...Әлі есімде біздің «Бірлестік» ауылы ақбас толқынды Арал теңізінің жағасына қоныстанған. Таң білінер-білінбестен жағаны ұрғылайтын толқын дүбірі мен ақ шағалалар шаңқылы шырт ұйқыдан оятатын. Ол кезде теледидар өңімізде түгілі түсімізге де енбейтін. Ауылымыздағы жатаған клуб үйінің маңдайшасында қара қазан іспеттес радио болатын. Саңқылдайды дейсің. Қалқан құлағымызды түріп тыңдаймыз.
– Әуе толқынында Алматы. Қайырлы таң, радио тыңдаушылар!
Біз сілтідей тынып, тыңдаймыз.
– «Шалқар» бағдарламасы. Микрофон алдында Қызылорда облысындағы меншікті тілшіміз Ахат Жанаев.
Қоңыр дауыс қоңыраулатып күмбір қағып қоя береді. Теңіз төскейінен салқын самал соққан іспеттес. Тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің. Өйткені, қоңыр дауыс тұла бойыңды баурап-ақ барады. Арыла алмайсың.
– Хабарды жүргізген Ахат Жанаев.
Ой, шіркін-ай! Құлағымыздың құрышын қандырдың-ау. Жо...жоқ... Әлі, әлі күнге дейін Ахат ағаның қоңыр үні құлақ түбінде.
Ендігі сөз кезегін бүгінде 85 жастың сеңгіріне шықса да тұла бойынан мейірімділік шапағаты төгіліп, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, жайраңдай күліп жүріп келе жатқан Ахат ағаның өнегелі өмір жолына берелік.
***
Ахат ағамыз сонау бір зұлмат жылдары, яғни 1934 жылы өмір есігін ашты. Өкініштісі сол, бары-жоғы үш жасында әкесі Әбжаппар Жанаев «халық жауы» деген жаламен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Атышулы Волгалаг лагерінде дүние салған жарының күйігін көтере алмаған Айткүл анасы да өмірмен мезгілсіз қош айтысты. Өзіне тетелес ағасы Нұрханмен екеуі әжелерінің қолында өсіп, тәлім-тәрбие алды. «Халық жауының баласы» атанған Ахаңның басында жалғыздық та болды, жетімдік те болды, түртпек те көрді. Содан да ерте есін жиды. Тағдырдың таяғын жеп, қияметтің қыл көпірінен өтіп Ахат ағамыздың есімі елге танымал, айтулы азамат болғанына қалайша қайран қалмассың?!
Балалық бал дәурені де Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Ерте есейген ол толарсақтан саз, тобықтан құм мен су кешті. Егін екті, масақ терді, шөп шапты, мал бақты. Қойшы, әйтеуір, күн-түн көз ілмей үлкендермен иықтаса жүріп еңбек етті.
– Тағдырыма мың тәуба деймін, – дейді бізбен әңгімесінде әріптесіміз, – 1957 жылы Қызылордадағы педагогикалық институтының филология факультетінен дәріс алып, еңбек жолымды Тереңөзек қыстағындағы Калинин атындағы мектепте орыс тілінен сабақ беруден бастадым. Сол жылдары облыстық радиоға басшылық жасаған марқұм Дәуірхан Айдаровтың шақыруымен қызметке келдім. Бертін келе Алматыдағы Жоғары партия мектебінің радио-теледидар бөлімінде білімімді жетілдіріп, бірыңғай қиын да қызықты салаға бетбұрыс жасадым ғой. Айтқандай, ұмытпасам, 1964 жылы Мәскеуде тәжірибеден өтіп, аты аңызға айналған Юрий Левитаннан дәріс алғаным бар. Ал, «қазақтың Левитаны» Әнуарбек Байжанбаевпен қызметтес қана емес, дос болдым.
Қос тілді қатар меңгерген Ахаңның даусы орысшасы Мәскеуден, қазақшасы Алматыдан бүкіл қазақстандықтардың құлақ түбінде күмбір қағып тұратын. Республиканың мемлекеттік телерадиокомпаниясының бастығы Кенжебай Шалаевтан шақыру келді. Содан 30 жыл бойы Ахат аға қазақ радиосында Сыр аймағын айшықтады.
Жанаевты «төртінші биліктің тарланы» десе әбден болады. Қолына микрофонын ұстап, отыз жыл бойы күн-түн көз ілмей жүріп, небір айтулы азаматтардың жүрек жазбаларын алтын қорға қалдырған Ахаңды қалайша дарабоз дарын, таңғажайып тарлан демеске?! Сыр аймағында Ахаңның табаны тимеген жер де жоқ шығар, сірә? Онымен сұхбаттасқан есімдері елге танымал азаматтарды айтып тауысу әсте мүмкін емес. Десе де, жазбалары алтын қорда сақтаулы тұрған бірлі-жарым азаматтар есімін атап, ұрпақтарға ұлағат еткеніміз жөн болар. Алдымен сөз кезегін бүкіл еліміздің тыңдаушыларын тамсандырған Сыр сүлейлеріне берелік. Олар көне мұраның көмбелері – Рахмет Мәзқожаев, Нұғыман Молыбаев, Қуаныш Баймағанбетов, Сүйінбай Ақбаев, Мырзағали Ақжолов, Ақмырза Тұяқбаев, Әбілда Жөргенбаев, Көшеней Рүстембеков, Шәмшат Төлепова, Қуандық Бүрлібаев, Алмас Алматов, Әбілаш Әбуов, Әлмырза Ноғайбаев, Манап Көкенов, Бексұлтан Байкенжеев, тағы басқалар. Осы жазбалар Қазақстан және облыстық радионың алтын қорында ғана емес, көнекөз тыңдармандардың жүрегінде де мәңгілікке жазылып қалған. Айтқандай, Ахат аға кезінде космонавт Герман Титов, моңғол космонавты Гуррагча, Шыңғыс Айтматов, қазақтың біртуар тұлғалары Шахмардан Есенов, Сәбира Майқанова, Ыбырай Жақаев, Роза Бағланова, Шырынкүл Қазанбаева, Жәлел Қизатов, Тәйімбет Көмекбаев, А.Халықов, Ұлбала Алтайбаевалармен дидарласып, емен-жарқын әңгімелескенін біреу білсе, біреу білмес.
– Жоғарыда есімдері аталғандармен сұхбаттасып, сөзге тартып, пікірін білу – инемен құдық қазғанға пара-пар десем, қателеспеймін. Ең болмағанда сол саланың ақ-қарасын білетіндей білім-парасатың болуы керек-ақ. Сондай-ақ, дауыс мәнеріңді құбылтып, оқып тұрған жазбаның мәнін келтіре сөйлеу де әртістік қабілетті қажет етеді. Материалдың мазмұнына қарай дауыс ырғағы да өзгеріп отырады. Кейде мұңлы, кейде ойнақы дегендей, эфир жасандылық пен жалғандықты қаламайды.
– Кезінде, – дейді Ахаң, – аты әлемге әйгілі Қорқыт атаның он екі күйін үнтаспаға түсіріп алдым. Сондай-ақ, 1975 жылы Нышан абыз атанған (қарт қобызшы Смайыл Шәкенұлы) қартты тауып, оның «Әуіпбай», «Бәшбай», «Ұшардың ұлуы», «Желмаяның желісі», тағы басқа, яғни 12 күйін жазып алғаным бар. Өткен жылы Қорқыт күйлері ЮНЕСКО-ның тізіміне еніп, қазақтың бай мұрасы күллі әлемге паш етілді. Демек, ғасырлар тереңінен сақталып келе жатқан осындай мәдени мұраларды жұртқа жария, бүгінгі ұрпаққа ұлағат ету керек. Мені осы бір толғақты сұрақтар ойландырады. Айтпақшы, Әуекең (Әуелбек Қоңыратбаев) «Ахат, сенің басқа еңбегіңді айтпағанда осы еңбегіңмен тарихта қалдың. Осы еңбегіңнің өзімен өмірді босқа өткізбедім деп айта аласың» дегені бар. Шүкір, Әуекең айтса айтқандай, ғұмырды саналы өткізіп келе жатқаныма ризамын.
– Аха, сөз орайы келгенде Ыбырай Жақаевпен тұз-дәмдес болған бір әңгімені айтсаңыз?
Өзіне тән қарапайымдылығымен жымия күлген Ахаң:
– Ыбырай Жақаевты сөйлету оңай болмайтын. Ол кісі сөзден гөрі істің адамы ғой. Өте қайратты болған. Бала күнінде «Алыпсоқ» деп атайды екен. Бір күні үйінде отырып: «Ыбеке, сізді жас кезіңізде «Алыпсоқ» атапты ғой» деп әңгіме жібін сабақтағаным сол еді, рахаттана күліп, әңгімесін бастағаны бар. Жазып алдым. Кейін осы жазбаны өзі тыңдап, тағы бір рахаттана күлген еді.
Дарабоз дарын, тумысы бөлек тұлға, айтулы азамат Ахат аға жайлы том-том етіп жазуға әбден болады. Ол келешектің еншісінде. Айтпағым, кезінде Қазақ радиосының І және ІІ бағдарламалары негізінде тәулігіне 52 сағаттық хабарларға, сондай-ақ, тәулігіне 22 сағат хабар тарататын «Шалқар» бағдарламасына қалай төтеп бергені таңғалдырады. Бүгінгі жаңалық сол күні эфирге шығатын. Тікелей эфирге шығу тағы бар. Ал, шұғыл хабарлар телефон арқылы жіберілетін. Екі тілде де хабар дайындалатын. Санамалап айту мүмкін емес. Осының бәріне 30 жыл бойы төтеп берген Ахаңды қалайша төртінші биліктің тарланы демеске?!
Бұл кісінің бойына дарыған тағы бір таңғажайып қасиеті – көнекөздер шежіресі мен жәдігерлерін мол жинағаны. Бүгінде Ахаң жинақтаған жүздеген жәдігерлер мен үнтаспаға түсіріп алған талай текті тұлғалардың жазбалары музейде тұр. Оларды санамалап шығу әсте мүмкін емес. Десе де Ахаңның Бұқарбай батырдың қылышын табыс еткенін айтпасқа болмас.
– Ертеректе, – дейді Ахат аға, – Мыңбаев Ерман есімді азамат Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы болатын. Ерманның айтуынша, өмірге келген балалары бір жасқа жетпей шетіней береді. Бертін келе балалары тұрақтай бастаған көрінеді. Бұған себеп Бұқарбайдың қылышы болған. Тарқатып айтайын.
Бұқарбай батыр қылышын Қайқыға береді. Қайқының Нарша есімді баласы оны Ерманға табыстап, «мынау Бұқарбай батырдың киелі қылышы еді. Алла жазса, енді өмірге келер балаларың көп жасайды» деген екен. Айтса айтқандай, Ерман көп балалы-шағалы болыпты.
Кеңес үкіметінің дүркіреп тұрған шағы. Ел арасында «Ерманда суық қару бар екен» деген лақап тарап, бойын үрей билеген ол қылышты киізге орап, жер астына тығады. Кейіннен Ерманның баласы Бұқарбайдың қылышын маған, ал мен бұл аса құнды жәдігерді алтын қорға табыс еттім.
Ахат ағаның айтпасқа болмас тағы бір тағылымды ісі бар. Ол ондаған жылдар бойы іздеуде жүрген талай тағдырларды табыстырған кісі.
– Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қолыма Мәскеуден шығатын «Ветеран» газеті түсті. Қарап отырсам, «Награды ждут своих героев» деген көлемді мақала жарияланыпты. Мерт болған жауынгерлер тізімінде хабар-ошарсыз кеткен Мәдениет ауылының тумасы Ернияз Сәтов тұр. Дереу сол күні облыстық радионың кешкі хабары арқылы елді құлағдар еттік. Ертеңіне туыстары табылды. Көп ұзамай бауырларына әскери наградасын да табыстадық.
Сондай-ақ, Шаған ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, Брест қамалын қорғаған Ж.Бекбанов туралы деректі «Правда» газетінен тапқаным бар.
Әңгіме үстінде Ахат аға өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында «Аққыр» ауылында болған бір жағымсыз жағдайға да араша түскенін айтқан-ды. Осы ауылдың Тазнұра, Бекей деген жерінен байқоңырлық әскерилер жерасты су құбырын тартып, Қызылқұмды жайлаған малшы ауылды сусыз қалдырмақ болған көрінеді. Ахаң совхоз директоры Тынарбай Төлегенов, дәрігер Ханзулла Каметов, тағы басқа шопандардан сұхбат алып, радио хабарлар әзірлейді. Ақырында заңсыздыққа тосқауыл қойылады.
Бүгінде 85 жастың сеңгіріне шыққан Ахат аға көргендері мен көңілге түйгендерін кітап етіп те шығарып жүр. Оның қарымды қаламынан туындаған «Бұқарбай батыр», «Алмас тілді ағалар», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Асылы еді Алаштың» атты кітаптары бар.
Ахат ағаның журналистика саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі де ескерусіз қалған емес. Ол «Қазақ радиосы мен теледидарының үздігі», «Қазақстанның Құрметті журналисі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. «Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары тағы бар. Сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, ондаған диплом мен мақтау қағазын алған. Айтқандай, Ахат Жанаев Сырдария мен Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы.
– Маған, – дейді Ахат аға, – ел-халқымның айтар алғысынан артық марапаттың да, сый-сыяпаттың да қажеті жоқ. Қараңыз, бұл күндері қарға адым жерге шыға алмай, отбасы, ошақ қасында отырған маған замандастарым жиі-жиі телефон шалып: «Эфирге неге шықпайсың, қоңыр дауысыңды сағынып жүрміз ғой» дегенді айтады. Осының өзі көңілімді қуанышқа кенелтіп, терең тебіреніске түсіреді. Өмірімді босқа өткізбеген екенмін ғой деп тәубеге келемін. Мұнан артық маған марапаттың қаншалықты қажеті болсын. Шүкір ғой, шүкір!
Иә, Ахат аға бәріне шүкір дейді. Әлі де Алласы аузында, қаламы қолында. Қоңыр дауысы, қоңыраулы атақ-абыройымен 86 жасқа аяқ басты. Жан жары Ұлболсын апа екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қара шаңырақты биіктетіп, керегелерін кеңейтіп, немерелері мен шөберелерін сүйіп отыр.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист.