« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Тарихты өшіре алмайсың. Тау қозғалса да, ол қозғалмайды. Сол күйінде қалады. Адам өмірі де солай. Елім деп, туған жерім деп еткен еңбегі бағалануы, құрметтелуі тиіс. Сондай Арал азаматтарының бірі Төлеген Медетбаев еді.
Ол кім болған? Бұл сауалға арғы-бергі сарғайған қағаз беттеріне, тұстастарының естелік жазбаларына сілтеме жасай отырып, жауап қайыруға болғандай екен.
Төкең 1890 жылы кедей-шаруаның отбасында дүниеге келеді. Анасынан ерте айырылады. Әкесі де, өзі де малайлықта жүріп, Қазалы қаласында 1894 жылы ашылған орыс-түзем (жергілікті ұлт) училищесіне түседі. Екі жыл оқығасын күнкөріс үшін Каландаров деген бай-көпестің алып кел, барып келіне жегіледі. 1915 жылы әкесі де мәңгілікке көз жұмған-ды.
Еті тірі, алғыр, аздап оқу-тоқуы бар Медетбаев қазан революциясының жеңісінен кейін жалшылықтан жұлқынып шығып, кеңес үкіметінің қызметіне араласып, 1919-1921 жылдары Қазалы уезіне қарасты Арал теңізі поселкісіндегі Милиция органын 2,5 жылдай басқарып, 1921 жылдың қыркүйек айында Арал Совдепінің төрағалығына сайланған-ды. Осы тұста, яғни 1921 жылдың қазан айының 7-сі күні пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған әйгілі үндеу хаты да құстай ұшып жетіп еді-ау. Оны алғаш оқыған да Медетбайдың Төлегені болатын-ды. Қысқаша қайырсақ, хатта былай делінген: – Сіздердің Арал теңізінде балық аулау жайы жаман емес және Сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір-шалдарға... күйзелген 8 миллион еңбеккерлерге, ең ақыры бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін 7 000 000 балаға беріңіздер!.. Арал балықшылары мен жұмысшылары, жомарт көмектеріңізді аямаңыздар!
Халық комиссарлары Советінің председателі
В.Ульянов (Ленин)
7 қазан 1921 жыл.
***
Балықшылардың тілімен айтқанда, бұл қыстың басы – күз айы, абыржы, ауа райының кейде миіз, кейде киіз болып аумалы-төкпелі, құбылып тұрған кезі-тұғын. Көлде мұз ілінісіп, дарияда сең жүріп, сәл-пәл жел тұрса, теңіздің ақжал толқыны жағаға ұрып жатар-ды. Алайда, қайырымдылық көмек, әсіресе балаға дегенде жан беретін ақ жүрек халық емеспіз бе?! Ильич хаты келген күні-ақ Медетбаев Совдеп мүшелері мен активтерін жинап, алқалы кеңес өткізіп, оларды хат мазмұнын түсіндіру үшін жер-жерге аттандырады. Арал мемлекетік балық тресінің алғашқы директоры, әйгілі хатқа сәйкес ұйымдастыру жұмысына жетекшілік етушілердің бірі М.Данияров: - я қара су емес, я мұз емес, балық аулау ісінің аса қиын тұсы болса да, балықшы қауымы жанкештілік жасап, жұдырықтай жұмылып, ауланған балықтан аз-кем асымдыққа деп алып қалып, өзгесін ақысыз-пұлсыз түйе керуені арқылы "Қамыстыбас” стансасына жөнелтіп жатты десе, осындай жанқиярлық еңбектің куәгері, Т.Медетбаевтың қамқорлығында болып, үйінде жатқан белгілі қаламгер-жазушы Тойбазар Елемесов пен колхоз құрылысының командирі болған Тілеулес Жаппасбаевтың, Өтеп Өтеғұловтың, Г.Дубовиктің, Е.Ковыганың, Қ.Үмбетовтің, Бүкілроссиялық орталық атқару комитетінің мүшелігіне кандидат Уәйіс Қосымовтың және-жәнелерінің естелігінде де паш етіледі.
Осы жолдардың авторы – өзім де бұл әйгілі хаттың 60 жылдығына орай (1981 жылы) бөгендік, қаратереңдік көзі тірі куәгерлермен сөйлескенмін. Бөгендік Д.Жұбанов пен қаратереңдік Б.Жайсаңбаевтар В.Кондратенко есімді егде балық қабылдаушының: – Сендердің әрқайсысың бала-шағаның аузынан жырып, 3500 пұттан балық тапсырдыңдар, бұл атымтай жомарттықтарыңды келешек ұрпақ аңыз ғып айтатын болады деп арқамыздан қаққаны әлі есімізде, деді.
Сонымен 1921 жылдың 25-желтоқсанында, 2,5 айдан кейін Мәскеуге, Кремльге мынадай телеграмма жолданады.
"Қымбатты Владимир Ильич Ленин!
Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты”
Арал Совдепінің председателі
Т.Медетбаев
***
1928 жылы әкімшілік-территориялық бірлік ретінде Қазалы уезі таратылып, аудан болып Қызылорда облысына қаратылды да, Арал Ақтөбе облысына берілді. Т.Медетбаев 1931 жылдың сәуір айына дейін осы төрағалықты атқарды. "Қосшы одақтары” мен колхоздар ұйымдасып, оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. Осындай игілікті істің басы-қасында төраға жүреді. Ол 1932 жылдың шілдесінен 1947 жылдың 5-мамырына дейін, немесе тұтас онбес жылдай аудандық ет дайындау және тамақ өнеркәсібі комбинатын басқарып, 1947 жылдың мамырында аупартком бюросының шешімімен қоғамдық мал шаруашылығын өсірумен айналысатын іргелі "Сазды” колхозының басқарма төрағалығына сайланады.
Сөйтіп, Төкең ағамыз 59 жылдық өмірінің отыз жылында басшылықта болды. Қиын-қыстау, ала құйын күндерде, Арал жері облыстан облысқа ауысып жатса да, Т.Медетбаевтың қызметі өзгерген жоқ. Ол өзінің халық ісіне деген таза ықыласы, әрі іскерлігі арқасында жұрт күткен деңгейден табыла білді. Зобалаң жылдардағы тоталитарлық жүйенің қажырлы, суық лебінен де аман өтті.
Өзіне тартқан ұл-қыз өсірді. Әуелбегі әкеге ұқсап ауаткомның төрағалығын атқарды. Жұбайы Орал Мырзалықызы екеуінің 10-ға тарта ұрпағынан 29 немере, 13 шөбере өрді.
***
Алдағы жылы оның туғанына 125 жыл толуы қарсаңында орталықтан Төлеген Медетбаев аллеясы ашылса, ел-халқына жасаған еңбегіне лайық ескерткіш сол болар еді...
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |