« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мен Құдайберген Әбдірахманұлы туралы алғаш рет өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман «Бесарық» ауылдық кеңесіне іссапармен барғанда соғыс және еңбек ардагері, қарт ұстаз Таңқашбек Төрегелдиевтен естіп едім.
– Е-е-е, Ерубайжан, Құдайберген ағаны айтамысың. Ол кісі азаматтықтың эталоны болатын. Өз кезеңінің бекзаты, зиялы азаматы еді ғой. Құдекеңнен 2-3 жас кіші болатынбыз. Ең алғаш мектебімізге мұғалім болып келген сәті көз алдымда. Бізге сабақ берді. Баршамызды көп білетіндігімен, шешендігімен баурап алды. Мұндай қасиетін ауылдың үлкен-кішісі бағалай білді. «Ұстаз ағай» деп оған ортадан орын беретін үлкендер.
Келешектің алға басуына сауатты азаматтарға сұраныстың көп болатынын болмысымен сезінген Әбдірахман жас Құдайбергенді Жаңақорғандағы қыш мектепке оқуға береді. Мұнда ол нағашыларының үйінде жатып оқиды. Қырсық айналдырғанда ұзақ жылдарғы тұрмыс тауқыметі мен жанды жеген ауыр науқас 1929 жылы анасын алса, келер 1930 жылдың көкөзек көктемінде ажал құрығынан әкесі Әбдірахман да құтылмайды. Арада ай өтпей жалғыз інісі де бақилық болып кетеді. Осылайша бұғанасы қатпаған Құдайберген тұл жетім қалады. Оған жаны ашыған ағайындары Шиелідегі панасыздар мектебіне (детдом) апарып тапсырады. Кейін 1931 жылы Бесарық ауылдық кеңесіндегі «Октябрь» жетіжылдық мектебін әкесінің інісі Аязбектің үйінде жатып оқып бітіріп шығады. Осында жүріп комсомол қатарына өтеді.
Құдайбергенге ағасының қалай қамқор болғаны туралы анасынан естіген Ниязбек былай дейді:
– Сол кездері өзіміздің де 2-3 перзентіміз бар. Заман тар. Елді аштық жайлап жатқан кез. Өз балаларымнан өзге Құдайберген, сондай-ақ Әбдуайт және Мәжит деген екі қайным бар. Азын-аулақ тамақты талғажау етеміз. Сонда сорпаның қоюын күйеуім Құдайбергенге құяды. Алланың атымен ант етейін, балаларым мен қайындарым ашқұрсақ қалып жатқанын көрген маған бұл әрекет ұнамайды. Сонда күйеуімнің «балам өлсе, тағы туарсың. Бұл бала – ағамның маған қалдырған аманаты, ал ағамның көзін өлімге бере алмаймын. Ол бала өлсе, мені ағамның аруағы кешпейді, – деген сөзі тоқтам салды. Абырой болғанда, сол бір қысылтаяң шақтан аман шықтық, – деп отыратын. Анам марқұм әкемнің әлгі сөзінен кейін Құдайбергенге туған анасындай қарапты. Мұндай ерлік тек біздің қазақ әйелдерінде ғана кездесетін сирек қасиет қой.
Оның оқуға деген құштарлығын сезген нағашысы Наржан Құдайбергенді Түркістандағы қысқа мерзімді бастауыш мектепке мұғалімдер даярлайтын курсқа апарады. Мектепті үздік бітірген оған курста оқу онша қиындық тудырмаса керек. Оны да үздік бітіріп келіп алғашында, Жаңарық, арада көп өтпей Кеңесарықтағы бастауыш мектепте мұғалім болып ұстаздық етеді. Бір жағынан сол мектептің меңгерушісі қызметін де қоса атқарады.
Жаңашыл жас өз білімінің таяздығын сезініп, 1937 жылы сырттай Қызылорда педучилищесіне оқуға түсіп, оны 1940 жылы «қызыл дипломмен» бітіреді. Осы жылдар ішінде Құдайберген уақытын тиімді пайдаланып, облыстық ағарту бөлімінің жанындағы орталау мектептерде тарих, география пәндерінен сабақ беретін оқытушылар даярлайтын 6 айлық курсты да оқып алады. Ізденімпаз да еңбекқор жігіт аудан басшыларының назарынан тыс қалмайды. Сол кездегі аудандық партия комитеті басшылығы оны коммунистік партия қатарына қабылдап, 1938 жылы аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшылығына тағайындайды. Құдайберген аға осы қызметті 1939 жылға дейін абыроймен атқарып, сол жылы туған ауылындағы «Октябрь» жетіжылдық мектебіне директорлық қызметке жіберіледі. Құдайберген бір көзінің нашар көруіне байланысты соғысқа алынбай тылда еңбек етеді. Ол директорлық қызметте жүрген кезінде мектеп оқушыларын сабақтан тыс уақытта колхозға көмек беру үшін жұмысқа апаруды басқарды. Оқушылар да жазғы демалыста жонда бидай орса, күзде мақта терімге барды.
Соғыс кезінде тыл жұмысшылары арасында оларды жұмысқа жұмылдыруға, майдандағы Кеңес әскерлерінің жанқиярлық ерліктерін халыққа жеткізуде баспасөз бен радионың орны ерекше болды. Дегенмен, алыстағы малшы қауым мен жондағы диқандарға соңғы жаңалықтар уақытылы жетпейтін. Осыған байланысты аудандық партия комитеті жанынан үгіт-насихат тобы құрылып, 1943 жылдың наурыз айынан бастап Құдекең насихатшы болып жұмысқа ауысады. Ол бұл қызметті де абыроймен атқарып, соғыс кезінде «Барлығы да халық үшін, барлығы да жеңіс үшін!» деп диқандар мен малшыларды ерен еңбектің үлгісін көрсетуге шақырды. Бейбіт уақытта ел байлығы мен ырысын көбейтуге үндеді. Құдекеңнің осы топты басқарып жүргенде өзгелерде кездесе бермейтін бір ерекше қасиетін байқауға болатын. Әріптестеріндей цитаттар жаттап, ұрандатып жатпайтын. Ол сөзін өте қарапайым тілмен сол кездегі жиындарға қатысып отырған адамдардың менталитетіне, дүниетанымына ұғынықты етіп жеткізе білетін. Қарапайым малшы мен егіншінің көкейіндегі ой-мақсатын жазбай танитын, сондықтан да болар оларға өз ойын ұғындыра білетін. Мұның өзі насихатшы үшін басты қасиет болса керек.
Осы қызметте жүргенінде одан көп үміт күткен аудан басшылығы сенім артып, 1944 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы біржылдық партия мектебіне оқуға жібереді. Расында Құдайберген аға өмірінің соңына дейін білімін жетілдірумен өтті. Сөзімді нақтылар болсам, аға 60-жылдардың басында Қызылордадағы Гоголь атындағы пединститутына сырттай оқуға түсіп, оның тарих және география факультетін бітірді.
Аудандық комсомол комитетінде қызметте жүргенде Қыздаркүл Тұрғанбайқызымен танысып, 1940 жылдың мамырында отбасын құрды.
– Әкеміз 1943 жылы отбасымен біржолата Жаңақорғанға көшіп келіпті, – деп еске алады Құдекеңнің үлкен қызы Анар апа өткен күндері туралы әңгіме тиегін ағытып. – Дүниеге Омар-Оспан, Камал, Болат, Мұрат есімді ұлдары мен Анар, Шынар, Жанар, Ажар есімді перзенттері келіп, оларды өсіріп тәрбиеледі.
Әкем өмір бойы қарапайым киінді және осы әдетін ұл-қыздарының бойына сіңірді. Біз әлдебір басшылардың балаларындай қымбат киім мен әшекейге құмар болмадық. Әр киімді ұқыпты, таза әрі талғаммен киюге үйретті. Өтірік айтуға қас болды. Мұның үстіне ақшаны үнемдеп, орнымен жаратуға машықтандырды. Айлығын алған күні қанша ақшаны қайда, неге жұмсайтынын түгел қағазға түсіріп, артығын анамыздың қолына беріп қоятын.
– Құдайберген аға бастаған үгіт-насихат тобы үнемі малшылар мен егінші қауым арасындағы жұмысын еш төмендетпейді. Ол партия солдаты ретінде партия жұмсаған қай салаға да жұмысқа барды, одан абыройы түскен жоқ. 1955-1956 жылдар аралығында аудандық «Екпінді» газеті баспаханасының директоры қызметін де абыроймен атқарды. Сол кездері Ленинградтан жаңа линотип баспа машинасын алып келді. Мекеме басшысы ретінде мемлекеттің ет, май, жер, мүлік және көлік салықтарының уақытылы орындалуы үшін ол аттан түскен жоқ. Ауыл-ауылды аралап, ауылдық кеңес қызметкерлеріне салық жинауға көмек берді. 1956 жылы Жаңақорғанның орталығындағы №51 ВЛКСМ-ның ХХХ жылдығы атындағы (қазіргі Мұхамеджан Қаратаев) орта мектепке мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет ауыстырады. 1967 жылы денсаулығына байланысты Жаңақорған кешкі село жастары орта мектебінің директоры лауазымына тағайындалады. Арада 4-5 жыл өткенде денсаулығының күрт төмендеуіне байланысты директорлықты Әнуар Мәженовке өткізіп, өзі оқу ісінің меңгерушісі болды, – деп еске алады Құдекеңнің нағашы інісі, сауда саласының үздігі, еңбек ардагері Тұрғанбек Қалдарбеков.
«Жаңақорған ауданының Құрметті азаматтары» 60-жылдарда аудандық білім бөлімін басқарған Әбдіхалық Әйтілеуов Құдекеңнің қарапайымдылығын, 50-жылдары мұғалім, онан кейін бар өмірін партия-кеңес қызметіне арнаған Шайдарбек Әшімов Құдекеңмен кездесе қалса, «оу, шырақ» деп амандасатынын, онымен көрші тұрған Ізатілла Нәрзілдаев әкесінің ол кісімен ағайын болып араласқанын, Насыр Сарбасов мектеп директорының сырбаз да сыпайы болғанын айтты.
Ол көзі тірісінде біреудің ала жібін аттамаған, кісі артынан ғайбат сөз айтпай, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, айналасын қоршаған жандарға жақсылық жасауға арнаған отбасында үлгілі әке, адал жар болды. Абзал жанның есімін өзі туып-өскен Бесарық ауылдық округінде және саналы ғұмырының көбін өткізген Жаңақорған кентінде бір көшеге берсе жөн. Өйткені оның өмірі мен атқарған қызметі соған лайық.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |