Жер-Анамен тамырлас

Тағдыр мені талай текті тұлғалармен тұз-дәмдес етіп, олармен тонның ішкі бауындай сыйлас­тықпен ғұмыр кешуді жазса керек. Сол тұлғалардың “Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді” деп атам қазақ айтқандай, бар ғұмырын ұрпақтарға ұлағат етуді мұрат тұтып, жандары ізгілік шуағымен жадыраған жандардың артында өшпес із, өлмес мұра қалдырып келе жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Солардың бірі, бірі ғана емес бірегейі, “Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр – жақсылық мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр – бау өсіріп жаса нұр” деген атам қазақ аманатын пір тұтып, бар ғұмырын Жер-анамен тамырластырған тұлға, облыс­тағы орманшылардың  жасы үлкен ақсақалының бірі – ­Мұхитдин Исмаилов ағамыз десек, асыра айт­қанымыз болмас. 

Егер біреу Мұхитдин ағадан:

– Өмірдің мәні неде деп ойлайсыз? – десе, ол кісі ойланбастан “еңбек етуде” дер еді.

Мұхаң қол қусырып отыруды, қимылсыз қарап қалуды түсінген емес. Сіресіп тұрған дүние өзің қозғасаң ғана қозғалады, өзгереді, жаңарады. Жер-ана қойнауын кең ашып, байлығын береді, мерейің өседі.

Атам қазақ: “Шамаң келсе он шыбық отырғыз, одан да көп ексең иманың тасысын...”,  “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” дегені бар. Біздің Мұхаң осы қағидаттан жаза баспай жүрген азамат. “Отанымызды орманға бөлейік” дегенді ұрпаққа ұқтырар жан.

Жазбамызға “Жер анамен тамырлас” деп ат қойып, айдар таққандықтан Мұхаң жайлы айтар әңгімемізді өрбіту алдында оның өнегелі өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасамасқа болмас.

Мұхитдин ағамыз Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезеңі – 1942 жылы өмір есігін ашты. Балалық бал дәуренінде толарсақтан саз, тобықтан құм кешкен ол ерте есейді. 1965 жылы Қазақ ауыл шар­уашылығы институтының орман шаруа­шылығы факультетін тәмамдап, орман шаруашылығы инженері мамандығын алып, туған топырағына оралды.

– Еңбек жолымды Жаңа­қорған ауданы орман шаруа­шылығы мекемесінде инженер болудан бастадым. Бертін келе аға орманшы болған мені бар-жоғы бір жылда, яғни 1966 жылдың желтоқсан айында орман шаруашылығының директоры етіп тағайындады. Шынымды айтсам қызметімнің тез өсуі ол кезде жоғары білімді орманшылардың болмауына байланысты ма деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, мен басқаратын мекеме аймақтың көш соңында болатын. Күн-түн көз ілмей еңбек етіп, Жер-ананы көркейтуге бар күш-жігерімізді жұмсадық. “Біздің ата-бабаларымыз еккен ағаштың жемісін біз жеп отырмыз, ендігі кезек біздікі. Біздің еккен ағашымыздың жемісін кейінгі ұрпақ жесін” деген ұстаныммен ел дәулеті мен жер сәулетін жақсартудан аянған емеспіз. Еңбегіміз өз жемісін берді. Бар болғаны екі жылдан соң облыс орманшыларының көш басына шығып, 1974 жылға дейін, яғни алты жыл бойы ұстап тұрғанымыз бар. Оны айтасыз, тіпті 1973 жылы респуб­ликалық социалистік жарыста жүлделі 3-ші орынды иеленіп, марапатталғанбыз, – дейді ол.

Сөзі салмақты, ойы орнықты Мұхаң ағамыз өзін-өзі дәріптеуден бойын аулақ ұстайды. Содан да болар, Жаңақорған ауданында атқарған қыруар шаруалары жайлы тіс жарған емес. Десе де қолға түскен деректерге көз жіберелік.

Мұхаң 1968 жылы ат сабылта жүріп, аудан, қала берді облыс басшылары атынан республикалық Орман шаруа­шылығы министрлігіне арнайы хат жолдап, шағын мекемені арнайы бұйрықпен механикаландырған орман шар­уашылығы етіп қайта жасақтайды. Жаңадан үш бөлімше ашылып, жұмысшы-қызметкерлер саны 25-тен 100 адамға дейін жеткізілді. Қосалқы шар­уашылықтар ұлғайтылып, егіс көлемі күрт өсті. Сая­лы ағаш пен жеміс ағаштары молынан егіле бастайды. Саралап айтар болсақ, 500 гектар сексеуіл 3000 гектарға дейін жетті. Орманшылардың мініс аты үшін жылқы өсіріліп, өздеріне ғана емес облыс, қала берді Алматы облысы орманшыларына да тұрақты түрде беріліп тұрды.

– Компартияның тапсырмасын мүлтіксіз орындағандықтан болар, мені 1974 жылы Шиелі ауданының шаруасы нашарлаған «Жеміс-жидек» совхозына директор етіп жіберді. Осы қызметті де алты жыл бойы абыройлы атқардым десем, асыра айтқандығым болмас. Орман шаруашылығы маманы болғандықтан совхоздың өркендеуіне қолтаңбамды қалдырдым. Жеміс-жидек бауын 500 гектарға, жүзімдікті 200 гектарға жеткізіп, жылына 1000 тонна жеміс-жидек, 500 тонна жүзім жинап, аудан ғана емес, аймақтың асыраушысына айналдық. Бес жүз тонна жемісті алты ай бойы сақтайтын қойма болды. Ұзын сөздің қысқасы сол, бар күш-жігеріммен қызмет атқарып, совхозды аймақтың тәуір шаруа­шылықтары қатарына қостым.

Мұхаң жоғарғы жақтың нұсқауымен 1980-1983 жылдары Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы, 1983-1984 жылдары облыстық партия комитетінде нұсқаушы, ал 1984-1989 жылдары Шиелі ауданы Ы.Жақаев атындағы колхоз төрағасы болса, 1989-1991 жылдары қайтадан «Жеміс-жидек» совхозы директоры қызметіне келді.

Ол сан түрлі құбылыстар мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне жай ғана қызығушылықпен емес, зерделі ой тоқтатқан азамат көзімен үңіліп, өнегелі өмір жолымен жүрген. “Жер көгерсе – ел көгерер” деп ғұмыр кешкен. Жанып-сөнетін бір мезгілдік от секілді емес, жылылығын жай ғана себездеп тұратын болмысын айна қатесіз сақтау­мен келеді. Кезі келсе сөздің сарасын айтатын, қолға алған ісін аяқсыз қалдыр­майтын, көзі жетпейтін іске көлденең килікпейтін жаратылысы сол қалпы. Адамдарды қадірлеудің, оларға қолдан келгенше құрмет көрсетіп, қамқор қолын созудың құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалмайтынын да толықтай түсінген. Оның өмірден ұстанған ең басты кредосы – еңбек, тек қана еңбек.

Осы жазбаны жазар алдында Мұхитдин ағаның айтқан мына бір аталы сөзі есімде қалыпты:

– “Адам” деген ардақты ат – шын мәніндегі адамға ғана лайық.  “Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы” дегендей, елімізді сәулетті, жерімізді дәулетті етіп, ұрпақтарға ұлағат ету – біздің парызымыз.

... 1991 жыл болатын. Мұхитдин Исмаилов Қызылорда облысы орман шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне келді. Бұл бір ауыр кезеңнің бастау алар уақыты болатын.  Сол бір қиын кезеңді Мұхаң төмендегіше еске алады:

– Бұл қызметке келуім менің өмірдерегімдегі ең бір аса ауыр, яғни бел шеше, білек түре еңбек етуіме, көзсіз ерлікке баруға тура  келген уақыт болды. Сол кездегі Одақтың солақай ­саясатымен аймақтағы сегіз орман шар­уашылығының төртеуі ғана қалған. Техникаларының тозығы жеткен, қаржы жеткіліксіз. Одақтың науқанымен “Консорциум-Арал” бірлестігі ашылған. Оның басты міндеті – Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанына кең көлемде орман мелиоративтік жұмысын жүргізу, яғни, жоспарға сәйкес сексеуіл, сарсазан ағашы мен бұта отырғызу. Бұл жауап­ты жұмысты орындау Қазақстан мен Өзбекстанға жүктеліпті. Шынымды айтсам, бұл жұмыстан маған дейін осы қыз­метте болған Өтембетов Рахмуз ағамыз да, оны айтасыз, министрліктегілер де мүлдем хабарсыз екен. Не істеу керек? Мекемеде көк тиын қаржы жоқ. Қол қусырып отыруға болмайды. Ойлана келе Мәскеудегі Орман комитетіне баруға бел байладым.

Сонымен сауатымның жеткенінше хат дайындап, Мәскеуге келейін. Алла сәтін салып, сол кездегі комитет төрағасы Г.Медведовке кірдім. Төраға орынбасарын шақырып: “Мына кісімен екі күн отырып, жұмыс жаса, қойған талаптарының бәрі дерлік орындалатын болсын” деп, тапсырма берді. Айтып, айтпай не керек, барлық өтінішім толықтай орындалды. Дайын­далған құжаттарды  алып-ұшып Қызылордаға келсем, ­есеп-шотымызға миллиондаған қаржы түсіпті. Сол ақшаның есебінен сол 1991 жылы Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Қармақшы  аудандарынан, ал 1993 жылы Жалағаш ауданынан орман шаруашылығы мекемелерін ашып, мамандармен, техникалармен толықтай жабдықтадық. Өйткені, Аралдың ұлтанына мүмкіндігінше мол техника мен  адам апармаса жұмысты толықтай орындау әсте мүмкін емес еді. Арал – менің арманым, арым, жаным болды. Өйткені, Арал тағдыры – халық тағдыры, бүкіл әлем тағдыры, – дейді ол.

Иә, Мұхаң аға айтса айтқандай, осы кісінің табанды басшылығымен 1991-1993 тоқырау жылдары теңіз табанына әр жылы 18 мың гектардан, яғни, үш жылда 54 мың гектар жерге сексеуіл, сарсазан егілді. Бүгінде осы жерлер қалың орманға айналған. Егілген сексеуіл тамыры 3-4 жылда керемет тұқым байлап, ұрығы айналаға шашылып, өздігінен өніп-өсіп, 500 мың гектер жерге дейін сирек те болса орналасқан.

М.Исмаилов 1994 жылы Жаңақорған ауданы әкімі қызметіне жіберілді. Өкінішке орай, Мұхаң бастаған Арал ұлтанындағы игілікті іске уақытша тоқтам жасалып, кейіннен жалғасын тапты. Зейнетке шықса да жүрегіне жазылып қалған Арал тағдыры оны мазалаумен болған. Араға ұзақ жылдар салып, яғни 2002-2006 жылдары “Арал өңірінде тұзданған және шөлейттенген жерлерді оңалту” бағытындағы бағдарламаға сәйкес 1000 гектар жерге, ал 2008-2012 жылдары “Сыр табиғаты” коммуналдық кәсіпорны есебінен 2,5 мың гектар жерге сексеуіл, сарсазан егуге ақыл-кеңес беріп, басшылық жасайды. Содан да бүгінде ол жерлерде сексеуіл орманы бар. Қалың шөп шығып, жоғалған аң-құстар да пайда болған.

Мұхаң ағамыз зейнет демалысында жүрсе де қол қусырып отыруды қаламайтын азамат. Содан болар облыс көлемінде жайылымдық жерлерді жақсарту мақсатында 6 мың гектар жерге изен, теріскен, сексеуіл, тағы басқа өсімдіктер өсіруге белсене араласты. Кезінде Мұхаңнан тәлім-тәрбие алған орманшы-шәкірттері Мұрат Төлеғұлов, Сақтаған Ешмаханов, Жақсылық Орынбасаров, Мырзамұрат Ибраев, Қадиша Әлімбетова, Рауа Аралбаева, Валя Капаковалар ағамыздың алдынан кесе өтпейді. Ал, Мұхаң болса Сыр елінің айтулы азаматтары Сейілбек Шаухаманов, Ыдырыс Қалиев, Аманкелді Құдайбергенов, Жолдасбек ­Ердешбаев, Нәлқожа Ергешбаевтармен сыйлас та сырлас болғанын жыр етіп айтады.

Иә, Мұхитдин Исмаиловтың ел-халық алдындағы өлшеусіз еңбегі де ескерусіз қалған емес. Ол “Құрмет белгісі” ордені мен “В.И.Лениннің 100 жылдығы”, “Қазақстан Республикасы тә­уелсіздігіне 10 жыл, 20 жыл” мерекелік медальдарын иеленсе,  республикалық орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің, облыс әкімдігі мен мәслихатының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Шиелі ауданының құрметті азаматы.

“Қосағыңмен қоса ағар” деп атам қазақ айтқандай, Мұхаң ағамыз өмірлік жар таңдауда да жаңылыс баспапты. Екі жақсы қосылып, өнегелі де өркенді шаңырақ көтерген десек, тағы да асыра айтқандығымыз болмас. Мұхаң мен жұбайы Ұлман жеңгеміз өмірге бес ұл-қыз әкелген. “Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” дегендей, олар сан алуан салаларда қалтқысыз қызмет етіп жүрсе, атасы мен әжесі 16 немере мен 3 шөберені құшырлана құшақтап, шөпілдете сүйіп отырған жағдайлары бар. Десе де өмірде бір қуаныш, бір қайғы болады. Сонау жылдары Мұхаңның отбасына да бір ұлының бұзақылардың қолынан қаза табуы орны толмас қайғы-қасірет әкелген. Амал не, қанша жерден әділдік іздегенмен, сүйікті ұлының орны тола ма? Қалған балаларының амандығын тілеп шүкіршілік қылды.

– Жасым келсе де жігерім жасымаған. Билік пен байлық уақытша, ал бас­ты байлық – денсаулық. “Дені сау­дың – жаны сау” демекші, басты парызымыз – табиғатты қорғаудан қағыс қалғым жоқ. Тыңдар құлақ болса ұрпақтарға айтар ұлағатым да бар.

Жаратылыс адамдарға басты байлық – табиғатты сыйлаған. Онсыз жер бетінде тіршілік болмақ емес. Олай болса табиғатты қорғау ғана емес, оны аялау әрбір азаматтың парызы. “Жері байдың – елі бай” демекші, Сыр аймағында өспейтін өсімдік, ұшпайтын құс, жүгірмейтін аң жоқ десек те болады. Осыларды қызғыштай қорғап, қорғап қана емес көбейтуге атсалысу – көзі қарақты әр азаматтың міндеті. Сонда ғана, ­Жер-ана адамдарға қажеттіліктің бәрін сыйға тартады, – дейді сөз соңында, Жер-анамен тамырлас тұлға Исмаилов Мұхитдин ағамыз.

Жазбамды аяқтай келе, мен де Мұхаңның айтқан ұлағатты ой-пікіріне қосыла отырып, ағамызды Қызылорда облысында орман шаруашылығының құрылғанына 85 жыл толуы және орман қызметкерлерінің кәсіптік мерекесімен шын жүректен құттықтап, отбасына амандық, мықты денсаулық, мол бақыт, береке-бірлік тілеймін!

Мырзамұрат ИБРАЕВ,

еңбек ардагері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы.

ТАҒЫЛЫМ 15 қазан 2019 г. 580 0