« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Оның еңбек кітапшасында бір ғана «жұмысқа қабылданды» деген белгі бар. Ол елу үш жыл бойы бір театрда ғана жұмыс істеп, қажырлы еңбек, қалтқысыз қызметті серік еткен.
Ол – театр директоры деген қызметіне екі жыл толғанда, мәдениет басқармасына барып, «мен енді директор болып жұмыс істегім келмейді. Мен – театр суретшісімін» деп бұл мансабынан босатуды сұраған өнер иесі.
Ол – сахна төріндегі қазіргі қазақ айтысының басты белгісі – қанатты домбыраның авторы.
Оның өнері ғана емес, өмір сүру ұстанымы да адам қызығатындай. Бұл – облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында бас суретші қызметін атқарған Серік Пірмаханның дара болмысы.
Жуырда осы театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірмен сұхбаттасқанымызда Серік Пірмаханов екеуінің «Король Лир» спектакліне көркемдік шешімді қалай шығарғанын айтып берген еді. Сонда олардың өнерге деген адалдығына елең еткенбіз. Бұл – басынан бағы, астынан тағы тайған патша туралы туынды. Режиссер мен суретші екеуі де, осы мақсатпен Украинаға барып, М.Заньковецкая атындағы драма театрының суретшісі Мирон Киприянмен жолығып қайтады. Сонда да бір шешімге келе алмайды. «Бір күні Серік екеуміз көшеде алтын түстес, жалт-жұлт еткен ұзын етек көйлек киген келіншекті көріп қалмасымыз бар ма?! Бет-жүзін байқаған жоқпыз, бірақ сыртынан сұқтанып қарап қалғанымыз белгілі. Бір кезде Серікке қарап: «Киімі алтын ба, не бұл?! Ал осы жалт-жұлт еткен көйлектің ішінде шоқпыт бар болса ше? Қалай болар еді?» дедім. «А-а» деп аңтарыла қараған Серік содан кейін қайрылмады. 4-5 күнге дейін жоқ болып кетті. Содан бірнеше күн өткесін шеберханаға бас сұғып, дайындаған бүкіл эскиздерін жайып салды. «Король Лирде» сахнаға екі шымылдық құрдық. Екі шымылдықтың да бір жағы алтындалған, көз тартатын патшаның шымылдығы, екінші беті кәдімгі шұрқ тесік шоқпыт. Шымылдықтар қойылым бойына жылжып, кері айналып тұрады».
Бұл – Хұсейн ағаның сөзі. Сол жолы ойлы режиссер мен көңілдегіні қапысыз аңғаратын сұңғыла суретшінің шығармашылық тандемі көрерменді де, қазылар алқасын да әбден таңғалдырған. Иә, осы спектакльде Лир мен Сайқымазақты сомдаған екі актер және суретші Серік Пірмахан классикалық шығармалардың республикалық байқауында жеңімпаз атаныпты.
Серік Пірмаханның Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясын сахналағандағы көркемдік шешімі де сұмдық әсерлі. Хұсейн ағаның айтуынша, бірде Алматыға гастрольдік сапармен барар алдында, тексеруші комиссия екі спектакль – «Әпке» мен «Келінді» аяқ астынан жаратпай тастайды. Амал жоқ, тез арада орнына қойылым дайындау керек. Таңдау Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» пьесасына, екінші «Ақан сері – Ақтоқтыға» түседі. Сонда екінші қойылымның сахнадағы бейнесі, декорациясының қандай болмағы режиссерді де, суретшіні де әбден сарсаңға салыпты. Екеуі де негізгі ойға дөп түсетін, айналасы жұп-жұмыр шешім іздейді. Бір кезде режиссер сахнаны «Құлагердің терісін тірілей жүген, құйысқанымен сыпырып алғандай етіп жасасақ қайтеді» деген ой айтады. Мұндай дүние бұрын-соңды болмаған. Ақыры сол спектакльде Серік Пірмаханның сызбасымен Құлагердің терісі сахнаға тартылып, Ақанның өмірлік трагедиясын бейнелейді.
Режиссер, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановпен әңгімелескенімізде «Серік – нүктеден ғалам жасайтын адам. Ол – топырақ пен жұлдыздардың арасындағы дәнекер, сол арадағы алтын көпір. Өзі де тіршілікті жақсы көретін және соны сахнаға алып келетін» деген еді. Рас, Серік Пірмаханның сахнадағы еңбегі – жәй ғана декорация емес, өмірдің өзі. Нашақорлар жайлы «Қандыөзек» туындысында былай қарасаң өрмекшінің торына, адамның кеңірдегіне ұқсас жұқа матадан жасалған дүние спектакль бойына жиырылып-ашылып, жастарды жұтып тұрады. Сахнадағы кеңірдекке есіріп енген жастар, қайда кіргенін де аңдамайды, шығар жолын да білмейді. Суретшінің нені меңзеп тұрғаны түсінікті. Бұл да – Серік Пірмаханның еңбегі.
Ол – Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрда 100-ден аса спектакльге сценографиялық шешім жасаған. Оның өмірге, өнерге деген ерекше көзқарасын байқаған театр сыншысы Әшірбек Сығай Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына екі рет шақырған көрінеді, тіпті суретшіге Астана, Тараздың театрларынан жұмысқа қабылдауға жиі-жиі ұсыныс түседі екен. Бірақ ол туған жерде ғана еңбек етуді қалаған.
Нағыз өнер иесінің өмір сүру қалыбы, адам тануы басқаларға ұқсамайды. Серік Пірмахан да кісіге «әй» деп қатты келмепті, сын айтқаны да әкенің мейірлі сөзінен жылы естіледі екен. Бұл туралы Оңталап Нұрмахан «Ол кісі көп сөйлемейді. Бірақ оның жаратпай, көңілі қалған кейіпте жалт қарағаны бүкіл өміріңе жетеді. Одан да әбден теуіп, ұрып тастағаны жақсы еді деп іштей өзіңе ренжисің. Кейде қалыптан шығып, ортаға, сахнаға сыймайтынымның зияны талайға тиеді. Сондайда ол «Ей» дегенде, қоя қоятынмын. Біреулер «ағаңа айтамын» десе, сескенетінмін» деп еске алады.
Оның мінезінің жұмсақтығын, парасаттылығын театр әртістері Залипа Төлепова да, Бақытбек Алпысбаев, Бақытбек Темірбеков те бірінен-бірі асырып айтты. Режиссер Хұсейн Әмір-Темірден бастап «Ол кеткенде театрдың бір қабырғасы құлап қалғандай болды» деп сөз бастады. Театр әртістерінің бірімен жұмыс, бірімен грим бөлмесінде, бірімен фойеде әңгімелессем де бәрінің келісіп алғандай, дәл солай сөз бастайтыны таңғалдырды.
Серік ағаның қызметіне жауаптылығы сондай жұмысқа бір уақытта келіп, бір уақытта үйіне беттейді екен. «Тіпті ол кісінің түскі үзілісте далаға шығып бара жатқанынан сағаттың 13.00 болғанын, қайта келгенде тура 15.00 болғанын білуге болатын еді. Ал театрдағы қыздардың барлығы оның болмысына ғашық болды. «Менің жарым осы кісідей болса екен» деп армандайтын. Серік ағаның ақындығы да бір бөлек еді. Мерекелік кештерде театрдағы әріптестердің авторын жасырып, бір-біріне өлең арнап, қорапқа салатыны бар. Сондайда қыздар Серік ағаның кімге өлең арнағанын білуге сондай құмартатын» деп еске алады актриса, ҚР мәдениет қайраткері Залипа Төлепова.
Кейде алыстан жақсы көрініп, жақыннан аралассаң, көңіл қалатын адамдар болады. Ал, жақын араласқан сайын жанының көркемдігімен баурайтын адамдар бар. Демек, Серік Пірмахан соңғы топтың қатарында.
Ел арасында Серік Пірмахан мен Оңталап Нұрмаханға қатысты аңыздай әңгіме бар. Негізінде бұл – шынымен болған дүние. Дүниеден қайтар алдында Серік аға Оңталап Нұрмаханға хабарласып: «Өмірі көрген түсім есімде тұрмайтын. Бірақ бұл жолы бәрі айқын ойымда қалды. Сен түсіме еніпсің, көргенімді жорып, қағазға түсіріп қойдым. Үйге келіп кет» деп хабарласады. Бірақ сол жолы ауылға кетіп бара жатқан Оңталап аға өнер иесінің бұл өтінішін орындай алмайды. Ал түсінде Серік аға Оңталапқа 5-6 түп жүзім беріп, кейін қайтып аламын деген көрінеді. Оңталап әлгіні ауылына апарып егіпті. Әлгі жемістің жайқалып өскені сондай, тіпті ауылын жүзім басып кетіп, Серік аға жүзімнен алайын десе, бір кісілер келіп, бермейді дейді. Соған да қарамастан, «мен мұны кейін аламын деп бергенмін» деп, көшетті қазып ала бергенде, ауыл адамдары түгел көтеріліпті. Мұны Серік аға «кезінде Оңталаптың өнер жолына түсуі үшін кеңес беріп, ақыл айттым. Сол берген жүзімім болар. Қазір ол өнерін халыққа арнады, сондықтан халық оны қорғаштап жатыр» деп жорыған көрінеді. Жанымен, жүрегімен театрға еңбек еткен өнер иесінің мистикалық түс көруі, оны бұлай жақсылыққа жоруы да таңғаларлық дүние емес.
Серік аға дүниеден өтерде таңертеңгілік телеарнадан бокс көрген екен. Жүректілігімен, қарсыластан жеңілмейтіндігімен аты шыққан қазақстандық Головкиннің сол күні бағы жанбаған көрінеді. Осы хабарды естігеннен кейін Серік аға да о дүниеге кете барыпты. Залипа Төлепова "Өнер адамының жүрегі нәзік болады ғой" деп жорамалдаса, Оңталап Нұрмахан «ол намысшыл болатын...» дейді.
Не десек те елге деген махаббат Серік ағаның жүрегін шым еткізгені анық. Күнделігіне «Өнер мен билік, мансап бірін-бірі тұншықтыратын от пен судай қарама-қайшы дүние» деп атаққа ұмтылмаған, «Өз заманына ілесе алатын ұрпақ тәрбиелей алдық па?...» деп өз-өзіне сұрақ қойған ақынның қазаққа деген жанашырлығы бөлек.
Айтпақшы, бүгін өнер иесінің өмірден өткеніне 2 жыл толады. Театр жақында Өзбекстанға барып, «Нарком Жүргеновті» қойса, енді «Абай» спектаклін алып, Семейге аттанды. Екеуінің де суретшісі – Серік Пірмахан. Екеуі де көрерменнің рухани деңгейін өсіретін үлкен дүние. Демек, суретшінің заманға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелейік деген ниеті өзі жоқ болса да жүзеге асып, көрермен жүрегіне жетті.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |