Қылауыз ата жәдігері

«Алаштың анасы» атанған Сыр бойындағы қойнауы шежіреге толы өлкенің бірі – Жаңақорған ауданы. Аудан аумағы тарихи ескі қалашық пен мәдени-рухани ескерткішке бай. Солардың бірі жергілікті деңгейдегі тарихи-мәде­ни ескерткіштер қатарындағы Қылауыз ата (Жақып ата) кесене мазараты. 

Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде «Қылауыз ата жәдігері» атты танымдық конференция өтті. Жиынға тарихи тұлғаның ұрпақтары және көне жәдігерге қызығушылық танытқан аудан жұртшылығы қатысты. Шараның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков сөз сөйлеп, танымдық конфе­ренция­ның жоғары дәрежеде өтуіне сәттілік тіледі.

Қылауыз ата – Жақып Ахметұлы Әбулайстың өмірбаянына қарап отырсақ, ХІ ғасырда Самарқанда туып, 35-40 жас шамасында Қожа Ахмет Яссауидің шақыртуымен Түркістанға келеді. Одан ілім-білімін жетілдірген соң, халықтың діни са­уатын ашу мақсатында Сыр бойында, Қыр Өзгент шаһарында болады.

Конференция­ның алдында көрермендер Дінмұхаммед Әбжаппаровтың «Қылауыз ата» тарихи-драмалық қойы­лымын тамашалады. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Досай Кенжетай, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының академигі Тасболат Бабажанов танымдық бағыттағы бірқатар мәліметтерді алға  тартты. Сондай-ақ, режиссер Халила Омаров, «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы», өлкетанушы Шайдарбек қажы Әшімов және басқалар өз пікірлерімен бөлісті.

Конференция бабалар сал­ған сара жолдың ұрпаққа үлгі етерлік ғибраты туралы ұлағатты әңгімелермен қорытындыланды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 

Жаңақорған ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 13 қазан 2019 г. 828 0