Өзім құрмет тұтар, сыйлас нағашы ағам Кеңес Мұсаханұлы Шәймерденовтің есімі Сыр еліне жақсы таныс. Біреулерге отырған орны көрік берсе, кей адамдар отырған орнына көрік береді деген сөз бар. Сол айтпақшы Кеңес аға аудандық, облыстық, республикалық ауқымда үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Жұмыс істеген жерлерінде үнемі жақсы қырынан танылып, жамағатпен етене араласты. Міне, осы қасиеті оның абыройын биіктетіп, тілеулес адамдарды молайтқандығы анық. Сол қатардағы рухтас інілерінің мен де бірімін.
Темірбайдан тараған Шаймерденнен екі ұрпақ, яғни бір ұл, бір қыз өрбіген. Бірі – Мұсахан болса, бірі – Бибайша. Мұсаханнан Кеңес дүниеге келсе, Бибайшадан өрбіген ұрпақтың бірі – біз. Мұсахан аға Ташкент теміржол техникумын бітірген соң теміржол жөндеу кәсіпорнында дрезина жүргізушісі, шеберхана меңгерушісі, Шиелі стансасы кадрлар бөлімінің бастығы, станса бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары дәрежесінде еңбек етіп, теміржол қызметінің капитаны шенін алған. Кезінде ауылдың қазақы жастарын теміржолда жұмыс істеуге тартқан.
1941 жылы Шиелі аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға алынып, 56-гвардиялық артиллерия полкінде 61-ДПС-та гвардия сержанты, бөлімше командирі дәрежесінде соғысқа қатысқан. Өкінішке қарай, 1942 жылы қарашада хабарсыз кеткен.
Мұсахан аға майданға аттанғанда зайыбы Сара екі баламен қалған екен. Кіші ұлы Медет мектеп жасына жетпей ерте қайтыс болыпты. Он тоғыз жасында жесір қалған адал жар Құдай қосқан қосағын өле-өлгенше армандап өтті. Аяулы ананың бар мақсаты – үлкен ұлы Кеңесін қатарынан кем қылмай өсіру, тәрбиелеу, жеткізу болған. Кеңес Шаймерденов аудандағы №45 қазақ орта мектебін, 1957-1962 жылдары сол кездегі Н.Гоголь атындағы институтты оқып бітірді. Сол жылдары еркін күрестен жоғары оқу орындары арасында чемпион, I разрядты спортшы болды.
Еңбек жолын Шиелі ауданындағы «Қызылту» колхозында мектеп мұғалімінен бастап, 1963-1969 жылдары облыстың комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушілігіне көтерілді. Оңтүстік Қазақстан өлкесі комсомол комитетінің сектор меңгерушісі, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің студент жастар бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. СОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді. Облыстық партия комитетінде үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, 1973-1983 жылдары Жаңақорған ауданындағы партия комитетінің хатшысы болып халықтың ықыласына бөленді.
1983-1994 жылдар аралығында облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының бастығы, облыстық атқару комитетінің мәдени-ағарту мекемелері бөлімінің бастығы, облыс әкімшілігі аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. ҚР Парламентінде түрлі жауапты қызмет атқарды. Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқарма бастығының орынбасары, жастар және тіл бөлімінің бастығы, «Нұр» қоғамдық қайырымдылық қорының атқарушы директоры, «Блотус» АҚ – үйлестіруші, «Отан» партиясы аппаратының кеңесші қызметінде болды.
Кеңес Мұсаханұлы қандай да маңызды қызмет атқарса да белсенділігімен, ұйымдастырушылық іскерлігімен жақсы қырынан көріне білді. Ол еңбегіне лайық Қаз ССР Жоғарғы комитеті Президиумының Құрмет грамотасы және «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Nur Otan» партиясының марапатымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің Құрмет грамотасымен, «ҚР мәдениет қайраткері» атағымен марапатталды.
Кеңес аға – жаңа ғасырдың жаршысы, насихатшысы, оның еңбек жолында үлгі-өнеге көрсеткен жанашыр ағалары мен қызметтес жолдастары, қолдау көрсеткен зиялылар көп болды. Қанаттастары туралы естелік, ұлағатты сөз айтатын Кеңес аға майдангер әкесінен ерте қалып, өмірдің бар қиындығын да, қызығын да мол татып, бейнетпен есейген озық ойлы, білімдар, сөзге шешен. Ақпейілді, жаны таза, жүрегі жомарт, парасаты биік, уәдесіне берік, шындық жолдан таймаған, жақсыға жалынбаған, жаманға табынбаған, адамгершілігі мол, ұстамды қайраткер.
Кеңес Мұсаханұлы – ҚР Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше естелік жинақтың авторы, С.Нұрмағанбетов атындағы халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры бағдарламасы аясында Кеңес одағының Батыры, Халық қаhарманы Сағадат Нұрмағанбетов, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай жайлы альбом шығарып, таралуына еңбек сіңірді. Әкесі жайлы және Сталинград шайқасында қайтыс болған майдангерлерге арнап «Бақытым да, байлығым да менің» атты кітап шығарды.
Құрметті демалыста жүрсе де, қоғамдық өмірге белсене араласып, жақсы істердің жүзеге асуына ұйытқы болып келеді.
Ол кісінің шаңырағында жиі болып тұрамын. Әрдайым жылы шыраймен күтіп алып, іздеп барған інілеріне мейірімін төгеді. Өзінің өнегелі өмірінен әңгіме өрбітеді. Бір таңғаларым, сені өзіңнен артық біліп отырады. Жан дүниеңді түсініп, үлкендік жолынан жығылмайды. Әрдайым өмірден білген-түйгендерін ашып айтатын ақкөңіл жан. Өмірлік қосағы Мадинамен бес ұл мен қыз өсіріп, олардың қызығын көрген кісі. Өнегелі ғұмыр кешкен асыл жанның ұлағаты көпке үлгі.
Жақсылық ӘЛИЕВ,
зейнеткер.