Тәрбие тіні – ұрпақ сабақтастығында

Қауіпсіздік органдары өз қызметін Қызылорда облысы аумағында бастағалы да ғасырға жуық уақыт өтті. Тарқатып айтар болсақ, 1932 жылғы қыс-көктем айларында Алматы, Ақтөбе, Семей, Петропавловск, Орал, Шымкент қалаларында төтенше комиссиялардың жедел секторлары құрылды. Қызылорда Шымкент облысының құрамына кіруіне байланысты облыс көлеміндегі жедел жұмыстарды Шымкенттік Бүкілресейлік мемлекеттік сектор бөлімі жүргізді. Оның құрамына Қызылорда қалалық бөлімшесі мен Жаңақорған, Қармақшы аудандары аппараттары кірді. Міне, осы кезеңді облыстық қауіпсіздік қызметі органдарының бастауы санауға болады. 

Ал, нақты 1946 жылдың қазан айында КСРО мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Қызылорда облысы бойынша бөлімі болып құрылып, аймақтағы 8 ауданда бөлімшелері ашылды. Бөлімге Кравченко, Семкин, Латыпов, Абузаров, Сакимов, Қансұлтанов сынды өз ісінің білікті мамандары басшылық жасады. 1962 жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстан өлкесі және мемлекеттік қауіпсіздік комитеті өлкелік басқармасы құрылды. Осы өлкелік құрамға Қызылорда облысы да кірді. Бірақ, осы кезде Қызылорда қаласында мемлекеттік қауіпсіздік қызметі бөлімі дербес сақталып қалды. Тек 1976 жылы сәуірде бөлім басқарма болып өзгертіліп, араға екі жыл салып, тамыз айында Қызылорда облыстық басқармасы болып қайта құрылды. Жеке енші алған құрылымға сол жылдары майор Қанатов, подполковник Жалелов, полковниктер Бишімбаев, Нуров, Хадеев, Дауеновтер басшылық жасап, жемісті еңбек етті. Одан кейін де өздерінің білікті де білімді ұйымдастырушылық қабілеттерімен көзге түскен басшылар аз болған жоқ.

1992 жылы 13 шілде күні ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылып, қауіпсіздік органдарына жаңа тапсырмалар жүктелді. Міне, осы жылдары, яғни 1992-1995 жылдар аралығында полковник А.Бапалақов, онан кейін полковниктер Н.Ералиев пен М.Алдияров және С.Орумбаев қауіпсіздік органдарының тізгінін ұстаса, 2002-2014 жылдар аралығында генералдар Т.Әлиасқаров, Қ.Нишанбаев, Б.Байғазиевтер департамент жұмысын жаңа деңгейге көтере білді. Ал 2014 жылдың желтоқсан айынан Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментіне басшы болып полковник Т.Жунусов тағайындалса, бүгінгі күні құрылымды білікті басшы Мақсұт Кәкімұлы Баймағамбетов басқарып келеді.

Қызылорда облысы тоғыз жолдың торабында орналасқан күрделі аймақтар қатарына жатады. Оған Байқоңыр қаласы мен ондағы аса маңызды объектілерді қосқанда жұмыс көлемі мен оның күрделілігін байқау қиын емес. Тарихқа көз жүгіртсек, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекетаралық келісімдер негізінде қауіпсіздік комитеті де бірлескен шаралар өткізіп, жақсы нәтижелерге қол жетті. Соның бір ғана мысалы ретінде, 1998 жылы Қазақстаннан Ресейге есірткі заттарын тасымалдау бағытын анықтау мақсатында жүргізген құпия операцияны айтуға болады. Оқиға былай болған. Облыстың Қармақшы ауданының бірнеше тұрғыны Ресейдің Қорғаныс министрлігінің әскери-транспорттық авиациясының қызметкерлері арқылы әуе кемелерін пайдалана отырып, Мәскеудегі қылмыстық топтарға есірткі заттарын жеткізіп отырған. Арнайы жүргізілген операция сәтті өтті. Бір мезгілде Мәскеуде, Байқоңырда және Қармақшы ауданында 17 қылмыскер тұтқындалып, 200 келі есірткі заты мен қару-жарақ және 70 мың АҚШ доллары тәркіленді. Мұнан өзге авиатехника және басқа да бағалы заттар алынды. Екі елдің бірлескен арнайы қызметтері қаншама экономикалық қылмыстардың бетін ашып, талай қылмыстың алдын ала білді. Нәтижелі жұмыстар бүгінгі күні де өз жалғасын тауып келеді.

Ғасыр басында, яки 2000 жылы арнайы операция нәтижесінде  Байқоңырдан Африка континенті елдерінің біріне контрабандалық жолмен жіберілген «Ан-12» әскери-транспорттық ұшағы елге қайтарылды. Мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Сала жұмысының құпиялығына сәйкес уақыты келмейінше олар жариялана бермейді.

Бүгінгі таңда департамент қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – еліміздегі әлеуметтік, ұлтаралық және діни қақтығыс­тардың алдын алу. Нәтижелі жұмыстардың бірі 2006 жылы желтоқсан айында болды.  «Хизб-Ут-Тахрир» ұйымының Арал және Байқоңыр қаласынан үш белсенді мүшесі тұтқындалды. Жас шамалары 20-30 аралығындағы тағы 9 мүшесі идеологиялық құрылымнан өз еріктерімен бас тартты.

Департамент жұмысының басты бағытының бірі – экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Облыс мұнайлы аймаққа жататындықтан, бұл саладағы қылмыстардың алдын алып, тосқауыл қою оқиғалары да жиі орын алып тұрады. Ірі көлемдегі арнайы операция барысында 2006 жылы «КазТранс­Ойл» компаниясының «Құмкөл-Қарақойын» мұнай тарату магистралі арқылы «Оңтүстік-Торғай» кенішінен мұнай ұрлау­шы ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті. Олар мұнай ұрлап, оны заңсыз өңдеумен айналысқан. Кең көлемді операция кезінде Қызылорда қаласынан 200 шақырым жерде мұнай өңдейтін 18 кіші зауыт, 2 уақытша шикі мұнай сақтайтын орын анықталды. Олардан заңсыз жұмыс істеп жүрген 56 адам ұсталып, 14 жүк автоцистернасы, 455 тонна мұнай, 19 тонна мазут, 99 тонна дайын өнім алынды. Қылмыстық топ дайын өнімді қаланың жанар-жағармай бекеттеріне таратып келген. Қылмыстың асқынғаны сонша, олар теміржол арқылы мұнайды вагон-цистерналарға құйып, респуб­ликаның басқа аймақтарындағы өңдеу зауыттарына жөнелтіп отырған. Ұрланған мұнай мен олардың жасырын зауыттарда дайындаған өнімдерінен түсетін пайда ай сайын 1 миллион АҚШ долларын құраған. Осыдан-ақ мемлекетке қанша зиян келтіріліп отырғанын бағамдай беріңіз. Осы фактілер бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Бұл – департамент қызметкерлерінің қатысуымен атқарылған нәтижелі істердің бірнеше ғана мысалы.

Енді департаменттің ардагерлер кеңесінің құрылуы мен бүгінгі таңда атқарылып жатқан істерге аз ғана шолу жасап өтейін. Қызылорда қаласы мен Байқоңыр қаласы бойынша ҰҚКД-нің ардагерлер ұйымы 1970 жылдары құрылды. Оның құрамына зейнеткерлер, соғыс және тыл ардагерлері кірді.

Сол кезеңнен бері ардагерлер ұйымы түрлі іс-шаралар өткізуге, оны ұйымдастыруға сеп болып келеді. Әрбір ардагер назардан тыс қалып көрген емес. Олардың мекен-жайы бо­йынша да тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады. Жыл сайын «Қарттар күні», «Жеңіс күні» және «ҰҚК күні» мерекелері қарсаңында мерекелік медальдар мен материалдық көмек көрсету жолға қойылып, дәстүрге айналған.

Өткен бір жыл ішінде ардагер А.Жаманбаевтың – 80, Е.Бейімбетовтың – 75, М.Әбжан, Р.Батырханова, ­К.Жасағанбергеновтердің 60 жылдық мерейтойлары аталып өтіп, мерейтой иелеріне сый-сия­пат жасалды.

Саланың ең қарт ардагері 93 жастағы Серғара Ізтілеуов ағамызға ҚР ҰҚК – 25, ВЧК-КГБ-ФСБ құрылымдарының 100 жылдық мерекелік медальдары және ҚР «ҰҚК органдары ардагерлері» РҚБ Кеңесі төрағасының Құрмет грамотасы табысталды. Басқа ардагерлерді облысымыздың тарихи және мәдени орындарын аралату-демалдыру шаралары ұйымдастырылуда.

Жалпы алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі буын қызметкерлер арасында дәстүрлі кездесулер жиі өтіп тұрады. Бұл кездесулердің бүгінгі күні ел күзетінде жүрген жас буын толқынға берері мол. Оны өмір тәжірибесі де көрсетіп отыр. Біздің ардагерлер облыстық ұйымының бүгінгі таңдағы алға қойып отырған мақсатты жұмыстарының бастысы – Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін өз деңгейінде өткізу. Қазірден соның дайындық жұмыстары басталып, алдағы атқарылар істер жоспарланып жатыр. Мейрам қарсаңында сала ардагерлерінен сұхбаттар алып, олардың бастарынан өткізген түрлі оқиғаларды, эпизодтарды кейінгілерге үлгі ету. Тағы бір жағымды жаңалық алдағы уақытта департаменттің мұражайы кеңейтілетін болды. Бұл да өскелең ұрпаққа насихат үшін таптырмайтын орынға айналмақ. Департамент жақында ардагерлерге жаңадан бөлмелер бөліп, олардың қалаған уақыттарында кездесіп, сұхбат құрып, шахмат, дойбы сынды ойындар ойнауына, ақпараттармен танысуына мүмкіндік сыйламақ.

Бастысы, облыстағы ардагерлер мен қызметкерлер арасындағы ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі жолы қалыптасқан. Ағалардан біз тәлім алып келсек, енді бар білгеніміз бен жинаған тәжірибемізді жастармен дәстүрлі түрде бөлісіп келеміз. Өйткені тәрбие тіні – ұрпақтар сабақтас­тығында.

Абай АХЕТОВ,

ҚР «ҰҚК органдары ардагерлері » РҚБ

Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша

филиалы кеңесінің мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 01 қазан 2019 г. 818 0