ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕР ЖАНҚОЖА

Халық батыры Жанқожа Нұрмағанбетұлы – (1774-1860 ж.) ХІХ ғасырдың 30-60 жылдарында өріс алған Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісі менРесей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырған дарынды қолбасшы, елді тура жолға бастаған әділетті би, тақуалығымен аңызға айналып әулие дерлік дәрежеге жеткен әйгілі тұлға. Жанқожа батыр туралы тарихи жырларда сол замандағы халықтың басынан кешкен түрлі қиыншылықтар, Хиуа, Қоқанның залым бектерінің елге салған ауыр салығы, зорлық-зомбылығы, орыс отаршылдарының сұғанақтығы, сонымен бірге сыртқы жауға сатылып, оларды ел ішіне енгізіп, өз елін дұшпанға талатқан опасыз жандар мен осы зобалаң, іштей іріген топалаңға тойтарыс беріп, елдің еңсесін тіктеген ерлер мен билердің қажырлы күресі терең суреттеледі. Жаулардың құрған қанды қақпанын басып, шырқы бұзылғанымен ел басына бұлт үйірілген шырғалаң шақта бір тудың астына, бір батырдың қасына жиналып, тез арада береке-бірлікке келіп, сол арқылы даңқты жеңіске жеткен ел татулығы мен қайсар рухының көрінісі жырда шынайы сомдалады.

Жанқожа батыр он жеті жасында қарақалпақ Тықы батырды жекпе-жекте өлтіріп, өз ауылында содырлар сойылынан шейіт болған «Дәрменқұл бидің әкесі Жылқыайдардың» қанды кегін қайтарады (Лұқпан Кенжеұлы нұсқасы). Бекініс салып, бұхарлықтардың күшіне сүйеніп ел-жұртты талап-тонаған Тықы батыр бастаған қанаушылардың әрекеті былай:

Тықы батыр құрапты,

Қарақалпақтың қауымын.

Сырдарияның ойынан,

Жердің алып тәуірін.

Көрсетті кемдік қазаққа,

Баса тоқып жауырын.

Ектіріп, тиыш қоймады,

Арпа, бидай, қауынын ...

Тықы батырдың қаласын шапқанда қол бас­тап барған Қылышбай олжа үлестіргенде араны ашылып, өзінің күйеуі мен атасын бай қылады. Елеусіз тайға мініп барып ер атанған Жанқожа бұған ренжіп қалады, Қылышбайды балталап, әділет орнатады. Жырдың Орнықбай Сұлтанұлы нұсқасында ол туралы былай деп қара сөзбен баян етеді:

«Кеш демін алып, ертеңіне келсе, қаралпақ қашып кетіпті. Қылышбай көп олжа алып, елге қайтты. Батыр Қылышбайдың істеген ісін жақтырмаса да үндемеді. Өйткені, ол «Жылқайдардың қаны үшін, қазақтың ары үшін» деп аттанған-ды. Олай емес, дәл қазір олжа үшін аттанғандай болды. Оның үстіне біреу: – Батыр жаудан алған екі түйемді Қылышбай тартып алды», – деп шағым білдірді. Батыр Қылышбайға келіп: – Мынаның түйесін бер, – деді. Қылышбай бермеді. Сол жерде Қылышбайды балтаның желкесімен бір ұрып, әлгі адамның түйесін әперді. Елге келгесін болған оқиғаны әкесі есітті. Нұрымбет пен Қылышбай екеуі жасты-тұғын. «Әкеңе қолың тиді», – деп Жанқожаны әкесі мойнына арқан тағып алып барды. Сонда Қылышбай: – Босат, баланың мысын қайырмай. Кінә өзімнен. Бала да болса, бізден ақылы артық. Ерді баулап ер қылады. Елдің басын құрап, ел қылатын осы болады. Онан да налымай, балаға батамызды берейік, – деп, екі шал батасын берді. Бірақ Қылышбай сол науқастан бас көтермей жыл жатып, дүние салды... Сонан бастап «Нұрымбеттің шолақ найзалы баласы» аталып кетті».

Міне, осылайша қаршадай бала кезінен-ақ Жанқожа тура би бейнесінде көріне бастайды. «Үлкенге қолың тиді» деп әдептен аттаған жас батырдың мойынына арқан тағып, ауыр айыптаған әкесі де, жас перінің бір жолғы назын кешіре білген Қылышбай да елдің сүттей ұйыған береке-бірлігінің, әдебі мен ізетінің нық шегедей күзетшілері екендігі байқалады. Бала Жанқожаның Қылышбайды балта­лауы, оның батырды кешіруі жырдың барлық нұсқаларында ұқсас кейіпте кездеседі.

Өз ұлын жұрт ынтымағы жолында аянбай құрбандыққа шалуға ниет қылған батырдың әкесі де қара қылды қақ жаратын әділ би екендігі көрінеді. Ал өлім халінде жатқанымен парасат пен мейірбандылықтан жаңылмай, Жанқожаның жастық желігін кешіріп, жігерін жасытпаған, ақ батасын берген Қылышбай да отансүйгіш көрегендігімен жырда дараланып тұр:

Мен кешемін қанымды,

Қадірімді білсеңдер.

Жанқожаны қолдаған

Жеті ғайып ерендер.

Өзімнен болды білместік,

Бетіне келіп жүрмеңдер.

Маған ұрған балтасы,

Жауға қарсы тигендер.

Бабажан сарт бастаған қоқандықтардың Сыр еліне келуі жырдың әртүрлі нұсқаларында әртүрлі жағдаймен байланыстырыла баяндалады. «Жанқожа батыр мен Бабажан сарт» нұсқасында Бабажан жырынды қарақшы, дүмше молда, алаяқ саудагер кейпінде, ал, жыршысы белгісіз нұсқада Бабажан Хиуа ханы Ережептің бұйрығымен екі мың әскерін бас­тап момын қазақты тонауға келген басқыншы. Орнықбай Сұлтанұлы нұсқасында Бабажанды елге бастап әкеліп, ағайын арасына алалық тудырған, кекшіл, жікшіл Раманқұл батырдың аталас туысы болып келеді.

Жырда қалың Алаш жұртының бұзылмаған бірлігі мен айбыны ешкімге дес бермейтін қара құрыш екендігі батырдың ағасы Ақмырзаның аузымен қоқандықтарға қаратыла былай деп айтылады:

Жағалай жатқан жеті ру,

Алшынның ұлы үш ру,

Кіші жүзге жатпай ма?

Басын қосса барлығы,

Хиуаңменен қосақтап,

Айдаһардай жұтпай ма?

Болат буып белсеніп,

Бетпе-бетке келгенде,

Тұқымыңды құртпай ма?

Өкініштісі, болаттай берік болған осы жарасымды ынтымақ қоқандықтарға сатылған кекқұмар, бақас Раманқұл бастаған ағайынның алалығы салдарынан іштей іріп сетінейді.

Ол туралы жыршы Орнықбай Сұлтанұлы былай дейді: «Раманқұл 1825 жылдар шамасында он бестей биді ертіп Хиуаға аттанды. Асан Сүтемгенұлы Айбосын, Абланның ұлы Тәуір, Асан Жақайым Данабай, Татыран Өтебайұлы Тәбекен, Жаппас Өтетілеу, Асаннан Жанділдә, Байділдә және сол сияқты билер еді. Ол кезде хан Мәдірейім еді. Раманқұл өзінің келген жұмысын айтып, көшпелі халыққа мешіт салдырып, әрі пітір-зекет жинатып, халықты отырықшылыққа, тәртіпке шақыратын хан керек екенін айтты. Хиуа ханы Раманқұлдың ол ойын орынды деп тауып, Сыр бойына датқалыққа Бабажанды дайындады.

Сонымен Бабажанды әкеліп, көне Жанкенттен он үш шақырым жерде қала салып, Бабажанды отырғызды. Қамалда мыңға жуық Хиуа мылтығымен жарақтанған қарулы әскер шоғырланды. Өзі жиеней Мәйтінің Сүресіне қала салып, мен екінші бекпін деп отырды. Бірақ олай да отыра бермей, үнемі Бабажанды Жанқожаға қайрап салумен айналысты. Біреу пітір-зекет төлемей, қашып кетсе де, кім ханға қарсылық көрсетсе де, жаласын Жанқожаға жаба берді».

Қорқау қоқандықтар елге келген соң малдан зекет, егіннен үшір салығын алады. Момын жұртты басынып, меңсіз қара жорға қозыдан, он екіде бір гүлі ашылмаған сұлу қыздан салық салады. «Бабажанның қорлығы, Қазақтарды налытты. Қазақтың тәуір әйелі, бетіне күйе жағыпты» дегендей ауыр зобалаң орнайды. Ал Бабажанның билігін нығайтып, қолын ұзартып жүрген опасыз Раманқұлдың үгіті мынау:

Қамтыды «қазағым» деп қалың көпті,

Деген бар: «хан – бұйрығы, қожа – үкімі»

Патшалы ел табады әділетті.

Іргесі Бабажанның Хиуада,

Тағына талай жандар тәжім етті.

Беруге бастан – пітір, малдан – зекет

Әзелде ақ Пайғамбар ләзім етті».

Елден зекет жинап жүрген Раманқұлға бетпе-бет айқасқан қаһарман тұлға батырдың туған ағасы – Ақмырза. Ол зорлықшыларға қарсы шығып, халықты бостандыққа үндейді, сатқын Раманқұлға былай деп тойтарыс береді:

Қазақты қайда барса зар жылатып,

Дұшпаным өзбек болған о бастағы.

Бегіне бағынбаймын бөтен елдің,

Халықты қан жылатып неше бөлдің.

Халық үшін хан керек деп өтіл айтып,

Мен саған қай уақытта хабар бердім?

Бойынан өз өлкеңнің орын таппай,

Хан болсаң, қаңғалақтап неге келдің?!

Қайталап осы сөзді ашуланып,

Дауысы қатты шықты Ақмырза ердің.

Жыршы Орнықбай Сұлтанұлының нұсқасында ағайынның арасына іріткі салған қоқандықтардың лаңы мұнымен аяқталмайды. Ақмырзаны ұстап алған Бабажан сарт: «Інің Жанқожаны өлтірсең, өзің тірі қаласың, менімен тату болсаң, бек болдырам, басыңа алтын тәж кигізіп, алтын таққа мінгізем», – деп азғырады. Осылайша ата салтта болмаған айуандыққа арыстай азаматты көндіріп, елді рухани азғындықтың дертіне шалдықтырып, бетіне таңба, сүйегіне дақ салып, ар-ожданын ластағысы келеді. Қол-аяғын байлап, қойны-қонышына тас толтырып, дарияға атқалы тұрғанда дұшпанға бас имеген өр Ақмырза былай деп соңғы сөзін айтады:

Аман жүрсе Жанқожа,

Бұл араны таппай ма?

...Алтындаған тағыңды,

Тәж кидірген бағыңды,

Апарып отқа жақпай ма?

Арыстандай ашумен,

Аузыңа құмды толтырып,

Артыңа қазық қақпай ма?

Қазір шалқып тұрсаң да,

Тап сол арада білерсің,

Қазақ қайда, сарт қайда?!

Жырдың Орнықбай Сұлтанұлының нұсқасында бір жағынан Қоқан мен Хиуа хандығы, бір жағынан орыс отаршылдары елді езіп, талауға түсірген дүрбелең заманда Жанқожадай батыр жауға жеке шаппай, сол кезеңде алты Алашты азаттыққа шақырған Кене ханды іздеп, Көкшетауға барып кездескені, ақыл қосқаны, Абылайдың аруағына қарындасы Фатима сұлуды атағаны баян етіліп, дүйім қазақ елінің сыртқы жауға қарсы күресте біртұтас ағза екендігі жырланады.

Жалпы, Жанқожа батыр туралы жырларда хан Кене, Наурызбай батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс көшбасшыларының тұлғасы тартымды сомдалады. Жырдың Қарман Сұлтанұлы нұсқасында хан Кенесары Басығара, Көбек би, Тілеулі батырларды Жанқожаға елші етіп жіберіп, құдаласу рәсімін жасап, батырмен жақындасады. Жырдың Лұқпан Кенжеұлы нұсқасында Бабажан сарттың баласы Майқарабекті батырлар тірідей қолға түсіріп, Кене ханға тарту етіп жібереді. Осылайша жырда хан мен батыр сарбаздар тізе қосып, тіл табысып, басқыншы жауға қарсы күрескені, соның нәтижесінде Жанкент, Созақ секілді қоқан бекіністерін талқандап, зор жеңіске жеткені суреттеледі. Жыршылар осылайша ел иесі хан мен күш иесі батырдың ауызбіршілігін, тұтас қазақ жұртының ынтымағын тебірене жырға қосады:

Кене хан бұны есітіп: – Бәлем,– деді,

Мағынасы бұл сөзіңнің терең, – деді.

Есепсіз елге сондай азар берсе,

Қаны бір қазағыма ерем, – деді.

Ол жақтан Хиуа қаптап шыға қойса,

Тәуекел онысын да көрем, – деді.

Өз басы Орта жүздің жетпей қалса,

Көмекке Ұлы жүзді берем, – деді.

Алайда, Жанкентті шапқанда Кене хан келіп үлгермейді, өйткені орыстар Қызылжарға қорған салып, хан сол бағытқа соғыс ашқаны жырда елші Сойдақтың аузымен ескертіледі.

Жанқожа Жанкент бекінісін Ақтан, Тілеулі секілді батырлармен күш біріктіріп бұзып, талқандайды. Жыршылар бұл батырларды мифтік-поэтикалық дәстүр ауанында ерекше ғажайыпқа ие киелі бейне етіп мүсіндейді. Мысалы, Ақтан мен Тілеулі батырдың үстінде еріп жүретін қара бұлты, Жанқожаның төбесінде төрт бүркіті, иығында жолбарысы, қызыл желі, жау батыры хиуалық Әйімбеттің иығында шамшырағы бар-мыс. Дегенмен, жыр тарихи эпос болғандықтан шындықтан аса алшақтап та кете қоймайды. Соғыстың картинасы, мезгіл мен мекен, батырлардың ұрыстағы қимылы ақиқаттан ауытқып кетпейді. Мәселен, сарбаздардың Жанкентті аларда дариядан қалай өткен әдісі де этнографиялық дәлдікпен суреттелген:

Төрт-бестен керегеге мес байлатып,

Апарып дарияға жатыр салып.

Адамды соған салып, атын жалдап,

Өткерді ыспа қылып арқан тағып.

Аттанып сол арада Ақтан шықты,

Батырдың келгенінен хабарланып.

Жанкентті қоршауға алғалы аттанған ауыр қол қимылы күзгі түнерген табиғатпен астастырыла суреттеліп, зорлықшыл датқа жеңіліс тауып, лайықты жазаға кесілетіні халық қаһарынан алдын ала білінгендей:

Түнерді түнек болып күздің желі,

Қозғалды қаһарменен Сырдың елі.

Көз тұтар кеуіліне ашу орнап,

Ерлердің у сияқты алған демі...

Қыз сұрап қырық бес күн ел бүлдірген

«Қолыма бір тисе» деп Жанкент бегі.

Әдетте эпостың соңында жауыздық ізгіліктен жеңілетіні, қатал дұшпанның ауыр және шұғыл жазаланатыны, сыртқы жау бүлдіріп, бұзған әділдікті батыр қайтадан қалпына келтіретіні – формулалы машық. Жанқожа батыр жырында да осы дәстүр қолданылған. Жанқожа Жанкент қамалын талқандаған соң әділ би мәртебесінде көрініп, өмірі бейнетпен өткен Аппаз бастаған үш-төрт құлға бостандық береді, ал жауыз Бабажан сартты халық алдында ауыр жазаға кескені баян етіледі:

«Батыр Бабажанды халыққа салып: «Қара қозы мен күніне ер көрмеген қыз деп халық бүліндіргені рас па?» – деп үш айқайлады. Халық: «рас» – деп үш айқайлады. «Онда артына қазық қағып өлтірілсін», – деді батыр».

Жанқожа батыр Созақ бекінісіне шабуыл жасағанда Кене хан қолымен тізе біріктіріп шайқасады. Жырлардың барлық нұсқаларында Созақты қоршаған үш жүздің қолы жеңіске жете алмай (бес күн) дағдарып тұрғанда ханның өтінішімен қолы жеңіл, ғайып ерен пірі бар, сан мәрте қоқандықтарға соққы берген тәжірибелі Жанқожа он жігітті таңдап ертіп алып (кей нұсқада жалғыз өзі жасырын барып), бекіністі талқандап, қақпаны бұзып шабуылдайды. Осылайша дәстүрлі поэтикаға сай жыршы кейіпкерінің ерлігін мыңнан оқшау етіп, даралап сомдайды.

Жыр-аңыздарда Жанқожаның олжаға еш қызықпайтын, біреудің ақысын әсте жемейтін тақуа, әулие жан екені айтылады. Жыршы Лұқпан Кенжеұлы «Қолына нәрсе алмайды, кәпір қалмақ, жүйіттен» десе, Мұсабай нұсқасында «Орыстың алмай кетті сөлкебайын» дейді. Қарман Сұлтанұлы нұсқасында батырдың диқаншының маңдай тер ақысы бар деп бидайдан тартылған нанды жемей, құмда өсетін құмаршақты жеп, орыс әкелген шайды татпай, малдың шұбат, сүт-айранын ғана қорек еткенін айтады. Бұл мінездеме тарихи деректермен де үйлеседі. Зерттеуші И.В.Аничков Орынбор әскери губернаторы 1848 жылы 4-мамырда №610 өкіммен жыл сайын 200 рубль күміс алуды ұсынып, жасауыл шенін бекіткенімен, батыр бұл ақшаны ешқашан қабыл алмағанын жазады.

Созақ бекінісін шапқан Жанқожа хан сарайынан бір қоржын алтын, оқ-зеңбірек тауып алып Кене ханның құзырына ұсынады. Зеңбіректі ханға олжа етіп, алтынды үш жүздің баласына тең үлестіруді сұрайды. Бірақ Кене хан «батырдан сауға, ханнан сарқыт» салты бойынша алтынды хан қазынасына алуға тілек білдіреді. Сол кезде Жанқожа батыр былай дейді:

– Ал, – деді, – алтын болса сұрағаның,

Ерлігің – елдің басын құрағаның.

Үш жүздің осы арада басын қосып,

Дұшпанды қойдай қырып қуаладың.

Туысқан – түбі бірге атам қазақ,

Жоқ екен бөтендігі іні-ағаның.

Сыртыңнан саулығыңа тілектеспіз,

Ойласаң Кіші жүз де өз адамың.

Соны айтып жолдасымен батыр қайтты,

Тұманнан бір арылтып дала таңын.

Осылайша Жанқожа батыр туралы жырларда халықтың бірлігі мен ынтымағы қиын-қыстау сын сағатта елді азаттыққа алып шығатын алтын кілт екендігі айтылады. Жырда сыртқы жаумен ымыраласып, елді бүлдірген сатқын Раманқұлдың әрекеті қатаң айыпталады. Нұрымбет, Қылышбай, Ақмырза, қарт Ақтан, Тілеулі бастаған батырлардың жұмылған жұдырықтай бірлігі бостандық жолында халықтың алдынан жанған нұрлы шырақ секілді өрнектеледі. Жанқожаның әділдігі, ел иесі хан Кенемен тізе қосуы, хандық дәстүрлі билікті тұрақты қолдауы – бостандыққа деген халықтың жанқиярлық ерлік күресі мен арман-аңсарының көрінісі еді. Жанқожа батыр туралы эпостың барлық нұсқаларында Алашты азаттық пен жеңістерге жеткізіп, сыртқы жауды күйретуге басты себеп болған негізгі құндылық халық бірлігі екені осылайша шабытпен жырланады.

Ақеділ Тойшанұлы,

Түркі академиясының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты.


ТАҒЫЛЫМ 12 шілде 2014 г. 1 827 0