ТЕКТІЛІК ТАҒЫЛЫМЫ

Өркеш-өркеш болып түйедей шөгіп жатқан қалың қатпарлы қарт Қаратау сілемдерінің етегінде Талап ауылы орын тепкен. Бұл жердің табиғаты  көркем, ауасы таза, суы балдай. Халқының ынтымағы жарасып, қаймағы бұзылмаған. Осы қасиетті өлкеден талай талантты дарындар, ғалымдар, дәрігерлер, ақын-жазушылар, спортшылар, өнер және қоғам қайраткерлері шықты. Осындай асыл текті азаматтың бірі – Зинабдин Шермағанбетов. Ол кісі ұзақ жылдар мектеп директоры болып және мемлекеттік қызметтер атқарды. Сондықтан ұстазымыздың кісілігі, тектілігі, біліктілігі, тұлғалығы жайында аз-кем қалам тартуды өзіме зор міндет санадым.
Биыл ұлағатты ұстазымыз үшін ерекше жыл. Олай дейтінім Зинабдин ағамыз 70 жасқа толады. Шермағанбетовтер өсіп-өнген, өркен жайған әулет. Облыс, республика тарихында өзінің лайықты орны, өзіндік қолтаңбасы бар, қалың елге танымал, беделді де берекелі шаңырақ. Бұл әулеттен облысқа, республикаға белгілі ғалым, агроном, дәрігер, сәулетші, кәсіпкер, мұғалім, әнші, мұнайшы шықты. 
Шын мәнінде, Шермағанбетовтер отбасын нағыз бақытты жандар деп айта аламыз. Бақытты ешкім сұрап, тартып, сатып ала алмайды. Ол сыйлай салатын шапан немесе мінгізе салатын ат та емес. Бақыт дегеніңіз – Құдайдың өзінің сүйген пендесіне көрсететін құрметті сыйы, жасайтын жақсылығы. Бұл әулет өз бақыттарын ата-анасының ақ батасынан, адал өмірден, адал еңбектен, ақыл-парасаттан, шынайы тазалықтан, әділдіктен, адамгершіліктен тапқан. 
Зинабдин ағай мен Зөре апай өмірдің, еңбектің, бейнеттің, тұрмыстың қызығын да, қиындығын да, барын да, жоғын да халқымен бірге көріп келеді. Ардақты ағамыз жөнінде жұрт тебіреніспен әңгіме етеді. Адалдығы, тазалығы туралы әңгіме қозғайды. Әділдігі, іскерлігі, шешендігі, біліктілігі, талапшылдығы, адамгершілігі, тектілігі де тілге тиек етіледі.  Ағамыз бүкіл саналы өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын халыққа білім беру саласына арнады. Өзіне жүктелген міндетті адал атқарды. Білімділігі мен біліктілігін көрсетті. Терең рухани байлығы мен парасаттылығы нәтижесінде ұстазымыз көпшіліктің құрметіне бөленіп, абырой мен беделге ие бола білді. 
Ұстазым білім саласына қаншама кажыр-қайрат жұмсады. Қиыннан қисынын таба білді. Асқан сабырлығы, пайым-парасаты тұлғалық сипатын аша түсті. Әріптестері «Ісіміздің іркіліссіз жүруіне, алға қойған міндеттердің мінсіз шешілуіне Зинабдин ағайдың карапайымдылығы, кіршіксіз тазалығы және өзгені өзіндей көретін бауырмалдығы даңғыл жол ашатын. Сондықтан да біз өзімізді Зинабдин Шермағанбетұлының шекпенінен шыққан шәкірттеріміз» деп жиі айтатынын құлағымыз шалып жүр.
Өз мамандығының қыр-сырына қанық аяулы ағамыз ұзақ жылдар бойы Талап ауылындағы №54 Ж.Қыдыров атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ол кісінің сабағы қызықты өтетін. Өмірдің өзі кестелеп ұсынған әр жобаның мәні осы ұстазымыздың сөзінде ме деп те ойлайтынбыз. Сондықтан да біз ол кісіні әрқашан іздеп жүрдік. Сөзін естіп, бағдар тапсақ, тапсырмасын орындап ойынан шықсақ деп бір-бірімізбен таласып жүретінбіз. Сонда біз болашағымыздың кірпішін қалап жатқандай сезінетін едік.  
Қазақтың сайын даласы қандай кең болса, ұстазымыздың бойынан да осындай кеңдік пен дарқандықтың иісі аңқып тұратын. Ағай кісіні алалауды білмейтін. Таныс-бейтаныс деп бөлмей, қолынан келсе бәріне қамқорлық жасауға ұмтылатын. Менің ойымша, кейінгі жас ұрпақты білім нұрымен сусындатып, ізгілікке үндеп, алға жетелейтін, жақсылыққа баулитын осы ұстазымыз сияқты тұлғалы азаматтардың тектілік тағылымы болса керек.
Ұлағатты ұстаз білікті басшы да бола білді. Директор болған жылдары мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, кадрлық әлеуеті жоғарылап, облыстағы ең үлгілі мектептердің қатарында болды. Әсіресе спорт, өнер саласына үлкен қолдау көрсететін. Мектеп оқушылары спорттың баскетбол, үстел теннисі, футбол, волейбол, жеңіл атлетика түрлері бойынша облыста, республикада жүлделі орындардан көрінді. Мектепте спорт түрлерінен облыстық, аудандық, мектепішілік жарыстар жиі ұйымдастырылатын. 
Жалпы, ағайдың шешендігі оның табиғатындағы үш қасиетпен етене табысып жатады. Олар – білімге тереңдік, ойға ұтқырлық, сөзге тапқырлық. Білімге тереңдік арқау болып отырған тақырыпты ашудың телегей теңіз кеңдігіне алып шықса, ойға ұтқырлық қажетті тақырып аясындағы танымның ойға сыншылдықтың тезіне шыдас берер беріктігін танытады, сөзге тапқырлық – айтар ойды асыл сөздің алтын буына талғампаздықпен суарып, көркем ойды көрікті сөзбен мың сан құбылтып, жарқырата жеткізу. Бұл білімнің нұрына қаныққан, терең даналық пен кемеңгерлікке негізделген нағыз ұстазға тән қасиеттер болса керек.
Ұлағаттылық үлгісіндей болып көрінетін алтын ұстазымыз көп ұзамай қызмет бабымен басқа салаға ауысып кетті. Бізге үш-төрт жыл ғана сабақ берсе де, қаншама білім байлығына қол жеткізгендей болдық. Бірақ, ол кісі бізден алысқа ұзап кете қоймапты. Өзіміздің Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған екен. Жоғары қызметке барғанына қуанып тұрсақ та іштей қимаймыз. 
Аудан басшылығы Зинабдин Шермағанбетұлына зор сенім артты. Бұл сенімге ол кісі өзінің іскерлігімен, биік болмысымен, ақыл-парасатымен, кәсіби біліктілігімен ие болған еді. Аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметінде жүргенде қолдан жасалған кемшіліктерге жол бермейтін. Аудан халқының әлеуметтік ахуалының жақсаруына ерен еңбек сіңірді. Ол кісінің болмысында ешкімге ұқсамайтын бекзаттық, тектілік бар. Педагог, ұлық ұстаз қалпы осындай болса керек-ті. Білімі мен білігі, көсем ойы, шешен тілі басқа әріптестерінен оқ бойы озық етіп көрсетіп тұратын.
Аудандық білім бөлімін басқарған жылдары жаңашыл қасиетімен елдің көзіне түсті, әріптестеріне де қатаң талап қоя білді. Әсіресе табиғи дарынды өрендерді іріктеп, дайындау мәселесіне көңіл бөлді. Бала тәрбиесінің шын мәнінде баршаның ісіне айналуына сүбелі үлес қосты. Байыпты басшы білім саласындағы реформаларға осы уақытқа дейін қомақты үлесін қосып келеді.
Зинабдин ағай педагогикалық басшылық қызметтердің кай сатысында болмасын, еңбексүйгіштігімен, адамгершілік парасатымен даралана білді. Үкімет тарапынан ұстазымызға берілген КСРО және Қазақстан Республикасының Халыққа білім беру қызметінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін», Ы.Алтынсарин атындағы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдық мерейтойына арналған төсбелгілері мен көптеген марапаттау, алғыс хаттары ерен еңбектің әділ бағалануы деп білемін.
Зинабдин ағайымыз Зөре анамызбен екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Низамедин – белгілі құрылысшы, кәсіпкер, Мейрамбегі – тарихшы, әке жолын жалғастырып қарапайым ауыл мектебіндегі мұғалімдіктен облыстық білім басқармасының бастығы деңгейіне дейін көтерілді, аудан, облыс әкімшілігі аппаратының басшысы, орынбасары, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазірде ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің облыстық департаментінің директоры қызметін атқарады. Үлкен қызы Көркем – дәрігер, ортаншы қызы Айгүл мен кенже қызы Әлия өз салалары бойынша білікті мамандар. Барлығы да жоғары білімді, ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иелері.
Жандос ЕСІРКЕПОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты. 


ТАҒЫЛЫМ 29 қазан 2013 г. 1 349 0