Кемеңгер Кекілбаев кеңістігі

«Жерасты қозғалыстарының әлде бір сиқыр құдіретімен ғайыптан пайда болып, кейін кең әлемнің төрінде мәңгі бақи орнап қалатын ақар-шақар асқар шыңдар сияқты адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өлшенбейтін елден ерек ересен тұлғалар жұмыр бастылар арасында да ұшырасады. Ондай сирек туатын адамның өнегелі өмірі бақилығы мен баяндылығы жағынан өлмес-өшпес табиғаттың өзімен ғана бәсекеге түсе алады».

Бұл – кемеңгер Әбіш Кекілбай­ұлының ұлы ойшыл, классик жазушы Лев Толстойға арнаған мақаласының бастауы. Шыны керек, осынау ой-толғау қайталап оқығанда Әбекеңнің өзіне арналғандай әсер қалдыратыны рас.

Әбіш ағаның тарихи тұлғасы, біртуар болмыс-бітімі, ойшыл бей­несі, қайраткерлік келбеті туралы салиқалы пікірлер, парасатты па­йымдар руханиятымызда аз айтылған жоқ. Уақыт өткен сайын тау-тұлғаның тұңғиығына бойлап, аяулы перзентінің қыран самғауын сараптап, тарланбоз шандоздың ғұмырбаянын таразылайтын елжіреген елінің жүрекжарды пікірі, көзкөргендердің күнделігі туа беретін болады. Өзіміз де бүгіндері күні кеше қасымызда бірге жүрген қабырғалы қайраткер, саңлақ санаткер, марғасқа қаламгердің мағыналы ғұмырының сыр-сымбаты жөнінде жиі ойланатын болдық.

Қазақ әдебиетінің «Алтын ғасыры» атанған XX ғасырдың 50-60-жылдары әдебиет әлеміне бір шоғыр таланттар келді. Солардың арасында тырнақалды туындысы «Алтын шуақпен» әдебиет әлеміне бөлек әсер әкелген Әбіш Кекілбаевтың орны бөлек еді. Шағаласы толқынға еркелеп, толқыны көкке тулаған асау теңіздің ұлы – Әбіш әдебиет есігін өлеңмен ашты.

Сөз өнерінің қақпасын өлеңмен қағып, кейін көркем прозада әлемдік мәдениет қазынасына мол үлес қосқан Әбіш Кекілбаев қаламгерлік қуаты мол, кестелі сөз шеберлігі жоғары талантты тұлға, көп қырлы суреткер еді. Сөз өнерінің тізгінін ұстаған әрбір суреткердің ең асыл арманы мен мақсат-мүддесі өз халқын әлемге таныту болса керек. Бұл тұрғыда Әбіш борышы өтелген бақытты жазушы. Оның қаламынан туған шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Өз халқының талайлы тағдырын, жүріп өткен жолын, мұңы мен сырын, жаны мен арын, тұтас табиғатын төрткүл дүниеге танытты. Көрнекті жазушы Кекілбаевтың мұрасы – ұлттық интеллектуалдық қазынаға айналды. Бір ғана мысал, 1982 жылы әдебиеттің ғасырлық кезеңін саралап отыратын Еуропаның ұйымы шығарған «Соңғы жүз жылдықтың атақты жүз қаламгері» деген портрет-плакатта Толстой, Әуезов, Достоевский, Чехов, Маркес, Хемингуэй, Паустовский, Федин, Айтматов, Ғамзатов сынды әлемдік тұлғалар қатарынан Әбіш те орын алды. Немістің кітап баспасы жүргізген сауалнама-хаттамасында «XX ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне де енді. Сөйтіп таңдамалы туындылары әлем жазушылары мен сыншыларының назарын аударды, шоқтығы биік шығармашылығы жоғары бағаланды.

Әбіш әлемінің мінсіз сом құйылысы да, табиғи құнарлы құрылысы да, феномендік құбылысы да – оның ақ раушан ниетінде, жүрек тазалығының жұпар шырайында. Ол кісі не жазса да, не айтса да, немен шұғылданса да, ақиқаттан айналып өтпеуді мұрат ететін. Адамгершілік, моральдық-гума­нистік құндылықтарды өзі шұғыл­данған саланың барлығына алтын арқау ете білді. Шындық пен шынайы­лықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл жолы әрдайым халықтың мүддесінен, мемлекеттің мүддесінен шығатын.

Әбекең көзінің тірісінде-ақ заңғар жазушы, ойға кенен парасат иесі ре­тінде мойындалған сирек тұлғаның бірі. Осылай мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт, ажалдың алдын алған Қожа Ахмет Ясауи, жерұйықты іздеген Асан қайғы, халқының кемелдігін аңсаған Абай, елін әлемдік өркениетке жетеле­ген Мұхтар Әуезов секілді тау тұлға­лардың қатарына қаламымен ғаламға ізгілік тілеген Әбіш Кекілбаев та қосылады.

Өз басым Әбіш Кекілбайұлы сынды сан қырлы талант иесімен, парасаты мен ізгілігі жарасқан білімдармен, елжанды дегдармен жеке таныстықта, адами сыйластық-қимастықта бірге өткізген дәуренімді ерен бақытты шағыма балаймын. Көкшулан теңізде алып кеменің жүзгені қандай байсалды да байыпты болса, кемеңгер Әбекеңнің ақыл-ой тебіренісі де жұртты лезде рух толқынымен шарпып, әдемі әсерге қалдыратын. Еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ талай мәртебелі аудиторияны ұр­шықтай иіріп, уыздай ұйытқан баян­дамалары, көркем сөзде олжа, көсем­сөзде жорға салған даңғыл өнерпаздығы айбынды Алаш елінің мүддесін жаңа тұрпаттағы заман мен қоғамның бетбұрыс тоғысында таразылап талдаған, рухани өмірімізді түлетуге серпіліс пен сілкініс тудырған дүниелер болатын.

Қалың жұртының көкірегіне рух құй­ған сырлы сөздері Қазақ елінің тәуел­сіздігін дәріптеп, азат ойын шың­дап, мемлекетіміздің қалыптасуына нәр беріп, заң түзімін жетілдіруге, халықаралық қауымдастықта лайықты орнын еншілеуге зор үлес боп қосылды.

Даладай далиған кең мол пішілген даңғайыр дарын әдебиет пен өнердің барлық саласында жасампаздықпен еңбек етті. Кино мен театр өнерінің қыруар мәселесіне жастық жігермен дем берді. Зәру тақырыптар мен шырғалаң драмаларға сұранысты қамтамасыз етуге күш салып өзі де жазды, әлемдік классикадан тартымды аудар­малар жасады. Тәуелсіздік тұсында жырмен толғаған «Абылай хан» драмасы – азаттық жолында арпалысқан хандарымыз бен батыр­ларымызға, билеріміз бен игі-жақ­сы­ла­рымызға зерлі сөзбен тұрғызылған жауһар ескерткіш. Асыл сөздің хас зергері поэзия, проза, көсемсөз, сын, сапарнама, поэзия, проза, күй мен сан алуан көркем өнердің өрісті табиғатын түсіндірген сараптама зерттеулерді жазып артына өнегелі мектеп қалдырды.

Әбіш ағаның шешендік күмбірінде ақ домбырасын қару еткен Абыл күйшінің мың қатпарлы әуен ырғағы, Ақтан бастаған жыраулардың төкпе жырының тұңғиық сарыны, кайнозой заманының тіршілік табының елесі қалған Маңғыстау даласының сағым мұнары алдыңнан ескендей тылсым қатпар сезіледі емес пе?!

Қоғам мен заманның, әлеумет пен саясаттың ширыққан келелі мәселе­лерін тәуелсіз мемлекеттің рухани идеологиялық нәрі ретінде ұтымды тұжырымдаған публицистикалық шығармалары ойшылдық мазмұны қою, көркемдік лебі қуатты болуымен ерекшеленеді. «Талайғы Тараз», «Шандоз» жинақтары тарих пен танымды, мәдениет пен ежелгі өнердің құпия сырын ұштастырған заманауи ой-танымға жаңа бағыт әкелген дүниелер. «Сыр десте» деген атпен ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің бес томдық арнайы жинағы жарыққа шығуы – қазақ көсемсөзінің көкжиегін кеңіткен мұнаралы биіктер.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі де, бірегейі де болған ол тәуелсіз еліміздің саяси-рухани бет-бейнесін қалыптауға өз қолтаңбасын қалдырды. Оның Ел­басының шешімімен егемен еліміздің жылнамасында алғаш рет «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орде­німен марапатталғаны, мерейлі жетпіс жасқа толғанда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының тұңғыш иегері атануы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қай­раткер қаламгерге деген айрықша ынта-ықыласы, сол арқылы ұлтымыз­дың әдебиеті мен өнеріне деген терең сүйіспеншілігінің айқын дәлелі таныл­ғандай. Осының барлығы Әбіш ағаның ел, ұлт алдындағы ерен еңбегінің бағаланғандығы еді.

Кезінде еліміздің Парламент Сена­тында қызметтес болып сыйласқан, бүгінде кемеңгер Кекілбаевқа арналған мерейтойлық игілікті істердің бастауында тұрған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заңғар жазушының 80 жылдық іс-шарасының шымылдығын ашқан сөзінде қайраткер қаламгердің тұлғасына рия­сыз баға беріп «Әбіштану енді бас­талды» деуі – терең философиялық-бағдарламалық мәнге ие.

Шын мәнінде, елінің ықыласына ие болған еңселі қаламгердің әрбір мерейтойы жас ұрпақ үшін тағылым мен өнегеге ие айтулы құбылысқа айналуы тиіс. Олай болатыны Әбішті тану – оның мұрасын терең игеру, ой-парасатына шому, қазақ халқының дана дәстүрі, бауырмалдығы мен отан­сүйгіш сезімін түлетумен, түгендеумен тең ғибратты шара.

Бүгіндері елордамыздан бас­тап, облыс-облыстарда айшықты бас­қосу, алқалы жиындар, ғылыми конференциялар жүйелі ұйым­дас­ты­рылып жатыр. Марғасқа сөз зергерінің рухын ұлықтай түсу мақсатында түрлі рухани нысандарға, даңғылдар мен көшелерге есімін беру бастамасы шешімін тауып отырғаны – елдігіміздің өнегелі де өрелі белгісі.

Әбекеңмен емен-жарқын дидарласып бірге өткізген сәулелі сәттер, шуақты күндер санадан өшпек емес. Өзінің азамат болып қалыптасуына, қаламгерлік соқпаққа түсуіне тірек болған баспалдақтарды ол ұдайы жылы сезіммен еске алып отыратын. Оның кісілік келбетін қалыптастырып, ақындық албырт сезімін ұштаған алтын ұя ауылы, өскен өңірі, көкірегі даңғыл қарттар, ақ жаулықты мейірбан аналар еді. Әлбетте, бұл туралы ол жас кезінен бері тұрақты жазып келді, екеуара немесе көпшілік алдындағы қызықты әңгімелерінің тақырыбы да негізінен осы төңірегінде еді.

Туған өлкесіне деген сағынышын, санасын тым ерте есейткен сұрапыл соғыс жылдары туралы шытырман естеліктерін ғұмырының соңына дейін бір рет те сарқып түгесе алмай кетті. Әбіш Кекілбайұлы әдебиет әлеміне рухы ешқашан мұқалмайтын, ар-намысқа адал кейіпкерлер галереясын сыйлады. Әбіш Кекілбайұлының тұлғатану, дәуірді тану саласындағы жаз­бала­рының өзі – алып бір Шоғыр. Тарихи дарабоздарымыздың есімдерін ел жадында жаңғыртудағы еңбегі ұшан-теңіз. Айтулы тарихи тұлға­лардың көкірек түкпіріне психологиялық қырағылықпен, матема­ти­калық дәлдікпен үңіліп, оқырма­нына шытырман мінезді шынайы образ етіп ұсынады. Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбілқайыр хан, Абылай­ хан тұлғалары ширыққан тартыс, күрделі бітім-болмысымен ежелгі тарих­тың қайталанбас шытырман оқиға­сымен бүгінгі бізді бетпе-бет қалдырып, оңашада ой түюге шақырады.

Дарабоз суреткер үшін рухани кемелділік – ар тазалығы, сезім шынайылығы, мұрат тұрлаулылығы болды. «Арлы адам – ең күшті адам.Өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, өкінішті болуы мүмкін емес» деген ойға шүбәсіз берік еді.

Ілім-білімге құштарлық, арлы адамды ардақтау, тарихи зердені жаңғырту, асыл мұраттан таймау секілді қасиеттері жөнінен бүгіндері қалың оқырман хабардар. Осынау ерекшеліктердің бала кезден-ақ тал бойына дендеп енуіне түрлі себептермен Жаратқанның өзі ұдайы қолдап, жебеп отырғандай. Ауылына кен қазуға келген түрлі экспедицияларға ілесіп айлап, апталап жорық сапарға кетуге қаншалықты құштарлық пен қажырлы төзім қажет десеңізші?! Балалық көңілмен әуестенген кен барлау кәсібі даналыққа қадам басқан шағыңда баба тарихтың сырын ашып, адам жанының кенін қазуға септескен сыңайлы.

Әдетте Әбіш аға сөйлегеннен кейін көптеген оқымысты, ғалымның өздері білетін тақырыптан тосылыңқырап қалатынына немесе сілтідей тынып таңырқаумен шектелетініне талай куә болғанбыз. О кісі баяндаған кезде анықтың өзі айқынданып, дұрыстың өзі түзуленіп кеткендей көрінетін. Баяндаушының дәлелділік, дәйектілік қасиеті зор болуы – тыңдаушының бақыты. Өйткені Кекілбаев кеңістігі тыңдаушыны ізгілік пен рухани кемелденуге шақырады.

Әбіш Кекілбайұлының әдебиеттегі сан салалы мұрасымен қатар мемлекет ісіндегі мұратына қатысты кеңінен тоқтала аламыз. Ол тіпті қаламгерлік құдіретпен өзге дүниені жиып қойып дара шұғылданған кезі сирек. Шығармашылықпен көбіне жұмыстан кейінгі екі-үш сағатта немесе кезекті еңбек демалысында айналысып жүретін. Яғни, ұлан-ғайыр өнікті еңбегін қағаз бетіне қажырлы да орасан еңбекқорлықпен таңбалады. Бұдан жазу атаулыға адалдығы, қалам қуатына сенімі айқын аңғарылады. Әйтпесе мемлекеттік басқару ісіндегі жетістігі мен белсенділігінің өзі-ақ бір адамның ғұмырына жететіндей еді.

Әрине әдебиеттегі Әбіш пен саясаттағы Әбіштің арасында едәуір айырмашылық бар екені рас. Бірақ мақсат-мүддесі біреу еді. Әдебиетші Әбіш – ұлтжанды, саясаткер Әбіш – мемлекетшіл. Ол осы екі міндетінің де ауырлығын армен, салмағын санамен, өлшемін өремен көтерді. Бүгілмес берік, бөгелмес байыпты Әбекең – ғажап суреткер, сұңғыла сая­саткер, білікті басшы, қай қалыпқа салсаң да қайыспас қара нар болатын. Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр.

Әлбетте, әріптес замандастары арасында Әбекеңнің мемлекет қызметіне араласуы әркелкі қабылданды. Оның әдебиетпен басыбайлы айналысқанын құба-құп көрушілер көп екенінен хабардармыз. Бұл жайтты өз сөздерінен де аңдаушы едік. Дегенмен, біз бұл жерде аталған ахуалға байланыс­ты баға беруден, пікір қалдырудан аулақпыз. Әркімнің, әсіресе Әбіш аға сынды алып санаткердің, даңғайыр дарын иесінің қабілеті кәміл жететін сан салалы істермен шұғылдануға әбден хақысы бар. Заңғар жазушының Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесін басқаруы, Мемлекеттік хатшы лауазымын айтарлықтай уақыт бойы атқаруы біле білгенге жеңіл шаруа емес. Әбекең жазудағы ақ-адалдық кредосын мемлекет қызметінде де қатаң ұстанды. Басқадай болуы мүмкін емес еді. Өз кейіпкерлерінің рухты, арлы адам болуын көздеген жазушы мемлекет қызметінде отырып та ақиқат жолын таңдаған абыздық саф мінезінен айнымады. «Қандай лауазым иесі де өз өкілеттігі аясынан аспауы керек. ...біздің ешқайсымыздың заңнан асқан қатал, не заңнан асқан кеңпейіл болуға хақымыз жоқ» дейтіні сондықтан.

Біртуар суреткер Әбіш Кекілбаев­тың жазғандарын қайталап оқып тұру бәрімізді рухани шыңдалуға, кемелденуге үндейді. Кекілбаев кеңіс­тігін ойша шолғанда біз де абыз ағаның көкейімізде жатталған немесе кітаптарында қатталған кейбір па­йымдарына оралып соғып отырдық. Ағамызбен мерейлі жасы қарсаңында қайта бір дидарласып, сұхбаттасқандай әсерде болдық.

Әбіш – қазаққа ортақ тұлға. Қазақстанның қай аймағы да Әбішті өз ұлдарындай сүйді, құрметтеді, мақтан тұтты. Суреткердің өзі де қазақ даласын жанындай жақсы көрді, әр өңір оған өзінің туған топырағындай, асыл тұмарындай көрінетін. Сондықтан болса керек, тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең білетін сұңғыла еді Әбіш ағамыз.

Әбіш рухы қазақтың мәңгі жанында һәм жадында. Абыз аңызға айналды. Қаламға – қанат, ғаламға – ғаламат, кемге – тілек, елге – тірек, ұлтқа жүрек болған болмыс иесі ұрпақты жебеген бабасы Қорқыт, атасы Пір Бекеттей енді өзі де ұлтына ұран болары кәміл. Сол арқылы жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай береді.

 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

ТАҒЫЛЫМ 11 қазан 2019 г. 442 0