Көкірегі зият кісі

 Қоғамның қадір-қасиетіне өлшем беретін әрбір құбылыс, тұжырым саналы адамның ой-өрісі арқылы сараланатын дүние. Сондықтан да қазіргі қоғамның кешегі мен бүгінгі сыр-сипатын елеп-екшеп, елге ерекше еңбегі сіңген танымал қайраткерлердің кісілік келбетіне, таным-талғамдары мен жан тазалығына адалынан баға беру – бізге парыз.

Өйткені әрбір келісті, ретті сөз бірге-бірдің сенімін, сыйластығын, бауырмалдық сезімін оятуға тамызық болары риясыз шындық.

Жасыратыны жоқ, егемендіктің әдепкі кезінде, ел-жұртының жыртысын жыртып, жоғын жоқтап, халқына барынша адал қызмет еткен додалы тіршіліктің тарландарын елеп-ескермей, билікқұмар «құрқылтай қайраткерлерге» тағзым ету үрдісі белгі беріп, тірлікті жапырып тастағандай саяси әулекілікке елергендердің екпіні пайда болған. Мұндай құлдық сана, даң-дұң саясаттың түрі сол кездегі қаптап кеткен одақтар мен партиялардың да оң-соңын аңғара қоймаған бозөкпе тыраштардың да өңезесін ыстағаны өтірік емес, есімде.

Десек те, тәуелсіздіктің құнды­лығын сезіп, қадірін біліп бүгінгідей имандылықты, саяси тұрақтылықты таңдаған мұратты жолымызға ұстамды да дәйекті бағыт берген санаулы саңлақтардың болғанына шүкіршілік етесің.

Сондықтан да туған ел мен жердің аңсарын тауып, қадірін дүйім жұртқа танытқан, көне дәстүрімізден дәрмен  көріп ата салтын ұрпағына дарытқан шоқтығы биік ағаларымыздың тұлғасы көз алдымызда дараланып оқшаулана береді. Содан да болар, олардың маңызды өмірі тарих көшіне ілескен сан ұрпақтың санасын оятып, шуағын шашып жататыны басы ашық ақиқат. Осындай елге, туған жерге жасаған қызметін ұрпағы пір тұтар ақиық азаматтың бірі – Ғафур аға Мұхамеджанов.

Қаратау миығындағы Ақсүмбе мен Қызылқұмның аралығында қоңыр тіршілігін жайлап, жәдігер тарихы мен өзіне тән мәдени мұра­ғатын сақтап, несібесін құдайдан сұраған атажұрт жамиғатының бел баласы Ғафур Мұхамеджановты білем деп айту мен үшін де дәреже.

Бабаларының киесі қолдап, әруағы жебеп, ұлы аталарының сарқытындай болған Ғафурдай ақиық ағамыздың береке-бірлігі мол, алтын құрсақ Сыр елінде, атақты Жағыпар иман мен Сайыпназар мағзұм, киелі күйші Әлшекей мен Құлан ақын, төкпе айтыстың майталманы Жүсіпбек пен халық ақыны Манап, өзбек пен қазақты қатар тамсандырған Құтпай жырау, ірі қайраткер Садықбек Сапарбеков, текті де көсем Зұлпыхар, батыр Әнуар, дүйім жұртты аузына қаратқан жампоз Исатай Топышев пен ділмәр да іскер Тілеу Тотаевтар туған Жаңақорған топырағында дүниеге келуі кездейсоқ емес, табиғи сәйкестік деп білемін.

Өйткені, өмірдің сыр-сипатын ерте танып, еңбекпен ерте есейген, кешегі сұрапыл соғыстың қайнаған ортасынан елге оралып, қоғамдық өмірдің сала-салаларында әбден ысылған, елдің қадір-қасиеті мен жоқ-жітігін жете  меңгерген. Ғафур Мұхамеджанұлы шынында да кез келгенге ішін алдырып көрмеген табанды, табиғи қалпын таза сақтаған жан дүниесі тұнық, сөзі санаулы, орнықты кісі болатын.

Сосын да, кезінде көркемдігі жігіт­тің төресін де оздырмаған Ғафе­­кеңдей көкірегі зият ағамыз­дың пейіл-парасатынан өзге де  бола бермейтін жайсаңдық, бауыр­мал­дық қасиеттерді сезіндік, ол кісі­нің біздерге, туған өлкеде қоңыр тіршілігін жайлап, несібесін бір құдайдан сұраған атажұрт жамиғатының жәдігер тарихының шежіресіндей қымбат екені рас.

Ешнәрседен қаймығып беті қайтпаған, желдің ыңғайына қарап майысып біреудің ығына жығылып көрмеген, сылып алардай бір түйір артық еті жоқ, келбетті ақ сұр кісіні елде еңкейген қариядан, елпектеген бозбалаға дейін таныды, білді, сыйлады. «Ғафекең келе жатыр» дегенді естігенде небір өркеуделер орнынан ығысып жол бергенін білмей қалушы еді. Бірақ «Ғафекең біреудің обалына қалыпты» деген өсекті, жалаң лақапты әліге дейін есіткен жан болмас, сірә.

Біз ол кезде жас едік, әйтсе де Ғафур ағамыздың ел ішіндегі бедел-абыройы біздің қиялымызға қанат бітіріп, арманымызды мұраттарға жетеледі. Содан да болар, біздің мына жалғанда шындық пен әділдікке арқа сүйеп, бір аян, бір бүлкілмен ақырын басып, анық жүріп келе жатқанымыз Ғафекеңнің, Ғафекең үзеңгілес болған алдыңғы буын ағаларымыздың ақ батасының арқасы емес деп кім айта алады. Өйткені, жақсылардың үлгісі біздер үшін ізгілік өнеге, тәрбиенің мәйегі болғаны алғаусыз шындық еді.

Сосын да кейінгі інілерінің кеу­десіне сәуле құйып, ел ықыласына бөленген жарықтықтың жарқын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымызда, санамызда сол кейпімен қалды, сол бейнесімен сақталады.

Имандай шыным, есіңе түскенде ет бауырыңды елжірететін осындай адамыңның болғаны қандай бақыт десеңізші.

Мен, жерлестерімнің өз бауы­ры Ғафур ағамыз туралы, оның елге, жерге жасаған бейнеті, көрген қызығы мен шыжығы жайында есте қалғандарын айтып түгесе алмайтынын аңғарамын. Сақы мінез құлқымен, келбет-кескіні, бүкіл бітім-болмысымен інілеріне құрметті болып, байырқалы өмір сүріп халық ықыласына бөленген тұлға Ғафур Мұхамеджановтың еңбе­гін жөнімен, ретімен баға­лап, Шиеліде мектептің атын беріп, шын ықыласпен ілтипат та­ныт­­қандарыңыз, алдымен киелі аруақты, сосын өзді-өзіміз­ді сый­лағандықтың, көшелі көре­гендіктің, барды бағалап, жоқты түгендеп, төрт құбылаға тең қарайтын пара­саттылықтың белгісі деп білемін.

Соңғы жылдары Сыр елінде өтіп жатқан тағылымы мол иманды істер – ұлтты сүю, туған халқыңды қадірлеу, ел перзенттерінің аруағын риза етіп рухын ардақтау сөз жоқ нақ осындай мәнді-мағыналы, ұлтжанды, зиялы тірліктер арқылы жүзеге асатынын көрсетеді.

Сыр бойы халқының шаруаға қайымдылығы ертеден белгілі. Экологиялық ауыртпалықты сезіне тұрып, сағы сынбай мың түйін шаруа­ның шідерін шешіп, қазіргі уақыттың талғам-талабына сай жұмыс істеу, ұрпақ өсіріп, тұрмыс мәдениетті дамыту тек рухы күшті, болашаққа сенімі мықты жанкешті адамдардың ғана қолынан келетіні белгілі жайт.

Мен білетін Сыр жұртшылығы осындай жандар.

Орайын тауып, сол көнтері ха­лық­­тың мүддесіне мемлекеттік сер­гектік пен сезімтал қамқорлық жасап отырған облыс, аудан бас­шы­­лығына ризашылығымды біл­діремін.

Жақсының жақсылығын елеп-екшеп айтатын, қателігіңді жаншы­май, жүрегіңді жабырқатпай жаныңа әрдайым жақын тұратын ел аза­маттарының ынтымағы берік, еңбегінің қайтарымы мол болсын деп тілеймін!

Оңалбек СӘПИЕВ,

Қызылорда облысының құрметті азаматы.

Нұр-Сұлтан қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 19 қыркүйек 2019 г. 784 0