« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сыр өңірінің, оның ішінде Қызылорда қаласының көркейіп өркендеуіне үлесін қосқан алғашқы құрылыс инженерлерінің бірі де бірегейі, еңбек ардагері Дәруіш Қыпшақбаевтың еңбек жолын қызылордалықтар жақсы біледі.
Ол 1936 жылы 21 қыркүйекте қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келді. Әкесі Нұрбай Қазалыға белгілі азамат Қыпшақбайдың ұлы еді. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, сол жақта қаза тапқан. Ал, анасы Күлжан 1949 жылы қайтыс болды. Дәкең ағасы Фазылбекпен бірге үлкен анасының тәрбиесін көрді. Анасы Күлбарам бағып, қағып, оқуын бітіртіп адам қатарына қосты. Ол кісі 1967 қайтыс болғанда перзенттік парызын орындап, шығарып салды. Аталған кенттегі № 67 қазақ орта мектебін 1955 жылы бітірген соң, Ташкент қаласындағы теміржол транспорты институтына оқуға түсіп, 1960 жылы құрылыс инженері мамандығын алып, жолдамамен Қызылорда қаласына келді. Ол кезде құрылыс инженерінің дипломы бар қазақ жастары өте аз болатын. Қаладағы күрделі құрылыспен айналысатын «Қызылордастрой» тресінің басшылары көп ойланбастан, жас маманды № 3 құрылыс басқармасына құрылыс шебері етіп жұмысқа қабылдады. Құрылыс қашанда экономиканы алға жылжытушы сала екені айқын. Осы жылдары Қызылорда қаласында сүт зауыты, ет комбинаты, күріш зауыты, целлюлоза-картон комбинаты, құс фабрикасы, тұрғын үйлердің құрылысы басталған кез еді.
Жас маман Дәруіш Нұрбайұлы аталған және басқа да құрылыстарөдың бой көтеруіне атсалысты. Трест басшылары жауапты жұмыстарды тапсырып, Дәруіш ағаның біліктілігіне, жауапкершілігіне көз жеткізді. Трест басқармаларында аға прораб, бас инженер қызметіне көтерілді. Дәруіш ағаның басқаруымен салынған құрылыстар бақылау инспекциясының жақсы бағасын алды. Құрылыстың сапасы бұрынғыға қарағанда жақсара түсті.
1967 жылы 300 пәтерлік 3 тұрғын үй, 240 орындық облыстық аурухана, облыстық партия комитетінің әкімшілік үйі (қазіргі қалалық әкімдік), 200 орындық облыстық Қарттар үйінің пайдалануға берілуінде Дәруіш ағаның өзіндік қолтаңбасы бар. Ал «сақалды құрылыс» аталған Арал қаласындағы аудандық аурухана және 60 төсектік перзентхананың пайдалануға берілуіне төккен терін аралдықтар ұмытпаған болар.
1984 жылы пайдалануға берілген Пионерлер үйі, 280 орындық №14 балабақша, Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының, облыстық атқару комитетінің ғимараттарының сәулеті мен сапасы қандай инженердің қолынан өткенін дәлелдеп тұрған жоқ па?
Дәруіш ағамен бірге қызметтес болған құрылыс басшылары Ефим Скатков, Эдуард Туровский, Фарид Фаткульдинов бұл күнде жоқ. Дегенмен сол кездері қызметтес болған шәкірттерінің бірі, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Бақытжан Базарбаев Дәруіш аға туралы «Мен 1984 жылы Дәруіш аға басқарған құрылыс басқармасына (СУ Культбытстрой) бас инженер болып бардым. Бұл мекеме маған дейін көптеген мәдени және әлеуметтік ғимараттарды пайдалануға берген болатын. Мен келген соң тағы да әрқайсысы 280 орындық балабақша құрылыстарын аяқтап, жаңа аэропорттың құрылысын жатақхана салудан бастадық. Ал, 1988 жылы «Қызылордастрой» трестінің басшысы Скатков Дәруіш ағаны трестке орынбасарлыққа тағайындады. Мен ағаның орнында басқарма басшысы болып қалдым. Ол қарапайым өмір сүрді. Жұмысшылардың бар жағдайын жасап, тіл табысып жұмыс істеді, барынша талапшыл еді. «Ұзын арқан, кең тұсауға» жол бермейтін. Жұмыстың сапасын өз көзімен көрмей дамыл таппайтын» дейді.
Дәруіш аға осындай озат ұйымдастырушы, жоғарғы деңгейлі инженер екенін көрсете білді. Аймақтың құрылыс саласын дамытуға өзіндік үлесін қосқан белгілі азамат еді. Көп жылғы жемісті қызметі «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бүкіл ғұмырын құрылыс саласына арнаған ол көптеген шәкірт тәрбиеледі.
Ол үлгілі отағасы еді. Жары Зинегүл Нұрғалиқызымен 3 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Талғат бұдан 12 жыл бұрын бақилық болды, жұбайы Марал қыздарын өсіріп, шаңырағының отын сөндірмей отыр. Қызы Ләззат жолдасы Сейдулла екеуі көп жылдар бойы ішкі істер департаментінде қызмет атқарып, зейнетке шықты. Қазір заңгер болып жұмыс жасауда. Әділбек шаңырақ иесі – жеке кәсіпкер, келіні Айгүл Сұлтанбекқызы білікті дәрігер. Ұрпағының жалғасы – 5 немересі бар. Әсел мен Шоқан жоғары білімді мамандар, Гүлназ, Нұрайым, Ғалиасқар оқу озаттары. Шөбересі Мансұр өсіп келеді.
Дәруіш аға 73 жасында өмірден өтті. Қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай жары Зинегүлдің басшылығымен балалары әкесіне құран бағыштап, еске алып, ас берейін деп жатыр. Аяулы ағамыздың жарқын бейнесі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталады.
Нұрлыбай ҰЛЫҚПАНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |