« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Алғашқылардың бірі болу екі адамның тағдырына жазыла бермеген. Оның ішінде ғылым мен білімге, ХХ ғасырда техникалық прогреске қол созған ұлт өкілдерінің қолдары жете бермеген әскери мамандық пен ұшқыш болуға ұлттық бойкүйездігіміз бен ынта-құштарлығымыздың жете бермегендігі, содан да барып көп нәрседен кешеуілдеп қалғанымызды бүгінгі аға буынның өкілдері жақсы біледі. Оның үстіне қанға сіңген, ұлттық көзқарас пен қазақы пиғыл ол мамандыққа деген қызығушылықты тежеумен болды. Алысқа бармай-ақ осы жолдың авторы да осындай жайттарды басынан өткізген еді.
Мен 1962-1965 жылдары орманды Балтық жағалауындағы Литва Республикасында, стратегиялық мақсаттағы ракета әскери құрамында азаматтық борышымды атқардым. Замандастарым, жалпы қазақ жастары Отан алдындағы әскери борыштарын адал, патриоттық сезіммен қандайда бір болмасын қиындықтарды төзімділікпен, шыдамдылықпен жеңе отырып адал қызмет атқарды. Кезінде көпұлтты одақ азаматтарының арасында осындай қадір-қасиеттері мен қазақ жауынгерлері әскер басшыларынан лайықты мадақталып, алғыстарын алып жүрді. Содан да болар, сол кездегі мемлекетіміздің саясаты 60-70 жылдары, елдің ұлт өкілдерінің жастарын сан салалы әскери мамандыққа, ұшқыштармен әскери теңіз кемелеріне мамандар даярлауға тарту жұмыстарын жүргізе бастады. Кеңестер одағының қорғаныс министрінің жанында Бас саяси басқарма деген партиялық құдіретті орган болды. Ол негізінен ел қорғанысындағы әскери мамандар мен қолбасшыларының сапалық құрамын зерттеп, оларды орналастырып тәрбиелеу болатын және де осы саладағы ұлт кадрларының үлес салмағын бақылап, байқау жұмыстарын жүргізетін. Өткен ғасырдың 50-60-70 жылдары кеңестер одағының қорғаныс саласындағы бөлімдер мен құрамалардың командирлері және офицерлері соғысқа қатысқан майдангерлер еді. Сондықтан да олар соғыс кезінде түрлі ұлт өкілдерінің ортақ отанды жаудан қорғаудағы ерліктерін жақсы білетін. Әскери жаттығулар мен ойындарда жоғарғы қолбасшылардың қазақ жігіттеріне деген ілтипаттары ерекше еді. Олар уақыт тауып біздермен тілдескен кезде: «О, сендер соғыс батырлары, ержүрек қазақ жауынгерлерінің ұрпақтарысыңдар» деп мадақтайтын. Қазақ жауынгерлерін әскери мамандыққа тартуға, жоғарғы командирлік әскери училищелерге жолдамамен жіберуге ұсыныс жасайтын. Сондай ұсыныс маған да жасалған еді. Елден отызыншы команда деп аттанған алпыс жігіт жаңадан құрылып жатқан стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің құрамасына барғанымызда әр бөлімге 2-3 қазақ жігіті түскен. Біздер ракета-ядролық қондырғыларымен жабдықталған құрамада адал, патриоттық сезіммен қызмет атқардық.
Өзімізге көрсетілген сенімді ақтауға тырыстық, әскери өмірге тез үйреніп, өз міндеттерімізді үздік орындадық. Жаңақорғандық Жәдігер Мусаев үш жыл бойы бөлім командирі, майдангер полковниктің жүргізушісі болды. Қармақшылық Наурыз Қартбаев ротаның старшина міндетін атқарды.
Мен ядролық қондырғымен жабдықталған тіктұмсықты тасымалдаушы, қолданушы, монтажшы, жүргізуші, сынаушы қызметін атқардым. Сол уақыттарда мені Минскідегі жоғары әскери әуе-қорғаныс училищесіне баруға үгіттеді. Жолдама беретін болды. Жастықтың қызуымен өзім қатарлы үміткерлермен бірге Каунас Мемлекеттік университетінде үш ай дайындық курсында оқыдым. Жеме-жемге келгенде әскери оқуға баратынымды әке-шешеме айтып хат жазғанымда, олар азар да-безер болып, ондай оқуға бармауымды сұрап, тездетіп ауылға қайтуыма әмір берген еді. Осындай жағдайлар сол кездері менің замандастарымның да бастарынан өткен болатын. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас кезінде ұшқыш болуды армандаған. Киевтің жоғары азаматтық авиация училищесіне сынақ тапсырып, оқуға түсіп, болашақта ұшқыш болатындығын әкесіне, ауылдастарына айтқанда бұл мамандықтың қауіпті, үнемі сыртта жүретіндігін, қазақтар үшін жат мамандық екенін айтып, қарсылық білдірген.
Бұл туралы Елбасы жайлы «Балалық шағымның аспаны» деген фильмде жақсы баяндалған. Біздің жастық кезімізде, мамандық таңдауда қалыптасқан қазақылық ұғым басым болды. Сондықтан да жоғарыда аталған мамандықтарға бару сирек кездесетін.
Осы бір қауіпті де құрметті, ердің ері ғана баратын, бүгінгі техникалық прогресс заманында алып әуе кемелерімен дыбыстан жылдам әскери ұшақтарды ұршықша игерген қандастарымыздың ерлік істеріне тәнті боламын. «Сыр бойы» газетінің 2019 жылғы 5 қыркүйектегі №132 санында «Аралдық ұшқыш әлемді бағындырды» деген мақаладан Ақтөбе қаласындағы әуе-қорғаныс күштері әскери институтының түлегі Манас Дәулетбаев баламның дыбыстан жылдам «жойғыш авиация» СУ-25 ұшағымен Ресейдің Рязань қаласында өткен халықаралық армия ойынында СУ-25-ті ұршықша иіріп, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындап, Ресей және Қытай ұшқыштарынан кейінгі үшінші орынды игергеніне қатты қуандым.
Ұлт намысын асқақтатқан азамат деп мақтандым. Манастың: «қазір бұл саланы таңдайтындар азайып барады» деген сөзіне қынжылдым. Манас сияқты ұлт намысын асқақтататын азаматтар көп болса екен деп тіледім.
Осы мамандықты алғаш игерген қазақ ұшқыштары туралы зерттеуді, оны оқырмандарға хабардар етуді мақсат еттім. Қазақстаннан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаев, қазақтың алғашқы азаматтық ұшқышы Жолдасбек Нұрымов (қызылордалық) туралы деректер жинадым.
Ұшқыштар училищесін 1933 жылы бітірген Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Шеңгелді ауылында шаруа отбасында дүниеге келеді. 1929 жылы жиырма екі жасында Зайсан аудандық жалшылар комитетінің төрағасы болып қызмет етіп жүріп өз өтінішімен қызыл әскерлер қатарына алынады. Түркіменстанның Мари қаласында орналасқан Түркістан ерекше кавалериялық бригадасының 82-полкіне қызметке келеді. Әскери мамандық пен өнерді тез меңгерген Жақыпбек взвод командирі ретінде «Түркімен көтерілісшілерінің көсемі» атанған Оразгелдінің қарақшыларын талқандап, өзін қолға түсірді.
Ерлігі ескерілген Жақыпбек бірнеше рет жоғарғы қолбасшылардың алғысына ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталған. 1930 жылы РККА Орта Азия әскери мектебінің, кавалерия бөлімі командирінің орынбасары қызметін атқарды. Кавалерия саласында үздік қызмет атқарғаны ескеріліп, ұшқыш-барлаушылар даярлайтын 9-шы әскери ұшқыштар мектебіне қабылданады. 1930 жылы Харьков әскери авиациялық штурмандар училищесін, кейіннен Чугаев әскери-авиациялық ұшқыштар училищесін тәмамдайды. Қазақ авиациясы тарихын зерттеуші журналист А.Қасымов сол жылдары Ресейдің ұшқыштар даярлайтын училищелерінде Жақыпбек Малдыбаевтан басқа қазақтың есімдерін кездестірмегендігін жазған. 1934 жылы Түркістан әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-шы ерекше авиация отрядында аға ұшқыш бақылаушы (аға штурман) сонымен бірге фотоқызмет бастығы болған.
1937 жылы Мәскеудегі әскери әуе күштерінің Сталин қатысқан мерекелік парадында, осы отрядтан қатысқан үш экипаждың біреуін лейтенанттар Малдыбаев пен Мамынтов басқарған. Малдыбаев осындай тарихи оқиғаларға қатысқан алғашқы қазақ ұшқышы болғандығын көрсетеді.
Кеңестер одағының басшылары тамашалаған әскери әуе парадынан кейін Жақыпбек Малдыбаев звено командирінің экипажында штурман қызметіне жоғарлайды. Архив құжаттарында Жақыпбек Малдыбаев Жуковский атындағы Әскери әуе академиясында оқығандығы туралы деректер бар. Іссапар ретінде беріліп тұрған құжаттар осыны дәлелдейді.
Ол – интернационалдық борышын атқарып, Халхин Гол аспанында және Испания соғысына қатысып, ерлік көрсеткен алғашқы әскери ұшқыш қазақ.
– Жәкең сол Испаниядан келе жатып Ташкент маңында ұшақ апатынан опат болды, – дейді інісі Әділбек. – Жерлеуге Зайсаннан Омар, Сталинабадтан әйелі Юлия екеуміз бардық. Қаралы жиынға халық көп жиналды. Әскери дәстүрмен денелері аэродромның ішіне жерленді, – деп еске алған.
Өзбек КСР-нің тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының облыстық кеңесі жанындағы «Прометей» іздестіру клубы Жақыпбектің Әскери Қызыл Ту жанында бөлім екпінділерімен түскен суретін «Ташкент ақиқаты», «Ташкентская правда» газеттеріне жариялаған. Осыдан кейін жергілікті партия, кеңес басшыларының көмегімен 1970-1971 жылдары басына ескерткіш тақта орнатылған.
«Жеңгемнен «Майданға аттанып барамын. Бала өзіммен әзірге бірге» деген ең соңғы хатты сол Сталинабадтан 1943 жылы алып едім. Жеңгемнің фамилиясын да білмеймін. Бір ұлы жас кезінде қайтыс болған. Хатта жазылған бала қызы болуы керек. Шамасы ол 1936-1937 жылдары туған шығар.
1938 жылы көктемде Жеңгем Юлия Жақыпбек ағаның қан болған көйлегі мен пимасын бізге «ел-жұрт көрсін, бақұлдассын» деп беріп жіберіпті», – деген екен інісі Әділбек. Бұл – тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевтың қысқаша өмірдерегі.
1933 жылы Балашов азаматтық авиация училищесін бітірген қызылордалық Жолдасбек Нұрымов туралы деректер «Сыр бойы» газетінде жазылды. Олар туралы әлі де тың әрі толымды еңбектер зерттеліп, жазылатын болар.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |