« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Немістің оғына аяғын алдырып, орыстың орманында досын қалдырып елге оралған жеңіс жауынгері Ғафурдин Жанұзақов сол кезде жиырма бір-ақ жаста екен.Табаны туған топыраққа тиісімен жүдеп-жадаған ауылдың ауыр жұмысына жегілді. Сымдай тартылған кеуделі жігіт жалындап тұрған бойындағы жастық жылуын тірлік тауқыметінен жаураған жандардың бойына тарата келді. Жұрт жан жылуына мұқтаж еді. Өзі де осы балауса жасына қарамай-ақ басынан ауыр тағдыр кешіп үлгерген. Сірә, екі мүшелге әлі толмаса да ұзақ бір ғұмыр жасағандай.
1937 жылы «Ақарық» колхозының төрағасы болып жүрген әкесі Жанұзақты «үндеместер» апақ-сапақта үн-түнсіз келіп ұстап әкетті. Кінәсі не, қандай айып тақты, ол жайында тіс жарған тірі жан жоқ. Жендеттер қауашағын березентпен жапқан қара машинаға әр жерден тұтқындаған бірнеше адамды мінгізіп, Қызылорданың шығыс бетіндегі Қошқар ата қорымына апарып атқан. Жанұзақпен бірге Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қамаш Байғонов, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қайыпназар Қауымбаев та ажал оғына байланды.
Қызыл өкімет қожа-молданы түре қуып, мешіттерді атқораға айналдырды. Ауқаттының малын тартып алды, соттады, ел асырды. Момын жұрттың дінін, ділін, дәстүрін жоя бастады. Ал, ислам діні тарихында аты қалған Есабыз әулие ұрпағы Жанұзақ секілді тектінің тұқымдары ата қанымен сіңген қасиетті жүрек түкпірінде бүршік аттырып, батаны үнсіз қайырып, құранды ішінен оқып, оразаны тығылып тұтты. «Бісмиллә» деген сөзді айтуға болмайтын бір күн туды. Осыған қатысты мына бір оқиға ойға орала береді.
...Тұрмағамбет шайырды түрмеге салып, қызыл бастықтар оның әр айтқан сөзін аңдуды бұйырады. Егер ол ешқандай дінге қатысты сөз айтпаса қамаудан босатпақ болады. Бір күні түрме қызметкері темір есіктің тесігінен тамақ беріп, тыңдап тұрса Тұрекеңнің «бісмиллә» дегенін естіп қалады да, жалма-жан есікті ашып:
– Қане, не дедің, қайтадан айтшы! – дейді түсін суытып.
– Мен не деппін?
– Жаңа тамақты алдыңа ала бере бісмиллә дедің!
– Қағыс естіпсің, ыссы ма әлі дедім, – депті сонда Тұрекең, жарықтық.
Беу, дүние, осындай қилы-қилы заман болды, «қарағай басын шортан шалды». Бұл қоғамнан келе-келе арақшыл әке, араз ұл шықты. Иілмейтін келін, киінбейтін қыз пайда болды. Солқылдап кете беретін бұл соқпақ ұзақ...
Қиын-қыстаудың бәрін көріп, көңілінен өткізген Ғафурдин 1942 жылы соғысқа аттанып, Қырым майданына келіп кірді. Украинаның Кантимовка, Миллеровка деген деревнялары маңында Харьковты азат етуге ұмтылған совет әскерлері неміс фашистерімен жеті күн тоқтаусыз соғысты. К.Подлас, А.Алисов секілді тамаша қолбасшылар қаза тапты. Шығынның көп болғаны сонша, әр ротадан он-он бес солдаттан ғана қалды.
Тарихтан белгілі болғандай, Харьков үшін шайқас Н.Хрущевтің соғыс кеңесін басқарып тұрған кезіндегі сәтсіз ұйымдастырылған жұмыстарының бірі болып шықты. Сол Хрущев кейін қаншама құрбандықпен, қиындықпен іргесін сақтап қалған Кеңестер Одағын басқарды. Харьков майданындағыдай сәтсіздіктерге жаңа жол ашты. Халық жағдайы түзелмеді. Сондықтан бір жылы Ташкентке қарай пойызбен өтіп бара жатып Қызылордаға аялдаған бас хатшыны жергілікті халық ашу-ызамен күтіп алып, вагонға аяқ киімдерін лақтырып, перронға түсірмеген.
Бұл өз алдына бір оқиға, Ғафурдин бұл кезде еңбек майданының бел ортасында жүрді. Жоғарғы басшылар оны алпысыншы жылдардың ішінде ферма меңгерушілігіне сайлады. Меңгерушінің міндетіне сол кездегі 17 мың басқа жуық мал жайы мен ферманың шаруашылығы жататын. Ғафекең алдымен малшылар мен жұмысшылардың жағдайын жасады. Төбе-төбенің қалқасына тығылған үйлерді күрекпен аршыған көше-көшеге сап түзетті. Қолдап арық қазылып, ағаш егілді. Күш-көлік бөліп, әр отбасының отын-су, қора-қопсысын ферма тірлігімен қатар атқарды. Осылайша бір ауылдың бет-бейнесін жасады. Тіпті мектеп бітірген ауыл балаларының жоғары оқуға түсуін өзі қадағалап, оларға әке орнына әке болып қол созды.
Жасынан бейнет кешіп өскен ол мал жайы мен жер жайына жетік болатын. Сондықтан Қызылқұмды мал шаруашылығына байланысты игеру бастамасын көтерді. Қай құдықтың суы, қай өрістің оты қаншаға жетеді, ауа райы қалай құбылады, Ғафекең мұны көріпкел секілді алдын ала айтатын. Аудан басшыларының өзі ферма меңгерушісімен санасатын. Сол кездегі облыс басшысы Исатай Әбдікәрімов «Ғафекең дала кемесі ғой» дейтін. Облыста алтынсұр қаракөл қой шаруашылығын ұйымдастырушылардың бірі Жанұзақов басқаратын қой фермасы мал тұқымын асылдандыру мен қаракөл өндірудің кіші фабрикасы атанды. Малшылардың еңбегі жанды, мал басы отыз мыңға жетті.
Ферма меңгерушісі Ғафекең бірде отар аралап жүріп келіншегі толғатып жатқан малшының үйіне түсіпті. Дереу әлгі әйелді күйеуімен қоса астындағы көлігіне отырғызып, өзі атқа мініп қой бағып кетіпті. Ол кісінің осындай қарапайымдылығын ауылдастары жыр қылып айтады.
Бір күні Қызылдың құдығына су тартатын мотор құру үшін тракторшымен бірге құмға қарай жолға шығады. «Бұл кісі қасына бір жұмысшы алса қайтеді. Қазір телешкадан моторды түсіру керек, оны құдықтың үстіне орнату керек...» деп тракторшы іштей уайым жейді. Себебі әрі бастық, әрі бір аяғы протез адамға ауырды көтер деп айта алмаймын ғой деп ойлайды. Сөйтіп құдық басына барғанда Ғафекең трактордан ырғып түсіп, тіркемеге тіреп жол ғып салған қос тақтайдың үстімен моторды сырғытып, оны құдықтың үстіне қондыру жұмысын әп-сәтте атқарып тастайды. Тракторшы болса, оны бір жағынан демеп жүруге ғана септеседі. Мотор құрылып, оны от алдырып, лақылдатып шыңыраудан су сорып жатқанын көрген соң көңілі көтерілген тракторшы:
– Қапеке, бір жұмысшы ертіп алғаныңызда, моторды өзіңіз көтеріп әуреге түспес едіңіз, – дейді.
– Әй, бір моторды телешкеден түсіру үшін бақандай бір жұмысшының бір күндік уақытын босқа өткізіп осында әкелеміз бе? Ал, фермада қанша жұмыс қарап тұр, – депті Ғафекең сонда ашуланып.
Ол қарапайымдылығымен қоса тәртіпке де қатал болатын, сондықтан «ел ішіндегі бір тентекті» жолға салып отырды. Былайша айтқанда ауыл биі болды. Оның айтқанын ешкім екі етпейтін. Сонымен бірге, ауылдың рухани-мәдени өміріне деген көзқарасы ерекше болатын. Ауыл клубына қазақтың ақын-жазушылары мен өнер адамдарын үнемі шақырып, халықты жан байлығымен сусындатты.
Міне, алтын сақадай бітімін бейнетпен мүжіп, туған жерінің бақытын іздеген Ғафурдин Жанұзақов осындай жан еді. Ол Отан қорғау ісінде көрсеткен ерліктері үшін «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін» медалімен, бейбіт күндері «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 4 рет бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің алтын медалімен марапатталған.
Әке жолын жалғаған бел баласы, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Әбдіқабыл Жанұзақов ел мүддесі үшін нар жүгін арқалап еңбек етті. Кәсіпкерлікпен айналысып, қаржысын ел мұқтаждығынан аямай жұмсады. Әсіресе ол спортшылар мен өнер адамдарына демеушілік жасауды бірінші орынға қойды. Қаншама бұлақтың көзін ашты. Әкесі болса да солай етер еді.
Ел мүддесінен жаны екі елі ажырамай, өз пешенесінің жазуын туған жерінің тағдырымен таразылаған тарлан әкелеріміздің өмір өнегесін бүгінгі ұрпаққа үлгілеу – рухани жаңғыруымыздың бір белесі.
Отыз жыл бойы Сырдария ауданының «Айдарлы», «Амангелді», «Тартоғай» шаруашылықтарында ферма меңгерушісі болып, аудан экономикасын көтеруге қызмет еткен, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша атсалысқан Отан соғысының ардагері, еңбек майталманы Ғафурдин Жанұзақовтың есімін есте қалдыру мақсатында «Айдарлы» ауылындағы мәдениет үйіне оның есімін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шыққан (№759 қаулы, 18 қараша 2018 жыл. Астана қаласы, Үкімет үйі). Сол қаулы күшімен бүгінде ауылдық мәдениет үйі Ғ.Жанұзақовтың атына беріліп, ауыл ортасынан ескерткіш мүсіні орнатылды.
Өткеннен тағылым болар ұнағанға,
Жазу керек... дастан ба, роман ба?
Бұл – айып, Ғафаңдардың даңқын білмеу,
Лайық мүсін соқсаң бұл адамға! – Бір кезде мен осылай деп «Айдарлы» жұртының аузындағы сөзді өлеңге айналдырғанмын. Елдің сол тілегі орындалды.
Баяғыда Ғафекең әкеміз талай мәдениет майталмандарын ешкімнің тапсырмасынсыз ат беріп алдыратын клубтың бір кезде өз есімімен аталатынын әрине, ойлаған да, сезген жоқ.
Бұл – ұрпағының рухани жаңғыруы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |