МАЙДАНГЕР ҚАЛАМГЕР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН?

Бұлар сұрапыл соғыстан аман-сау елге оралған журналистер еді. Бір кезде бұрынғы "Ленин жолы” қазіргі "Сыр бойында” өңшең омырауы орден, медальға толы ағалар әңгіме-дүкен құрып отырғанда тамсана, құмарта тыңдаушы едік. Әскерден әскери офицер болып оралған Әбділда Құрманаев, Досмағанбет Тасекеев, Құрманғали Ажаров, Әбсадық Жанзақов, Нұрғали Оспанов, Қадыр Алдоңғаров, Бөлебай Әлменов, тағы басқалар дүниеден ерте кетті, көп қызықты көре алмай кетті. Қазір олар ұмыт бола бастады.

Солардың бірі – журналист Ахметжан Нүрекеев десек, артық емес. Турашыл, ғайбат сөзге жоқ аға соғыстың алдында осы күнгі байырғы басылымда, бірер жыл Мерке аудандық газетінде еңбек етті. Соғысқа 1941 жылы осы "Ленин жолы” ұжымынан аттанды.

Әскерде зеңбірекшілер курсын бітіріп, майдан даласында құралайды көзден тигізетін мерген болды. Аға мұны естеліктерінде талай рет айтушы еді. Майдандық газеттерде Ахаңның бірнеше очерк, суреттеме, мақалалары жиі жарияланып тұрды. Жауынгер журналист атанды. Курск майданында жауды тап бастырмай зеңбірек оғымен жайратты. Кенет жауынгердің окоптағы жеріне бомба түсті. Өңшең қатардағы жас солдаттар мерт болды. Сержант Ахметжан Нүрекеевтің бір жамбасының күл-талқаны шықты, бас жараланды. Топырақ астында екі күн жатты. Жанкешті екі медбике топырақ астынан басын көтеріп, шырқырап жатқан жауынгерді суыт суырып алып, "жаңбыр-жаңбырдың” астымен дегендей, дала госпиталіне жеткізді. Жауынгер ес-түссіз бірер апта жатты.

Сонымен, жаралы жауынгерді емдеп, майдан госпиталінің дәрігерлері туған жерге аттандырды. Қарағанды госпиталінен дәм-тұз бұйырды. Алты ай жатты. "Шықпаған жанда жан бар” демекші білікті дәрігерлердің көмегімен айығуға бет бұрды. Қос балдаққа сүйеніп, туған жері Қызылордаға 1947 жылы оралды. Бұл жерде хирург Икрам Ыдырысов дәрігерлердің "бір аяғын кес­пей болмайды” деген ұйғарымына қарсы шығып, кеспей емдеудің жолын қарастырып, қатарға қосты.

Жаралы жауынгер қиын тағдырдың ауыртпалығын тартты. Рабиға атты жеңгемізбен бас қосты. Аға жанын ұққан бойжеткен өмірбақи ағаны алақанына салып қадірледі, күтті. Үш ұл, екі қыз дүниеге келді. Аға өзінің ұшқан ұясы байырғы майдандас інісі Құрманғали Ажаровпен ширек ғасыр жұп жазбай, сыйластықпен еңбек етті.

Ахаң тағдыр салған қиындыққа мойымай, аптапты ыстық, ақ қар, көк мұзда қос балдағын сүйретіп, кеңсеге ерте келетін-ді. Оны айтасыз пединституттың тарих факультетін сырттай оқып бітіруге бар қайратын жұмсады. Жоғары білім алды, партия қатарына өтті.

Жауынгер-журналист еңбегіне орай, 20-ға жуық орден, медаль алды. Екі бірдей "Қызыл жұлдыз” орденін жеңіс күндері омырауына тағып, төрде отырушы еді. Бірнеше рет жоғарғы кеңестің грамотасын алды.

Бәріміз ардақ тұтқан Ахаң жетпістен асқанша бір ұжымда еңбек етті. Елуінші жылдың басында отау құрғандықтан балаларын оқытып, ержеткізу керек болды. Бәріне жоғары білім алуына ұйтқы болды. Үш ұлының бірі инженер, екеуі майор, подполковник, бір қызы Жұлдыз, Құндыздар ғалым, дәрігер болды. Әулет үрім-бұтақтары жиырмаға жетті.

Аға сержант, журналист Ахметжан Нүрекеев биыл жүзге толды. Арамыздан кеткеніне жиырма жылдан асты.

Осынау сұрапыл соғыстың қиын сәттерін бес жыл бойы бас­тан өткізіп, майданнан оралып, байырғы басылымда елу жыл­дан аса еңбек еткен Ахметжан Нүрекеевке қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Нағыз құрыш қазақ жауынгерге "Сыр бойының” шыға бастағанына 85 жылдығы толу қарсаңында қала орталығанан бір көшеге есімі берілсе, жөн болар еді. Мұны қала әкімі, ономостикалық комис­сиядағы мырзалар ескерер деген ойдамыз?!

 

Тәнеш Оразов,

соғыс және еңбек ардагері,

Мылтықбай Пейісов,

зейнеткер-полковник,

Қазыбай Құдайбергенов,

экономика ғылымдарының кандидаты, профессор,

Қайырбек Мырзахметұлы,

ардагер журналист.
ТАҒЫЛЫМ 12 шілде 2014 г. 1 108 0