СЫР САРАБДАЛЫ АРАЛБАЙ

Бұл өмірден небір жайсаңдар өткені ойға оралады. Аз ғұмырында Ғани Мұратбаев шығыс жұлдызы атанды, Саттар Ерубаев жиырмадан сәл асқанда «Менің құрдастарым» романын жазды, Шоқан отызға жетпей орыс ғалымдарын таңырқатты.  Мен қоғам және мемлекет қайраткері Аралбай Махамбетовті осылардың өміріне ұқсатамын. Ол өте білімдар еді. Бар-жоғы 41 жыл өмір сүріп, дүниеден өтті. Бұған да биыл 40 жылдан асты. Жүйрік уақыт зымырап өтіп жатыр. Иә, Аралбай Махамбетов кім болған дейсіз ғой, оқырман?
Қамшының сабындай ғұмыр кешкен азамат жастайынан зерек өсті, қатарларының алды болды. Орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Қызылорда пединститутының тарих факультетін үздік тәмамдаған соң оқытушылық қызметке қалды, институт комсомол комитетінің хатшысы лауазымын атқарды. Жастардың ұйытқысы, жаңашыл бастамалардың жаршысы болғанын, сөз салмағының терең екенін Ш.Айтматов «бұл азамат мүлде шоң» десе, Қалтай аға терең білімпазым-ай деп бас иген деседі.
Өмірдеректеріне тағы бір зер салсақ, Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, қалалық партия комитетінің партиялық-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, обкомда бірнеше бөлімді басқарды, халық сеніміне лайық депутат болып сайланды, талай марапатқа ие болды.
Міне, жуырда ғана Астанадағы «Сарыарқа» баспаханасынан шыққан 400 бетке жуық «Сыр сарабдалы Аралбай» атты көгілдір түсті кітапта осынау азаматтың өміржолы шежіредей баянқалғаны байқалады. Кітапты профессор Қазыбай Құдайбергенов, Кеңес Махамбетовтер ұтымды құрастырған. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға, қалың оқырманға ұсынылған бұл кітаптың мазмұны әрбір отбасына тәрбиелік мәні зор, жата жастанып оқитын дүние, қымбат қазына десек, артық болмас. Әлбетте, «Жақсы кітап – жан азығы» деген сөз тегін болмаса керек.
Кітапта адамзаттың Айтматовы Шыңғыс Айтматовтың «Өмірді әкелеріңдей сүйіңдер» атты өсиетнамасы, ал Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен зайыбы Фарида Биттеева, тағы басқа дос-жарандардың жүрекжарды естеліктерін сүйсінбей оқу мүмкін емес.
Естелік кітаптағы Аралбай ағаның дүниеден өтер шағындағы жұбайы Қанымжан Байзаққызына аманаты, толғанысы еріксіз көзден жас тамшылатады. Көзкөргендер И.Әбдікәрімов, Н.Подольских, С.Тәнекеев, Б.Құлманов, А.Дәулетов, Ы.Қалиев, С.Әшірбеков, Е.Жүнісбаев, інісі Кеңес Махамбетовтің естеліктерінде телегей-теңіз ұрпақ тәлімаларлық ғибраттар мол. Ал, Арекеңнің сүйікті жары, бар-жоғы он жылдай ғана бірге өмір сүрген Қанымжанның, ұлдары Асқар, Сәкен, Серік, Еркіндердің жазбаларында әке өсиетіне адалдық туралы тағзым етерлік жайттар бар.
Қаладағы «Номад Палас» мейрамханасында ардагер азаматқа ас беріліп, кітаптың тұсаукесері өтті. Осынау басқосуда облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов, А.Дәулетов, Е.Омаров, Б.Сейітжановалар сөз сөйлеп, дүниеден өткен Сыр перзентінің тұлғасын одан әрі толықтырды. Сырдың біртуар перзенті Аралбай Махамбетовке қалалық әкімшілік пен мәслихат шешіміне сәйкес Сырдария жағасынан үлкен көшеге оның есімі берілген болатын. Өткен сенбіде А.Махамбетовтің есімін есте сақтау, ардақтау мақсатында оның атымен аталатын көшеге ескерткіш тақта орнатылды. Шараны Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жүргізді. Осынау салтанатта тағы да көзкөргендер сыр ағытты, үлкен құрметке ризалық білдірді.
Сонымен, ас беруден соң «Сыр сарабдалы Аралбай» атты кітап қалың оқырманға жол тартты.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТОВ.

ТАҒЫЛЫМ 29 қазан 2013 г. 1 265 0