес. Қандай нәтижеге жеткендерін жоға­рыда ашып айттық. Осыны – төрт деңіз. Қарлыханов үш жыл Алматы­да жоғары беделді халықаралық ұжым­да биік лауазымды қызметті ойдағы­дай атқарып ауылға келді. Жәй келген жоқ, шетелдік ғалымдар қауымдасты­ғы­на кіріп, белгілі тұлға болып оралды. Демек, Төрехан Қарлыханұлы – өмірде айы оңынан туған тұлғалы азамат. Соңына қалдырған игі істері, айтқан өнегелі сөздері, жазған ең­бектері мен кітаптары арқылы ол өзіне биік ескерткіш орнатып кеткен тұлға.

Ол өнегелі Алманы өмірлік жар қылып таңдады. Болмысына ақылы сай Алма Төкеңнің  алаңдамай елге қызмет етуіне молынан жағдай жасап көмектесті. Азаматтың басты міндеті – ұрпақ өсіріп, тәрбиелеу. Сол ұрпақ өз кезегінде ата-ананың игі істерін жалғастырып, ел қамына жарауы қажет. Төрехан Қарлыханұлының ба­лалары: Ардақ – кедендік басқар­ма­ның белді маманы, Гүлнұр – әке жолын қуып университетте үлгілі ұстаз, ғылым кандидаты, Жайна – «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ компаниясында жемісті қызмет ат­қарады. Өмірін білім мен ғылымға арнаған тұлғалы азаматтың  артында қалған әулеті мен ұрпағына амандық, бақ-береке тілейміз.


Серікбай  ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы

мемлекеттік университеттің профессоры.

ТАҒЫЛЫМ 17 қазан 2019 г. 692 0