«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ата-бабалардың керемет сөзі бар. Осы сөз атадан балаға, қанша ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, айтылып келе жатыр. Өмір үнемі қозғалыста. Адам баласы үшін дүниеге келу де, бұл пәни жарық дүниеден бақилық болу да табиғат заңдылығы. Бірақ, бұл өмірді әркім әртүрлі өткізеді емес пе? Өмірде өнегелі із, атадан балаға таусылмайтын мұра қалдырған данагөй бабаларымыз бен ата-ағаларымыз қазақ жерінде көптеп кездеседі.
Осы жылдың қазан айында Қызылорда қаласында Смағұл Ысқақовтың туылғанына 100 жыл толуына орай «Кәсіптік білімнің жанашыры» атты іс-шара ұйымдастырылатыны туралы ақпарат алдым. «Сырдың Смекесі» атанған Смағұл Ысқақов туралы алғаш рет Қарағанды политехникалық институтында бірге оқыған, қызылордалық белгілі ақын-жазушылардың ел аузында жүретін тапқыр да тағылымды сөздерін жатқа айтатын, әңгімешіл досым Құдайберген Досмамбетов деген азаматтан естіген едім. Өйткені біздер институттан кейін еңбек жолымызды кәсіптік-техникалық білім саласынан бастаған болатынбыз. Кездескенде Құдайберген досым Қызылорда облыстық кәсіптік білім жүйесі туралы және сол кездегі басқарма басшысы Смағұл Ысқақұлы туралы өзі білетін және қызметтес ағаларынан естіген әңгімелерін көп айтушы еді.
Қашанда ақыл-ойлы ел басқарған парасатты ағалардың өнегелі істері, жақсы сөзі ұмытылмастан ел есінде қалады. Сондай парасатты жандардың бірі Сыр бойына танымал, ұстаздардың ұстазы атанған, 1919-1995 жылдары өмір сүрген Смағұл Ысқақов ағамыз еді. Ол кісі туралы көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де, қаншама естеліктер газет беттерінде жарық көрді, өмір жолы бірнеше әңгіме шығармалардың да арқауы болды. «Ұлық болсаң кішік бол», дегендей Смағұл аға үлкен лауазымды басшылық қызметте жүргенде, өз қызметкерлерімен де, жастармен де тең отырып сөйлесетін қарапайымдылық қасиеті бірге жүрген әріптестеріне ұмытылмастай жақсы әсер қалдырған.
Уақыт өтеді, өмір алға жылжиды, жақсылардың жақсылығы, өнегелі істері, өсиетті сөздері әркез жаңғырып тұрады. Шыңдары көк тіреген асқар таудың алыстаған сайын тұлғаланып, биіктей түседі. Уақыт өткен сайын ардақты ағаның қадір-қасиеті биіктеп, кезінде бірге қызметтес болған жандардың сағынышын тудыратынын, Қызылорда еліне танымал, өңір тарихы мен білім жүйесін зерттеуші, Қазақстан Білім және ғылым саласының Құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Сексенәлі Рахановтың Смағұл Ысқақов туралы айтқан әсерлі әңгімесінен байқадым. Кезінде Смағұл ағамен қатар қызмет істеген Оразғали Бекбанов, Нұрахмет Ерниязов, Мақсұт Ибрагимов, Дәметкен Айтжанова, Молдабай Ақниязов, Ыдырыс Маусымбаев, Жақып Әбдіқалықов, Тұрсынхан Нысанбаев, Иса Жетербаев және осы мақалаға байланысты әсерлі әңгіме айтып берген Сексенәлі Раханов көп жылдар бойы ол кісімен бірге болып, Смағұл ағаның тәжірибе мектебінен өткен тұлғалар. Олар Қызылорда өңірінде кәсіптік-техникалық оқу орындарының өсіп-өркендеуіне, 90-жылдары кәсіптік-техникалық білім жүйесінің сақталып қалуына, материалдық-техникалық базаларының нығаюына өз үлестерін қосқан. «Смағұл аға барлық саналы өмірін Отан мен халық мүддесіне арнап, қай салада, қандай лауазымды қызметте болмасын өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарды. Білім мен біліктілігінің, терең рухани байлығы мен парасатының арқасында көпшіліктің көңілінен шығып, абырой мен бедел биігіне көтеріле білген және өз ортасының құрметіне бөленген. Қызмет бабындағы ұшқыр ой-пікірлері мен тапқырлығы, қызметтес болған әріптестерімен қарапайым қарым-қатынасы, әрбір адамның жеке бас шаруасына мән беріп, оларға ақыл-кеңес пен жол-жоба көрсететін инабаттылығы шынайы кішіпейіл жан болатын» – дейді С.Раханов.
Әрбір адам өз рухани дүниесімен ерекшеленеді ғой. Иә, Сырдың біртуар азаматы, Ұлы Отан соғысының және Еңбек ардагері, ұстаздардың ұстазы атанған Смағұл ағаның дүниеден өткеніне 25 жылға жуықтапты. Смекеңді есте қалдыру мақсатында ол кісімен қызметтес, әріптес болған азаматтар біраз іс атқарыпты. Ол кісінің көп жыл бойы тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. Қызылорда қаласының және туған жері Қармақшы ауданы орталығының көшелеріне Смағұл ағаның есімі берілген. Қызылорда қаласындағы құрылыс мамандарын даярлайтын оқу орны Смағұл Ысқақов атындағы «Құрылыс және бизнес» колледжі деп аталды. 100 жылдығына орай кәсіптік-техникалық білім беру саласының ардагерлеріне, озат инженер-педагогтарға, үздік студенттерге арнайы төсбелгі шығаруға шешім қабылданған. Ол кісімен көп жылдар қызметтес болған ізбасарларының, шәкірттерінің естеліктері жинақталып, «Сырдың Смекесі», «Маңдайға біткен Марғасқа», «Шежірелі жылдар сыр шертеді», т.б. үлкенді-кішілі жинақтар жарық көріп, облыстағы кәсіптік-техникалық оқу орындарына таратылып берілді. Смағұл Ысқақовтың 100 жылдығына орай «Салмақты ойдың сәруары» атты ол кісінің бет-бейнесін, мінез-құлқын, тыныс-тіршілігін бейнелейтін ізбасарларының тағы бір жинақ-кітабы жақында жарық көретінін айтып берді.
Осы шаралар Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, кезінде партия, комсомол, ағарту саласының сардары болған Смағұл Ысқақовтың өмір жолы мен жеке еңбегін Қызылорда елінің әлеуметтік экономикалық даму жолындағы бөлінбес бөлшегі ретінде қабылдау деп ойладым.
Смағұл Ысқақов 1919 жылы шілденің 15 жұлдызында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Жастайынан колхоз шаруашылығына, ауыл мектебінен қол үзбей жүріп араласады, он жасында «Құмжарған» жер серіктестігінің мүшесі болыпты. 1935 жылы 16 жасында Қызылорда қаласындағы кеңес сауда техникумына түсіп, оны 1939 жылы жақсы бітіріп шыққан. Техникумды бітірген соң, әскер қатарына алынып, Қиыр Шығыста борышын өтейді. Ұлы Отан соғысында болып, Сталинград шайқасына қатысыпты. Қатардағы солдат, дивизия және артиллериялық бригаданың саяси бастығының комсомол жастар жұмыстары жөніндегі саяси көмекшісі болады.
1946 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің әскери бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
1948-1950 жылдар аралығында Қазақстан компартиясы Орталық комитеті жанындағы екіжылдық партия мектебін бітірген соң елге оралып, Қызылорда облыстық партия органдарының бөлім меңгерушісі, партиялық комиссия төрағасы қызметтерін атқарды.
1962 жылы Қызылорда облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы Шымкент аймақтық басқармасынан бөлініп, өз алдына шаңырақ тіккен кезде облыста 4 кәсіптік-техникалық училище, 1 құрылысшылар мектебі (оқушылар саны орта есеппен бір мыңға да жетпейтін) болған. Осы жаңа басқармаға басшы болып бұрынғы партия, кеңес, комсомол қызметкері, соғыс ардагері Смағұл Ысқақов бекітіледі және оны 1985 жылға дейін үзіліссіз басқарды. Өзінің ұйымдастырушылық, еңбексүйгіштік қасиеттерінің арқасында облыстағы кәсіптік-техникалық училищелердің материалдық-техникалық базаларының нығаюына, оқу-тәрбие жұмыстарының, жас жұмысшы кадрларды даярлау сапасының артуына көп еңбек сіңіреді. Ол кісінің тікелей қатысуымен әрі білікті басшылығының арқасында 8 жаңа жобамен училищелер салынады. 1985 жылы облыста кәсіптік-техникалық училищелер саны 18-ге, ал оқушылар саны 12 мыңға жетті. Білікті жас жұмысшылар даярлайтын алдыңғы қатардағы Қызылорда облыстық кәсіптік-техникалық жүйесі жасалады.
Смағұл Ысқақов ағамыз қызмет істеген жылдары облыстық кәсіптік-техникалық білім беру саласынан Қасымов Төлепберген Смағанбетұлы КСРО халық мұғалімі және бірқатар оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері Кеңес одағының және Қазақ Республикасының осы саладағы үздіктері атағына ие болады. Жоғары басқару мекемелерінің төсбелгілері және мақтау қағаздарымен марапатталады.
Қазалы №5 теміржолға жұмысшы кадрын даярлайтын кәсіптік-техникалық училище Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Қызылорда қаласындағы №69, 58, Қазалыдағы №8, Жаңақорғандағы №187, Сұлутөбедегі №120 училищелер ВЦСПС-тің (Одақтық кәсіподақ комитетінің) бірнеше дүркін ауыспалы Қызыл Туының жеңімпазы болған.
Кезінде Одаққа аттары белгілі болған қызылордалық Еңбек Ерлері Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Оразбай Әбішев, Бақытжан Серімбетов, Арапбек Әбиев, Карбоз Әлимов, Жадыра Таспамбетова, Салима Жұмабекова, Аманкелді Ахметов сияқты еліміздің көптеген ұл-қыздары да осы кәсіптік-техникалық білім саласынан білім және мамандық алған азаматтар болатын.
Смағұл Ысқақов ағамыздың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бейбіт өмірдегі ерен еңбектері мен жетістіктері бағаланып «Құрмет белгісі» орденімен, ондаған медальдарымен марапатталады.
«Жақсы адамның жақсы ісі ел аузында жүреді» дегендей-ақ, өз заманында да және күні бүгінге дейін Смекең туралы артық сөз естіген емеспіз. Ол кісі кеудесін көтерген шенеунік те, мен білемін дейтін бюрократ та болған емес, қайта ұжымның жеткен жетістіктерін әріптестерімен бөлісе отырып қуанатын, балаша шаттанатын. «Әрбір күнімізге аманшылықпен аттап, сол күнімізде қоғамымызға кішкентай да пайдалы іс жасасақ, алға қарай қадам бассақ, бұл да біздің жеңісіміз. Бірақ оны көре де, көрсете де білу керек» деген өзінің қағидалы сөзін үнемі айтып жүретін. Иә, Смағұл Ысқақовтың өмірлік енбек жолы туралы көптеген әңгімелер айтуға да, жазуға да болар. Амандық болса, талай рет жазылар да», – дейді Сәкең және бір сөзінде.
Қадырбек БӨРІБЕКОВ,
ҚР Білім және ғылым министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Нұр-Сұлтан қаласы.